ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ ТАРИХЫНАН

Бидос Нуридинұлы ҚАЛШАБЕК

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

Шымкент/Қазақстан

bkalshabek@mail.ru

 

Жаппар Қанатұлы ЖОМАРТ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

Шымкент/Қазақстан

zhomartzhappar@bk.ru

1929 жылғы кулактық жер аударулардан басталған күштеп қоныс аудару саясаты Ұлы Отан соғысы қарсаңы мен соғыс кезінде тұтастай «сенімсіз» халықтарды жер аудару түрінде 1950 жылдардың аяғына дейін жалғастырылды. Оған себеп болған жағдайлар Кеңес Одағында тоталитарлык жүйенің орын алуы, оның Екінші дүниежүзілік соғыстың бас кезіндегі басқыншылық әрекеттері болатын. 40-шы жылдары Прибалтика, Батыс Украина, Батыс Белоруссия, Молдавияның оң жағалауы, солтүстік Буковина аумағын жаулап алып, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанын бастады. Бұл шара кулактарды және ондаған мың шаруаларды күштеп қоныс аударумен жалғасты.

1944-1952 жылдары Кеңес Одағының басшылығымен Батыс Украинадан «ОУН» (қысқартылған, орысша — «Организации украинских националистов», қазақша «Украин ұлшылдар ұйымы) мүшелерін күштеп қоныс аудара бастаған. Нәтижесінде, 1945-1949 жылдары қазақ даласында орналасқан 1944 жылдан бастап «Арнайы коныстар» деп атала бастаған, күштеп қоныс аударылғандарға арналған мекендерге, Прибалтикадан 142 543 адам қоныстандырылды [1, с. 28-29].

Соғыстан кейінгі мерзімде 1939 жылдан бастау алған немістерді қоныс күштеп коныс аудау жалғасты. 1957 жылы КСРО ІІМ 4-ші бөлім бастығы Б.В.Новиковтың жазған анықтамасында, 1945 жылы осы науқанның төртінші кезеңі басталып, Қызыл Армия азат еткен аумақтардығы орналасқан немістер мен шет елдерден оралған кеңестік неміс-репатриантарын қоныс аударғандығы жөнінде көптеген деректер берілген [2, с. 177]. Тарихи деректер бойынша 40-шы жылдың орта шенінен 50-ші жылға дейін Прибалтика, Белоруссия, Украина, Молдавиядан немістердің депоптацияланғаны белгілі болып отыр.

Қоныс аударған аумақтарда қоныстанушылар көптеген қиындыктарға ұшырады. Арнайы қоныстандырылғандардың көпшілігі көп уақыт бойы ішер асы, киер киімі, күнделікті қажетті заттары мен баспанаға зар болған. Оңтүстік Қазақстаннан түскен хатта, «Қоныс аударылғандарды орналастыру үлкен қиындықтар туғызуда, тұрғын үй қоры қоныс аударылғандар қажеттілігін қанағаттындырмауда» — деп жазды [3, с. 127].

Қиыншылықтардың туындау себептерін соғыс ауырпалығымен ұштастырған билік орындары, оларды жоюға ұмтылыс білдірген жоқ, кейде, мұндай хабарламалар аяқ асты болып есепке алынбады. Ал, Ішкі Істер халкоматына қоныс аудару науқаны үкімет орындарының белгіленген мерзімі бойынша, қалыпты жүріп жатыр деген ақпарлар түсіп жатты. Көптеген аудандарда қоныс аударылғандарды жұмыспен қамту жүзеге асыру мүмкін болмады. Мектептерге сабақ беруге қоныс аударылғандар тартылғанымен олардың көпшілігі тіл білмеді, тек қоныс аударылған балаларды оқытумен шектелді. Кез келген жұмыстарға тарту үшін де жоғарыдан бұйрық күтуге мәжбүр болды.

Қоныс аударушылардың балаларын бірден түгелдей оқумен қамту мүмкін болмады. Өйткені, өлкеде қазақ балаларын оқытуға жағдай болмады, оның үстіне қоныс аударушылардың баларына арнап мектеп үйлерін бөлу уақыт күттіретін жұмыс болғаны белгілі. Осыған орай Қазақ КСР халық ағарту комиссариаты қоныстанушылардың мектеп жасындағы 50 329 баласының, 6099 ғана оқумен қамтылғаны туралы хабардар еткен.

Дәрігелік-санитарлық қамсыздандыру жұмыстарын тиісті дәрежеде мүмкін болмауы себебінен, эпидемиялық аурулар жойылмады.

Қазақ КСР Орман халкоматына тиеселі Қосқұдық мехлеспунктінде, Сталинск-Магнитогорск магистралы, Қарағанды, Көкшетау областарында тұрғын үй құрылысы баяу жүргізілді.

ХКК мен Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің (КП(б) ОК) қатаң ескертулеріне қарамастан қоныс аударушылардың қорындағы қаражат басқа бір мақсатта жұмсалып, талан-таражға ұшырауы жалғаса түсті.

Осыған орай, жағдайды мұқият зерттей келе, Қазақ КСР ХКК мен КП(б) ОК 1945 жылы 26 сәуірде қаулы «Қазақ КСР-ында арнайы қоныстандырылғандарды орналастырудағы кемшіліктер» атты қаулы кабылдады. Қаулыда 8516 отбасының саяжайлык жер алмағаны, республика ұжымшарларында орналастырылған 61 849 отбасының, 3293 отбасы ұжымшар мүшелігіне алынбағандығы атап көрсетілді. Жалпы, коныс аударылғандарды орналастыру жұмыстары ат үсті жүргізіліп жатқандығы атап өтіліп, оны тез арада жолға қою шараларын алу жөнінде нұсқаулар беріліп, белгілі бір жұмыстар қолға алынды [3, с. 127].

1945-1951 жылдары қоныс аудару мекендеріне 177 573 «власовшылар» (Жауға берілген генерал И.Власов Армиясы жауынгерлері) жіберілді. Оларға арнайы қоныстарда тұруға 6 жыл мерзім кесілген. 1952 жылдың аяғына таман мерзімдерін өтеуіне орай, олардың көпшілігі босатылған [4, с. 171].

КСРО ХКК сұранысына орай, 1945 жылы 20 желтоқсанда Қазақ КСР ХКК-ның В.М.Молотовқа жіберген хабарламасында 1943-1944 жылдары Солтүстік Кавказ, Грузиядан 109 339 отбасы қоныс аударылып, 1945 жылдың соңына дейінгі мерзімде, олардың құрамынан: а) 62 436 отбасы ұжымшарларда, б) 46 803 отбасы кеңшарлар мен өндіріс орындарында орналастырылғаны жөнінде ақпар берілді [3, с. 127]. 1945 жылы 29 желтоқсанда Қазақ КСР ІІМ орынбасары Николаевтың Қазақ КСР КП (б) хатшысы Скворцов пен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ондасыновқа берген «Солтүстік Кавказдан қоныс аударылған қоныс аударушыларды Қазақ КСР аумағына шаруашылық жағы мен жұмысқа орналастыру шаралары жөніндегі» есебінде, жалпы, Қазақ КСР-ында 470 мың адам, 112102 отбасының орналастырылғандығы, оның қатарында 21 мың балкарлардың бар екендігі туралы айтылды.

40-шы жылдардың соңына қарай республикадағы 14 облыстың 145 ауданына күштеп қоныс аударылғандар орналасты, оның ішінде 70 296 отбасы ұжымшарлада, 14871-і кеңшарларда, 26 935-і өндіріс орындарында орналастырылды. Ұжымшарладағы 70 296 отбасының, 81 пайызы яғни, 56800 отбасы ауыл шаруашылық артельдеріне мүшелікке кабылданды. Арнайы қоныстандырылғандарды жұмысқа тарту ісі Алматы облысында жақсы деңгейде жүзеге асырылып олардың 96,4 %, сонымен қатар, Қостанай облысында — 85,4 %, Қарағанды облысында — 80,2 %, Ақмола облысында — 79,6 % жұмысқа тартылған [3, с. 126.].

Қоныс аудару шаралары бірнеше сатыда жүргізілді, депортациядан соң, жергілікті жерлерде бөліп қоныстандыру шаралары жүргізілді. 1946 жылы репатриирацияға ұшыраған және бөліп қоныстандыру тиіселі қоныс аударушыларды орналастыру шаралары басталды. Оның нәтижесінде, 1946 жылдың 1 тамызына дейінгі мерзімде арнайы қоныстандыру мекендеріне 32253 жіберілген. 1946 жылы 1 қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 107 272 қоныс аударылғандар отбасы, оның құрамында, 412 191 адам болса, 1946 жылдың бас кезінде қосымша Қазақстанға 43 501 адам жіберілген. 1946 жылы 1 шілдесіндегі есеп бойынша Қазақстанда 111 980 қоныс аударылғандар отбасы, оның құрамында, 426 021 адам болған [4, 153-154 бб.].

Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушыларды орналастыру жөніндегі басқармасының 1946 жылғы 5 тамыздағы Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырымнан қоныс аударылғандарды орналастыру жөніндегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Оңдасыновқа есебі мен, «Қазақ КСР-ында орналастырылған қоныс аударушылырдың шаруашылық орналастырылуы жөніндегі анықтамасы» бойынша, жоғарыда көрсетілген мерзімге дейінгі уақытта республикаға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен Қызыл Армия сапынан 16021 адам әскерден келіп отбасымен кауышқан, 7976 бала дүниеге келген. Арнайы қоныстырылғандыр саны 104 632 адамға қысқарған. ІІМ есебіне сай, 73 000 адам қайтыс болған, 31 632 адам республикадан тыс жерлерге отбасыларымен қауышу мақсатында коныс аударған немесе әртүрлі қылмыстар бойынша сотталған екен [3, с. 129]. Жылдың соңына таман 23 362 адамнан тұратын 5 995 отбасы келіп, қоныс аударушылыр отбасыларында — 4 641 адам дүниеге келіп, 7135 басқа жаққа қоныс аударып, 7 271 қайтыс болған [5, с. 4].

Сонымен, 1947 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша республикада күштеп қоныс аударылған ұлттар саны төмендегідей болған: шешендер мен ингуштер — 82650 отбасы, оның ішінде — 317375 адам; балкарлар — 4924 отбасы, оның ішінде — 17378 адам; қарашайлар — 9450 отбасы, оның ішінде — 34387 адам; қалмақтар — 752 отбасы, оның ішінде — 1 937 адам; Грузиядан — 835 отбасы, оның ішінде- 27256 адам; Қырымнан — 1 481 отбасы, оның ішінде — 4227 адам. Барлығы — 106092 отбасы, оның ішінде — 402 451 адам. 426021 адамның ішінде 169881 адам жұмысқа жарамды болғанымен, 160390 адам ғана жұмысқа орналастырылды.

Қоныс аударылғандарға кеңшарлар мен ұжымшарлар басшылығының оларды жұмысқа орналастыру, түрлі мамандықтар бойынша қайта оқытуға жете көңіл аудармауы салдарынан, олардың кейбіреуі жұмысшыларды азық-түлік пен өнеркәсіп бұйымдарымен жабдықтайтын өндірістік орындарға жұмыска кете бастаған.

Қоныс аударылған отбасылары балалары тарапынан 1945 жылы 3000 жасөспірім ФЗУ мен қол өнер училищелеріне тартылса, 1946 жылы 4000 адам шақырылған [3, с.129]. 1945-1946 жылдары қоныс аударылғандарды түрлі мамандықтар бойынша қайта оқыту шаралары алынды. Деректер бойынша Республиканың алты облысында 2 600 астам адам оқытылған, оның ішінде: трактористер — 189 адам, комбайнерлер — 74 адам, шоферлер — 159 адам, ұсталар 114 адам, слесарлар — 432 адам және т.б. Жалпы мамандықтар бойынша — ағаш шеберлері, ағаш жонушылар, тас қалаушылар және т.б. саны — 4829 адам болса, оның 3400 мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан [3, с. 129]. Мектеп жасындағы 89102 баланың, 22 мыңы оқытылды. Мектепке дейінгі жастағы 97 896 сәбидің, 8475 бала бақшалармен қамтамасыз етіліп, 6864 жетім бала аныкталып, оның 5661-і балалар үйіне орналастырылған. Қарттар, мүгедек және тағы баска еңбекке жарамсыздар саны 6 226 адам болса. оның 119 мүгедектер үйіне орналастырылған.

Білім деңгейі жөнінен Солтүстік Кавказдан коныс аударылғандар ішінен 803 адам жоғары білімді болса, оның 669-ы өз мамандықтары бойынша жұмыс жасап, кейін өзгелері халық шаруашылығының салаларына жұмысқа тартылған [3, с. 129].

Қоныс аударылғандар ішінен 92 мыңнан астам адам тұрғын үймен, ұжымшарларда орналасқан қоныстанушылардың 60800 жеке шаруашылығы ауыл шаруашылык артелдеріне мүшелікке алынды. 1945 жылы Республикада қоныстанған 106 092 отбасының ішінен 158471 адам, 1946 жылы 171672 адам өнеркәсіп орындарында жұмыс істеген.

Бұл жағдайға келесідей түсінік беруге болады, алғашқы кезде тек кана отағасы мен отбасының бір-екі мүшесі еңбек етсе, уақыт өте келе жұмысқа орналаскандар саны ұлғайғып, 15 133 жасөспірім және 5165 егде жастағы адамда өндіріс орындарына жұмыска тұрған [5, с. 7].

Әлеуметтік қамсыздандыру мен оқу ісі жөніне келсек, қоныс аударушылар отбасында 95633 мектеп жасындағы бала болса, оның 31 946-сы ғана оқумен камтылды; мектепке дейінгі жаста 107989 бала, оның 11 486-сы бала бақшамен қамтамасыз етілсе: 5 480 жетім баланың, 3 521 балалар үйіне; 22 545 қарттар мен мүгедектердің, 474 адам мүгедектер үйіне орналастырылған [5, с. 19].

Қоныс аударушылардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында тұргын үйлер салу және ұжымшарлардағы бос тұрған үйлерді оларға беру шаралары қолға алынды. Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қаазақстан облыстарындағы қоныс аударушыларға арнап тұрғын үйлер тұрғызушы кеңшарлар, ұжымшарлар мен өндірістік мекемелерге уақытша міндеттемелер ретінде несиелер беріліп, қоныс аударушыларға үйлерді сатып алуларына несие бөлінген.

Қоныс аударушы немістер, солтүстік кавказдықтар, қырымдықтар балалары 16 жасқа дейін отбасы есебінде тұрса, 16-ға толған соң «Арнайы қоныстарда» жеке есепке алынған.

1948 жылы 2 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы «Елдің шет аймақтарына ауыл шаруашылығында еңбек әрекетінен ығысқан және қоғамға жат паразиттік өмір салтында өмір сүруші адамдарды күштеп қоныс аудару туралы» қаулысы қабылданды. Күштеп қоныс аударылуға тиісті адамдар қатарына еңбек күніне тиісті нормасын орындамаған колхозшыларда жатқызылып, 8 жылға жер аударылды.

Жоғарыдағы қаулыға дейінгі мерзімде жер аударылғандар мен «власовшылар» отбасыларында дүниеге келген балалар, «Бала әкесіне жауап бермейтін» принцип бойынша, туғанынан бастап ерікті адамдар деп танылды. Ал кулактардың балалары 16 жасқа дейін отбасы есебінде тұрса, 16-ға толған соң жеке есепке тұрғызылып, 1938 жылғы 22 қазандағы «16 жасқа толғаннан кейін «еңбекші қоныстандырылғандар» балаларын бостандыққа шығару жөнінде» КСРО ХКК қаулысына сәйкес босатылды [6, с. 126].

1949 жылы Қазақстанға Грузия, Армения, Азербайжан КСР, Краснодар өлкесі мен Қара теңіз жағалауларынан гректер, түрік месхеттер және «дашнактар»(армяндар) жер аударылды. КСРО ІІМ арнайы коныстар бөлімінде олар «Қара теңіз жағалауларынан» келгендер ретінде аталған. 1949 жылы Қазақстанаға «Қара теңіз жағалауларынан» жер аударылғандар саны 57680 адамға жеткен [1, с. 28-29]. КСРО IIМ арнайы қоныстар бөлімінің есебі бойынша олардын құрамына украиндық «оуншылар», соғыстан кейін Прибалтикадан және Молдавиядан депортацияланғандар енген. Прибалтика, Батые Украина, Батые Белоруссия, Молдавияның оң жағалауы, солтүстік Буковина аумағыннан кулактар мен шаруалар 4 бөлікке бөлінген: «1948 жылғы Измайл облысы кулактары», «1951 жылғы УКСР — дың батыс облыстарының кулактары», «1951 жылғы Литва кулактары», «1952 жылгы БКСР — дың батыс облыстарының кулактары» [4, с. 171-172].

Қорытып айтқанда, жоғарыдағы 1948 жылы 2 маусымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы жарлығы бойынша 1948-1952 жылдары ІІМ «арнайы қоныстарына» 33266 адам жер аударылған, олардың соңынан ерген 13598 отбасы мүшелері олардың санына қосылмай есептелген [4, с.172].

1940-1952 жылдары 3,5 млн. адам күштеп қоныс аударылса, олардың ішінен саны жағынан депортацияланған халықтар алдынғы орынды иеленеді [4, с. 173]. Күштеп коныс аударылғандар ішінде «власовшыларға» арнайы қоныстар ату жазасынан аман қалып, жан сақтаған жерлер ретінде қабылданды. Арнайы қоныстарда 50-ші жылдарға таман әлі де 30-шы жылдары күштеп қоныс аударылған ұлт өкілдері өмір сүрген. Олар кулактар, 1936 жылы Польшамен шекарада орналасқан «сенімсіз элементтер» болып танылған Украина, Белоруссиядан қоныс аударылған поляктар, 1937 жылы депортацияланған Иран мен Ауғаныстан шекарасына жақын орналасқан «сенімсіз элементтер» және т.б. 1945 жылы көктем мен күзде 1937 жылы Қиыр Шығыстан Орта Азия мен Қазақстанға әкімшілік жер аударылғандар жагдайындағы кәрістерді арнайы қоныстарда орналасқан жер аударылғандар жағдайына теңестіру шаралары қолға алына бастағанмен 1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония капитуляциясынан кейін бұл жұмыс тоқтатылды.

Корейлер ақыры арнайы қоныстанушылар жағдайына көшірілмеді, бірақ арнайы қоныстанушылармен салыстырғанда олар Орта Азия мен Қазақстан аумағында кедергісіз жүріп-тұру бостандығына ие болған. 1945 жылдың бас кезінде 1937 жылы Қиыр Шығыстан Орта Азия мен Қазақстанға әкімшілік жер аударылғандар кәрістердің саны Қазақстанда 46 мың адамды құраса керек [4, с.171].

Қорыта келгенде 1945-1949 жылдар аралығында Қазақстан жер аударылып келген ұлттардың орналасқан мекеніне айналып, арнайы қоныс аударушылар мекен-жайлары тұрғындары саны өсе түсті. Авторитарлык режим әлі де өз тәртібін орнатудан танған жоқ. Бұл әрекеттер артында қазақ елінің орыстануы, тілдің жадаулауы, жердің тарылуы тұрғандығын уақыт көрсетті. Соғыстан кейінгі күштеп қоныс аударулар елдің халқының өсуі мен алуан түрлілігіне өзіндік әсер етіп, депортацияға ұшыраған ұлттарды орталық үкімет орындарының Қазақстанда қалдыруға ұмтылысымен ерекшеленеді. Оның сыры Ресей жерін бір ұлттың еншісіне беру жатты. Бірақ, ақыр аяғында әділдік орнына келіп, сталиндік зұлмат кесірінен республика атауы жойылып, отанынан айрылған кейбір ұлттар өз отанын қалпына келтірсе, кейбіріне оны көру жазбады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *