Зибагүл Сүлейменқызы ИЛЬЯСОВА
тарих ғылымдарының кандидаты
Шығыстану кафедрасының профессор м.а.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Астана/Қазақстан
zita.08@mail.ru
XIV ғасырда Египеттегі Мәмлүк мемлекетінде әкімшілік қажеттілікке орай құрастылған, көлемді энциклопедиялық еңбектер пайда болды. Ол өзіндік мектеп ретінде қалыптаса бастады. Осы тарихи-мәдени мектептің өкілдерінің бірі – ортағасырлық мысырлық ғалым, Мәмлүк дәуірінің соңғы энциклопедиясының авторы Шихаб ад-Дин Әбу әл-Аббас Ахмад ибн Әли әл-Қалқашанди (1355-1418).
Еуропалық ғалымдар оның ең басты еңбектерімен XIX ғасырда айтарлықтай жақын танысты. Неміс арабтанушысы Г. Ф. Вюстенфельд 1879 жылы оның энциклопедиясының мазмұнына сипаттама жасаған болатын [1, 411-415; 2, 167-172]. 1884 жылы орыс шығыстанушысы В.Г. Тизенгаузен әл-Қалқашандидің Алтын Ордаға байланысты үзінділерін орыс тіліне аударып жариялады [3, 287-289]. 1913-1919 жылдары Мысыр ғалымы Ахмет Зекидің қолдауымен Каирде әл-Қалқашандидің энциклопедиясы «Субх әл-аша фи синаат әл-инша» деген атаумен 14 том етіп жарияланды. Швед арабтанушысының В. Бьёркмананың әл-Қалқашандидің еңбегі туралы монографиясы (1928) жарыққа шықты. Еңбекте энциклопедия туралы ғылыми сипаттама, талдау, тұжырым жасаумен бірге, Ахмет Зекидің жарияламаған мәліметтерін де қосымша етіп таныстырған еді. Орыс шығыстанушысы И.Ю. Крачковский де «Араб географиялық әдебиеті» атты іргелі еңбегінде әл-Қалқашандидің энциклопедиясына жан-жақты сипаттама жасады [1, 411-415].
Әл-Қалқашанди 1355 жылы Александрияға жақын Қалйубийа деген елді мекенде дүниеге келеді. Каир мен Александрия қалаларында өз заманының ең үлкен ғұламаларының қолында оқып, әдебиет, ислам заңдары, тіл білімі, шығармашылық сияқты пәндерді жетік меңгереді. Кейін сұлтан сарайында қызмет етіп, мәмлүк сұлтаны аз-Захир Барқуқтың (1382-1389) билігі кезінде мемлекеттік жоғары мансаптағы қызметтер атқарады [4, 48].
Әл-Қалқашандидің бұл ауқымды энциклопедиясы кеңсе катибтері үшін нұсқаулық болып табылады. Катибтер – ортағасырлық араб елдеріндегі кеңсе хатшылары. Автор катибтің игеруі міндетті барлық істер туралы, сия жөніндегі техникалық нұсқаулық, қалам, қағаз және каллиграфиядан бастап, география,тарих, әдебиет, стилистикаға дейінгі жан-жақты мәліметтер береді. Ол Мысыр мен Сирия провинцияларын және Мысырмен қандай да қарым-қатынаста болған мемлекеттерді, әсіресе, олардың саяси және әкімшілік құрылымын, тұрғындардың өзара қарым-қатынастарының іскерлік әдістерін сипаттайды. Құрылымы жағынан энциклопедия біркелкі емес және томдарға бөлу бойынша сәйкес келмейтін он үлкен бөлімге бөлінеді. Әл-Қалқашандидің еңбегін 1389 жылы бастап, 14-ші томды 1412 жылы аяқтады. Еңбекке басқа толықтыруларды қайтыс болғанша дейін енгізіп отырған.
Әл-Қалқашандидің еңбегі компиляциялық еңбек болып табылады. Алайда, ол Крачковскийдің айтуынша: «ерекше құрметке лайық, мұндай деректерді беретін жалғыз, әрі ерекше компиляция» деген. Алтын Орда аумағының сипаттамасын жазғанда әл-Қалқашанди он төртінші ғасырдағы белгілі ғалымдардың еңбектерін пайдаланған. Олардың қатарында, бірінші кезекте, ал-Омари (1301-1349) еңбектерін атап өткен жөн. Оның отыз екі томдық «Масалик ал-абсар фи мамалик ал-амсар» энциклопедиясы және «Ат-Та‘риф фи-л-мусталах аш-шариф» шығармасы әл-Калкашанди еңбегінің негізгі дерек көзі болды.
Еуропада Абу-л-Фида (1273-1331) атымен танымал болған Исмаил ибн Али әл-Айубидің «Тақуим ал-булдан» еңбегін әл-Қалқашанди елді мекендердің арабша атауларын және олардың географиялық координаттарын анықтауда қолданған. Аталған автор сириялық Хама қаласының мұрагері болған. Ол Шығыста әл-Муайяд атымен немесе Имад ад-Дин лақап атымен танылған. Бұл екі есімді де әл-Калкашанди Абу-л-Фиданың «Тарих» атты еңбегіне сүйенгенде қолданады.
Ертедегі авторлардан әл-Қалқашанди ал-Химяридің ( XIII ғ. соңы) «Ар-Рауд ал-митар фи хабар ал-актар» және Ибн Сайдтың ( 1214-1274 не 1286) «Китаб жуғрафийа фи-л-акалим ас-саба» шығармаларынан деректер келтірген. Ал Йақұт әл-Хамауидің еңбектерінен (1179-1229) «Китаб ал-муштарик уадан уа-л-муфтарик су-кан» атты географиялық омонимдер сөздігін қажетке жаратқан. Сондай ақ Ибн ал-Асирдің (1160-1234) «Ал-Камил фи-т-тарих» еңбегін, ас-Саманидың (1113-1167)
«Китаб ал-ансаб», әл-Бирунидің (973-1048) «Ал-Канун әл-Масуди фи-л-хайа уа-н-нуджум» шығармасын, әл-Масудидің (Х ғ.) «Мурудж аз-захаб уа маадин әл-жауахир» еңбегін түпнасқадан емес, әл-Омаридың «Масалик ал-абсар» еңбегі арқылы пайдаланған.
Әл-Қалқашандидің Алтын Орда аумағын сипаттауда жоғарыда аталып өткен барлық авторлардың еңбектерін қалай және қай дәрежеде қолданғаны энциклопедияның орысша аудармасы мен ғылыми басылымы, сондай-ақ И.Ю.Крачковскийдің «Араб географиялық әдебиеті» еңбегі арқылы оңай анықталып отыр. Әл-Қалқашандидің еңбегінен Алтын Орда тарихына қатысты мәліметтерді, назарларыңызға ұсынамыз.
Сегізінші бөлім
(Тұран, Хорезм, Қыпшақ елдерінен)
«Мәсәлик әл-абсар»105 кітабында былай деді: Маған Нажмуддин ибн аш-Шаххам әл-Мосули шейх былай деді: Бұл ел ұзындығы жағынан да, ені жағынан да үлкен. Кең дала. Қалалары аз. Ұшы-қиыры жоқ үлкен бір әлем, тек олардың қару-жарақтарының аздығы мен аттарының шабандығынан кесірінен көп пайда көрмейді. Жері жазық, ұсақ тасты болып келеді. Сол жерде өскен ат, ол жерде жүруге жарамайды, сондықтан олардың соғыстан олжасы аздау болады. «Та‘рифте» былай дейді: Бұл ел көне заманда, халифалар заманында және одан бұрын тақтың иесі арқылы танылған. «Руд әл-му‘тарда» айтады: Ол тақ алтыннан жасалған, онда патшалары отыратын болған, ал оларға оны парсы патшалары жіберген. «Та‘рифте» айтады: Иесі Насир106 заманында (яғни ибн Қалауын) Өзбек хан болған. Тағы айтады: Сұлтан оны қызымен атастырып, оған жақындасу үшін үйлендіреді. Сондай ақ былай дейді: Бейбарыс билігі уақытынан бастап соңғы кезге дейін әлі де бұл ел мен біздің патшалар арасында ертедегі одақтастық, шынайы достық жалғасып келеді. Көзделген мақсат 8 тарауда беріледі:
Бірінші тарау
(Елдің шекарасы мен аумағы туралы)
Алауад-Дин ибн Нұғман ибн әл-Хорезмиден алып, «Мәсәлик әл-абсар» кітабында бұл елдің ұзындығы Стамбұл теңізінен Арис (Ертіс) өзеніне дейін алты ай, ені бұлғарлар жерінен Темір қақпаға дейін шамамен 4 айлық жол екендігі айтылған. Ол туралы тағы былай делінеді: Бұл ел шығысында Хорезмнен башқұрт жеріне дейін, ал ені Хорезмнен Сир еліне дейін жалғасып жатыр, ол солтүстіктегі ең шеткі елді мекен. Бұдан өзге ибн Нұғман бұл елдің ені Александр тұрғызған, темір қақпасы бар Дирфу қаласынан Боғра еліне дейінгі, ал ұзындығы әл-Хита елінен бастау алатын, Мысырдағы Ніл өзенінен де үлкен Арис өзенінен Стамбұлға, яғни, Константинопольге дейінгі аумақты алып жатыр дегені айтылады. Бұл ұзындық Рус пен франктердің ортасында орналасқан Кемех (Немче) елінің шекарасынан біраз асады. Сондай-ақ Хорезм Хорасан мен Маураннахрдан бөлек белдеу, жан-жағының бәрі жазық, шығыс пен оңтүстік шекарасы Жейхун өзенінің екі жағасынан да Ғазнамен (оғыздар) шектеледі. Ибн Хаукал былай деген: Хорезм елі ең суық елдердің қатарынан. Жейхун өзенін мұз басады. «Әл-Азизиде» айтқан: Хорезм елінің шығысы мен батысы Хорезм көлінен алғанда 6 мархала. «Мәсәлик әл-абсарда» айтқан: Хорезмнің шекарасы аз-Захирия аталатын қаладан басталады, артынша Амул, бұл қала Жейхун өзенінің екі жағасында созылып жатыр.
Жолаушы саудагер Хасан ар-Румидің оның ұзындығы туралы Темір қақпа атауымен белгілі Баку қаласынан ал-Хита еліне дейін, керуен жолымен жүрсе 5 айлық жол, ал ені Жейхун өзенінен Еділ өзеніне дейін дегенін айтқан. «Мәсәлик әл-абсарда»: Бұл ел солтүстік шығыста орналасқан, шығысында Қытаймен, солтүстігінде славяндармен, оңтүстігінде Хорасанмен және батысында Рум теңізінің (Жерорта теңізі) түбегімен шектеседі делінген.
Екінші тарау
Бірінші белдеу
(Хорезм)
«Тақуим әл-булданда» былай деген: Хорасан мен Мауренахрдан бөлек белдеу, жан-жағының бәрі жазық. Батысының біраз жері Түркі елімен шектеседі, оңтүстік жағында Хорасан, ал шығысында Мауренахр, солтүстігінде тағы да Түркі елі. Былай дейді: Хорезм белдеуі Жейхунның бас жағында және одан кейін Жейхун Хорезм көліне құйғанша жағасында басқа қала жоқ, өзі Жейхунның екі жағасында тұр. Ибн Хауқал айтқан: Хорезм елі ең суық елдердің қатарынан. Жейхун өзенінің Хорезмде ағатын жағын мұз басады. Әл-Мухаллаби айтқан: Хорезм елі Хорезм көлінің оңтүстік және шығыс жағында жатыр, Амулге дейін 12 мархаля, Хорезмнен Хорезм көліне дейін 6 мархаля. «Мәсәлик әл-абсарда»: Хорезмде тау бар, оны Жақсылық тауы дейді, онда белгілі бұлақ бар. Созылмалы ауруға шалдыққандар жазылып кету үшін оның басында 10 күн тұрады, таң атып, күн Шихаб ад-Дин Ахмад ибн Яхья әл-Омари ад-Димашки (1301-1349) — араб ғалымы, географ, тарихшы, энциклопедист.
Насир ад-Дин Муххамед (1294-1295, 1299-1309, 1309-1340) – мәмлүк сұлтаны. батқанда жуынады, әр жуынған сайын суын ішеді, сөйтіп сауығады. Тағы да айтқан: Хорезм Жейхун
бойында, екіге бөлініп кетеді. Былай деген: Хорезмге Қышлағ107 деп аталатын дөңгелек жер жалғасып жатыр, ұзындығы 5 ай, ені болса барлығы шөлді жерлер, ол жерде буржандар мекендейді. Жейхун өзені екеуінің арасын Хорасанның солтүстігіндегі Уилхан тауы бөліп жатыр. Онда екі база бар.
Екінші белдеу
(Дешті)
Солтүстік жақтағы жазық дала – қыпшақтарға қарайды. Олар осы даланы мекендейтін түркі ұлтының бір тармағы, көшпенді халық. Онда Сарай деген қала бар. Ол жеті белдеудің жетіншісінде орналасқан. «Тақуим әл-булданда» былай деген: Ол Еділ өзенінің солтүстік батыс бойында орналасқан үлкен қала. Батысы мен солтүстігінде Хазар теңізі, оған дейін екі күндік жол. Еділ өзені солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай Хазар теңізіне құйғанша ағады. Ол саудагерлер ме Түркілердің құл саудасына өте ыңғайлы. «Мәсәлик әл-абсарда» Абдрахман әл-Хорезми әт-Тарджуман туралы былай атйылған: Бұл қаланы Шыңғысханның ұлы Жошының ұлы Беркехан тұрғызған. Ол өсімді жерде орналасқан, қоршаусыз. Патшаның ордасы алып сарай, ең үстінде Мысыр құрылысшысының қолымен соғылған алтын жарты ай қойылған. Сарай дауалмен қоршалған, мұнаралар бар. Онда әмірлер отырады. Осы сарайда қыстайды. Сарай базарлары мен моншалары бар үлкен қала. Қаланың ортасында арық бар, оған өзеннен таза су келіп жатады, пайдалануға жарамды. Ал ішетін суды ағынды өзеннен қыш ыдыспен тасиды. Оны арбаларға салып, саудагерлер қалаға әкеп сатады. Айтады: Хорезмнен қашықтығы бір жарым айлық жол. «Тақуим әл-булданда» айтады: Оны Өзбек хан білім ордасы қылып тұрғызан. «Мәсәлик әл-абсарда» айтады: Олар қиын өмірден арылыуға талпынады. Өйткені олар отырықшы халық емес. Күннің аяздығының кесірінен үй жануарлары қырылады. Егер біреуінде ет болса, оны қайнатады. Ет піспей тұрып сорпасын ішеді. Сосын етті тағы жеуге қалдырады. Сосын сүйектерді жинап қайнатады да, тағы сорпасын ішеді. Осылайша өмірлерін өткізеді. Саудагер Жамаладдин Абдуллах әл-Хоснидің былай дегені жеткізіледі: Олардың көбі тері киеді, ол мейлі сойылғандікі немесе өлексесі болсын, өңделген немесе өңделмеген болсын, тазартылған немесе тазарлтылмаған болсын, халал менен харамды ажыратпайды. Олар тұратын жердің тарлығынан балаларын жеке шығарып жібереді. Айтады: дегенмен олардың дінге қатысы жоқ және ақыл-естері түзу. Сонымен қатар былай деген: Олар түркілердің ең жақсысы, жаужүрек, сатқындықтан аулақ. Тағы былай деген: Мысыр әскерінің қатарындағы патшалар, әмірлер, сарбаздардың көпшілігі осылар. Өйткені Салих сұлтан (Нәжмуддин Айуб)108 солардан болған мәмлүктерді сатып алғанды қалады. Сөйтіп мәмлүктер сұлтандарға айналып, бір ұлттан басқа ұлтқа араласты, ал сұлтан олардың санын арттыра бергісі келді, ақыры Мысыр жан-жағы қорғалған, көрікті жерлердің тұрғындарына айналды. Мысалы, шерулердің алдын бермеді, отырыстардың сәнін келтірді, әскердің басшылары, елдің басқарушыларына айналды. Дінді қорғап, исламды әспеттеді. Алла жолында күресті. Айтады: Мысырдың билеушісі Құтұз Музаффар патшаның 658 жылы Айн Джалут түбінде басқа елдердің әскері төтеп бере алмаған, Жалаладдин Мұхаммад ибн Хорезм шахтың әскерін талқандап жеткен Хулагу әскерін алғаш жеңгенін айтудың өзі жеткілікті. Жалаладдиннің әскерінің қасында Мысыр әскері шеңбердің бір нүктесі, теңізбің бір тамшысындай ғана. Бірақ Алла жеңісті кімге қаласа, соған береді.
Ал біздің кезімізде аз-Захир Барқұқ сұлтаннан бастап, шеркес ұлтты мәмлүктері биледі. Сұлтан мәмлүктердің өз ұлтынан болғанын қалады. Шеркес мәмлүктерінің көбі әмірлер мен сарбаздарға айналды. Ал түркі мәмлүктерінің саны Мысырда азайып қалды. Олардың қалғандары немесе балалары ғана бар.
Үшінші жинақ
(Осы елдегі үлкен өзендер мен көлдер туралы баяндалады)
Өзендерге келсек, «Мәсәлик әл-абсарда» бұл елде Сейхун және Жейхун деген өзен бар екендігі жазылған, олар туралы алдыңғы Мауареннахр елі туралы бөлімде айтылды. Өйткені олар осы елден ана елге дейін созылып жатыр. Олар екі елдің де территориясына да кіріп жатыр.
Сосын осы елдің танымал 5 өзені туралы айтылады:
Еділ өзені, ол алдында айтылған Балжар қаласы. Бұл өзен осы елдегі ең үлкен және ең атақты өзен. «Мәсәлик әл-абсарда» Фазыл Шужағуддин Абдрахман әл-Хорезми ат-Тарджуманның бұл өзен Нілден үш немесе одан көп есе үлкен екенін айтады. Ол славяндар жерінен ағып келеді. «Тақуим әл-булданда» айтқан: Ол солтүстік шығыстан бастау алады, онда ешқандай қала жоқ. Булар қаласының
Бұл жерде Манкышлақ жайлы айтылған.
Салих Надж ад-Дин Айуб (1239, 1245-1249) – Айубилік сұлтан жанынан ағып өтеді. Булар дегеніміз бұлғарлар. Ол өзеннің солтүстігі мен батысын орап жатыр. Одан шығып, жағалаудағы Укак қалашығынан асып, Балжаман аталатын ауылдан өтеді де, оңтүстік батысқа бұрылады, сөйтіп Сарай қаласының батысы мен оңтүсітігінен ағып өтеді. Сарай қаласынан шыққанда мың бір сағаға бөлініп кетеді. Барлығы дерлік Хазар теңізіне барып құяды. «Мәсәлик әл-абсарда» бұл өзенде алып кемелер жүзген, онда жолаушылар Рус пен славяндарға сапар шегетін болған [5, 451-468].