Суыр обасы немесе сақтық иммунитеті #2

Суыр – қысты інінде өктізіп, көктем, жаз, күз айларында белсенді тіршілік ететіндіктен, оба да осы мезгілдерде шығады. Суыр обасы алдында еш дәрменсіз болған адамзат баласына ХХ ғасырда ғылым көмекке келді. Монғолиядағы «суыр обасы» індетіне советтік медицина батыл әрі белсенді күреске кірісті. Осы жолда Гиппократ антына адалдығымен, өзінің өмірін бәске тіккен жүректілігімен аңыз болған қаншама дәрігерлер туралы аңыздар ел жадында сақталған. Солардың бірі, қарапайым дәрігер Любовь Соболева туралы аңыз. Аңыз да емес, бұл – нақты болған оқиға.  Оқиға былай болыпты. 1945 жылдың жазында Завхан аймағының Отгон ауданы жайлауында тіршілік кешіп жатқан жергілікті тұрғын әдеттегідей, аулаған суырының етін тамаққа пайдаланады. Мұны жегеннен кейін отбасындағы адамдар бірінен кейін бірі ыстығы көтеріліп ауырып, бір-бірлеп жан тапсырып жатады. Бұлардың суыр обасына шалдыққанын білген сол маңдағы жұрт түп қопарыла көшіп, жан сауғалап қашып жоғалады. Карантин тоқтату әдеті әлі қалыптаспаған кез, жағдай күрделенуге айналады. Сасқалақтаған жергілікті билік бұл туралы аймақ орталығына хабарлағанда, сәтіне салғанда, дәл осы кезде мұнда советтік дәрігерлер тобы келіп жатқан екен. Солардың арасындағы эпидемиолог дәрігер Любовь Сергеевна Соболева да бар еді. Монғол дәрігерлермен бірге індет ошағына ол да бірге аттанады. Күн бата әлгі киіз үйдің сыртына жетіп: «Кім бар?» — деп дыбыстаған кезде іштен бір кішкентай қыздың: «Бәрі өліп қалды. Кішкентай інім екеуіміз ғана тіріміз. Кешікпей біз де өлетін шығармыз», — деп жылаған даусы естіледі. Індеттің ашық түрге өтіп, әбден күшіне мінгенін түсінген бұлар не істерін білмей дағдарып қалады.  Ақыры, Соболева дәрігер арнаулы киімін киіп, қажетті дайындықтарын жасап, таң ата үйге кіруге шешім қабылдайды. Монғол дәрігерлер оған: «Өміріңізді қатерге тігіп қайтесіз, кірмеңіз!», — дегенде ол: «Көзін жәудіретіп бұл балаларды қалайша өле бер деп қарап отырамыз, тәуекел!» — деп үйге кіріп кетеді. Кіріп келсе, қыз жан тапсырған, үш жасар ұл бала әлі тірі екен. Үйдің ішін реттеп, сырттағылардың кіргізіп берген сусыны мен дәрілері арқылы қатерлі дертпен он тәулік бойы күрескен орыс дәрігер аурудың бетін бері қаратып, ақырында кішкентай ұлды көтеріп үйден шығады. Осы он күнде екеуі бір-біріне ана мен бала сияқты үйренісіп кеткен екен. Бала орыс дәрігерден айрылғысы келмейді. Тұлдыр жетім қалған баланы жергілікті басшылардың бірі асырап алады. Баланың әкесі қойған есімі Өвгөнбүргэд (Қартбүркіт) екен. Асырап алған әкесі өзін ажалдан құтқарған орыс дәрігердің құрметіне баланың атын Өвгөнбүргэд-Соболев деп жаздырады.  Осылайша төтеннен келген бір ажалдан аман қалған бала Соболев аман-есен өсіп, мектепті жақсы оқып бітіріп, Ұланбатырдағы ауылшаруашылық институтына түсіп оқып жатады.  Бір күні әкесі ұлына оның бала кезінде басынан өткен қасіретті жағдайды бүге-шігесіне дейін айтып береді. Қартбүркіт-Соболев сол өзін ажалдан құтқарып қалған өкіл анасымен жолыққысы келетінін айтады. Ақыры «Монғол-Совет достық қоғамы» арқылы дәрігер анасының мекенжайын тауып алып, Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге аттанады. Осы қаладан тұратын, зейнеткерлікке шыққан Любовь Сергеевнамен кездесіп, мұнда он күндей болған соң, өз еліне келеді. Келеді де үш жыл бойы оқыған малдәрігерлік институтты оқудан бас тартқан Соболев, медициналық институттың жұқпалы аурулар факультетіне түсіп, бірінші курсты қайта бастайды. Мединститутты 1969 жылы бітіріп шығып, эпидемиолог мамандығымен орыс анасының жолын қуған Соболев дәрігер бүкіл өмірін суыр обасы қатарлы қатерлі індеттермен күресуге арнайды. Өзі де талай рет батылдық көрсетіп, қаншама жанның өміріне арашашы болады. Кәдімгі бір әсерлі көркем фильмге арқау болғандай, еш боямасыз өмір жолы.  Осылайша, кеңестік ғалымдардың, дәрігерлердің еңбегі арқасында Монғолияда суыр обасына қарсы күрестің ғылыми-практикалық базасы жасалды. Маман кадрлар қалыптасты. Әр аймақ орталығына обаға қарсы күрес қызметі бөлімшелері құрылып, мамандар көктемнен күзге дейін әр өңірдің дала кеміргіштері мен құстарын атып әкеліп, оны лабораториялық тексеруден өткізіп болжамдар жасап отыратынын сонда істеген өз ағамның жұмысы барысынан білетінмін. Суыр обасы болуы мүмкін деген сезікті жағдай тіркелген бойы, сол күні-ақ таулар мен дала жолдарына карантин бекеттері қойылып, шұғыл іс-шараларын жүргізу практикасы осылайша, жылдар бойы қалыптасты. Мұны бұзу – ешкімнің де ойына кіріп шықпайды. Осы бір қалыптасқан темірдей тәртіптің Ковид19-бен күресте кәдеге асып жатқанын басында айтқанбыз. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп, Алтайдың шығыс пұшпағында, түркінің түп бесік, қара мекенінде тірлік кешіп жатқан қара көздердің амандығына алаңдаған жұрт үшін осы жазбаны қағазға түсірдік. Әйтпесе, басты мақсатымыз тарихы, ділі, діні, дәстүр-салты басқа жұртты жарнамалау емес еді. Адал малының өнімдерінен жасалған құнарлы тағамдарын тұтынған біздің қазақ жұртының, байтақ Қазақстанымыздың сақтық иммунитеті берік болсын, әлемдік індет короновирустың қара бұлты тез сейілсе игі еді деген тілекпен жазбамызды аяқтамақпыз.

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31795/
© e-history.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *