ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР ТАРИХЫНАН (ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІ)

Мағрипа Ажмаханқызы ЖОЛСЕЙТОВА

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Түркістан/Қазақстан

mzholseytova@mail.ru

Түркістан қаласы тарихының ерекше бір кезеңін ХХ ғасырдың бас кезі құрайды. Бұл тарихи кезең Орталық Азия аумағында патшалық Ресейдің үстемдік құрумен ерекшеленетіні аян. Дегенмен де отандық тарих ғылымында сол тұстағы Түркістан қаласында орын алған әлеуметтік-саяси үдерістер толық зерттеле қоймаған. Сондықтан да бұл мәселені арнайы қарастыруды ғылыми сұранысқа ие деп санаған жөн.

1819-1864 жылдары Түркістан қаласы Қоқан хандығының қол астына қарады. Сол кезеңде Түркістан қаласының аумағы 70 гектарға жуық болды. Ол балшықтан соғылған қамалмен қоршалды. Қабырғада 12 мұнара мен 4 қақпа болған. ХIX ғасырдың орта тұсына қарай Түркістанда 20-ға жуық мешіт, 2 медресе, базар, 22 су диірмені, 5 мыңдай тұрғыны болды. 1864 жылы 11 маусымда Түркістанды Ресей әскерлері жаулап алды. Патшалық Ресейдің тұсында Түркістан қаласы Сырдария облысындағы қалардың бірі ғана болып қан қоймай, уездік орталық та саналды [1, 575-576 б.].

1872 жылы Сырдария облысында Түркістан уезі құрылуына байланысты Түркістан қаласы осы уездің орталығы болды. Түркістан уезі Сырдария облысындағы Перовск, Шымкент уездерімен шектесті. Түркістан уезі ашылған кезде ондағы қазақтар 61400 адамды құраған. Сондай-ақ Түркістан уезі аумағында 9905 сарт, 270 орыс, 67 татар, 61 бұқаралық еврей тұрған. 1867 жылғы «Уақытша Ережеге» сәйкес Түркістан уезі қазақтары түтін салығын, земство салығын төлеумен қатар, қалалық училищеге, егу жұмысына салық төлеуге міндеттелді. Қазақтар бұдан бөлек әр түрлі еңбекпен өтейтін міндеткерліктер атқарды [2, 7 п.].

Түркістан қаласының уез орталығы мәртебесінен 1886 жылы айырылып, оған қарасты аумақ Перовск және Шымкент уездеріне қосылды. Бірақ бұған қарамастан Түркістан қаласында ХХ ғасыр басына қарай күрделі үдерістер орын алды. Мұндай үдерісте 1903 жылы Түркістан қаласында темір жол вокзалының бой көтеруі ерекше орынға ие болды. Революцияға дейінгі Қазақстанның негізгі ірі темір жол желісі Орынбор-Ташкент жолы болды. Осы жол бойындағы ірі станциялардың бірі Түркістан еді.

ғасырдың бас кезінде Түркістан қаласында 3616 үй, 41 мешіт, 2 кластық қалалық училище, қыздар училищесі, 2 медресе, 23 мектеп, 2 шіркеу болған. Қала халқы 15236 адамға жетті. Өнеркәсіп және сауда орындарынан 4 мақта тазалайтын, 10 май шайқайтын, 8 сабын қайнататын, 5 кірпіш зауыттары, 15 су диірмені жұмыс істеді.

Темір жол торабының бойындағы қала болғандықтан тұрғындар құрамында жұмысшылар тобы өзіндік үлеске ие болды. Бұл жұмысшылар әлеуметтік құрылымдағы белсенді топқа айналды. Мұндай белсенділік әсірсе бірінші орыс революциясы жылдары айқын аңғарылды.

Бірінші орыс революциясы тұсында Орынбор-Ташкент темір жол жұмысшыларының бой көрсетуі орын алды. Мұндай бас көтерулерге Түркістан станциясының темір жол шеберханалары мен депосының жұмысшылары белсене қатысты. 1905 жылғы мамырдың аяғында Түркістан мен Жосалы станцияларында құрылысшы жұмысшылардың толқуы өтті. Бұл толқуда жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін шешу талаптары алға қойылды.

«Бостандық манифесті» атанған 17 қазан күнгі саяси бостандықтар беру туралы жоғары мәртебелі жарлығы жұмысшы қозғалысын бәсеңдеткен жоқ, өайт оны жанданта түсті. Түркістан станциясы арқылы өтетін поездардың жүрісін жұмысшылар тоқтатуға дейін барды. Түркістан және басқалары сияқты темір жол шеберханалары мен деполары бар көптеген станцияларда ереуілдік темір жол комитеттері құрылып, поездардың жүрісіне басшылық жасауды емес, сонымен қатар іс жүзінде жергілікті жерлердегі бүкіл билікті өз қолына алды. Комитет қоғамдық және әкімшілік өмірді басқарды, қоғамдық қауіпсіздік пен қазына мүлкін күзетуді жүргізді.

Теміржолшылардың белсенді әрекеті нәтижесінде Түркістан секілді секілді станциялардағы жұмысшылардың кәсіподақ ұйымдары бой көтере бастады. Бірақ мұндай кәсіподақ ұйымы ұзақ ғұмыр кешпей, бірінші орыс революциясының соңына қарай тарады.

Түркістан қаласындағы темір жол жұмысшыларының толқулары әлеуметтік-саяси үдерістерде елеулі өзгерістер әкеле қоймады. Сондай-ақ ол жұмысшылардың құрамында жергілікті халық өкілдерінің болмауы оның өңірге ықпалын мардымсыз етті.

Патшалық Ресей өзі жүргізіп отырған саясатқа жергілікті халықтың тарапынан наразылықты болдырмауға барынша мән берді. Осыған орай Сырдария облыстық әскери губернатор 1912 жылы

15 ақпанда Түркістан приставына арнайы нұсқау берді. Ол нұсқауда Түркістан қаласы тұрғындарының рухани өміріндегі өзгерістерге көңіл бөле отырып, жергілікті имамдардың және мұсылмандық білім беру орындарының оған ықпалы деңгейін айқындауды тапсырды [3, 18-19 п.].

Осындай тапсырмадан кейін Түркістан қаласындағы медреселер жұмысы қатаң бақылауға алынды. Орталық билік орындарына берілген мәліметтерге қарағанда, Түркістан қаласында Шейх Баттал датқа медресесі және Ахметбай медресесі болған.

Негізі 1820 жылы қаланған Шейх Баттал медресесіне ХХ ғасыр басында Мұхаммедрахим Атамходжаев жетекшілік жасаған. Медреседе жылына 25 оқушы білім алған. Білім алушыларға кететін шығын негізінен вакуфтық мүлікті жалға беру есебінен өтелетін болған.

Ахметбай медресесінің негізі 1872 жылы қаланған. Оған ХХ ғасырдың бас кезінде Абдулсамед деген азамат жетекшілік еткен. Бұл медресенің оқушылары оқу ақысын өздері өтеген [4, 20 п.].

Билік орындары осы екі медресенің жұмысы тексеріп, оның билікке қарсы жұмыс істеп жатпағандығын және халық арасында жат пікірлерді насихаттамайтындығына көз жеткізуге тырысты. Осыған орай Түркістанға іргелес жердегі, Қарнақтағы Ыдырыс медресесі мен Мұхитдин халпе медреселерінде тексеру жұмыстарын жүргізді [4, 10 п.].

Патша өкіметінің мұсылмандық білім беру орындарын бұлайша қадағалауының астарында түркістандық жастар арасында жәдидшілдікті насихаттауға тосқауыл қою жатты [5, 1 п.].

Түркістан қаласында ХХ ғасыр басында орын алған әлеуметтік-саяси үдерістерге 1916 жылғы көтеріліс, сосын 1917 ақпан революциясы нәтижесінде патша өкіметінің құлатылуы елеулі әсерін тигізді. Әсіресе, 1917 жылғы саяси өзгерістер тұсында орын алған оқиғалар Түркістан қаласындағы саяси өмірді қыздыра түсті. Бұл ретте 1918 жылы 6 – 9 қаңтар аралығында Түркістан қаласында өткен Сырдария облыстық қазақ съезін екрекше атауға болады.

Аталмыш съезге Сырдария облысының уездерінен 79 өкіл, Алашорда үкіметі атынан 3 өкіл – Бақытгерей Құлманов, Міржақып Дулатов, Тұрағұл Құнанбаев қатысты. Съездің күн тәртібіне Сырдария облысы қазақтарының Алаш автономиясына қосылуы мәселесі, жергілікті қазақтар атынан Түркістан (Қоқан) автономиясының Уақытша кеңесіне мүшелер сайлау, милиция құру және тағы басқа мәселелер қойылды.

Түркістан қаласында өткен осы тарихи съезде Алаш автономия мәселесі болды. Бұл мәселенің қаралуы жайлы сол тұста «Бірлік туыі газетінде былай деп жазылды: «Съезде қаралған ең бастысы Сырдария қазақ-қырғыздарының Алаш автономиясына қосылуы туралы мәселе еді. Бұл мәселе съезде екі күннен артық тексерілді. Ақырында съездің бұл туралы шығарған қаулысының мазмұны мынандай болды: Сырдария қазақтарының түпкі тілегі жалпы Алаш туының астында болу, бірақ, осы күні Түркістан аймағында автономия жария қылынып қойғандықтан егер Сырдария ұлысы қазірден-ақ Алаш автономиясына шығып кетсе, оның күші кеміп, дұшпандарының әлденуіне себеп болуы ықтималы бар. Соның үшін съез Сырдария қазақ-қырғыздарының әзірге Түркістан автономиясында тұра тұруын мақұл көрді. Онан соң түбінде Сырдария облысы Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына қосылуы үшін мынандай шарт қойды: Алаш автономиясы ресми жарияланғаннан кейін ол Түркістан автономиясымен одақ жасасын деп. Бұлай одақ болуды съез екі автономияның да күшейіп, қуаттанбағына үлкен жәрдемші деп біледі. Онан соң съез бұл қаулының ішіне Алаш автономиясының бас ордасы Түркістан шаһарінде болсын деген тілекті де кіргізді. …

Сөйтіп, бұл съез әрі түпкілікті Алаш бірлігін ойлап, әрі қазіргі Түркістан автономиясының күшейуін ескеріп, жоғарыдағы қаулыны қабыл етті. Ендігі тілек мынау екі автономияның да көгеріп, гүлденіп жақын арада Алаш қранды қазақ-қырғыз халықтарының бір ту астында болуын құдайдан сұрау» [6].

Съезде Алаш автонмиясына Сырдария облысы қазақтарының қосылуы мәселесінің қызу талқыға түскені жайлы аталмыш басылымда мынандай мәлімет берілген: «Алашорда» атынан келген өкілдер аяққа тұсау, тілге күрмеу болмай, аяқ барғанша жүріп, ауыз барғанша сөйлеп, әр халық өз мұңын өзі қарап жатқанда, әр жұрт өз жалауын көтеріп, өз ұранын шақырғанда біздің де бүтін алты Алаш баласы болып бірігуіміз жөн. Егер біз алты миллион Алаш баласы айырылмай бас қоссақ, іргелі ел болғанымыз, бас қоса алмай бытырап, бет бетімізге кетсек, өмірде іргелі ел бола алмай, кім көрінгеннің қолында кетуіміз ықтимал. Атамыздың мақалы бар: «Пайданы басқа, бастан соң досқа» деген. Әуелі өзіміз бас қосайық, мұнан соң басқа бауырлармен бірігу жағын қарайық деп қазірден Алаш автономиясына қосылуды қуаттап сөйледі. Жалпы, өкілдерден бұл екі пікірдің екеуінде жақтаушылар болып, мәселе ауырлап екі күнге тартылды. Аяғында екі жақтың да пікірлерін тексеріп, бір ынтымақ, бір қаулығам келтіру үшін әр уезден екі адам кірген, Алашодадан һәм Түркістан уақытша үкіметі өкілдері кірген комиссия жасап, іс осы комиссияға тапсырылды.

Бұл комиссия өзінің ұйғарған жобасын, Міржақып Дулатов өз жобасын съезге ұсынды. Съез бұл екі жобаны да тексеріп, біраз сөз қылғаннан кейін дауысқа қоюға ұйғарды. Дауысқа қоймастан бұрын комиссия жобасына үш түзету кіргізілді. … Дауысқа салғанда комиссия жобасын қуаттаушы 39, қарсы 11 дауыс алды. Сол 11 дауыс Сырдария қазақ-қырғыздарының күні бүгін Алаш автономиясына қосылуын тілегендер» [7].

Түркістан қаласында өткен осы съезде Алаш автономиясына қосылу мәселесін қарастыра отырып, арнайы мынандай қаулы қабылдады:

«1) Сырдария облысы осы күні тегіс Түркістан автономиясында болғандықтан әзірге Түркістан автономиясында қалады.

Алаш автономиясы жария қылынып, Түркістанмен одақ болса, Сырдария қазақ-қырғызы сол күннен бастап Алаш автономиясына қосылады.
Сырдария қазақ-қырғызы қосылғанда Алаш астанасы Түркістан шаһарі болады.

Сырдария Алашқа қосылғанда Түркістан құрылтайына сайланған өкілдер Алашорданың сайлау жобаларына тура келсе, Алаш құрылтайына да өкіл болып сайланады.

Осы съезде болған қаулылар Түркістан құрылтайына сайланған өкілдерге негіз болады». Түркістан қаласында қабылданған осы қаулының мазмұнынан Алаш автономиясы жарияланып,

Түркістан автономиясымен одақтас болса онда Алаш автономиясының астанасы Түркістан қаласы болатындығы айқын аңғарылады. Бұл өз кезегінде Түркістан қаласының сол тұста Алаш жұрты үшін үлкен маңызға ие болғандығын байқатады.

Түркістан қаласының Алаш автономиясының астанасы болуы керектігі съезде М. Дулатов ұсынған жобада да көрініс тапты. Бұл жобада мынандай ұсыныстар бар еді: «1) Алаш автономиясы жарияланғанша Сырдария қазақтары Түркістан автономиясында тұра тұрсын.

Алаш автономиясы жария қылынғанда Сырдария Алаш облыстарының бірі болсын.
Алаш астанасы Түркістан шаһарі болсын.
Алашорда мен Түркістан автономиясы одақ болсын» [7].

Түркістан қаласында өтіп жатқан съезге Ташкенттегі кеңестік биліктің өкілі ретінде келген П.Г. Полтарацкий кезектен тыс сөз алып, Түркістан (Қоқан) автономиясына қолдау көрсетудің қажеті жоқ, өйткені ол халық тілегіне сай келмейді деп сөйлей бастады. Полтарацкийдің мұндай мазмұндағы сөздеріне съезге қатысушылар қарсы екндіктерін танытып, оның өзін съезден қуып шықты. Бұл жөнінде «Бірлік туы» газетінде былай деп жазылды: «Полтарацкий кезектен тыс сөз алды. Түркістан автономиясы уақытсыз, орынсыз һәм жалпы жұрт пайдасын көздеген автономия емес деп өзінше түрлі дәлелдер келтірді. … Полтарацкий сөйлеп болған соң бір-екі өкіл тұрып, өзіміз Түркістан автономиясын қуаттап отырып, бұған сөз беруіміз жөнсіз деп айтқан соң съез Полтарацкий сөзін елемей, қарсы жауап айтпай қойды. Сөзін тыңдап, елейтін адам болмаған соң съезден шығып кетіп бара жатқанда жиылған жұрт артынан ысқырып, жер теуіп, айқайлап қалды».

Осыдан соң съезде Түркістан (Қоқан) автономиясын қолдау жөнінде мынандай мазмұндағы қаулы қабылдады: «Сырдария облысының қазақ-қырғыз съезі Қоқанда 1917 жылы 27 ноябрьде төртінші мұсылман съезінде жарияланған Түркістан автономиясын һәм оның уақытша үкіметін қуаттандыруға, құр сөз болып жоғалып кетбей, іс болып жарыққа шығуына қолдан келген көмекті амасқа һәм автономияны оның уақытша үкіметінің ағзаларын зорлық-зомбылықтан аман сақтауға уәде береді»

Съезде Түркістан (Қоқан) автономиясының Уақытша кеңесіне мүшелікке облыс қазақтары атынан М.Шоқай, Ә. Кенесарин, Ә. Көтібаров, Д. Алтынбаев, М. Күзембаев секілді қайраткерлерді сайлау керектігі жөнінде ұйғарым жасалды.

Түркістан қаласында өткен Сырдария облыстық қазақ съезінде өңірде қазақ милициясын құру мәселесі арнай қаралып, ол жөнінде мынандай мазмұндағы қаулы қабылданды:

1) Сырдария облысында да басқа облыстардағы секілді тоқтаусыз милиция құрылсын.

Бұны іске асыру міндеті Түркістан уақытша үкіметіне және облыстық, уездік қазақ-қырғыз ұйымдарына тапсырылсын.

Сырдария облысында милиция жасау ретінде Орынбордағы қазақ-қырғыз съезінің милиция жасау жобасы қолданылсын».

Түркістанда өткен бұл съезде бірқатар өкілдер большевиктердің қазақтарға жасап жатқан қысымшылықтарына тосқауыл қою керектігі жөнінде мәселе көтерді. Осыған орай съезде қазақтар кеңес өкіметін мойындамайды, большевиктердің зорлық-зомбылығына тыйым салу ісі қазақ милициясына жүктелсін, большевиктерге еріп халықтың берекесін кетірген қазақтар ұлт дұшпаны деп жариялансын деген қаулы қабылданды. Осы съездің қаулылары сол кезде шығып тұрған «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Қазақ» газеттерінде және Ташкентте татар тілінде шығатын «Ұлығ Түркістан» газетінде жарияланды.

ХХ ғасыр басында Түркістан қаласында орын алған әлеуметтік-саяси үдерістердің ішінде ерекше орынға Сырдария облыстық қазақ съезі ие деп нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Түркістан қаласында өткен бұл съез Алаш қозғалысы тарихында шешуші маңызға ие. Алдағы уақытта бұл съездің өткеніне бір ғасыр, яғни 100 жыл толғалы отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *