Гүлзамира Жолдасбекқызы АЙТБАЕВА
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Халықаралық туризм менеджменті кафедрасының меңгерушісі Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті Алматы/Қазақстан z_ussen@mail.ru
Қазіргі әлемдік шаруашылыққа қоғамдық және жеке қажеттіліктердің өсуімен, ғылым мен техниканың дамуымен байланысты тауар айналымының үнемі кеңею үрдісі тән. Нарықта сатылатын тауарлар көлемі адами қызметтің көптеген әртүрлі нәтижелерін, атап айтатын болсақ, тек материалды заттай түрдегі өнімдер ғана емес, сондай-ақ, шығармашылық, интеллектуалдық, әлеуметтік қызметтер мен коммерциялық істердің жемісі, сатып алу — сатудың объектісі ретінде көрінетін бірқатар қызмет түрлерін қамтиды.
Туристік нарық бірегей қызмет нарығының компоненттерінің біреуі ретінде қарастырылады, ал туристік қызмет жалпы қызметтерге тән және олардан ерекшеленетін қасиеттерге ие.
Туристік қызмет аясындағы экономикалық әрекеттер, туристік қызметтің ұсынылуы мен айырбасы, оның құндылығы және теориялық тұрғыдан маңызды басқа да құбылыстар «әдеттегі» тауарлардан ерекше түрде қалыптасады. Мұндағы қалыптасатын нарықтық қатынастардың ерекшеленуі экономикалық субъектілердің туристік қызметті ұсынуы мен тұтынуындағы ара-қатынастарының тазалай жекеше сипат алуымен байланысты [1].
Туристерге міндетті қызметтермен бірге оларға әсерлі ой, рахат сезімге қалдыратын курорттық қызмет пен ойын-сауықтар секілді туристің арнайы қажеттіліктерін қанағаттандыратын қосымша қызмет түрлері де бар. Егер де туристерге ағымдағы көрсетілетін қызметтен басқа қосымша қызмет ұсынса, бұл туристің қосымша қажеттілігін қанағаттандыруды ескергендігі. Осыған байланысты Пьер Дефер туристік саланың классикалық үштігіне, яғни «көлік + баспанамен қамтамасыз ету + ойын-сауыққа» көңіл аудара отырып, туристерге көрсетілетін қызмет ерекшелігінің туынды мультипликативті әсерін атап өткен [2].
Туристік қызметті тұтынушылардың талаптары заманның дамуымен өзгеріп, дамып отырады. Қазіргі жаһандану заманында туристер өз елінде қолдана алмайтын, көре алмайтын, басқа елді тану ретінде жаңа қызметтерге сұраныс бере бастады. Мәселен, Қазақстан Республикасының туристік кәсіпорындары ұсынатын өнімінің ерекше болуын қадағалай отырып, басқа елден өзін ерекшелендіретін ұлттық ойындарын, салт-дәстүрін көрсететін анимациялық ойындарды туристерге басты қызметке қоса ұсынып отыр.
Жаһандану заманында Батыс Еуропа мемлекеттерінің туристік сұранысында жаңа тенденциялар пайда бола бастады. Қазіргі туристік сұраныстың басты тенденциясы — демалыс уақытының бөлшектелуі және қысқа мерзімдік сапардың көбеюі («үзілісті саяхат») болып отыр. Сонымен қатар адамдардың туристік сұранысы кеңейіп, көңіл көтеру мен қозғалысқа қызығушылығы артып отыр. Демалыс және мейрам күндеріндегі маршрутқа сұраныс өсіп, жергілікті колорит пен басқа халықтың ерекшеліктеріне қызығушылық күшейіп, бұрынғы үш «S»-ті (теңіз-күн-жағажай) үш «L»-ге (ұлттық дәстүр-пейзаж-бос уақыт) ауыстыру басталды. Әрине, бірінші «L» — ол ұлттық дәстүр. Еуропада жүріп жатқан тенденция жаһандану заманында Қазақстан еліне де тез жетіп үлгерді. Ұлттық дәстүрді барлық өтіп жатқан мейрамдардан, мерекелік іс-шаралардан көріп қана қоймай, көптеген мемлекеттік концерт, ойын-сауық, шоуларда, сонымен бірге мейрамханаларда да көрсетеді. Тіпті кейде көрерменнің өзі де бұл көрсетілімге қатыса алады.
Бірінші «L»-ді бірнеше жағдайлармен айшықтап көрсетуге болады. Мысалы, ұлттық киім арқылы, ән-би, ұлттық тағам, ұлттық ойындар арқылы даралап беруге болады.
Ұлттық киім
«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», — деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сыяпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі деп бағаланған.
Қазақтың ұлттық киім-кешегі жылдың төрт мезгіліне сай көшіп-қонуға ыңғайлы етіліп тігілді. Дәстүрлі ортадағы киім-кешектер негізінен төрт түліктен алынатын жүн, түбіт, қыл, тері сияқты шикізаттың алуан түрлерін әртүрлі технологиялық тәсілдермен өңдеу арқылы алынған жіп, киіз, қырым, былғары, өңделген тері, елтірі түрлері өнімдерінен жасалады. Сондай-ақ шаруашылықтың қосалқы түріне жататын аңшылық кәсіптен түскен аң, құс терілері, қауырсын, пұшпақ сияқты өнімдері киім-кешекті сәндеуге кеңінен қолданылады.
Қазақ халқының ұлттық киімдері, сән-салтанаты халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне, табиғат жағдайына байланысты бірнеше үлгіге бөлінеді, сонымен қатар қолөнері мен киімдерінде өзіндік айырмашылық бар. Киімдерді көркемдеу үшін, түрлі-түсті жіптер мен маталар арқылы аппликация тәсілі қолданылады.
Қазақ қол өнерінде қолданылатын түстердің символдық мәні бар: көк түс – аспанның, қызыл – оттың, сары – ақыл-парасаттың, қайғы-мұңның, қара – жердің, жасыл – жастықтың, көктемнің символы [3].
Халқымыз ежелден «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» дейді. Осындайда көз алдымызға әуелі ұлттық киіміміз келетіні анық. Қазіргі кезде елімізде ұлттық нақышты жандандырып, бүгінгі заман талғамына сай кең етек, бүрмелі көйлектерімен елге танылып жүрген белгілі сәнгерлеріміз де аз емес, мысалы Аида Кауменова, Құралай Нұрқаділова, т.т.
«L»-дің келесі түрі – қазақтың ән-биі.
Қазақ биі – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы болып табылады. Халықтың көркемдік ойының бір көрінісі ретіндегі би өнері өзінің эстетикалық болмысында қазақ жұртының жалпы дүниетанымына сай арман-мұраттарын бейнелейтін қимылдар жүйесін қалыптастырған. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі халықтың тіршілік-тынысын, адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде өркендеуде.
Ал келесі түрі — ұлттық сусын мен тағамдар.
Қазақтың ұлттық тағамдары — өте дәмді. Дәрумендер мен ақуыздарға бай, жоғары калориялы, құнарлы, маңызы зор тағамдар. Сусындары шипалы.
Қазақ халқының өмірінде ет тағамдары ең басты орынды иеленеді. Олар — Ет, қуырдақ. Сүт тағамдарынан – айран, сүт, қымыз, шұбат, құрт, ірімшік, қатық, сары май, қаймақ. Ұн тағамдарынан – таба нан, бауырсақ. Дәнді дақылдардан жасалатын тағам түрлері – бидай, тары, жүгері, талқан. Қазақ халқы қонақжай болғандықтан, үйге келген кісілерге арнап пісіретін тағамдарға аса көңіл бөліп отырған. Арнайы келген қонақтарға көбінде – ет асады.
Қазір жылқы өнімінің, оның ішінде сүті мен етінің адам ағзасына пайдасын өзімізден бұрын өзгелер тамсанып айта бастады. Осыдан он алты жыл бұрын неміс ғалымдары жылқы етінің жүрек, қан-тамыр ауруларына шипа екенін дәйектеген. Вердер қаласында жылқы еті мен сүті арқылы ем қолданатын шипажай ашқан. Ал таяуда ғана америкалықтар да қазақтың ұлттық тағамына ден қойып, Грейс Гарет деген азаматша «америкалықты етпен сыйла» деген акция өткізіпті. Ақиқатына келсек, қазақтың табиғи тағамына төрткүл дүние көз тігіп қана отырған жоқ, күнделікті тірліктеріне қолдана бастады.
Сондай-ақ франциялық ғалым, сарапшы Бернард Файе 40 жылдан бері осы түйелердің қасиетін зерттеп келеді. Оның айтуынша Еуропа елдерінде соңғы жылдары түйе өнімдеріне сұраныс артқан. Түйе жүнінен тоқылатын киім-кешек, оның диеталық еті, емдік қасиеті мол шұбаты еуропалықтар үшін экзотикалық ас. Сондықтан Қазақстан экспортқа тауар жіберуіне толық мүмкіндік бар. Түйе сүтінен жасалған алғашқы ірімшік өнімі. Бұл біз үшін ғана емес бүкіл әлем үшін үлкен жаңалық. Мынадай жаңалыққа өз көздерімен куә болған жергілікті шаруалар бірден өңдеу технологиясы және арнайы сертификат алу жөнінде ғалымдармен кеңесе бастады. Өйткені бизнес тілімен айтсақ, шығын аздау болғандықтан өзіндік құны арзан әрі майлылығы жағынан жоғары басымдыққа ие болатын ірімшік өнімі бірде-бір бәсекелесті алдына шығармайтыны анық.
Ал Қытайда түйе сүтінен жасалған өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Қазақтың сүйікті сусыны — шұбаттың қасиетін түсінген қытайлықтар оның негізінде түрлі емдік өнімдер шығаруда. Бұлтуралы «Егемен Қазақстан» республикалық газеті өзінің кезекті санында жазып отыр.
Осы елдің «Ваньюан» деген сауда компаниясы түйе сүтінен жасалатын өнімдерге патент алып, өз тіршілігін жасап жатыр. Саудасын Шыңжаң автономиялық ауданынан бастаған «Ваньюан» компаниясының бүгінде бүкіл Қытай бойынша шұбат саудалайтын жүзден астам дүкені бар. Бұл — тек «Ваньюанның» өнімдерін саудалайтын арнайы дүкендер саны. Ал жалпы ел бойынша үш жүзден астам дүкеннен аталмыш компания шығарған түйе сүті өнімдерін алуға болады. Қазір шұбат қытайлардың тәуір сусындарының біріне айналып, одан жасалған өнімдер жедел сатылуда. Ел тұрғындары оны пышақ үстінен бөлісіп әкететін болды, дейді компания өкілдері. Түйе сүтінен жасалатын өнімдерді патенттеп алып, саудасын дөңгелентіп отырған жігіттің аты — Лан Йоу. Ол — негізінен қазақтар мекен ететін Шыңжаң өлкесі Алтай аймағының тумасы. Қытай астанасынан дүкен ашып, түйе сүті өнімдерін саудалағалы үш жылдың жүзі болыпты. Экологиялық ахуалы нашар Бейжің тұрғындары таза, табиғи өнімге зәру. Ал шұбат — емдік қасиеті мол өнім [4].
Қазақ елінде «L»-ді айшықтайтын ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер де аз емес.
Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа анықтама бермес бұрын, бұл сөздердің шығу тегіне қысқаша тоқталып, бұл сөздердің түпкі мәні нені білдіретінін анықтап алғанымыз жөн.
Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол – халықтың мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай.
«Салт» сөзін қазақша мағынасына келер болсақ, қатты, қатты болу, берік болу, төзімді болу дегенді білдіреді.
Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамыздағы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады.
Аңға байланысты ойындар: ақсерек-көксерек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр.
Малға байланысты ойындар: аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота.
Түрлі заттармен ойналатын ойындар: ағаш аяқ, аққала, ақпа, ақсүйек, ақшамшық, алакүшік, алты-бақан, арқан аттау, арқан тартпақ, арқан тартыс, арынды арқан, асау мәстек, асық, аттамақ, ауыртаяқ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, дауыстап атыңды айтам, епті жігіт, жаяу көкпар, жемекіл, жігіт қуу, жігіт ойыны, күзетшілер, күміс ілу, қамалды қорғау, қараше, қимақ, қыз қуу, лек (шөлдік), монданақ, орамал тастау, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, тапшы, кімнің дауысы, таяқ жүгірту, тепе-теңдік, тобық, т.б.
Қазақтың ұлттық ойын сауығы достық пен қонақжайлылықтың белгісі және көптің басын біріктірудің кепілдігі, сүйкімді әнші мен әңгімешілерге мұқтаждықтың айғағы. Ойын сауықта жалғыздық сезім, арам ниет билей алмайды, ойыншы үнемі ізденісте болады. Ондағы құдірет өнерпаздық, түсіністік және келісімге жол табу. Адамзат қашанда осы үш құдіретке тәнті болған, сол құндылыққа жетудің мүмкіндігін арнайы және үнемі іздестірумен әуреленген.
Қазір елімізде өз халқымызға, шет елдерден келген қонақтарға ұлттық ойындар, салт-дәстүрімізді көрсететін көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі жақында өткен фестиваль. Фестивальге қатысушы облыстық этномәдени бірлестік өкілдерінің тарапынан негізінен отбасы және неке саласындағы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер көрермен назарына ұсынылды.
Әр топ өздерінің ұлттық құда түсу, қыз ұзату және келін түсіру дәстүрлерінің ерекшеліктерін, өзіндік қасиеттерін барынша тереңінен көрсетуге тырысты.
Конкурсқа көнекөз қариялармен бірге жас буын өкілдерінің қатысуы, олардың ұлттық санасын жаңғырту жолындағы ізденістерін арттыру – негізгі міндеттердің бірі болып табылғандығын айта кету керек. Бұл фестивальдың мақсаты, ең алдымен, ұмыт болған тағамдарымызды қазақ дастарханына қайтару. Сонымен қатар жалпы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған бұл айтулы шара кәсіпкер әйелдерді келесі жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысуға ынталандыру болып табылады.
Осы іс-шараларды көрсетуде ҚР Туризм индустриясы департаментінің статистикасына көз жүгіртіп, бір жылда қанша адамға ұлттық салт-дәстүрді, ойын-сауықты көрсете алатынымызды ойлап көрейікші. Мәселен, ҚР Туризм индустриясы департаметінің 2015 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебіне сүйенсек, 2015 жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда шығу, кіру және ішкі туризмнің келушілерінің санының өсуі байқалуда 14,5%, 3,1%, 1,0% және сәйкесінше 8 980,5 мың адам, 4 923,5 мың адам және 3 188,5 мың адамды құрады. Сонда біз адам санының артуына қарасақ өз өнімізді ұсынуымыз артып келеді деген сөз емес пе?
Келушiлерді орналастырумен шұғылданатын орналастыру орындарының саны 2 330 бірлікті құрап, ондағы орналастыру орындары саны 52 944 нөмірге есептеліп, олардың біржолғы сыйымдылығы 118 513 төсек-орынды (2015 жылдың қантар-маусымына 4,5%) құрайды. Олармен 2 889,2 мың адамға қызмет ұсынылып 55 320,0 миллион теңгенің қызметі көрсетілген. Орналастыру орындары қызметтерінің көлемi (мейрамханалардың қызметтерiн қоспағанда) салыстырмалы бағадағы есептi кезеңде өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,8% — ға өсті. Міне бұл статистика да біздің ұлттық сусын-тағамды қолданатын адамдар саны да өсті деген дәйек.
Курорттық аймақтарда орналастыру орындарының саны 654 бірлікті, бөлмелер саны 12 351 және олардың көрсеткен қызметтерінің көлемі 6 660,3 миллион теңгені құрады.
2015 жылғы қаңтар-қыркүйекте курорттық аймақтарда 443,8 мың ішкі және 7,4 мың кіру келушілері болды.
ЭКСПО-2017 аумағында да көптеген іс-шаралардың ішінде туристерге қызмет көрсету барысында әдет-салт ғұрыптармен таныстыру турлары да жоспарланып отыр. Мысалы, «ЮНЕСКО-ны жандандырудағы» тур. Ол жерде «Астана – Бәйтерек» монументі, Тәуелсіздік алаңы, Ұлттық мұражай, Океанариум, Хан Шатыр, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы, EXPO орталыққа бару, Қожа Ахмет Яссауи кешені (ЮНЕСКО), Отырар қаласы, 28-ші панфиловшылар саябағы және Музыкалық аспаптар мұражайы, Жаңа алаң, Медеу мұз стадионы және Шымбұлақ таушаңғы курорты, Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағы және Соколин шоуы, Үлкен Алматы көлі, Алматы қаласының мұражайларына әртүрлі саяхаттар, ұлттық қолөнер шеберлік сабағы өтеді.
Қонақтарға қызмет көрсеткенде ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер, мәдениетпен танытуда этноауылдардың ұйымдастырылуы үлкен көмек болады. Мәселен, Үстіміздегі жылдың мамыр айында Қорқыт ата мемориалдық кешенінің жанынан Этноауыл ұйымдастыру жобасы іске асырылды.
Этноауыл ұйымдастыру жобасы туристерге біздің мәдениетімізді таныстыра отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлерінің мәнін түсінуге көмектеседі, сондай-ақ, халқымыздың тарихына жақындай түсуге мүмкіндік береді. Этноауыл қонақтар мен келушілерге маусымдық қызмет ететін бірнеше киіз үйден тұрады.
Егерде шет елдердің мысалын келтіретін болсақ, оған мысалы: қонақтарға қызмет көрсеткенде қолданылатын ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер қатарына Мажарстанда өтетін Үлкен кұрылтайды жатқызуға болады. Құрылтай әрбiр екi жылда бір Мажарстанда өткізілетін ең iрi мереке және ежелгi мадияр, ғұн мәдениетi, көшпендiлер дала мәдениетiнiң көрсетілімі болып табылады. 2010 жылдан бастап әлемдегi дәстүрлердi сақтауға арналған ең ірі мерекелерiнiң бiрі болып табылады.
2010 жылы құрылтайда 3 мыңнан астам дәстүр сақтаушы (жүздеген салт атты) қатысты. 135 киiз үй тігілді. Үш күннiң iшiнде 42 бағдарлама өткізілді, оның ішінде: әскери көрсетілімдер, жауынгерлiк ойындар, садақпен ату, бәйге, музыкалық концерттер. Бугац қалашығының қасындағы далада басты күні 140 мыңнан астам қонақ (үш күн ішінде 220 мың қонақ) болды.
Еске алулар және сакралды бағдарламалар ежелгi мадияр дiнiнiң салты бойынша жүрдi. Дабылдар ойыны естіліп, бақсылық салттар жүргiзiлдi. Мадиярлардың ежелгi дiнi бақсылық сенiмнен шыққан, тәңiрiге табыну болып табылады.
Киіз үйлер тігіліп, шабандоздар, садақшылардың белсендi қатысуымен, сансыз тарихи және мәдени бағдарламалар жүргiзiлдi. Кұрылтай кеңесi 2010-шi жылы барлық ғұн-түрік халқы делегациясының кездесуін ұымдастырды. Бұл конгресс жоғарғы деңгейде, ұйымдастық рухымен өтті. Форумды өткiзу үшiн жүзден астам киiз үйден тұратын лагерь орнатылды. Тарихи-мәдени сипаттағы сахналандырылған көріністерде мыңдаған шабандоздар, атты жауынгерлер, садақшылар қатысты. Тоқсан мың адам орасан зор оқиғаның көрерменi болды.
Бұл көрменi 3 күнде он мыңдай адам көрді.
Мажарстан үлгісін біздің елде де қолданылып жүр. Мәселен, 2016 жылдың 18 қазан күні Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған, «Қазақ халқының бейматериалдық мәдени мұрасы» атты фотокөрмесі өткізілді. Қазақстанның бейматериалдық мәдени мұрасы, ұлттың негізін құрап, ұрпақтан- ұрпаққа
келе жатқан рухани байланысты бекітеді. Қазақстанның бейматериалдық мәдени мұрасы ерте заманнан қалыптасқан, сонымен қатар қазақ елінің дүниетанымын жан-жақты жетілдіреді.
Фотокөрменің негізгі мазмұны — қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, сәндік — қолданбалы өнері, халық ауыз әдебиеті, музыка жанры, ұлттық ойындар және спорт ойындарының сан алуан түрлерін қамтыған. Экспозицияда ұсынылған жұмыстар қазақ халқының ежелден келе жатқан салт- дәстүрлерін айқын көрсетеді. Ол ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлеріміз: «шілдехана», «қырқынан шығару», «тұсау кесу», «тілашар», «жас жұбайларға бата беру». Фотосуреттердің басым бөлігі қазақ халқының сәндік – қолданбалы өнеріне арналған – күнделікті үй тұрмысында, киіз үй
жабдықтарында және өзіне тән ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген эстетикалық мәні бар заттар (ши тоқыма, текемет кілемдер, түскиіз, құрақ көрпе). Қазақтың халық ауыз әдебиеті және музыка өнері
эпикалық, тарихи, тұрмыстық және ертегі тақырыптарында сансыз туындылардың түрлері бар.
Атадан балаға келе жатқан суырып салма ақындар мен жыраулардың ауызекі сөйлеу өнеріне арналған суреттер экспозицияның басты бөлімі болып табылады. Экспозицияға 30 — ға жуық
фотосурет қойылған. Көрмені қала тұрғындары мен қонақтары 2016 жылдың қараша айының ортасына дейін тамашалай алды.
Сонымен қорыта келе Қазақстан елі экологиялық, этнографиялық туризмді дамыта келе, елімізге келген туристерге ұсына бастаған үш «L»-ді (ұлттық дәстүр-пейзаж-бос уақыт) айтар едік. Сонымен бірге биыл ЭКСПО-2017-нің бас тақырыбы болып отырған жасыл экономикаға да өз үлесін зорынан қосып отыр. Бұның айғағы ретінде біз табиғи ұлттық өнімнен жасалған ұлттық киім мен сусын-тағамдарды айтар едік.
Ал өзімізде туристерге ұсынып отырған қызметтің түрінің де диверсификацияға ұшырағанын, басқа елдердің қызметінен ерекшеленіп тұруын өз ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, ойын-сауықтарын көрсетуіміз арқылы қол жеткізе алып отырмыз. Туризмдегі ішкі және сырттан келушілер статистикасына жүгінсек, біздің елімізде туризм дамып келеді және оларға көрсететін қызмет түрлері де дамып, әсіресе ұлттық нақыштағы ойын-сауықтар, ұлттық тағамдар, ұлттық салт-дәстүрлерді қонақтарға ұсыну әдісі өсіп келеді деуге болады.