Патшалық биліктің қазақ мемлекеттілігін жою әдістері мен шаралары

1824 жылы Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы Орынборға шақырылып, шекаралық комиссия құрамына алғашқы мүше болып белгіленді. Осылайша Кіші жүз территориясында сол уақыттарда қоғамдағы ықпалын жоғалтқан хандық билік жойылды. Хандық билікті жою айтарлықтай шиеленіссіз жүрді. Орта жүзге қарағанда Кіші жүзде хан билігі әлсіз еді. Ресейдің жаңа басқару жүйесін енгізу саясаты қазақ даласында билікті сақтап қалу пиғылындағы бір топ сұлтандармен олардың жақтаушыларының қолдауына ие болғанымен жалпы халықтың наразылығын тудырды.  XІX ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүздің ішкі және сыртқы саяси жағдайы күрделі күйінде қала берді. Оның солтүстігінен Ресей, оңтүстігінен Хиуа, Қоқан хандықтары қауіп төндірді. Жаңа Илек бекінісі мен Илек өзенінің бассейнін орыстардың басып алуы саяси жағдайды күрделендірді. Бір жағынан патша үкіметіне қызмет еткен, екіншіден ресми саясатқа қарсы тектілер топтарының мүддесін көздеген Шерғазы ханға шекаралық комиссия әрекетсіз отырғаны үшін ескерту жасады. Ханға жағдай өзгермесе үкімет Ордада үкіметке адал қызмет ететін адамды қоятындығы туралы айтылды. 1824 жылғы “Орынбор қырғыздары туралы Ереже” бойынша Кіші жүз территориясы Батыс, Шығыс, Орта бөліктерге бөлінді. Оларды сұлтандар басқарып тұрды. “Ереже” Кіші жүзде хандық билікті алып тастап, оның орнына ресейлік басқаруға ұқсайтын әкімшілік-саяси басқару жүйесін ендіруге бағытталды. Ішкі, яғни Бөкей Ордасында хандық билік біршама ұзағырақ сақталды. Билік басындағы Жәңгір хан үкіметтің сеніміне ие болды. Жәнгір хан бірнеше рет патшаның қабылдауында болып, орыс әскерінің генерал-майор шенімен марапатталды. 1885 жылы Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Ішкі Ордада хандық билік жойылып, басқару Уақытша Кеңестің қолына көшті. Сөйтіп, XІX ғасырдың ортасына қарай Орта және Кіші жүз территориясында хандық билік жойылды. Жаңа ереже бойынша Кіші және Орта жүздерде сот билігінің  жүйесі қирады. Кісі өлтіру, тонау, барымта, тағы басқа қылмыстар әскери сот арқылы қаралды. Сотқа тартылғандарды Шекаралық Комиссия соты сұлтан — басқарушылардың қатысуымен жазалады. Билер сотынын ең маңызды сот- құқықтық мәселелерді қарастыру мүмкіндігі жойылды. Мұдан былай билер тек қосалқы мәселелерді қарайтын болды. Осылайша XVІІІ ғасырдың 30-шы XІX — ғасырдың 20-шы жылдары Кіші және Орта жүз қазақтарының шекаралық жүйе арқылы басқарылғандығына қарамастан шынайы билік әлі де болса қазақ қоғамында хандар мен сұлтандардың қолдарында қала берді. Патша үкіметі хандық биліктің басында Ресейге адал берілген адамдардың болғанын қалады, сондықтан жікшілдікті қолдай отырып қажетті жағдайларда әскер күшін, ал керек уақыттарда халық жиындарының талап-тілектерін бұрмалап хан тағына хан әулетінен шыққан жігерсіз  өкілдерін отырғызуға тырысты. Халық арасында ықпалы бар, тәуелсіз сұлтандарды патша үкіметі билікке жақындатпауға  күш салды. Қазақстанда хандық билікті жойған патша өкіметі оны енді қайта қалпына келтіру әрекеттерін басып жаншуға күш салды. Мысалы, Кіші жүздің Батыс бөлігіне сұлтан-басқарушы болған Қаратай Нұралыұлы өзін хан деп жариялап, өзіне хандық мөр жасағаны үшін Орынбор генерал- губернаторынан қатал ескерту алды. Орта жүзде ақ киізге көтеріліп, хан сайланған, Қытай императоры заңды билеуші ретінде таныған Ғұбайдолла Уәлиұлын Баянаул жерінде Арбышевтың жазалау отряды тұтқындап, Омбыға апарып, одан соң ешбір сотсыз, тергеусіз алыс Сібір қаласы Березовке жер аударды. Одан ол 1840 жылы Кенесары ханның табанды араласуының арқасында елге қайтарылды. Осылайша, хандық билік түріндегі қазақ мемлекеттігі бірте — бірте бір ғасыр ішінде жойылды. Орыс әкімшілігінің әрекеттері нақты ахуалға байланысты өзгеріп отырды, әйтсе де ұлттық мемлекеттіліктің барлық ішкі белгілерін жоюға бағытталған негізгі мақсат өзгеріссіз қалды. Өз мақсатына жетуде патша үкіметі өзіне қолайлы заңдарға және соларға сүйенген заңсыздықтарға жол берді. Қазақ халқын отарлық басқарудың тәсілдері мен түрлері бір мақсатқа Қазақстанды бағынышты отар аймаққа, жаңа кіріс көзіне айналдыруға бағытталды. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап, Ресей империясы сыртқы және ішкі саяси жағдайды ескере отырып, Қазақстан жөніндегі саясаты да, батыл қимылдар жасауға ұйғарды. Бұл кезеңде қазақ даласындағы ханның беделі күрт түсуі себепті олардың көмегін қажет етпеді. Хан билігін түбегейлі жою арқылы оның орнына империяның саясатын жүргізетін, яғни қазақтарды тікелей басқаратын басқару аппаратын құру көзделді. Хандық басқару жүйесінің жойылып, отарлау саясатын жүргізу мақсатында пайда болған жаңа басқару жүйесі қазақ даласында бір келкі қабылданбауына байланысты, Орта жүздегі сыртқы және ішкі саяси жағдай тұрақсыз сипат алды. Кенесары хан 1822-жылдары кезінде ашылып жатқан аймақтар құру жөніндегі жарлықтарға қарсы шығып халық наразылығын ашық қолдады, … Біз императорға қарсы емеспіз… тіпті оған да, бізге де пайда тигізетін болса жан тәнімізбен, барлық күш-жігерімізбен оған қызмет етуге әзірміз, тек қатысты орындарға мекеме орнымен келіспейміз /1/-деп, Ресей әкімшілігінен өтінішін қанағаттандыруды талап еткен болатын, ол бірақ бұл мазмұндағы өтініш Ресей саясатына қайшы болғандықтан, Омбы облыстық кеңесі …Оставить оную без всякого движения деген шешім қабылдады /2/.  Патша әкімшілігінің қазақ даласын отарлау аймақтарының біріне айналдыруға бағытталған шаралары халық наразылығын күшейте түсті. Ресей үкіметінің қазақ  халқының салты мен рухына, діліне қайшы әкімшілік саяси реформалар жүргізуге қарсы жергілікті халық көтерілістер түрінде жауап берді. Шын мәнінде  XVІІІ ғасырдың соңынан XІX ғасырдың 70- жылдарына дейін қазақ халқы патша өкіметіне қарсы соғыс жағдайында болды. Сырым Датұлы, Жоламан Тленшіұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Кенесары  1.  ҚР ОММ. 338 қор, 1т, 463 іс, 29 парақ. 2. ҚР ОММ. 4 қор, 1т, 245 іс, 4парақ. Қасымұлы бастаған және өзге де көптеген көтерілістер-бұқараның жалпы ұлттық азаттық қозғалысының айқын дәлелі болса керек. Барлық осындай бас көтерулер, әсіресе үш жүздің азаттық қозғалысына айналған Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс патша өкіметінің қазақ қоғамындағы кез келген сеператизмінің көрінісін түбегейлі жою тәрізді әрекет етуге итермеледі.  Қазақстанның Ресей империясына қосылуы аяқталғаннан кейін патша өкіметі өзінің отарлау саясатын күшейту мақсатында қазақ даласында өмір сүріп тұрған басқару жүйесін түбірінен қирату міндетін қойды. 1867 жылғы реформа бойынша Жетісу және Сырдарья, 1868 жылы  Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару жүйесін түбегейлі өзгертуге қол жеткізді. Жаңа ережелер жасалғанда алдына негізгі үш мақсат қойылды: қазақтарды тез орыстандыруда табысқа қол жеткізу, оларды христиан дініне енгізу, рекруттық міндетті атқаруға икемдеу.  Бұл реформа тұңғыш рет бүкіл Қазақстан территориясын қамтыды. Қазақ даласында құрылған облыстар уездерге, уездер болыстарға бөлінді. Жаңа басқару жүйесі көшпелілердің патриархалды-феодалдық укладының іргесін шайқалтып, сұлтан, би, старшиндердің билігін шектеді. Сұлтандар өздерінің саяси, одан соң экономикалық маңызы мен жағдайын жоғалтты. Әкімшілік басқару айқын әскери сипат алды. Облыс басында әскери генерал-губернаторлар тұрды. Олар өз қолдарына бүкіл әскери және азаматтық билікті шоғырландарды. Болыстық  басқарушылар мен ауыл старшиндері 1868 жылдан бастап өз жергілікті тұрғындарының үстінен бақылаусыз және шектелмеген билік пен құқықтарға ие болды. 1867-1868 жылдарғы реформалар бойынша жалпы империялық заңдарға негізделген әскери сот комиссиялары және уездік соттар құрылды. Бұдан кейінгі жылдары аталған заң актілеріне кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.  Түркістан өлкесін басқару туралы және  (Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ережелерде көрініс тапты. Бұл ережелер патша өкіметі құлатылғанға дейін, яғни 1917 жылғы дейін өз күшінде болды. Патша үкіметі қазақ қоғамында Ресей империясының билігін қамтамасыз ететін мемлекеттік аппарат құру үшін өзінің саяси қызметін күшейтті. Абсолюттік билік далада генерал-губернаторларға берілді. Халық арасында олар «жарты патша» деп аталды. Ереженің 15,17 баптарына сәйкес генерал-губернаторларға «саяси игілікті емес бұратаналар, бүлдірушілер… бес жылдан артық уақытқа айдауға жіберу» құқығы берілді. Қазақстан тарихында қазақ ұлты өкілінің уездік шенеунік деңгейінде бастық болуы мысалының кездеспейтіндігі біраз мәселеден түсінік береді. Оқыған, білімді қазақ өкілі үшін ең құрметті қызмет аудармашы, яғни тілмаш болып қана қалды.  Қазақ тұрғындары тек болыстық басқарушылар мен ауыл старшиндерін сайлай алатын мүмкіндіктерге ие болды. Сайлау патша шенеуніктерінің қатысуы арқылы жүргізілді. Шенеуніктер қазақтардың руға бөлінетіндігін біле отырып, ру арасындағы дау-жанжалды өршітуге тырысты және ру аралық дау жанжалды өршітуге түрлі күш салды. Сайлауға қыруар ақша жұмсаған болыстық басқарушы, кеткен шығынның орнын сайлауда жеңіліп қалған рудың есебінен толтыруға тырысты. Дәл осындай әрекеттерге келесі жолы жеңіске жеткен ру өкілі барды.

Источник: https://e-history.kz/kz/historical-education/show/12803/
© e-history.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *