ТҮРКІСТАННЫҢ ТҮРКІ ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІНЕН АЛАТЫН ОРНЫ


Мүслім Нұрмағамбетұлы АЛДАБЕРГЕН тарих ғылымдарының кандидаты Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты Шымкент/Қазақстан

2017 жыл Түркістан қаласы үшін ерекше жыл, себебі биыл оның әлемге танылған жылы. 2016 жылы Әзірбайжанның Шеки шахарында халықаралық » ТүрікСОЙ » ұйымы тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысы өтіп, онда Түркістан қаласын түркі әлемінің 2017жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданған болатын. Түркістан қаласының тарихы өте тереңде жатыр, иесі түркі халқы оны өздерінің аға жұрты санап, ерекше құрметтейді. Әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі орналасқан Түрістан қай заманда да барлық түркі тілдес халықтардың рухани орталығы болып келгені талассыз. Ондағы мақсат – түркі тілдес халықтың мәдениетінің сақталуына, оның әлемге тынылуына ықпал ету, түркі тілдес халықтардың ғылым – білімінің, өнері мен мәдениетінің өркендеуіне, сол елдердегі тарихи ескерткіштердің сақталуына қолайлы жағдай жасау және бауырлас туысқан халықтардың байланысын нығайтып, ынтымағын бекемдей түсу болып табылады, сондықтанда ғылыми жоба тақырыбы өзекті болып есептелінеді. Қазіргі таңда қалалар тарихы Отандық тарих ғылымының өзекті мәселелерінің қатарын құрайды.Түркілер кезеңінде Қазақстан және оған іргелес жерлерде гүлдеген ондаған қалалар өмір сүрді. Себебі, Ұлы Жібек жолының ен ұзын және үлкен керуен жолдарының бір бөлігі Орта Азия мен Қазақстан аумағы арқылы өтті. Түркі қалалары саяси-әкімшілік орталығы қызметін атқарып қана қоймай, қолөнердің, сауда мен ауыл шаруашылығының шоғырланған жері де болды. Сонымен бірге олар ғылым, білім мен мәдениет ордалары болған. Олардың тамаша архитектуралық үйлесімдіділіктері, сарайлары, мешіттері, ұлы кесенелері, ұстахана және шеберханалары кімді болмасын таңқалдырмай қоймаған. Ортағасырлық авторлар түркі қалалары жайлы әртүрлі деректер қалдырған. Бұл – қарлұқ, чарұқ, қимақ, оғыз, қыпшақ, жікіл, тухси, қаңғарлардың (көне түркі тайпалары мен рулары) қалалары еді. Тараз «бата алған түркі – чарұқтар қаласы» деп аталған. Құлан, Қасрбас, Көлшөп, Жолшөп қалаларында қарлұқтар тұрған.Қаялық қарлұқтар астанасы болған. Жазба деректерде айтылған ортағасырлық қалалар археологиялық зерттеулер арқылы кең көпшілікке танылды. Солрадың бірі Орта Азия мен Қазақстан халықтарының материалдық және рухани өмірінде маңызды орын алған Шығыстың көне қалаларының бірі – қасиетті Түркістан қаласы. ХІІ ғасырға дейін Түркістан «Шабғар» деп аталған, ал кейін «Ясы» деген атпен белгілі болып кеткен қала ХҮІ ғ. бастап «Түркістан» деп аталыпты. «Түрік» сөзі түпкі мағынасы– «батылдық», «ер жүректі» дегенді білдіреді екен. Ал «стан» — ел, халықтық атаулары жалғасып келетін парсы тілінен келген қосымша. Яғни, «Түркістан» атауы – «Түркілер елі» ұғымын білдіреді.Алғаш рет Шабғар Хорасан билеушісі әл-Мамұнның (809-818 жылдар) есімімен байланысты болған оқиғаларда аталады. Халиф әл-Әминмен болған соғыстың алдында әл-Мамұн өзінің әузірі әл-Фадл ибн Сахлға Хорасан мен Маварауннахрдағы қиын жағдайды айтып шағынады. Ол «…Хорасанның кедейленуі мен ондағы болған ереуілден соң, …Жабғудың бағынудан бас тартқанынан соң, … Тибет билеушісі қағанның бұлтарып кеткенінген соң, Отарарбенд патшасы әдетте төлеп жүрген салықты төлеуден бас тартқаннан кейін, әл-Әминмен соғысуға тура келетінін» айтқан [1, 305 б.].Бұдан кейінгі болған оқиғалардың суреттелуі әл-Мамұнның соғыстан түсірген олжаларының түсіндірмелерінде жазылған. Ол жерде әл-Фадл ибн Сахлдың Отырарға жорығы жайлы: «Тарбад аймағынан ол (Әл-Фадл) Фараб пен Шабғардан талап еткен нәрселерін жіберді. Содан кейін Отырар аймағын басып алуға тырысты – шекара аймағының бастығын өлтіріп, қарлұқ жабғұның әйел, бала-шағасын тұтқынға алды…»-деп айтылған. Шабғар 859 ж. саманидтердің солтүстік шекараларын нығайту үшін жүргізілген саясатына байланысты аталып өтеді.В.В. Бартольд саманидтер жасағының Шабғар аймағында көтеріліске шыққан бірнеше мың ереуілшілерді басып-жаншығаны жайлы жазды. Шығыстанушы А.Ю.Якубовский бұл жорық Шабғар, Сауран, Сүткентті басып алған Наср ибн Ахметтің кесірінен болды деп санайды.Х ғасырдың ең бағалы деректерінің бірі Әл-Истахридің шығармасында Шабғар қаласының орналасқан жері көрсетілген. Кедер мен Сауранның арасында, екеуінен де күншілік жерде тұрған бұл аймақтың астанасы Шабғар қаласы болған. Сонымен қатр, әл-Истахри Шабғар қаласын Испиджаб қалалларының тізіміне қосып атайды.

ғасыр авторы әл-Мақдиси Шабғарды «үлкен жолдан шалғай тұрған қала» дейді. Ал ХІ ғасырда Шабғар қаласының атауы тарихи және географиялық шығармаларда кездеспейді. Бірақ бұл қаланың жоғалып кеткенін білдірмейді. Қала басқа атаумен өмір сүруін жалғастыра берген. Егер Шабғар атауының этимологиясын талдап қарар болсақ, мамандардың пікірінше, ол – соғды тіліне өткен көне иран сөзі, яғни «қаратау» дегенді білдіреді. Түркі тілінде бұл сөз «Қарачуқ» деп те аталады. Осыған байланысты ХІІ ғасырдың авторы Махмұд Қашқаридің «Қарачуқ-Фарабтың атауы, ол-оғыздар қаласы» дегені еске түседі. Демек М.Қашқаридің шығармасында аталатын Қарачуқ (Қарашық) Шабғар қаласы деп болжауға болады.Ал, аймақ басшылығы енді басқа қала – Яссыға, келешек Түркістанға ауысады. Шабғар қаласының орналасқан жері туралы әлі біржақты пікір айтылмай келеді Мысалы, В.В.Бартольд Шабғар Түркістан қаласының орнында болған деп санаған. Ал археолог А.Н.Бернштен болса, Шабғарды Түркістанның оңтүстік-шығысындағы 8 шақырым жерде орналасқан Шой-төбе қалашығының орнына апарып қояды.Алайда 1990-1992 және 1998-1999 жж. Жүргізілген зерттеулер Шой-төбе орнынан Шабғар қаласының аймақ астанасы болған ІХ-ХІ ғасырлардың мәдени қабатын таппады. Зерттеу жүргізілген қалашықтың жер бедері, оның құрылыс ғимараттары өздерінің гүлдену шыңына заманымыздың І мыңжылдығының орта тұсы – ҮІІІ ғасыр аралығында жеткен Отырар шұратындағы Көк-Марданға, Арыстың орта ағысындағы Жуантөбе қалашықтарына ұқсас. Сонымен, қазба жұмыстары кезінде Шой-төбеден табылған жаңа деректерге, жер бедері сипатына байланысты оны Шабғар қаласы деуге келмейді.Яссы атауы алғаш рет армян елшісі Гетумның (ХІІІ ғ.) жазбаларында кездеседі. 1389 жылы қаланы Тоқтамыстың әскері талан-таражға салады. Олар тіпті Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін де тонап кеткен. Келесі ғасырларда Яссы қаласы бірде Әмір Темір Ұрпақтарының, бірде Өзбек ордасы хандарының қолына өтіп отырады.ХІV-XVI ғасырлардағы парсы-тәжік, түрік-шағатай тілдеріндегі деректерде Түркістан ұғымы өзінің алғашқы мәніне қарағанда бірқатар өзгеріске ұшырайды. В.В,Бартольд көрсеткен «Түркістан» атауындағы терминологиялық айырмашылық XV ғасырдан бастап, саяси жағдайға да әсер етеді. Монғол шапқыншылығына дейін Мауереннахр атауы Түркістан ұғымының шеңберінде айтылып келсе, XVI ғасырдан бергі кезеңдерде Мауереннахр – тарихи-географиялық және саяси аймақ ретінде Түркістан ұғымынан бөлектенеді. ХҮІ ғасырдың ортасына бастап Яссы қазақтардың қолына өтеді. Дәл осы уакыттан бастап қалаға жаңа атау беріледі. Қаланың Түркістан деп аталуы Түркістан аймағының атын шығарудан туса керек. Қала атының өзгеруі Түркістанды қазақ иеліктерінің құрамына бекіту, оны Сырдария өңірінің басты қаласы дәрежесне көтерумен, Оңтүстік Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени өмірінің орталығына айналуымен сәйкес келеді. Бірақ, бұл құбылыс XVIғасырдағы Қазақстанның оңтүстігінде қаллалар дамуының дағдарысқа ұшырап, құлдырау кезеңінің басталуымен де қатар жүрді. Шайбанилер мен қазақ хандары арасындағы ұзаққа созылған соғыстар, қалай болғанда да өлкедегі қалалар өміріне кері әсерін тигізді. Сырдария қалаларының қолдан қолға жиі-жиі өтуі, тиянақты да қатаң биліктің болмауы, тонаушылық пен азық-түлік салықтарының тұрғын халықтың шаруашылығын күйзелтуі, қалардың бірқалыпты өмірінің негізін шайқалтып кетті. Сонымен бірге, олардың қолөнері және өңдеу шаруашылығы өнімдерімен жасайтын саудасына зиянын тигізіп, Қазақстанның оңтүстігіндегі қала тұрмысын дағдарысқа ұшыратты. Қаланың тікелей түркістан атауының бекітілуі тек XVI ғ.ғана жүзеге асты, бұған дейін Түркістан деп Орта Азияның тарихи облысы аталған болатын. Бұлай деп ирандықтар, Сырдарияның солтүстік жағалауын мекендеген көшпенді түркілер елін атаған. Түркілердің жаулап алу жорықтары бұл терминнің шекарасын бүкіл Орта Азия және Шыңжан, солтүстік Ауғаныстанға дейін кеңейтті. Мысалы ревалюцияға дейін былай деп бөлетін: Орыс (Батыс) Түркістаны (Сырдария, Ферғана, Самарқанд, Жетісу, Каспий бойы облыстары енген); Қытай (Шығыс) Түркістаны (Қашғар); Ауған Түркістаны (Памир мен Гиндукештегі өзбектің хандықтары). Тарихшы Әбілғазы ханның мәліметінде, Есім хан (1598-1628 жж.) Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп бекітеді және өз билігі тәуелсіз екендігін көрсету үшін осында ақша соқтыра бастайды, бұған қоса тұрғындардан жан басы салығы мен жер салығын жиюды қолға алады. Есім хан Шығай сұлтанның ұлы. Сұлтан кезінде-ақ ағасы Тәуекел ханмен бірге Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді Қазақ хандығы құрамына қосты. 1598 жылы тәуекл кайтыс болған соң, хан тағына отырды. 1599 жылы Бұқар хандығымен шарт жасасып, ташкент қаласы мен оның айналасын қазақ хандығына қосып алды. Осыдан бастап Ташкент екі ғасыр бойы Қазақ хандығы билігінде болды. XVII ғасырдың басында Ташкентті билеуші Тұрсын мен Есім хан арасында билік үшін күрес шиеленісе түсті. Тұрсыннан жеңілген Есім хан Шығыс Түркістан билеушісі Абд әр-Рахымның ордасына кетеді. Кейбір зерттеулерде Есім хан Шығыс Түркістанға Абд әр-Рахым ханның тілегі бойынша барған деп көрсетіледі. Абд әр-Рахым ханның қызы Падшаһ аруға үйленді. Ал, абд әр-Рахым Есім ханның ағасы (кейбір деректерде інісі) Күшік сұлтанның қызын алды. Бұл кезде Шығыс Түркістан хандығының ішкі саяси жағдайы шиеленісіп, өзара талас тартыстар күшейген еді. Есім хан Абд әр-Рахым ханмен біріге отырып, Шығыс Түркістандағы көптеген қалаларды қайтадан хан билігіне бағындырды. Сөйтіп, Шығыс Түркістан хандығының Абд әр-Рахым хан төңірегіне топтасуына жәрдемдесті. Осы тұста билікке таласқан өз ағаларынан қуғын көріп, қашып жүрген әбілғазы Баһадүр хан Есім ханда паналап, оның қолында үш айдай тұрды. Шығыс Түркістан хандығына арқа сүйеген Есім хан 1628 жылы тұрсында өлтіріп, Қазақ хандығының билігін қайтадан толық өз қолына алып, бір орталыққа бағынған ірі мемлекет құрды. Есім хан ойрат қалмақтарымен күресте ерлік пен батылдықтың өнегесін көрсетіп, «Еңсегей бойлы ер Есім» атанды. Есім ханның қалмақтар мен Тұрсынға қарсы күресінде Қарасай, Алатау, Жалаңтөс, Жарылқамыс, Сүлеймен, Маянбай, Жиембет батырлар ерлігімен көзге түсті. Қалмақтарға қарсы күресте Есім хан Батыс Қазақстан жеріндегі ноғайлармен арадағы қарым-қатынасты күшейтіп, қазақ-қырғыз ынтымағын орнатуға күш салды. Есім ханға арнап қырғыз жеріндегі Кеңсай шатқалында ескерткіш салынса, Есім хан Ташкентте қырғыз Көкім биге күмбез орнатты. Ол билік еткен тұста Қазақ хандығының әскери қуаты күшейіп, 300-400 мыңға дейін атты әскер шығара алды. Ал бұл кезде көршілес үлкен мемлекеттер Иран 50-60 мың, Ресей 70-80 мың, Қытай 100 мыңдай ғана атты әскер шығаратын еді. Есім хан Жетісу жеріндегі Қазақ хандығының ықпалын күшейту мақсатында Шығыс Түркістанмен саяси байланысын жақсартты. Ел билеудегі жол-жобалар мен әдет-ғұрыптар туралы ережелер жинағы «Есім ханның ескі жолы» қазақ елінде 19-20 ғасырлар ортасына дейін сақталып, қызмет етті. Ресей деректерінде Есім ханның тұсында қазақ халқы арасындағы жеті атаға дейін некеге тұрмау тәртібі заңдастырылғаны туралы айтылады. Есім хан қазақ халқының ата салтының сақталуына шешуші мән берді. Қазақ хандығының бірлігін нығайтып, шекарасын кеңейтуге үлкен үлес қосты. Есім хан түркістанда жерленген, қабірінің басына кесене орнатылған. Осы кезден бастап, Түркістан қаласы ХІХ ғасырға дейін Қазақ хандығының экономикалық орталықтарының және ресми әкімшілік орыны ретінде Ұлы жүз хандығына, Орта жүз хандығына да қызмет етті. Түркістан XVI-XVII ғғ. Қазақ хандығының аты әйгілі қаласына айналды.XVI ғасырдың соңында Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасында саяси қарым-қатынас орнайды. Қазақ хандығы Ресеймен экономикалық және саяси-экономикалық тығыз байланыс орнатуға тырысты, себебі, Орта Азия билеушілірімен күресте, оған көрші одақтас қажет болды. Бір жағынан жоңғар шапқыншылығы қаупі де күннен күнге күшейіп келе жатты. Орыс мемлекетіне Қазақ хандығымен байланысты күшейту, Орта Азия және басқа да Шығыс елдерімен байланыстыратын сауда жолдарының қазақ жерлері арқылы өтетін тұстарының қауіпсіздігінің барынша нығайту үшін де қажет болды.XVII ғасырда Қазақ хандығы мен Ресей арасында елшілік қатынасы күшейе түсті. Орыс елшіліктері қазақ хандығының астанасы Түркістанға келіп түсетін, сонымен бірге Орта Азияға беттеген дипломатиялық немесе сауда миссиялары да Түркістанға тоқтап өтетін болды. Қазақ хандары да Ресейге де өздерінің маңызды тапсырмалары мен елшілерін осы жерден атттандыратын. Кейбір деректердің көрсетуінше XVII ғасырда қазақ далалары арқылы Бұхара мен Хиуадан Ресейге бағыт алған 44, ал орыс патшасынан орта азиялық хандықтарға сапар шеккен тоғыз елшілік тобы өткен.Қазақ хандығының басты қаласы ретінде Түркістан XVII-XVIII ғасырлардағы орыс жазба деректерінде жиі кездеседі. XIV-XVI ғасырлардағы Яссы (Түркістан) қаласы жайлы атүсті айтылатын деректерге қарағанда орыс жазба деректері қаланың неғұрлым толық сипатын береді, олардың жалпы қала көрінісі, оның бөліктері – бекініс қорғандары, цитаделі т.б. мен архитектуралық ескерткіштері, табиғаты жайлы және т.б. мәліметтерді кездестіруге болады. Ең алғашқы деректер XVI ғасыр құжаттарында кездеседі. Бұларға сол заманғы көне крталар, Орта Азия мен Қазақстанның жолдары сипатталатын жол көрсеткіштер, көпестер мен саяхатшылардың жолжазбалары жатады. XVII ғасырдың 80-ші жылдары жоңғарлар оңтүстігіндегі қаларға бірнеше шапқыншылық жорықтар ұйымдастырды. Қонтайшы Қалдан Сайрамды бірнеше рет қоршауға алды, ақыры 1683 жылы басып алып, қиратып тынды. Қалданның орынын басқан Цеван Рабтан (1699-1723 жж.) Қазақстан территориясын басып алу соғыстарын жалғастырды, XVIII ғасырдың басында жоңғарлар Сарысу өзеніне дейін жетті, Орта жүздің қарауындағы солтүстік-шығыс аймақтарға басып кірді. Түркістан маңындағы Тәуке ханның ордасын «әскери-көшпенді адамдар» қоршауға алды. Тез жиналған халық жасақтарынан құралған күш жоңғар қолдарын қуып тастайды. Бірақ, 1718 жылдың көктемінде, деректердің айтуынша, жоңғар әскерлері Түркістан маңындағы Бөген, Шаян, Арыс өзендері бойында тағы да қазақтарды қырады. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» кезінде жоңғар феодалдары Түркістан, Сайрам, ташкент қалаларын қазақ жерлерінен бөліп тастайды. 1724-1725 жж. Жоңғарлар бұл қалаларды басып алып тонауға көшеді және ішінара қиратып кетеді.«Түркістан» десе елең етпейтін мұсылман қауымы жоқ. Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе керісінше түркістанды Ясауи атынан ажыратып қарау да мүмкін емес. Сонау 1103 жылы дүниеге келген Қожа ахмет Ясауи Түркістанға тоқтап, сопылық идеяларын уағыздаған ислам дінінің өкілі. Ақынды рухани басшы, «Әулие» санаған мұсылмандар тоғыз жүз жылдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді. Бүкіл шығысқа әмірін жүргізген қолбасшы Әмір Темірдің,ақынның қайтыс болғанына 200 жыл өткенде, қирап бітуге таянған кішкене ғана мазар орнына зәулім ескерткіш орнатуы да тегін емес. Өйткені мұсылмандардың ыстық ықыласын иеленген «Әулие» кісі құрметіне ғаламат ғимарат салдырған Темір дала адамдарының сеніміне кірудің жолын осылайша іздестірген. Сол XIV ғасырда салынған ғажайып құрылыстың үлкендігі, қайталанбас сәулеттілігі және жекелеген декоративті көріністері әлі күнге дейін жұртшылықты таң қалдырумен келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *