ТҮРКІСТАНДЫ РУХАНИ ЖАҢҒЫРТУ ЖОБАСЫ

Оразалы СӘБДЕН

экономика ғылымдарының докторы, профессор

ҚР БҒМ ҒК Экономика институты

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Халықаралық жаһандандық зерттеу академиясы және ҚР ҰИА академигі

Экономика институтының экономикалық саясат және жаһандану орталығының жетекшісі,

Жобаның негізгі мақсаты: «Түркістанды халықаралық деңгейдегі рухани орталыққа» (мегаполиске) айналдыру арқылы халықаралық қауіпсіздікке жаңа қадам жасау. Тарихымызда тұңғыш рет 1 аймақ мысалында екі аса ірі түбегейлі проблеманы ұштастырып, яғни бір жағынан, адамзаттың рухани дамуын, екінші жағынанжаңаVI-технологиялық укладты үйлестіру арқылы, инновациялық даму мүмкіндігінің Қазақстандық жаңа үлгісін дүниежүзіне көрсету. Бұлжоба іске асқан кезде халықаралық деңгейде Қазақстанның мәртебесіне септігін тигізеді.

Основная цель проекта: превратить Туркестан в духовный центр (мегаполис) международного масштаба. Впервые в истории, на примере одного региона, увязав две особо крупные кардинальные проблемы,т.е. с одной стороны, духовно-культурное, историческое развитие общества, с другой стороны, новый 6-ой технологический уклад, показать миру возможности Казахстанской новой модели духовно — инновационного развития.

The main purpose of this project is to transfer Turkestan in the spiritual center (megapolis) of the international level. For the first time in history, as an example of one region, two large cardinal problems had been connected, i.e. on the one hand spiritual and cultural development of the society, on the other hand new 6th technological way to show to the world opportunity of Kazakhstany new model of spiritual-innovative development.

І. Әлем қайда бағыт алды?

Әлем елдерінің дамуы қайда, қай бағытқа бара жатыр деген сұраққа айтарым, әлем бір алапат өзгеріс үстінде – дүниежүзілік дағдарыс, климаттың жылуы, ашаршылық т.б. түрлі-түрлі нәубеттер күрделі әлеуметтік-саяси өзгеріске алып келуде. Ғаламды шарлаған осы өзгерістер ықпалды күштер мен билік басындағыларды тығырықтан шығар жаңа жол іздеуге, халықтың болашаққа сенімсіздігін алдын алуға түрткі болып отыр.

Дүниежүзілік дағдарыстың екінші толқынының легі Америка мен Еуропа елдерінде белең алып, күшеюде, сондай-ақ барған сайын дүниежүзілік бәсекелестік күшейе түсуде, климаттың жылынуы адамзатты қатты алаңдатып отыр, соның салдарынан су тасқыны, құрғақшылық сияқты табиғат апаттары, түрлі эпидемиялық аурулар өршіп, нәубеттер жиілеуде [1]. Міне, осындай жағдайда көптеген мемлекеттерде келеңсіз оқиғалар орын алуда. Соның ішінде Қазақстанды алсақ келеңсіз жағдайлар, көпжылдан бергі әлеуметтік мәселелердің қордаланып қалуының, рухани, діни азғындықтың тамыр жаюының, сыбайлас жемқорлықтың (коррупцияның) дендеп кетуінің көрінісі болды, т.б. Осының бәрі мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтауға түбегейлі мән беру керек деген мәселе [2].

Сыбайлас жемқорлық қоғамымызды жегідей жеп, тоздырып отыр. Ал онымен күрес әзірше өз нәтижесін күткен деңгейде бере алмай келеді. Қоғам рухани жағынан да күйзеліске түсуде, әсіресе бетімен кеткен әртүрлі діни ағымдар (олардың ұзын саны 2011ж. 4500 асып жығылды) жастар түгілі, ересектердің де ақыл-ойын жаулап алып жатыр [3]. Мемлекеттік идеологияның тиісті деңгейде жұмыс жасамай тұрғаны қатты сезіледі. Мемлекетіміздің идеологияны дұрыс таңдап, күшейтіп жүзеге асыратын кезі келді.

Осындай аса күрделі жағдайда Қазақстан мемлекеті өзінің тәуелсіздігін, әлем қауымдастығындағы орнын сақтап қалумен қатар, нығайта түсуі тиіс. Шығысымызда 1,5 млрд. халқы бар алып Қытай мемлекеті тұрса, солтүстіктігімізде 150 млн. халқы бар Ресей мемлекеті, оңтүстігімізде 1,2 млрд. жуық халқы бар Үндістан мемлекеті тұр. Әлемге ықпал етіп тұрған АҚШ анау. Жұтылып кетпейміз бе деген ой тууы заңды. Алып мемлекеттердің арасында Қазақстан Республикасына дербестігін сақтап, әлеуетін дамыту үшін Елбасы ұстанған көпвекторлы саясат — ең оңтайлы шешім екенін уақыт бірте-бірте дәлелдеп отыр. Әлеммен құрмаласу (интеграция) сенімді жол ретінде мойындалды. Ең алдымен аймақтық мемлекеттердің бірігіп, өзара ынтымақтаса, бірлесіп жұмыс істеуі – бәріміз үшін де ең тиімді шара.

Осыған қатысты, дағдарыстан туған қиындықтардың себебі неде деген сұраққа мынадай түйінді ой айтқым келеді. Жаһандану процесі либеральды емес жүйені халықаралық ұлттық компаниялардың жеке пайдасына істете отырып ХХІ ғасырдың басында бүкіл адамзатты дүниежүзілік кризистің шырмауығына түсірді. Әлемнің бай жерінде миллиондаған адамдар кедейшілікте, ашаршылықта, қайғы-қасіретте өмір сүруде.Жалпы дамыған мемлекеттердің өздері (G20, G8 деп жатырмыз), стратегиялық дамуда біржақты болды, олар тек баюды мақсат етіп алға қойды. Кейінгі жылдары АҚШ-та шектен тыс, өте көп басып шығарған доллардың салдарынан дүниежүзінде доллардың көлемі, сатып алатын тауардың көлемінен 10-12 есеге дейін асып кеткен. Экономиканың заңы бойынша мұндай тепе-теңдік бұзылған жағдайда, әрине дағдарыс болады. Капиталистер капитал көп болса деп, ғылымның жаңа технологиялық жетістіктері нәтижесінде тек бір мақсатты ғана шешуді көздеді, қалайда ол баю мақсаты.

Осындай қиындықта БҰҰ, Халықаралық валюта қоры, Еуропаның, Дүниежүзілік даму банктері, Еуроодағы т.б. әлемнің қоғамдық – финанс (қаржы) ұйымдары өз дәрменсіздігін көрсетті. Оған қосымша индустриалды технико-технологиялық кризис, ІІІ-ІV-V-ТУ өзін-өзі сарқып бітті. Даму үрдісі жаңа технологиялық, инновациялық жүйені қажет етуде.

Ең өкініштісі, сол адамзатты қоғамды ізгілендіру (гуманизациялау) мәселесіне қызмет еткізумен қатар, табиғаттың даму заңына сәйкес өмір сүруді қамтамасыз ету мүлдем ұмытылды. Адам мен табиғат капиталына басымдылық мән берілмеді, рухани құндылықтар ұмытылды. Осылайша гармониялық даму заңдылығы бұзылды, нарықтың көрінбейтін қолы өз дегенін жасады, сөйтіп сол алпауыт мемлекеттердің өздері дүниежүзілік дағдарысқа ұшырады. Кризис уақытында экономиканы мемлекеттік реттеу арқылы басқару керектігін өмір көрсетуде.

Міне, осы үлкен кемшіліктерді жою арқылы адамзаттыңтабиғатпен гармониялық тұрақты дамуын қалпына келтіру үшін ХХІ ғасырда, кризис заманында – ең керегі ол шикізаттан гөрі, ертең бітетін қазба-байлықты игеруден гөрі – жаңа көзқарас, соны идеялар, дамудың жаңа жобалары қолға алынуы кезек күттірмейтін шараға айналуы қажет. Жалпы, тарихтың даму заңдылықтарын бұлжытпай орындау өмірлік маңызды, осыған орай рухани даму мәселесін алға қою әбден абзал. Себебі келешекте қоғамның және табиғаттың даму заңдылықтары бірінші орынға шығады.

ХХІ ғасырда жаңа қоғамның формасы қалай болу керек деген сұраққа екі факторды ескерген жөн деп білем.

Біріншісі, дүниежүзінің тарихи даму логикасын, өзіміздің төл тарихымыздың, рухани-мәдени құндылықтарын пайдалану.

Екіншісі, ХХІ ғасырдың жаңа сұранысы, ол постиндустриялды гуманистикалық-ноосфералық цивилизацияға көшу. Оның бірінші сатысы – асау аттай жаңа технологиялық укладты ерттеп, міне алу тұр. Капиталды инвестиция ретінде осында, инновациялық технологияға аямай салу керек, егер зымырап кетіп бара жатқан жаңа цивилизацияның поезінің соңғы вагонына үлгерейін десек. Әйтпесе мәңгілік қаламыз.

Осындай ой-толғаныстан кейін туындаған мынадай тың тұжырымымды алға тартпақпын: «Біз рухани-мәдени дамумен қатар индустриалды қоғамнан кейінгі жаңа 6-технологиялық укладты үйлестіре отырып, оларды іс жүзінде бірге, бір процесс ретінде жүргізгенде ғана адамзат өмірдің даму заңдылығы мен тұрақты даму жолына көшуге мүмкіндік алады. Әлем жаңа әлеуметтік құрылымға беталғанда, Қазақстан өзінің әлеуметтік-экономикалық, саяси құрылымын өзгертіп, біздің ойымызша, интегралды-инновациялық қоғам типіне біртіндеп көшкені жөн. Бұл стратегиялық мақсат және бұл кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы тиіс.

ІІ. Ұлы Жібек жолында «ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ» жаңа рухани-технологиялық кластерін құру Қазақстан қоғамын ізгілендіру жолы

Жаңа ғасырдың тарихы алдында, оның информациялық, жаңа ғылыми, технологиялық өзгерістері, әлеуметтік трансформациясы өмірді өте тез өзгертетінін түсінген жөн. Міне, осыған орай жаңа бір мегажобаны ұсынып отырмын, бұл жобаның аты: «Түркістан өңірі» рухани — жаңа технологиялық кластері деп аталады. (1 суретте оның мақсаты, құрылымы, іс-шаралары т.б. көрсетілген).

Бұл мегажоба үлкен 2 бағыттан тұрады.
1 бағыт. Түркістанды рухани жаңғырту арқылы рухани орталыққа айналдыру.

Дүниежүзілік атласты алып қарасаңыз Қазақстан аумағында көне көне қалалар бар, оның ішінде Түркістан мен Тараздың орны ерекше. Бүкіл тарихты алсақ, ежелгіні қойғанда VI-VIII ғасырлардың өзінде осы өңірде жалпы Түрік қағанаты, былайша айтқанда, түркі тілдес халықтар өмір сүрген. Сол Түрік қағанатында ежелгі Түркістан қаласы рухани орталық ретінде тарихи орын иеленді. Кейін тарихтың ағымына байланысты түркітілдес халықтар әр жаққа шашырап кетті. Мысалы, түріктер Анадолыға кетті, сол жақта дамуының арқасында «Осман империясы» құрылды, кейін Кемал Ататүріктің революция жасауының нәтижесінде жеке мемлекет болды, бүгінде 80 млн. астам халқы бар Түркия дамыған мемлекеттер қатарына қосылуда. Осы сияқты басқа да түркітілдес халықтар жан-жаққа шашырап жеке-жеке мемлекеттер болып дамып келеді. Олар соған қарамастан Қазақ жеріндегі Түркістанды өздерінің ата-бабаларының шыққан тегі, «Атажұрт» деп атайды, рухани астанамыз, екінші Мекке деп те санайды, бүгінге дейін көп халық ағылып келіп киелі мекеніне тағзым етіп жатыр [4].

Біздің ойымыз, осы Түркістанды іс жүзінде рухани астанаға, мәдени, ғылыми, діни орталыққа айналдыра отырып, ХХІ ғасырдың талабына сай Еуразиялық интеграциялық идеямен дамыту болмақ. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін кезек күттірмейтін мынандай іс-шараларды жүзеге асыру қажет деп ойлаймын (1 сурет):
Парламентте «Жаңа Түркістан — Рухани астана» туралы заң қабылдау;

Жаңа Түркістан өңіріне «еркін экономикалық аймақ» статусын беру қажет, ол үшін заң қабылдау;

Түркістан аймағын 5 жылға дейін салықтан босату қажет, бұл өңірде барлық сауда-саттықпен айналысатын шағын кәсіпкерлікті салықтан босату;

Түркістанда зайырлы А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті жұмыс істейді, сонымен қатар Түркістанда ең жоғарғы деңгейде «Халықаралық дін академиясын» (әлем діндері), «Мәдениет академиясын», «Тарих қазынасы музейін», «Археология музейін» ашу керек;

Қоғамды ізгілендіру туралы жаңа ғылыми орталық құрылып, жаңа заманның моральды кодексі жасалып қабылданады. Осы құрылатын жаңа аймақтың маңызы ескеріліп, Түркістанға Рухани астана статусын беріп, бүкіл Қазақстанның, әрі түркі дүниесінің рухани, мәдени, діни бірегейлігінің екінші мекке деген символына және отаншылдыққа тәрбиелейтін орталыққа айналдыру керек. Стратегиялық келешекте интеллектуалды лидерстваны алуды мақсат ету. Бұл іс аса зор шаралар,ғылыми, мәдени және идеологиялық жұмыстар жүргізуді талап етеді;

Түркістан мен Кентау қалаларының аралығына Жаңа рухани астана қалашығын салу керек, бұл қаланың құрылысының сәулеті (архитектурасы) ежелгі шығыстық түркі өркениетінің нақышында, ұлттық нақыш бояу, таным ерекшеліктері ескеріліп жобалануы тиіс. Астана қаласы ХХІ ғасырда еліміздің жаңа модерн үлгідегі елордасы болса, ал Түркістан қаласы еліміздің ежелгі мәдени-тарихи үлгідегі рухани астанасы және мұсылман халқының негізгі масқатының орталығы болуы керек;

Рухани астанада «Халықаралық Түркістан қорын» құру қажет. «Тұран даласы», «Жаңа Түркістан – рухани астана», «Рухани-технологиялық кластер», «Имидж Казахстана» басылымдарын, деректі және көркемсуретті фильмдер шығару керек;

Рухани Жаңа Түркістан орталығын салуға Тұран даласына атажұрт деп, түркі, өзбек, азербайжан, түркмен, қырғыз, татар т.б. елдері, ал жалпы ислам әлемі деп араб, иран, мысырлық т.б. мемлекеттер өз көмегін берер деген үміт бар. Олардың өздерінің тарихи атажұртында, шыққан жерінде өз ұлттық нақышында ғажап ескерткіштер, зәулім ғимараттар салуға атсалысуы керек. Түркістанға келіп-кеткен адамдар өз елінің ежелгі тарихынан сыр шертетін кесене, ескерткіш, ғимараттарды көргендей болуы керек;

Бұл жерде дүниежүзі дамуының тарихи логикасын көрсетсе болады. Мысалы, ежелгі Еуразия, Қазақстан жерінде тас ғасыры, қола, темір дәуірі, сақ, ғұн, қаңлы, үсүн мемлекеттері, түрік қағанаттары т.б. ортағасырлық мемлекеттер мен хандықтар болғанын көрсете білу.

Бұл киелі Түркістан жерінде мұсылман халқының терең тарихын алдымызда бейнелейтін біздің ұлы тарихи тұлғаларға, мемлекет, қоғам қайраткерлеріне пантеондар, ескерткіш кесенелер қойылуы тиіс. Олар Томирис ханша, Атилла патша, Ер тонга, Тоныкөк, Арыстанбаб, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Манас, Низами Гянжауи, Қожа Ахмет Яссауи, Қашқари Махмұт, Бейбарыс Сұлтан, Әмір Темір, Ұлықбек, Әлішер Науаи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қорқыт, Абылай хан, Мақтымқұлы, Абай Құнанбайұлы, Ататүрік, Бекташ Вели, Шоқан Уалиханов, Ғабдолла Тоқай, Тұрар Рысқұлов, Дінмұхаммед Қонаев, Мұхтар Әуезов, Берді Кербабаев, Шыңғыс Айтматов т.б.

Мынау тұрақсыз жаһандану заманында ел мен елді, халық пен халықты біріктіретін фактор осы идея болуы абзал. Осы іс-шаралардан кейін, тарихи құндылықтар арқылы біздің алдымызда адамның рухани жаңғыруына күрт өзгерістер ашылады. Қоғамның ар-ожданына кір түсірмей деградацияға ұшырамауына, қауіпсіздікті сақтауда бір үлкен қадам болады. Адамның ой-өрісі ХХІ ғасырдың талабына, жаңа цивилизациялық қоғамға сай өзгереді. Бұл дүниежүзілік өркениеттің талабы.

2 бағыт. Әрине, ХХІ ғасырда жүріп жатқан жаһандану процесінде дағдарысты еңсерген Қазақстан жаңа даму жолына түсуі тиіс. Бізге, халық саны аз елге озық технология, жаңа білім, ғылым, инновациялық жол қажет. Қазақстан үдемелі дамудың траекториясына шығуы шарт. Ол жаңа 6-технологиялық укладты қалыптастырған жағдайда ғана іске асады деп сенемін. Бұл биотехнология, нанотехнология, генинженериясы, электронды ақпараттық-байланыс, космосты игеру технологиялары және т.б.

Бұл жоба 6 үлкен кластерден тұрады. Біз «Жаңа Түркістан» атты халықаралық ұлттық жобаның желілік моделін жасадық. Мұнда жоба 6 бағытта не істеу керек екендігі айтылады.

Рухани астана «Түркістан» туралы;
Кентау технологиялық кластері;
Жаңа ауыл кластері;
Туризм кластері;
Инфрақұрылым;

Логистика.
ІІ-бағытта мынадай іс-шараларды жүзеге асыру қажет:

Міне осы жаңа заманауи үрдістерді ескеріп әрі, Кентау қаласының адам және өндірістік әлеуетін пайдалана отырып, ол жердегі Кентау экскаватор зауытын, трансформатор зауытын, «Ащысайполиметал» АҚ және т.б. зауыттардың өндіріс күштерін модернизациялау керек;

6-технологиялық укладтағы жаңа зауыттар салу керек. Жаңа бағыттағы жоғарғы технологиялық мамандар дайындау. Ядросыз қауіпсіздік «Байқоңыр-Семей» паркін ашу;

Бұл жерге Жібек Жолы транспортты-логистикалық орталығы, шағын инновациялық бизнес орталығы, технополис, технологиялық колледж және т.б. инфрақұрылымдар салыну қажет. Жаңаша айтқанда жаңа технологиялық кластерді қалыптастыру керек. Сонда біз, бір жағынан, Түркістанда рухани орталықты құрып, дамытамыз, екінші жағынан Кентауда жаңа 6-технологиялық укладты қалыптастыра отырып, еліміз үшін мүлде жаңа бір жүйелі рухани-технологиялық кластер жасаймыз;

Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туризм кластерін құрып, дамыту қажет. Бұл, бір жағынан, моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асыруға мол мүмкіндік берер еді;

Жаңа үлгідегі «Ауыл кластерін» жасау қажеттігі – уақыт талабы. Ол – ХХІ ғасырда қазақ ауылының сипаты қалай болуы керек деген мәселеге нақты жауап болмақ. Ауылды гүлдендіру, өркендету арқылы елімізді көркейтеміз. Ауылды көркейтудің бұл жолы «Ауыл кластерін» жасау арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады, елді мекендердегі халықты тұрақтандырылады, сөйтіп демографиямыз жақсара түсері анық. Бұл жоба ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған мақсатына сай болады деп санаймын, әсіресе санымызды тез арада көбейтуге (табиғи өсімнен болған демографиялық шарықтауға) әсерін тигізеді және бұл демографиялық мәселеге үлкен мән беріп, басты приоритет ретінде қарау керек. Халқымыздың санын көбейтпей бай-қуатты мемлекетке айналуымыз екі-талай;

Бұл Еуразиялық мегапроект болғандықтан, оның геосаяси мәнін күшейту үшін Ресей мен Қытай мемлекеттерін тарту керек. Космосты игеруде (Байқоңыр), туризм және транспортты логистикалық холдингте (Ұлы Жібек жолы), жаңа технологиялық укладтағы зауыттар салуда, уранды т.б. ресурстарды бейбітшілік мақсатта пайдалануда Ресей мен Қытай инвестициялары арқылы қатыстыру зор күш береді.

Ал, тың жаңалық ретінде әлемді таң қалдыратын тағыда не көрсетеміз? Егер Түркістанды рухани астанаға айналдыру жобасын бастап, бітірсек, бұл дүниежүзінің алдында олар көрмеген тың жаңалық болар еді. Және де бұл жобаның стратегиялық мәні, маңызы өте жоғары, ол ХХІ ғасырдың жобасы болар еді. ЭКСПО-2017 жылы бітеді, ал Рухани Түркістан мәңгі қалады, және жаңаша стратегиялық дамуға үрдіс болады. Осыны ұмытпайық, ағайын. Осы ұсынысты біздің билік жүйелері ескерсе болар еді.

Ең маңыздысы рухани, мәдени және жаңа инновациялық технологиялық укладты біріктіріп, бір процесс ретінде жүргізу нәтижесінде, біз ең қымбат адам капиталының тиімді пайдалануын қамтамасыз етеміз.

Осындай ірі жоба негізінде дүниежүзінде алғаш рет Түркістан және Кентау қалаларының базасында жаңа рухани-технологиялық кластер қалыптасатын болады. ХХІ ғасырда тұңғыш рет, бір аймақ мысалында адамзат баласының рухани, мәдени және технологиялық дамуының жаңа үлгісі қолданысқа енбек. Мұнда қоғамның гуманизациялануына бір жағынан рухани, мәдени салалар, ал екінші жағынан жаңа 6-технологиялық тетіктер, құрауыштар қызмет ететін болады. Халықаралық деңгейде бірінші рет, аналогі жоқ мегажоба қолданысқа енген жағдайда осы бір аймақтың мысалында жалпы адамзаттың болашақтағы жаңаша даму мәселесі шешілетін болады, әрі оның жаңа моделі, қоғамды гуманизациялау моделі қалыптасады деп сенеміз.

Бұл жоба бір ғана аймақтың мәселесін түбегейлі шешу арқылы әлемге осы жаңа рухани-технологиялық даму жолы арқылы адамзатты өркениетті дамытуға болатынын көрсете алады. Оның АҚШ-ғы «Силиконовая долинадан» өзгешелігі рухани, мәдени даму және ауылды жаңғырту мәселесін жаңа заманға сай, жаңа инновациялық технологиялармен үйлестіру негізінде дамытып адамзатқа қызмет еткізу [5].

Қаржыландыру көздері:

Заң бойынша көзделінетін мемлекеттік, республикалық, жергілікті бюджеттер қаражаты. Қазіргі шамамен 100 млрд. $ жеткен Ұлттық қордан келешек үшін қаражат бөлу [6].

Түркі әлемінің кіндік қаласы ретінде Түркістанды қайта өркендетіп рухани астанаға айналдыру мақсатында «Халықаралық қор» құрылады.

Инновациялық, жаңа технологиялық жобаларға шетел инвестициялары тартылады.

Түркітілдес елдер атажұртында бой көтерген Рухани астанаға өз қолдауларын көрсететін болар. Бұл шараға ислам елдері де ат салысады деген үміт зор. Жаңа рухани астананың кескін-келбеті де мүлде жаңа сипатқа ие болады.

Әр облыс бұл жобаға өз үлестерін қосуға тиіс. Қазақ тарихындағы белгілі тұлғалар пантеоны құрылады. Халқымыздың тарихи белестердегі ерлік қимылдары, ұлттық тәуелсіздігі үшін күресінің панорамалары жасалынады.

Заңды және жеке тұлғалар да жобаны қаржыландыруға тартылады, Асар ұйымдастырылады т.б.

Бұл «ТҮРКІСТАН-ӨҢІРІ» РУХАНИ — ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КЛАСТЕРІН ҚҰРУ мегажобасын іске асыру барысын сол жоба біткенше Өкімет пен халықаралық қордың кеңесіне беру және де Парламенттің бақылауын қою қажет. Ал Халықаралық имидж үшін бұл жоба тікелей ҚР Президентінің бақылауында (патронажында) болғаны абзал.

Ең маңыздысы рухани және жаңа технологиялық құрылымды біріктіріп бір процесс ретінде жүргізу нәтижесінде біз ең қымбат адам капиталының тиімді пайдалануын қамтамасыз ете аламыз. Мұндай бiртұтас шешім ретінде мегаполистік жоба әлемге жаңа түрткі болмақ. Дүниежүзінде бүгінгі таңда мұндай өркениетті дамуға бағытталған рухани-технологиялық орталық жоқ, яғни:

Көне Түркiстан жаңа қоғамның ізгіленген (гуманизацияланған) рухани орталығы болмақ. Көптеген мемлекеттердің, ұлт, ұлыстардың рухани құндылықтарын жаңғырту арқылы жаңаша даму үрдісіне келеміз, елдің басын біріктіретін күш пайда болады;

Жаңа технологиялық кластер орталығы болатын Түркістан және Кентау қалалары, ауыл, туризм, транспортты-логистикалық кластерлері инновациялық дамуға серпін беретін болады;

Аймақта жаңа шығыс стиліндегі қала – Рухани астана қаласы бой көтереді. Бұл жаңа қалада әр мемлекет, әр ел, этнос өз даму тарихын, мәдениетін, дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын, өркендеу кезеңдерінің тарихын көре алмақ. Жаңа Түркістан адамның рухани санасына өзгеріс әкеледі;

Түркістан өңірінің бай-қуаттылығын 2 фактор шешеді: ол еліміздің жер байлығы, капитал және Еуразияда алатын географиялық орны. Осыған орай 2015 жылы бітетін батыс Қытай батыс Еуропа жолы арқылы Ұлы Жібек жолы жаңғырады. Оның теңіз, мұхит жолынан тиімділігі әлде қайда артық болмақ, тасымалдау уақытынан ұту арқылы. Ал жер, қазба байлығы жағынан тек Қазақстанның өзі әлемде 9-орында тұр. Тек тиімді игеру қажет. Ағылшын Х.Д. Маккиндер айтқан екен «Еуразияны бақылаған ел – бүкіл дүниежүзін де бақылайды» деген [7]. Қосымша айтарым басымдылықты судан қалай құрлыққа алып келу? Құрлықты бақылау, суды бақылаудан мүлдем өзгеше және қиын да, себебі құрлықта миллиондаған халық бар.

Бұл жобада дүниежүзінің тарихи дамуының логикасы, ислам және түркі дүниесінің тарихы, рухани-мәдениеті, Қазақстанның тарихи даму жолы, концепциясы, мемлекеттік бағдарламалар ескерілді. Және де ХХІ ғасырда, жаһандану процесінің ертең бізді не күтіп тұр, қай бағытта жүруіміз керек, неге басымдылық беру, нені ескерген жөн деген сұрақтарға да ғылыми жауап іздеп, ескеруге тырыстық.

Жаңа жоба іске асқаннан кейін бұл өңір заңды түрде «Жаңа Түркістан» әкімшілік уәләйаты(облысы) мәртебесіне ие болуы керек. Халықаралық деңгейде «Жаңа Түркістан» батыс пен шығысты біріктіретін, интеграциялайтын Ұлы Жібек жолы әлемінің әлеуеттік мүмкіндіктерін жұмылдыратын ғасырлық рухани орталыққа айналады. Ғаламдану заманында дінге сенушілік көбейе түсуде. Мысалы, дамыған Еуропа елдерінде 18% дінге, құдайға сенбесе, ал 27% бір рухани күштің бар екеніне сенеді, 52% құдайға сенеді, жүгінеді. Мұсылман елдерінің басым көпшілігі құдайға сенеді де, жүгінеді де [8].

Сонда ғана біз ата-бабаларымыздың ой-арманын, бізге тастап кеткен тарихи-мәдени құндылықтарды, мұраларды, осынша жерді, қазба байлықтарды тек өзімізге ғана емес, бүкіл адамзаттың ізгілік дамуына қызмет еткізе аламыз. Бұл дегеніміз қазақтың бүкіл дүниежүзілік цивилизацияға қосқан үлесі болмақ!!! Осыдан артық арман барма?

Алда дүниежүзін гуманизациялық заман күтуде. Ол тек руханиятқа негізделді. Бәрібір біз Түркістанға қайта ораламыз! Одан да дәл қазір Түркістанды рухани астанаға айналдыру үшін ЭКСПО- 2017 өткеннен соң осы жобаға кіріскеніміз жөн. Түркістан — түркі тілдес халықтарының кіндігі. Бәріміздің шыққан жеріміз — үлкен Түркістан аймағы, баратын жеріміз де Түркістан болмақ. Дәл қазір елдің бірлігін, ұлт пен ұлыстың басын қосатын, әр жанұяны бей-жай қалдырмайтын ұлттық идея керек. Ол «Түркістанды қайта жаңғырту ұлттық идеясы» болмақ.

Қорыта айтқанда, бұл Халықаралық ұлттық мегажоба «Түркістанды рухани астанаға айналдыру» іске асқан кезде Қазақ халқының мәртебесін көтерумен қатар мұсылман мемлекеттерінің, халықтарының, ислам әлемін біріктіретін бір рухани, өркениетті орталыққа айналады. Қазіргі таңда бұл Еуразиялық тұтастықты қамтитын қозғаушы күш сияқты болуы қажет. Бұл дүниежүзіне, әсіресе алпауыт мемлекеттерге жаңа цивилизациялық үн қату болады! Ислам діні басқа діндермен қосылып терроризмге емес, (капиталистердің қайталай беретін) адамзаттың рухани, қауіпсіз дамуына тікелей оң әсерін көрсете отырып, бөлуге емес бірлікке шақырады.Бұл жоба адамзаттың жаңаша ойлауында рухани революция жасауға батыл қадам деген сөз. Бұл мегажоба дүниежүзілік тәртіптің, рухани-жаңа технологиялық дамуының, халықаралық қауіпсіздіктің бір аймақтық моделі болмақ.

Жаңа жоба іске асқаннан кейін бұл өңір заңды түрде «Жаңа Түркістан» әкімшілік уәләйаты (облысы) мәртебесіне ие болуы керек. Халықаралық деңгейде «Жаңа Түркістан» батыс пен шығысты біріктіретін, интеграциялайтын Ұлы Жібек жолы әлемінің әлеуеттік мүмкіндіктерін жұмылдыратын ғасырлық рухани орталыққа айналады.

Жаңа Түркістан бір мемлекеттің аймағынан шығып, Еуразиялық интеграциялық орталыққа айналып, бірнеше елдің рухани құндылықтарының тоғысатын жері болмақ. Соның арқасында қоғамның, тұтас халықтың бірлігі артады, Қазақстанның тұрақты даму жүйесі қалыптасады. Бұл аймақтық жоба нәтижесін берген соң, оны әлемнің ізгілік дамуына Түркістан рухани полигоны ретінде дүниежүзінің басқа жеріне де пайдалану керектігі күн тәртібінде болады. Жаңа Түркістан рухани орталық ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының, Юнесконың тікелей қамқорлығында болуы тиіс және де Түркістанда олардың қоғамды ізгілендірудегі (гуманизациялаудағы) аймақтық өкілдіктері ашылуы мүмкін. Осылайша Қазақстан дүниежүзілік цивилизацияға өз үлесін қосуға зор мүмкіндік алады. Қазақстан ең бай Ураны бар, космос орталығы бар т.б. потенциалдары бар ел болса да, ол өзінің Ядросыз дамитын зайырлы, бейбітшілікті сүйетін мемлекет ретінде дүниежүзіне көрсете алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *