Елімізде шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп бекітілді. Көнеден жеткен ұлттық аспапты ұлықтау шарасы биыл 5 шілдеге сай келіп отыр. Қазақтың қара домбырасы — киіз үй және айтыс өнері секілді әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізіміне енгізілген көне жәдігерлердің бірі. Зерттеушілердің айтуынша, домбыра аспабы б.з.д 5 мың жыл бұрын пайда болған. Әрі жер бетіндегі ең көне саз аспабы. Алтайдан Анадолыға дейінгі жерге әмірін жүргізе білген түркі халықтарының арасында өте кең таралған қос ішекті музыкалық құрал. Ең көне домбыраны түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы Моңғолия жерінен тапқан. «Қазақтың қоңыр үнді домбырасын бертінгі заманғы дүние деп елестеткен едік. 2009 жылы моңғол жерінде экспедицияда болғанымызда Алтай тауындағы үңгірлердің бірінен домбыраға ұқсас аспап табылды. Ол үңгір адам аяғы баспайтын, тек қана тау барыстары мекен ететін биік тауда орналасқан екен. Домбыраны алғаш оқушыларымен бірге саяхаттап жүрген тарих пәнінің мұғалімі тауып алған. Үңгірден адамның қаңқа сүйектері мен жебелер табылған. Сәл арырақтан мойны қисайып қалған домбыра тауып алады. Кездейсоқ табылған құнды мұраны ол Ұланбатырдағы археологтарға табыстайды. Баға жетпес мұраны өз көзіммен көрдім. Расында, басы қисайып қалған кәдімгі қара домбыра. Анықтап қарау барысында беті мен шанағында байырғы «түрік бітіг» жазуын байқадым. Кәдімгі Орхон-Енисей жазбаларынан бұрынғы, шамамен бесінші-алтыншы ғасырларға тән түрік жазулары. Тағы бір айта кетерлігі, домбыраның бетінде болуға тиіс тесік керісінше, шанағында орналасыпты. Домбыраның бетіндегі тесіктің пайда болуы туралы аңыз «Ақсақ құланнан» басталмай ма? Бұдан нені ұғамыз? Яғни қазақ тарихы біз қазір айтып жүргеннен де тым ертеден бастау алады деген сөз», — дейді Қаржаубай Сартқожаұлы.
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31788/
© e-history.kz