Бауыржан Талғатұлы КАУМБАЕВ Археология және этнология мамандығының 3 курс студенті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Астана/Қазақстан
Жуантөбе қаласының орны Арыс өзенінен оңтүстікке қарай 1,5 км қашықтықта, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Көлтоған ауылының оңтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Қала жұрты дөңгелектенген бұрыштарымен шартараптың төрт бұрышына бағытталған, қамал орталығының нобайы пішіндес келген төбеден тұрған. Пандус – кіре-берісінің орны солтүстік-батыс бөліктен байқалған. Төменгі жағының аумағы – 165х130 м, жоғарғы деңгейдегі аумағы – 65х90 м, биіктігі – 20 м астам төбені құраған. Қала жұртының аумағы шамамен 14 га жуық, жалпы ауданы – 380х380 м құрайды.
Жуантөбе деп аталған атауына лайық қаланың биік қамалы Арыс өзенінің сол жағалауындағы жайпақ еңіс және қамалды айналдыра қазылған терең ордың әсерінен ерекше еңселі көрінеді. Бұл тарихи ескерткіш ғалымдар мен зерттеушілерді әрқашан қызықтырып келген. Жуантөбе туралы алғаш жазба дерек қалдырған орыс зерттеушісі Н.П. Остроумов болған. Ол 1893 ж. Мамаевка (Көлтоған) селосының маңынан күміс және мыс теңгелер көмбесінің табылуына байланысты қала орнын көріп, алғашқы сипаттамасын берген. Осылайша, ескерткіш ХІХ ғ. аяғында зерттеушілер назарына ілігіп, шағын сипаттамасы берілген.
ғ. 50-жж. Жуантөбе орнын белгілі археологтар Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич зерттеп, табылған материалдар негізінде ескерткішті VІ-ХІІ ғғ. мерзімдеген. 1986 ж. А.Н. Грищенко төбе үстінен б.з. ІІІ-V ғғ. жататын ерте кезең қабаттарын ашқан. Одан кейінгі кезеңдерде қала орны арнайы зерттелмеген.Жуантөбе қала жұртындағы жаңа зерттеулер мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өз жалғасын тапты. Қазба жұмыстарын Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізді, оны академик К. Байпақов басқарды. Төменде аталған қаланың «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде зерттелуіне қысқаша түрде тоқталамыз.
2004 ж. зерттеулер. Алғашқы жылы қазба қаланың орталық бөлігінде жүргізіліп, оның көлемі – 24х26 м, жалпы аумағы – 524 шаршы м құраған. Орталықты айналдыра ені 20-40 м аралығындағы, биіктігі 2,5-3 м дуал қоршалып ортаңғы бөліктен ормен бөлініп тұрған дөңестер болған. Жыралармен бөлінген, шамамен бес жекелеген құрылыс учаскесінің орны байқалған. Қоныстанған біртұтас аумақты құрайтын ауданның оңтүстігі мен оңтүстік-батысындағы төбелердің көлемі елеулі болған.
Қазба жұмыстары кезінде беткі шым қабатының астынан дуал қалдықтары мен мәдени қабат үйінділерінен тұратын қираған құрылыс іздері байқалған. Бұл қабат нашар сақталғандықтан бастапқы жобаны көрсете алмаған. Қазба барысында оңтүстіктен солтүстікке созылып цитадельдің кіре берісіне тірелетін ұзындығы 26 м көше тазаланған. Ол керамиканың кішігірім бөлшектері араласқан топырақпен басылған. Табылған олжалар ішінде темір жарты ай немесе түйреуіш түрінде жасалған ат әбзелдерінің бөлшектері, белдік бөлшегі кездескен. Қала жұртының орталық бөлігіндегі құрылыс кешенінен екі-үш бөлмелі үйлерден тұратын тоғыз тұрғын-жай шыққан. Олар өз алдына бір кварталды құраған. Үйлер тікбұрыш пішінді келетін еден үстінде орнатылған ошақтармен жылытылған. Қала жұртының орталық төбесіндегі тұрғын үй кешенін қазу кезінде құмыра, саптыаяқ, құтылардан тұратын қыш ыдыстар тобы жиналды. Олар әртүрлі өрнектермен бедерленген, қызыл және қоңыр ангобпен сырланған. Қара ангобпен боялған және «иректелген жапырақшалармен» безендірілген тостаған бөліктері осы топқа жатқызылған. Оларға ұқсастық Отырар алқабындағы «қаңғар кешенінен» табылған. Қала жұртының солтүстік баурайындағы «соғдылық үйден» өзіндік ерекшелігі бар керамика тобы табылған. Бұл жиынтық VIII ғ. Пенджикенттің соғдылық керамикасынан ұқсастық табатын құмыралар мен тостағандар болып табылған. Үйдің салынуы қаланың өмір сүру уақытының соңғы кезеңіне сәйкес келген. Қала орнынан табылған олжалардың ішінен терракотты мүсіндер ерекше қызығушылық туғызған. Оның біреуінде ер адам бейнеленген. Жақсырақ сақталған екінші мүсіндегі ер адамның үстінде шапаны, қолында аса таяғы болған. Сопақ еденде қыр мұрынды, бадам көзді ер адамның бейнесі барельефті түрде жапсырмаланған. Басындағы шашы төбеге көтеріліп бапталған. Мұрты қыртыспен көрсетілген. Ер адам балтырына дейін жететін шапан киіп тұр. Шапан етегі тік сызықтармен безендірілген. Ер адамның бір қолында шоқпар, екінші қолында аса таяқ бар. үлгінің биіктігі 10 см, ені 5 см болған. Осыларға ұқсас терракоталар Орта Азияда белгілі және V-VІІ ғғ. мерзімделеді, олар түрік-эфталиттер ортасында кең таралған.Қазба барысында табылған сасанидтік күміс теңге жоғарғы қабаттың мерзімін анықтауға мүмкіндік берген. Теңгеде бет-әлпеті оңға қаратылған патша бюсті бейнеленген. Басына екі жайылған қанат бар тәж кигізілген. Қанаттар арасында жарты ай мен жұлдыз бейнеленген. Теңгенің бос жерлерінде пехлеви тілінде жазу жазылған. Зерттеушілер теңгедегі сурет пен жазуларға қарап оны көп кездесетін сасанидтік патша ІІ Хосроу (590-628) соқтырған деген шешімге келген. Осылайша, Жуантөбе қазба материалдары қала жұртының жоғарғы қабатының уақытын VІ-VІІІ ғғ. деп көрсетуге мүмкіндік берген [59, 66-б.].Олар жасалу сапасы мен безендірілу жағынан араб билеушілері шығарған теңгелерге ұқсас келгенімен, Дж.Уолкер пікірінше, бұл теңгелер араб билеушілері тұыснда шығарылды деген айғақтар жоқ. Сондықтан олар Хосроу билеген кезеңде шығарылған деп саналады.
Цитадельдің солтүстік-батыс бөлігіндегі № 4 қазбаның солтүстігінен стратиграфиялық барлау қазбасы салынған. Жұмыс барысында бес құрылыс қабаты анықталған. Бірінші құрылыс қабатынан босап қалған дуалдардың іздері байқалған. Зерттеушілер алғашқы құрылыс қабатын тазалаған соң, екінші қабатының екінші еденіне және ондағы құрылыс орындарына түскен. Қазба ауқымында төрт бөлме тазаланған. Екінші бөлмеден шамот араластырыла қара балшықтан, қолдан жапсырылған керамика (қазандар, құмыралар, тостағандар) жиынтығы табылған.
Екінші құрылыс қабатының бекініс дуалы қайта соғылғаны байқалған. Оның төменгі бөлігі үшінші құрылыс қабатының еден деңгейіне жеткен және VІ-VІІІ ғғ. жатқызылған. Үшінші құрылыс қабаты деңгейінде барлау қазбасының аумағында бөлмелері бар бекініс дуалдары ашылды. Барлау қазбасының шығыс бөлігінде қабырғасына бекітілген сырғауылдардың қалдықтары бар кішігірім бөлмелер орын алған. Сырғауылдар қабырғаға тігінен қадалып бекітілген, соған қарағанда, оның үстінен жатын орын ретінде пайдалану үшін ағаш тақтайлар төселген болуы керек. Қыш сынықтары мен темір қазықтар осы бөлмеден көбірек табылған.
Одан төмен түскенде, 9-10 ярустар деңгейінде бесінші құрылыс қабатының қаңқалары шыға бастаған. Бесінші құрылыс қабатын зерттеу барысында тік кесіндіден аралас әдіспен қаланған қабырға шыққан. Зерттелген учаске аумағында екі бөлме анықталған. 11-деңгейден бөлмелердің бірінің деңгейі ашылған. Барлау қазбасының осы бөлігінде төменге түсу барысында екінші құрылыс қабатының бекініс дуалының жөндеу қаптамалары алнып тасталған. Жөндеу қаптамаларының жоғарғы бөлігіндегі қалыңдығы 20 см, төменгі бөлігі 30-35 см болған.Бесінші құрылыс қабатының пахса дуалдарының қалыңдығын анықтау үшін батыс жиектің бойымен кескіндеме жасалған. Кескін ұзындығы 12 м, ені 2 м, тереңдігі 1,5 м жеткен. Кескін нәтижесінде әр уақытқа жататын дуалдардың қалыңдықтары біркелкі еместігі анықталған. Егер сыртқы дуал қалыңдығы – 120-130 см құрап, түбіне қарай – 160-176 см жетсе, ішкі дуал қалыңдығы – 100-120 см болған. Бесінші құрылыс қабатының астынан алтыншы құрылыс қабат шыққан. Бұл қабаттың дуалы сабан араластырылған балшықпен сыланған [59, 67-б.].
Жуантөбе қалашығындағы зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Зерттеушілер қала жұртының қалың қабатын ІХ ғ. жатқызады және оны кейбір тұжырымдарда айтылатын уақыты бойынша сәйкес келетін Х ғ. Усбаникет қаласымен байланыстыруға болмайтынын атап өтеді.