РИМДЕГІ BIBLIOTECA APOSTOLICA VATICANA ҚОРЛАРЫНДАҒЫ ТҮРКІ ӘЛЕМІ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ЛАТЫН ТІЛІНДЕГІ ДЕРЕКТЕР

Қалқаман ЖҰМАҒҰЛОВ

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Геттинген университетінің профессоры (Германия)

ҚР ҰҒА Құрметті академигі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Алматы/Қазақстан

Түркілер антика заманы мен орта ғасырлар дәуірінің түйісіндегі ірі этнос еді. Қазақстанның ежелгі тарихы, бұл – ғаламдық түркі тарихының құрамдас бөлігі. Бұл жерде түркі-ғұндардың тарихын терең зерттеу аса маңызды, себебі, ғұндар ІV ғасырдың екінші жартысынан бастау алатын Азия мен Еуропа тарихындағы Халықтардың Ұлы қоныс аударуы деп аталатын дәуірдің бастамасын қалыптастырды. Жалпы бұл дәуір, әлем тарихының бетбұрысты кезеңі болды. Осы уақыттан бастап, Еуразия кеңістігін мекендеген тайпалар мен халықтардың қоғамдық қатынастарында ықпалдастық, ал мәдениеті мен дәстүрінде синтез үрдістері орын алды. Сапалы жаңа өркениет пен әлеуметтік-мәдени қатынастарды қалыптастыруда бұл үдерістердің теңдесіз нәтижелері болды.

Мен манускриптері (қолжазбалары) көне, құндылығы жоғары, библиографиялық жағынан сирек кездесетін құжаттары бойынша Еуропада бірінші орын алатын Ватиканда, Ватиканның Апостол кітапханасының қорлары мен бөлімдерінде (Biblioteca Apostolica Vaticana) 2014-2015 жж. біршама ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргіздім. Түркі әлемі – Ғұн империясы, Авар және Түркі қағанаттары тарихына және орта ғасырлар кезеңіндегі Қазақстан территориясындағы мемлекеттік және тайпалық бірлестіктерге қатысты жаңа деректік мәліметтер анықталды. Бұл деректердің басым бөлігі латын тілінде көрініс алады.

Рим папаларының хаттары, хроникалар, саяхатшылардың, миссионерлердің жазбалары және өзге де нарративті сипаттағы мәліметтер Ғұн, Түркі қағанаттары, Дешті-Қыпшақ, Алтын Орда, Шығыс пен Батыстың Ұлы Жібек жолындағы ықпалдасу тарихына қатысты құнды мәліметтері бар сирек кездесетін деректер қатарын толықтырады.

Бұл мәліметтерді мен Vaticani Latini (Латын жинағы) залының қолжазба манускриптерінен таптым. Мысалы, Рим Папасы І Ұлы Левтің (440-461) хаттарында түркі-ғұндардың Рим империясымен қарым-қатынасы туралы жазбалар бар. Ол Еуропадағы үстемдік үшін теке-тіресте Шығыс Рим империясы (Византияны) ғұндарға қарсы күреске шақырды. Мысалы, 451 жылы 23 сәуірде жазған хатында понтифик: «nam inter principes Christianos spiritu dei confirmante concordiam gemina per totum mundum fiducia roboratur, quia profectus caritatis et fidei utrorumque armorum potentiam insuperabilem Facit, ut propitiato per unam confessionem deo simul et haetretica falsitae et barbara destruatur hostilitas…», — деп жазады [1].

Ғұндардың қолына 452 жылы Солтүстік Италия өткеннен кейін, олардың Римге бағытталған жолы ашық еді. Осыдан кейін Батыс Рим империясының ғұн қысымын тоқтата алмайтындығы, Аттиланың әлемдік үстемдікке жақын екендігі анық болды. Төрт бөліктен тұратын Ғұн империясының солтүстік шекарасы ғұн патшалығынан Германияға дейін созылып жатты (Skythica et Germanica regna).Рим империясының әскері ғұндарға қарсы тұра алған жоқ, ғұндардың жетістігі олардың қолын байлап тастады. Осы жерде, сол заманның теңдесіз күшті державасы Рим империясы айла-тәсілге көшеді: ғұн билеушісі Аттилаға елшілік жібереді. Елшілікті папа І Левтің өзі бастап барды: … «…et tot nobilium provinciarum lattissima eversione credita est saevitia et cupiditas hostilis explenda, nihilque inter omnia consilia principis ac senatus populique Romani salubrius visum est, quam ut per legatos pax truculentissimi regis expeteretur. Suscepit hoc negotim cum viro consulari Avieno et viro praefectorio Trygetio beatissimus papa Leo auxilio dei fretus, quem sciret numquam piorum laboribus defuisse nec aliud secutum est quam praesumpserat fides, nam tota leganione dignanter accepta ita summi sacerdotis praesentia rex gavisus est, ut bello abstinere praeciperet et ultra Danuvium promissa pace discederet» (и сильные разрушения ряда провинций, сопровождавшиеся жестокостью и алчностью врага оставляли только одну надежду на то, что власть, сенат и римский народ ничего лучшего не найдут, как просить через посольство безжалостного короля о мире. Эта задача была возложена на эксконсула Авина и экспрефекта Тригеция и блаженного папу Льва, возлагавшего все надежды на бога, который, как он знал, не оставит своих в беде. Он понимал также, что его вера ему предвещала. Все посольство было принято с уважением, король был особенно доволен присутствием высшего главы церкви, что отказался от дальнейшего ведения войны, обещая соблюдать мир и вернуться обратно по ту сторону Дуная) [2].

V ғасырдың ортасында екі Рим империясын бағындырған Ғұн державасы билеушісінің, папа бастаған елшілердің өтінішіне құлақ асып, тізе бүгейін деп тұрған Рим қаласының алдында тоқтауы, Аттиланың даналығын көрсетеді. Ол өз әскерінің тегеуірін тоқтатып, мәнсіз қирату мен тонаудан бас тартты.

Римді басып алуға тырысқан өз заманының жаулаушыларынан Аттила ерекшеленіп тұрды. Ол христиан дініне, Рим папасына өз құрметін көрсете алды. Сондықтан да болар, христиан әлемінің басты орны, Рим қаласындағы Әулие Петр соборында Ғұн империясының ұлы билеушісінің бейнесін көруге болады. Бұл – Алессандро Альгарди ХVІІ ғасырда орындаған барельеф. Бұнда 452 жылғы Аттила мен І Левтің тарихи кездесуі бейнеленген. Бұл көріністі Рафаэль Элиодор Станцасында бейнелеген.

Осылайша, басты христиан храмы Римдегі Әулие Петр Соборында бірнеше ғасырлар бойы Аттиланың мәңгілігін бейнелейтін мәні жағынан бірегей екі зат бар.

Осыған орай, осы уақытқа дейін бірде-бір басылымда кездеспеген Ғұн империясы мен Римге қатысты Аттиланың үшінші бейнесінің алғаш рет менің ізденісім нәтижесінде Ватикан мұражайынан табылғандығын баса көрсеткім келді. Бұл жерде Ватикан мұражайының құрамына кіретін галереялардың бірі туралы сөз болып отыр. Бұл галереяда Католик шіркеуінің бұрынғы иеліктерін көрсететін 40 карта әшекейлеп бейнеленген. Галерея төбесіне салынған, тарихи көріністерді бейнелеген сурет – фрескалар ерекше қызығушылық тудырады.

Залдың ортасына қарай, көптеген суреттердің ішінен мен 452 жылғы ғұн билеушісі Аттила мен І Лев папаның кездесуін бейнелеген суретті байқадым.

Бұл фресканы төбедегі өзге көркем суреттердің арасынан байқау аса оңай емес. Дегенмен, галереяның тарихи көріністерін жете зерттеу барысында маған бұл фресканы анықтау бақыты бұйырды.

Рафаэльдің жалпыға танымал Станца Элиодор (Stanza di Eliodorо), фрескасында бейнелегендей емес, «Ұлы Левтің Аттиламен кездесуі» фрескасында Аттила астындағы ақ тұлпар мен басында император тәжімен бейнеленген [3]. Оның барлық болмысынан Солтүстік Италияны бағындырған жеңімпазды байқауға болады [4].

Дәл осы Амбулей алаңында Аттила мен І Левтің тарихи кездесуінен кейін католик шіркеуі мен Рим папасының беделінің өскенін мен тарихшы-медиевист ретінде айта аламын. Империя үшін қатерлі сағатта Аттиланы Рим қаласын қиратпауға көндірген І Левке Ұлы (Leo Magnus) деген қосымша атақ берілді.

Аттила қайтыс болғаннан кейін, Батыстағы Ғұн державасы оның мұрагерлері тұсында ыдырап кетеді. Ғұндардың бір бөлігі төмендегі Дунайдың солтүстігінде қалды. Үлкен бөлігі Қара теңізге кетіп, ары қарай шығысқа Орал тауы және Арал теңізі бағытына, яғни кең байтақ Ғұн империясының ежелгі шығыс шекараларына оралды.

Ғұн одағы бұдан былай Орта Азия тайпаларының бірігуіне әсер етіп, қазақ халқының да қалыптасуына өз ықпалын тигізіп, құрамына енді.

Еуразия тарихының ортағасырлық кезеңіне өтуі мен жаңа өркениеттің қалыптасуына алып келген Еуропадағы халықтардың Ұлы қоныс аудару дәуірінде Ғұн державасы маңызды тарихи рөл атқарды.

Ғұн империясынан кейін, Батыстың тарихи аренасына VІ-VІІІ ғасырларда Авар қағанаты шықты. Аварлар – Орталық Азиядан шыққан түркі тайпалары. Ватиканның латын деректерінде олар Avari, Avares деп аталады.

Авар қағанаты мен Ғұн державасының тарихи сабақтастығын – көп тайпалығын, Шығыстан (Алтай, Орталық Азия аумағы, Иран) Батысқа (Византия империясы, герман тайпаларының одақтық бірлестігі мен патшалықтары) дейінгі халықаралық байланыстарының дамуын жазба деректер мен археологиялық мәліметтер дәлелдейді.

VІ ғасырдағы аварлар – ғұндардан кейінгі батыстағы халықтардың Ұлы қоныс аудару барысын жалғастырушылар екендігіне манускриптердің латын тіліндегі мәтінін оқи отырып, көзім жетті [5].

Енді қыпшақтар туралы біршама толығырақ тоқталайық. Қыпшақтар – Орталық Азияның ежелгі этносы қазақтардың өзегі, олардың Дешті Қыпшақ деп аталатын өз мемлекеті мен шекарасы болды. Бұл кең-байтақ аймақ: Батысында – Сырдария, Шығысында – Ертіс, Оңтүстігінде – Жетісу, Солтүстігінде – Еділ (Волга).

Мен Ватикан кітапханасында, шығысқа – Орталық Азияға, одан шығысырақ, яғни, Монғолия мен Қытайға барған Еуропалық саяхатшылардың мәліметтеріне ерекше көңіл бөлдім. Бұл тарихи деректердің ерекше түрі, халықаралық қатынастар тарихына, шаруашылыққа, тұрмысқа, әлеуметтік-саяси қатынастарға, дін мен ділге қатысты ерекше құндылығы бар.

ХІІІ ғасырдың басынан ХV ғасырдың ортасына дейін Шығыс және Орталық Азияға саяхат жасаған (өзім анықтаған) 126 есімді көрсетемін. Олардың басым бөлігі көпшілікке танымал емес. Кейбір Батыс Еуропа тарихымен айналысатын жеке мамандарға ғана белгілі болуы мүмкін.

Мысалы, төмендегі есімдерді көрсетуге болады: Balduin von Hennegau, Odorico da Pordenone, Isachus Venerio (Venier), Jacobus von Florenz, Paschalis Hispanus de Victoria, Gottifredo Morosini, Giovanni Querini және бірқатар саяхатшылар мен миссионерлер [6].

Италия саяхатшылары Орталық Азия мен Қыпшақ қағанаты (Khanat Кipchak) арқылы өтетін жолдарды белгілеген. Бұл жерде «қағанат» анықтамасы «мемлекет» деген мағына береді. «Қағанат» деген түркі термині өз мазмұны бойынша «мемлекет» терминімен біртектес. Ватикан кітапханасының материалдарында Алтын Орда, Шағатай мемлекеті, олардың хандары мен билігі туралы көптеген мәліметтер бар.

Жоғарыда айтып өткендей, деректер қыпшақ қағанатын жеке саяси және мемлекеттік бірлестік ретінде суреттейді. Мысалы, Құбылай хан заманында оған Шағатай қағанаты, Қыпшақ қағанаты немесе Парсылар бағынды деп көрсету, ескірген көзқарас болып табылады.

Қазақстан тарихы, түркі әлемі және Орталық Азия тарихы үшін Рим папалары мен Алтын Орда хандарының арасында жазылған хаттар ерекше құнды болып табылады.

Баяндамада сөз болған бірегей мәліметтер Қазақстан қоғамын рухани-көрегенділік астарында тәрбиелеу үшін маңызды. Бұл латын тіліндегі мәліметтер Қазақстан тарихы, түркі әлемі, сонымен қатар дүние жүзі тарихы бойынша іргелі еңбектер жазу үшін қажетті деректік және ғылыми қорларды толықтырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *