НАУРЫЗ – МЕМЛЕКЕТТІЛІК ПЕН ІЗГІЛІК МЕЙРАМЫ

Ханкелді ӘБЖАНОВ

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры

Алматы/Қазақстан

ata53@mail.ru

Наурыз – Еуропа мен Азия құрлықтарында кем дегенде үш мың жылдан бері тойланып, әлденеше халықтардың салт-дәстүріне айналғанына қоса салтанатты іс-шараларымен әркімнің көңілін шаттыққа бөлейтін, болашаққа сенімін арттыратын ұлық мейрам. Тоталитарлық билік үстемдік құрған Қазақстанда ол 1926 жылдан ресми аталуға тиым салынғанмен халық жадынан өшпеді. Ақыры 1988 жылы коммунистік басшылық қалың көпшілік көңілінен шығу ниетімен жыл басы Наурызды тойлауға рұқсат берді. Алғашқыда бұл той сәуір-мамыр айларында да аталып жатты. Жүйелі жолға түскеніміз кейініректе ғой.

Еліміздің батысында ол 14-наурыз күні «көрісу» деген ерекше атаумен ашылады. Қараша мен желтоқсанда күшіне кірген қыстың құрсауынан шыға алмай қалған ел-жұрт, ағайын-туыстар арада 4-5 ай уақыт өткен соң ғана қатынас жолдары ашылып, әрі-бері жүруге мүмкіншілік туғанда қайта қауышуға, көрісуге қолдары жеткендіктен осылай атаса керек. Менің ойымша, «көрісудің» маңызы мен қадірін арттырған жөн. Сонда ұлық мейрамды ұлықтау 2-3 күн ішінде тына қалмайды. Қытайлар тәрізді жаңа жылды бір ай бойы дүркіретпесек те, неге 10 күн қатарынан қызықтамасқа.

Наурыз мейрамы аясында үлкен-кішінің араласуымен атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурызкөже дайындалады, көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын-ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Наурызды жыл басы деп танығанымен оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. Ұлы Абай айтқандай: «… ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен».

Осының бәрі адамдардың өзара сыйластығын, түсіністіктерін бекіте түсу үшін қажет. Адамдар арасындағы достық пен сенім қоғамның тұрақты да орнықты дамуына ауадай қажет екендігін дәлелдеудің өзі басы артық әурешілік. Демек, Наурыз мейрамы мемлекеттілікті сақтаудың басты шартын ғана көрсетіп қоймайды, мемлекеттілігін қалыптастырған халықтардың болашаққа ұмтылысын да бейнелейді. Наурыз мейрамын «Ұлыстың ұлы күні» ретінде ұлықтаудан осыны көргеніміз ләзім. «Ұлыс» сөзінің дәлме-дәл баламасы – «держава». Бұл ұғым-түсінік төрт құбыласы тең мемлекетке қаратыла айтылады. Адамды адамның қанауы шектен шықпаған, дәстүрлі демократиясы бай мен кедейді бір-біріне ата жауға айналдырмаған, бодандық пен отарлықтың ауылы алыс қазақ елінде Наурыздың арқалап тұрған жүгі тіпті ерекше еді.

Наурыз мемлекеттілікпен, заңмен, ресми билікпен тығыз астасып кеткенін кезінде тап осы күні бай мен жарлының теңескенінен, тіпті жүріп жатқан соғыс қимылдарының тоқтайтынынан көруге болады. Күн мен түннің теңелгені, алдағы уақытта күннің ұзақтығы артатыны қоғамдық санада адамның, мемлекеттің өмірінің ұзарғаны, жасампаз қабілетінің артқаны ретінде қабылданып, амандықтың жамандықты жеңгеніне дәлел орнына жүрді. Мемлекет үшін бұдан артық қандай құндылық болуы мүмкін. Елбасымыз Н. Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Наурыз – ерлік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Наурыз – адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне бөлмейтін жалпыхалықтық ізгі мереке. Біздің ұлттық құндылықтарымыз, рухани мұраларымыз әз-Наурызбен біте қайнасқан».

Наурыз мемлекет пен азамат арасындағы жарасымды арттырып қана қойған жоқ. Ол – табиғаттың құдіретін ұлықтаған мереке. Бұл күні ағаш, гүл отырғызылуы, оларға су құйылуы, адамның жануарларды ұрмауы, дала құстарына жем шашылуы табиғат-ананың бәрінен биік екенін жұлдызды сәтте мойындау ғой.

Ұлыстың ұлы күнін қандай ғана болмасын дінмен шатастыруға негіз жоқ. Наурыз – мемлекеттік саяси идеологияның жүзеге асқан көрінісі. Ол әлемдік діндер, мемлекет пайда болғаннан да бұрын адамдар өміріне кірген тәрізді. Бірақ биік мәртебемен тойлануына ынталылық білдірген, сонысымен қадір-қасиетін арттырған күштердің маңдайалдысы, әрине, мемлекет пен мемлекеттік билік. Тап осы мәселеде адамның, қоғамның, мемлекеттің көздегені – татулық, ізгілік, бейбіт тұрмыс, еркіндік, азаттық – бір арнаға тоғысты.

Әз-Наурыздың діни мазмұны мен сипаттан адалығы ешкімді жасына, жынысына, ұлтына, әлеуметтік мәртебесіне қарай алаламайтынынан көрініп тұр. Мейрам күні еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, құрық ұстаған жылқышыдан тақтағы патшаға дейін өзінің де, елінің де тілеуін тілейді. Омар Һайам: «Кімде-кім Наурыз мерекесінде қуанып жүрсе, келесі наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күнді ғалымдар белгілеп берген», деп жазуы әсте бекер емес.

Еуразия кеңістігінде орналасқан Қазақстан Батыс пен Шығыс өркениеттерін ежелден жатсынбай қабылдауда, бойына сіңіруде. Екі өркениет арасындағы бәсеке мен өзгешеліктерді де сезінуде. Солардың бір парасы Батыс жаңа жылы мен Шығыс Наурызы арасында жүріп жатқандықтан әзірге ол 1 қаңтардың пайдасына шешілуде. Себебі, 1 қаңтарға даярлықты бір ай бұрын бастаймыз, құлаш-құлаш жарнамалар ілінеді, БАҚ көтеріңкі көңіл-күйге толы мақалалар жариялайды. Наурыз тойы қарсаңында осылардың оннан бірі де атқарылмайды.

Наурызды қарсы алу, тойлау жаңаша ізденісті талап етеді. «Шын мағынасында Жаңа жыл енді келді, табиғатпен бірге адам да жаңарды» деген идеяны ұлықтай отырып, алдын ала жарнама жасалып, хабар таратылып, жарыс, ойын-сауықтар өткізілгені жөн. Әдетте желтоқсанның аяғында біз жылдың қорытындысын шығарамыз. Осындай салтанат Наурызға жетпей жатыр. Елде өткен түрлі жарыс, байқаудың нәтижесі Наурызда да шығарылып, мемлекеттік марапат, үкімет сыйлығы Наурызда берілуі керек. Наурызда мемлекеттік марапат беріліп, басқа да түрлі игі шара іске асып жатса, онда халық, әрине, оны асыға күтеді. Наурызды саясаттың өте пәрменді тетігіне айналдыратын уақыт келді. Оның мәні киіз үй тігу емес. Наурыз тойы мемлекеттік саясат, идеология, тәрбие шарасының басы мәртебесіне көтерілсін. Қазақстандық патриотизмді І Петр бекемдеген 1-қаңтармен қалыптастыра алмаспыз, ал әз-Наурызбен қомақты нәтижеге қол жеткізетініміз ақиқат.

Әрине, тойдың көп болғанынан зиян жоқ. Дегенмен, үш тойды – Тәуелсіздік күнін, Наурыз мейрамын, Құрбан айт күндерін бәрінен биік қойсақ мемлекет құраушы ұлттың ішкі тұтастығын арттыра түсер едік. Бұған құқықтық негіз де бар. 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-сессиясында 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні ретінде танылды. БҰҰ наурызды атап өтетін мемлекеттердің Наурызбен байланысты дәстүрлер мен мәдениеттерді сақтап қалу және ары қарай дамыту шараларын қолдайтынын білдірді. Қажет болған жағдайда Наурыз мерекесінің танымалдылығын арттыру үшін күш салуға мүше-мемлекеттерді ынталандыратынын мойнына алды. Әлемдік қауымдастықты Наурыз жөнінде хабардар ету үшін осы мереке аталып өтетін мүше-мемлекеттерді Наурыздың шығу тарихын зерттеуге шақырды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның пікірі де қабылданған шешімді қуаттай түседі. «БҰҰ Бас Ассамблеясының Наурызды (Новруз, Навруз-байрам, Яран Сувар) «Халықаралық күн» деп тануы туралы шешімі, — дейді ол, – мереке маңызының белгілі бір аймақтарда ғана емес, бүкіл әлем бойынша артып келе жатқанының айғағы. Мыңжылдықтар бойы астрономиялық көктем келетін уақытта, яғни күн Экваторды кесіп өтіп, солтүстік жарты шарды артқа тастаған мезгілде Балқан, Қара теңіз бассейіні, Орталық Азия, Таяу Шығыс және басқа да аймақтар халқы осы мерекеге айналған әдет-ғұрыптарын жасайды».

Наурыз мейрамы құтты болсын! Баршамыздың рухымызды көтеретін ұлық мереке Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін, интеллектуалдық әлеуетін арттыратынына кәміл сенемін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *