Н.Т.ЖАНАҚОВА
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және
әлем тілдері университеті, Алматы/Қазақстан
Әлемдік өркениетте ерекше орны бар Ұлы Жібек жолының тарихы сонау ерте заманнан басталады. Сонау ерте замандағы сақтар, үйсiндер және қаңлылар кезiнде сауда жолымен Қазақстанға Римнiң шынысы мен теңгелерi, айнасы мен жылтыр кесесi, Еуропаның қапсырмалары және Иранның тас мөрлерi келiп жеттi.
Б.з.б. II ғасырды тарих ғылымында Ұлы Жiбек жолының тұрақты жұмыс істеуінің басы ретінде қабылдайды. Осы дәуірдің 138 жылы Қытайдан император У-дидiң Батыстың белгісіз елдерiне жiберген елшiлiк сапарға шықты да, бұл керуен бiрiншi болып аспан асты елінен Орталық Азияға тiке жол тартты. Соның нәтижесінде императорға сауда жасау үшін қолайлы жолдар бағыты айқын көрсетілді. Осы жолдар Ұлы Жібек жолының негізі болды. Қытай елшiсiнен кейiн бұл жолмен Батысқа қарай жiбек керуендерi жүрдi. Өз кезегiнде, бұл жолмен Римнен, Византиядан, Үндiстаннан, Ираннан, Араб халифатынан осы елдерде өндiрiлетiн тауарлар тасылды [1]. Ұлы Жiбек жолының ең басты маңызы – елдердi, халықтар мен мәдениеттерді жақындастырып, өзара байытуы болды.
Жібек сауданың басты түрі болды. Жібек алтынмен бірге халықаралық валюта қызметін атқарды, оны патшалар мен елшілерге тарту етті, жалдамалы әскерге жалақы мен мемлекеттік қарыздарды төледі. Жібек өзінің жеңіл, ықшамды, аса көп сұранысқа ие болуы мен қымбаттылығының арқасында сауданың және алыс жерлерге тасымалдаудың негізгі тауары қызметін атқарды. Басқа тауарлар да тарала бастады. Олардың саны өте көп едi. Жiбек жолы ежелгi мәдениет пен өнердi таратушы қызметiн де атқарды.
Ұлы Жібек жолы бойында айырбас сауда да дамыды. Ақша айналымының рөлi өсті. Әр жаңа билеушi жеңiстерімен ғана емес, ақша айналымын ретке келтiру өнерiмен де белгiлi болды.
Ортағасырлық авторлардың деректері мен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Жібек жолы бойындағы халықаралық сауда ІХ ғасыр мен ХІІІ ғасырдың басында өзінің ең биік деңгейіне жеткендігін айғақтайды [2]. Испиджаб, Кедер, Отырар, Тараз, Науакент, Баласағұн ірі сауда орталықтары болып қалды. Оларға солтүстік-шығыс Жетісудың Қоялық, Екі-оғыз қалалары қосылды.
Осы кезеңде Шу, Талас және Сырдария алқаптарында қала орталықтары қалыптасады. Бұл қалалар Арал бойындағы құрғақ шөлейт аймақта өте жақсы сақталды. Олардың күн қаққан сары қабырғалары әлі күнге дейін биіктен көрінеді, ал төбелер астында үлкен көне қорымдар сақталған. Тараздың жанында Жамуқат қаласы болған. Оның қалдықтары Талас алқабында жатыр. Бұл орын қазір Қостөбе деп аталады. Жібек жолының бойында бірнеше жаңа қала пайда болып, ал бұрынғы қалалар дами түсті.
Ұлтаралық төзімділік, түрлі діндердің тату көршілігі, бөгде салт-дәстүрге құрметпен қарау Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың басты қасиеті болды. Жолаушылап келе жатқан кез келген саудагер бұл жерлерде өз халқының мәдениеті мен дәстүрін дамыта алды.
ІІ-V ғасырларда Жібек жолы шығыстан бастағанда Хуанхэ арқылы Қашқарияға, одан әрі Ферғанаға, ары қарай Самарқанд, Бұқара арқылы Сирияға өтті.
VI-ХІІI ғасырларда Қытайдан батысқа Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы өткен жол қызу тіршілікке толы болды. Жолдың мұндай сипатқа ие болуын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, Жетісуда түрік қағандарының ордалары орналасты, олар сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Екіншіден, VIІ ғасырда Ферғана арқылы өтетін жол өзара қырқыстар салдарынан қауіпті болды. Үшіншіден, бай түрік ақсүйек қауымы теңіздің ар жағынан келген тауарларды көтерме бағамен сатып алушылар болды.
Жібек жолы жүзжылдықтар бойы көптеген өзгерістерге ұшырады: жолдың бір бөлігі ерекше маңызға ие болса, басқасы, керісінше, келмеске кетті, ал енді бір қалалар құлдырады. Мәселен, VI-VІІІ ғасырларда негізгі жол Иранды айналып өтті. Бұл Батыс Түрік қағанаты мен Византияның осы елге қарсы жасалған әскери-сауда одағына байланысты болатын. Құрлықтағы саяси жағдай дипломаттардың, көпестердің және басқа саяхаттаушы адамдардың жол бағыттарын таңдауынан айқындалды.
VI ғасырдың екiншi жартысында түркiлер Ұлы Жiбек жолының бiраз бөлiгiне иелiк еттi. Нақты осы түрiк кезеңiнде Қытайдан Жетiсу арқылы батысқа және Қазақстанның оңтүстiгiне өткен Ұлы Жiбек жолы бойында жандану байқалады. Бұл жолдың негізгі бөлігі болды және керуен саудасы мен елшiлiк сапарлары VI-ХIII ғасырларда осы жермен өттi.
Бұл жағдай Жетiсу мен Қазақстанның оңтүстiгiнде жаңа қала орталықтарының пайда болуына түрткi болды, осыған дейін бар қалалардың тез өсуiне әсер еттi. Жiбек жолының түрiк бөлiгi бойынан мұндағы қызу керуен саудасының көптеген заттық дәлелдерi табылды.
Ортағасырлық Сырдария қалаларына қазба жұмыстарын жүргiзген кезде табылған заттар халықаралық сауданы зерттеуде маңызды дерек көздерi болып табылады. Осындай олжалардың қатарына Отырардан табылған күміс көмбе жатады. Көмбенің теңгелер жиынтығы ғажап. Онда Түркiстан қалаларының, Кiшi Азия, Еуропа, Еділ бойы қалаларының ақша сарайларының белгілері бар. Қазбалар барысында зергерлiк бұйымдар, тұрмыс заттары, теңгелер табылды, бұларды Жiбек жолындағы барлық қалалардың өзiндiк «сыр сандығы» деуге болады [3].
Ұлы Жібек жолы жүйесіне керуен жолдарының бірнеше тармақтары енді. Бұл тармақтар тау жоталарындағы түрлі асулар арқылы шөлді айналып өтті. Жiбек жолы қалай тармақталса да, ол қай бағытқа жол тартса да, барлық сүрлеу Арал теңiзi жанынан Сырдария жағалауымен, одан кейiн Шудан Жетiсу арқылы өтiп, Жоңғар қақпасына жеттi. Осы жер Гангтiң (Үндiстан) «Дәм-татым жерлерiне» және Сары өзеннiң (Қытай) тұт ағашы отырғызылған жағалауларына апаратын ең ыңғайлы жол болды.
Қытайдан жiбек, Үндiстаннан дәм-татым қоспалары мен асыл тастар, Ираннан күмiс бұйымдар, византиялық тауарлар тиелген керуендер Сарыарқаның кең даласы арқылы жүрдi. Алтай мен Қаратау асуларынан өттi. Керуен жолында – Отырар, Үргенiш, Бұхара, Тараз, Баласағұн, Сауран, Талхиз және басқа бай қалалар орналасты.
Сауда жолы Тараздан солтүстiк бағытта, Ертiске – қимақтар қағанының ордасына қарай, одан әрi Енисейдегi қырғыздар елiне өттi.
VII ғасырдағы Қытай жолсерiк кiтапшаларында «Ақ өзендегi қала» – Испиджаб қаласы көрсетiлген. Одан бертiнгi кезде оны «Сайрам» деп те атаған. Испиджаб ірі де негізгі сауда орталығы болды да, осы жерден жол одан әрi Сырдария бойымен төмен қарай Арал бойына өттi. Сырдария бойымен өткен керуен жолында ең iрi қалалар Отырар (Фараб) мен Шауғар (Түркiстан қаласынан сегiз шақырым жерде) орналасты, бұл қалалардан жол оғыздар орталығы – Янгикент қаласына қарай өттi. Янгикенттiң орны Қазалы қаласына жақын жерде орналасқан. Х-ХII ғасырларда бұл жол бойында Сауран, Жент, Ашнас сияқты жаңа қалалар бой көтердi.
Жетiсудың iрi қалаларының бiрi Науакент (Жаңақала деп аударылады) жолдың негiзгi тармағы болды. Науакенттен шыққан жол Жетiсудың iрi қаласы Суябқа әкелдi. Қазiр жартылай қираған сарайлар, мешiттер мен мұнаралар, сондай-ақ құлпытас орнатылған ауқымды зираттар бiр кезде осындағы қайнаған өмiрдi еске түсiредi.
Жiбек жолы Қаскелең, Алматы орнында болған шағын қалашықтар арқылы өтiп, Талхиз қаласына (қазiргi Талғар қаласына жақын жер) дейiн жеттi. Талхизда Жiбек жолы тармақталды. Оңтүстiк тармақ Есiк, Түрген арқылы Iле өзенiнiң өткелiне өтті. Солтүстiк тармақ Талхизден Талғар өзенi бойымен Қапшағай шатқалына дейiн жетті. Одан әрі жол Қоялыққа – қарлұқ жабғуы ордаларының біріне өттi. Бұл қала өз базарларымен даңқы шықты. Қоялық қазіргі Антоновское селосы жанында орналасты. Одан әрi Жiбек жолы Алакөл көлiн айналып, Жоңғар қақпасы арқылы iшкi Қытайға қарай бағыт алды.
Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өткен негізгі бағытынан солтүстікке және шығысқа жолдар тартылды. Бұл жолдар Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарына дейін жетті. Мал мен жүнге, тері-терсекке, металға бай бұл аудандар Жібек жолы жүйесіне көптеген керуен жолдарымен енді.
Ұлы Жібек жолының тарихында оны түркі мемлекеттері толықтай дерлік бақылауда ұстаған үш кезең болды: VI-XIII ғасырдың басындағы түрік қағанаттары бақылауындағы кезең; ХІІІ ғасырдың екінші ширегі мен ХІV ғасырда Шыңғысхан империясы бақылауындағы кезең және ХІV ғасырдың үшінші ширегі мен ХV ғасырдың басындағы Темір империясы бақылауындағы кезең.
Ұлы Жібек жолының қашықтығы 7 мың шақырымнан 12 мың шақырымға дейінгі жолды қамтыды. Сол себепті саудагерлердің көпшілігі бүкіл жол бойымен жүрген жоқ. Олар негізінен тауарларын жарты жолда ауыстырып алуға тырысты. Ұлы Жібек жолының түркі бөлігі де жарты жолды құрады.
Жiбек жолының түрiк бөлiгi халықаралық саудада ерекше рөл атқарды. Сауданың дамуы Ұлы Жiбек жолы көптеген қалалардың пайда болуына, олардың өркендеуіне жол ашты. Бұл жол бөлігі мемлекеттердiң қалыптасуында, әлемдiк өркениеттің дамуында үлкен рөл атқарып, Шығыс пен Батыс мәдениеттерi арасындағы байланыстырушы көпiр болды [4].
Жол бағыттары бойындағы қалалар мен тұрақтар – сауда орталықтары ғана емес, ғылым мен мәдениет орталықтары да болды. Мәселен, Отырар – ұлы ғалым әл-Фарабидің Отаны, одан кейін ғылымға келген Шығыстың барлық ұлы ғалымдары – Авиценна, әл-Бируни, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ұлықбек және басқалары өздерін оның шәкірттері деп санады.
Жібек жолы бойымен діни идеялар, тауарлар және олардың өндірісі туралы ақпарат атап айтқанда, жібекті, түрлі-түсті шыныны, қағазды, кітап басуды, оқ-дәрі мен зеңбіректі дайындау тәсілдері таралды.
«Жібек жолын» «қағаз жолы» деп атауға болар еді, себебі дәп осы жолмен қытайлар бүкіл әлемге өздерінің ойлап тапқан жаңалығы – қағазды таратты. Қағаз өндірісі Қытайдан Орталық Азияға келді, ол жерден қағаз батысқа тарап, бұрынғы жазу материалы – пергамент пен папирусты ығыстырып шығарды.
Адамдар мен идеялардың еркін қозғалыста болуы аса көрнекті энциклопедияшылардың, ғалымдардың, ақындар мен философтардың және олардың мектептерінің пайда болуына ықпал етті. Саудасыз айырбас – білім айырбасының орасан зор маңызы бар. Әбу Райхан әл-Бирунидің «Фармакология» энциклопедиясының трактаты (ХІ ғасырдың басы) мен Ибн Синаның (Авиценна) «Дәрігерлік ғылымның каноны» еңбегі ғана бүкіл шығыс әлеміне зор ықпал етіп қана қоймай, Батыс Еуропаның медицинасына да шешуші әсер етті.
Қытай мен Үндiстанға теңiз жолы ашылмас бұрын Ұлы Жібек жолы Орта Азия, Оңтүстiк Қазақстан және Жетiсу арқылы өтiп, ХV ғасырға дейiн жұмыс істеді. Ал осы тарих жолдың қазіргі тұрпатын елестетсек, белгілі шығыстанушы-ғалым, профессор Н.Алдабек атап көрсеткендей: «Жаңа замандағы «Ұлы Жібек жолы» арқылы сауда-экономикалық, мәдени, ғылыми-техникалық, рухани ынтымақтастық орнатуға қажетті құндылықтар мен факторларды жан-жақты пайдалану үрдісі қалыптасуда» [5].
ХХІ ғасыр басында Ұлы Жібек жолына қатысушы елдер, олардың арасында Қытай, Қазақстан, Қырғызстан 2000 жыл бұрын Азия мен Еуропа арасында сауда және мәдениетпен алмасу дәлізі ретінде қызмет еткен Ұлы Жібек жолының бөлігін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін бірлесіп өтінім берген еді. Соның игі нәтижесінде 2014 жылы Катар астанасы Дохада Бүкіләлемдік мұра комитеті аталмыш өтінімді қабылдап, Жібек жолының бөлігін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізді. Сондай-ақ өтінімге мыңжылдық сауда дәлізінің айналасында орналасқан 33 тарихи жер енді. Оның 22-і Қытайда, 8-і Қазақстанда, тағы үшеуі – Қырғызстанда орналасқан.
Ұлы Жібек жолының өркениет тарихындағы орасан зор рөлін ескере келіп, ЮНЕСКО халықаралық ұйымы «Жібек жолы» бағдарламасын қабылдады. Бағдарламаның негізгі идеясы – Ұлы Жібек жолы бағыттарымен көптеген жүзжылдықтар бойы елдер мен халықтар арасында байланыстар, сауда қатынастары мен өзара мәдени ықпалдастықтың болғанын көрсету. Бағдарламаны орындауды түрлі мамандардан құралған халықаралық топтар қолға алды.
Ұлы Жібек жолының маңызды бөліктерінде бірқатар ғылыми семинарлар өткізілді. Бағдарламаның «Ұлы Жібек жолы» атты қорытынды конференциясы Парижде өтті. Онда Орталық Азия халықтарының түрлі жүзжылдықтардағы мәдени жетістіктерін көрсеткен үлкен көрме ұйымдастырылды.
ЮНЕСКО ежелгі халықтар қалдырған үлкен мұраны зерттеуге ғана емес, сақтауға да ерекше көңіл бөледі. Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіл әлемдік мұрасы нысандарының тізіміне «Ұлы Жібек жолы» номинациясында 30-дан астам тарих және археология ескерткіштерін енгізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолы құрылысы жобасының бастамашысы болды. Бұл халықаралық маңызды жолдың Қазақстан жері арқылы өтетін бөлігінің жалпы ұзындығы үш мыңға жуық шақырымды құрайды. Автодәліз бес облыстың аумағы бойынша өтуі тиіс. Осылайша мың жыл бұрын керуендер өткен жолдар ХХІ ғасырда қайтадан адамзат назарын аударуда. Ал Қазақстан аумағы батыс және шығыс мәдениетін біріктіріп, Еуразия құрлығын тұтас бірлікке байланыстыратын көпірге айналып отыр. Әлемдік қауымдастық Ұлы Жібек жолы сияқты көне де маңызды жолдың қажеттілігін жете түсініп, ортақ мүдделі мақсат бағытында жұмыс істеуде.