Әсем ОРЫНБЕКОВА
«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы РМҚК» ғылыми қызметкері
Түркістан/Қазақстан
Түркістан оазисі көптеген ғасырлар бойы ауыл шаруашылығы, сауда, қолөнер өркендеген саяси эконимикалық және мәдени даму орталығы болған. Түркістан қаласының маңындағы Иқан, Қарашық, Қарнақ т.б. қоныстар жер өңдеу жақсы дамыған, ежелден белгілі жерлер.
XIX ғ. екінші жартысындағы В.Полторацкийдің, Н.А.Тарановтың, К.Абазаның деректерінде қаланың тұрғындарының көбіне-көп сауда, жер өңдеумен айналысатыны, бау-бақша, көп мөлшерде қауын, қарбыз егетіні туралы жазылған [1]. Түркістан өңірінде және қалада жергілікті ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге негізделген кәсіпшілік түрлері дамыды. Жергілікті қолөнер шеберханаларында дайындалған өнімдер тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып отырды.
“Әзірет Сұлтан” қорық мұражайының қоры мен экспозициясындағы XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы жергілікті жерде дамып, қолданылған кәсіпшілік түрлерінің көрінісі майжуаз, арба, ши, келі-келсап, ағаш астаулар, табақ, ожау, қасықтар, керамикалық ыдыстар секілді заттар сол кезең-де осы кәсіптердің өрістегенін бейнелейді.
Түркістан оазисінде дамыған кәсіптердің жергілікті шикізат негізінде жасалғанын және көптеген ғасырлар бойы қалыптасып, қолданылып келгенін көрсетеді. 1819-1864 жылдар аралығында Түркістан Қоқан хандығының құрамында болды. Ол кезде жергілікті халықтың тұрмысқа қажетті заттарын өндіретін, өңдейтін кәсіпшілікті өркендеткені белгілі. 1864 жылдан бастап Түркістан патшалық Ресейдің құрамындағы болып, 1872 жылы уездік қала ретінде үлкее түседі. XIX ғ. 60 жылдары қалада 20 кварталдық мешіт, 22 су диірмені, 21 тері зауыты болса, 1912 жылғы дерек бойынша өндірістік және сауда мекемелерінің санатында 4 мақта тазарту, 10 май өндіру, 8 сабын қайнату, 15 су диірмені болған [2]. Бұл жерде 1912 жылы жұмыс істеген май өндіру зауыттары мақта тазарту зауыттарының шикізаттарының, яғни мақта шит-терінің негізінде жұмыс істеп, май өндірген болуы керек. Патшалық Ресей кезеңінде ірі өндірістер салуға мүдделі емес еді және әр түрлі ауыл-шаруашылық өнімдерін алғашқы өңдеу өндірістері ғана ашылғаны белгілі. Оның бірі – мақта егу болса, оның қалдығынан май өндіру өндірісінің дамуына алып келген. Ал, жергілікті жерде көптеген ғасырлар бойы май алып келе жатқан жергілікті майжуаз аспабын пайдаланған май өндірістері болды.
Музей қорында сақталып, келушілерге экспозицияда көрсетіліп отырған жуаз бөлшегі осы өндірістің заттай бір көрінісін бейнелейді. Жуаз бөлшегін жасаған шебер көбіне ағаштарды құрсаулау арқылы жұмыс істеген. Музей экспозициясында тұрған жуаздың жеті ағаш бөлшегі көрсетілген. Екі бөлігі төртбұрышты ағашты пайдаланып жасалған, ал ағаш діңінен жасалған бөлігінің ұзындығы 2-2,5 метрден асада. Бұл бөлігінің төменгі жағы жерге көмілген, жоғарғы бөлігі май алатын өсімдік дәнін т.б. салуға арналған, ағашпен шегенделген дөңгелек ойық, келі сипатында жасалған. Жергілікті шеберлер жуаз аспабын жасауда үлкен шеберлікті игергені байқалады. Жуаздың әрбір бөлшегі өңделіп, ағаштармен бекітілген. Майжуазды жасауда бір ғана материал — ағаш қолданылған және бірде бір шеге, немесе металл бөлшегі қолданылмағаны байқалады. Ағаштар бір-біріне жымдастырылып жасалған. Жуазды жасауда үлкен діңді ағаштарды және жас талдар қолданылған. Жуаз аспабын дайындаудың шеберлері болған және олардың кәсіпке маманданғаны күмәнсіз. Сонымен, майжуаз — май өндіретін аспаб. Ол жуаздың терең жерге көмілген құндағынан және піспектен тұрады. Негізгі құндағының жоғарғы бөлігінде екі ойық жасалған. Бірі — түбінде жарты шар секілді дөңгелек ойығы бар, ол піспектің диаметрінің көлеміне сай болып келеді,ал екінші ойығы май құйылып тұруға негізделген. Піспекті негізінде қара ағаштан жасаған, төменгі бөлігіне төртбұрышты арнаулы жылжымалы ағаш жастықша кигізілген. Жоғарыда атап өтілген екі төртбұрышты ағаш жастықша әр түрлі ұзындықтағы ағаштармен ұштастырылып дөңгелек ағаш белбеулергмен біріктіріледі. Майжуаздың негізгі ағаш келісіне салынған өсімдік дәндерінен ағаш піспектің көмегімен, жылқының күшін қолдана отырып май алынған. Май келінің төменгі бөлігіне дәнннің сыртқы қалдығы түспес үшін ішіне сабан немесе зығырдың сабақтары салыныпқоятын болған. Майжуаз аспабы келесі бөлшек-терден тұрады:
Жуаз құндағы немесе май келі
Ағаш піспек
Екі ойықты жылжымалы екі ағаш жас-тықша
Ағаш шеңбер-белбеу – ол жастықшаның қозғалуына кедергі жасамай піспекті ұстап
тұрады.
XIXғ. аяғы XXғ. басында қазақ жер өңдеу-шілері май өнімін беретін күнжүт, зығыр, кенеп, қауын т.б. өнім түрлерін еккен. Оңтүстік Қазақстанда кендір, зығыр, махсардан жақсы өнім алынып отырған. Алынған майды жергілікті халық тек тамаққа ғана емес баспананы жарықтандыруда да кең қолданды. Май алуда пайдаланған күнжүт, зығыр, кендір өсімдіктерінің маңызы үлкен болды. Ел зығыр, кендір өсімдіктерінен тек май алып қана қоймай, арқан жіптерін дайындап, кенеп мата жасаған. Оңтүстік Қазақстанда май алу үшін көбіне қауынның дәнін пайдаланған және ол жуазда ешбір қоспасыз өңделді. Кей жағдайда қауынның дәнін күнжіттің дәнімен араластыра отырып май алатын болған [3]. Орта Азияда мақта шектеулі көлемде, тек отбасы сұранысына негізделіп егілді және ең кең тараған мақта түрі қара шитті мақта болды. Түркістан ауданындағы Қарашық, Қарнақ т.б. ауылдарында жуазды кең пайдаланғаны белгілі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша әрбір үйде жуаз болған, оны әрбір отбасы өздеріне қажетті май алу үшін қолданып, ал өз қажетінен артылған май өнімдерін сатып отырған. Түркістан ауданында егілген өнім ішінде май алу үшін ең көп қолданылған бақша өнімі қауын болды. Жергілікті жерде қауынның май алатын дәнін «қауынның шопағы» деп атайды. Жуаздың көмегімен жергілікті жерде көбіне қауынның дәнінің майы алынып отырды. Ертеден — ақ қазақтар қауынды кептіріп қауын қақ, қайнатып қауын құрт, қауын шек жасағаны белгілі. Қазіргі кезге дейін Түркістан ауданының тұрғындарының қауын өнімінен жасаған қағы, шегі мен құртын тал-қанын қазғргі күні де ел кең пайдаланады. XIXғ. аяғы XXғ. басындағы Түркістандағы май шайқау өндірісінің дамуы ертеден келе жатқан, жергілікті егіншілікпен айналысқан елдің алған өніміне негізделді. Музей қоры мен экспозициясындағы келі мен келісап, ағаш ыдыс-аяқтар, табақтар, ағаш астаулар, қоқан арба түрлері ағаш өңдеу кәсібінің заттай дерегі болумен қатар елдің рухани және материалдық мәдениетін көрсетер жәдігерлер. Майжуаз аспабымен май шайқаса, келімен бидай, жүгері өнімдерін түйіп өңдеген. Ағаштан жасалған ыдыс, табақтар сол кезеңде ғана кең қолданыста болған, ал қазір тек музейден ғана көруге болады.
XVIII-XIXғ.ғ. мерзімделген екі ағаш астаулар (кк-19/1, кк-19/2) зияратқа келушілерге арнап пісірілген халім ботқасын салуға арналған. XIV ғасырдың екінші жартысындағы Әмір Темірдің «Вакуф-тық грамотасында» арнайы әзірленетін халім асына арналып бөлінген бидай, қой, отынның мөлшері туралы деректер кездеседі. Кезінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «Асхана» деп аталған бөлмесінде әзірленген, жиырма сағаттан астам уақыт бойы дайындалған асты жұма намаздан соң келушілерге үлестіру үшін ағаш астауларға салып қазандық бөлмесіне жеткізген. Бұл екі астауды «ағаш шара» деп те атайды. Астаулар (шара) ағаштан ойып, шауып жасалған [4]. Әсіресе суға төзімді, ұзақ қолданысқа ыңғайлы ағаштар түрі пайдаланылды. Екі астаудың да шытынаған жерлері темірмен құрсауланып жөнделген. Ағаштан жасалған Асхана бөлмесіндегі халім ботқасын салуға арналған ыдысты ел бірде «астау» десе, бірде «шара» деп атайды. Сонымен қатар музей қорындағы ағаштан жасалған ағаш астау, тегене, табақтар, ожаулар мен қасықтар ағаш шеберлерінің ыдыс-аяқты жонып, ойып жасаудағы шеберлігін көрсетеді және бұл дәстүрді қазіргі кезге дейін қазақ шеберлері жалғастырып келеді. Ағаш ыдыстар қарапайым, ешбір өрнексіз, күнделікті ел тұрмысында ет салуға, тамақ ішуде кең қолданылған. Мұндай ыдыс-аяқтарды жасау үшін тамақ тез бұзылмайтын, жағымды иісі бар ағаш түрлері таңдалды. Дайын болған ағаш ыдыстар арша түтінімен ысталып, қайнатылған май сіңдірілген және ол заттың берік болуына, ұзақ уақыт қолдануға мүмкіндік берді .
Музей экспозициясы мен қорындағы ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар сол кезеңнің қайталанбас дәстүрі мен затты өңдеп, жасаудағы үлгісін көрсетер құнды заттар. Қазіргі кезде де ағаш шеберлері тамаша, заман талабына сай мұндай заттардың үлгісін жасай алатыны анық. Бірақ сол кезеңдегі өмір тынысы мен заттарды өңдеу, шебердің сол затты жасаған уақыт пен ортаның ерекшелігі тек аталған бұйымдарда қайталан-бас сипатта бейнелеген.
Түркістан өңірінде арба жасау кәсібінің кең дамуы байқалады. Көп жағдайда көптеген ғасырлар көлемінде көшіп-қону, байланыс құралының маңызды буынының бірі — арба болғаны белгілі. Осы бір маңызды тасымалдау құралының қолдануға ыңғайлылығы қарастырылған. Арбалар көктем, жаз айларында үлкен сұраныста болған және арнайы арба жасайтын шеберлер мен шеберханалар жұмыс істегені белгілі [5]. Музей экспозициясындағы арба жасалу технологиясына қарай «қоқан арба» деп аталған. Үлкен екі дөңгелегі мен басқа да құрастырылған бөлшектерінің негізгі материалы ағаштан жасалған. Сонымен қатар шойын бекіт-кіштер де қолданылған. Өлкеде арба жасайтын ұста шеберлері сұраныстарға сай жұмыс істеген және арбаның түр-түрлері қолданылып отырғаны белгілі. Музей экспозициясында тұрған қоқан арба да көлік қатынасы құралының бір көрінісін бейнелейді. Қазақтарда арбаларды «екі аяқты арба», «төрт аяқты арба» деп атаған. Екі аяқты дөңгелекті арбалардың бейнесі Қазақстан петроглифтерінде кең түрде су-реттелсе, ортағасырдағы В.Рубруктың дерегінде жазылып, XVIII ғасырдың суреттерінде кездеседі .
XIX ғ асырда да арба жасайтын ұсталар бұл кәсіпті өрістетіп, дамытты.
Қазіргі кездегі мұражайда сақталған қолөнер кәсіпшілігінің осы түрінің туындысы бұл өнердің халқымыздың тіршілігінде зор маңызға ие болғанын көрсетеді. 1866-1872 ж.ж. Түркістан фотоальбомында қазақ ұстаханасы, қамыс өндірісі, қамыс бұйымдарын сату, май шайқау, киіз үй жасау, арба өндірісі, ағаш ұқсату т.б. кәсіптің түрлері бейнеленген. Қамыс өндірісі кең өріс алды, өнімдері тұрмыста кең пайдаланылған күн көріс көзі болған кәсіптің бұл түрі өте кең ауқымда қолданылды. Қамыс үйлердің төбесін жабуда, киіз үйлерде, қоршау т.б. ретінде көп пайдаланылған. Ши тоқу да көнеден келе жатқан кәсіптің түрі екені анық. Археологтар қазған Бешатыр қорғанының жерлеу орындарынан шидің іздері табылып отырғаны белгілі. Ел өз шаруашылығында қамыстан, шиден әр түрлі шыпта, төсеніштер жасаған. Қолөнер ісінің бұл түрі арзан әрі төзімді және тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында кең қолданылды. Қазақ шеберлері ши бұйымдарын үш түрге бөлген. Қазақ халқының қолөнерінде шилердің түрін ақ ши, ораулы ши, шым ши деп жіктеген [2, 96]. Ақ ши оралмай құр өзі , ораулы ши оралып,
өрнектеліп, әр жерінен оралып тоқылған. Өре ши, шабақ ши, шым ши деп аталған түрлері тоқылу мен өрнек са-луына қарай ерекшеленіп отырды. Музейдің XVI ғасырда салынған «Шығыс моншасы» экспозициясына қойылған тоқылған шилер осы ши тоқу кәсібінің бір көрісі деуге болады. Бұл шилерді өре ши, ақ шилер деп атауға болады. Ешқандай ою-өрнексіз, шиді бояп он жерінен бірдей қашықтықта кендір жіппенкүрмеп тоқыған. Аталған шилер шығыс моншасының негізгі жуыну бөлмесіндегі тазалық ойықтарын жабу үшін қолданғанын көрсетіп тұр. Ортағасырлық моншада бұл тазалық ойықтарын жабуда шымылдық ретінде ши немесе басқа да материалдар қолданғаны анық. Осыған орай ойық жапқыш ретінде пайдаланған шилер, ши есік, тұс ши, терезе жапқыш болған. Қазақтарда ежелден ши тарту, оны аршу, орау, жүн орап тоқу науқаны болған және тұрмыстарында ерекше орын алғанын «ши тарту», «ши-шымылдық» билері мен ойындарынан көруге болады . Шығыс моншасынының тазалық ойығындағы шилердің өре ши, ақ шилер деп аталған түрлері ойық жапқыш қызметін атқарды. Көптеген кәсіптің түрлерінің өркендеп, тұрмыста кең қолданғанын айғақтар этнографиялық материалдармен қатар музейдегі археологиялық материалдардың да орны ерекше. XVIII-XIX ғ.ғ. Түркістан қаласындағы керамика өндірісінің дамуын археологиялық қазба жұмыстары кезінде археологтар тауып, зерделеген материалдар дәлелдеп отыр [1, 209]. Қазба жұмыстары кезінде табылған, үлкен
керамика кешендерін түрлі шаруашылық мақсатта қолданылған керамикалық ыдыстар құрайды.
Бұлар астық, сұйықтық, ас сақтауға және ас ішуге арналған хум, құмыралар, орта кеселер, табақтар, піспек, күбілер т.б. болды. Көзеші-лердіңбояу езетін ыдыстары, затты пеште күйдірген кезде қолданылған тұғырлар бұл кәсіптің дамығанын көрсетеді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Ескі Түркістаннан табылған керамика күйдіретін пештер, XIX ғасырдағы Түркістан көзешілерінің мөрлері түсірілген керамикалық ыдыстар аталмыш кәсіптің жақсы өркендеп, сұраныстарға сай өнім шығарғанын көрсетеді [1, 220]. Көзешілер тек ыдыстарды ғана жасаумен шектелмеген, сонымен қатар үскірік, балалардың ойнауына арналған ойыншықтар да жасаған. Мұражайдағы ат бей-несіндегі ойыншық үскірік осының заттай дәлелі деуге болады. Оңтүстік Қазақстанның 1819-1864 жылдар аралығында Қоқан хандығының құрамында болуы, 1864 жылдан патшалық Ресейдің қа-рамағына енуі елдің саяси-экомикалық жағ-дайына жан-жақты әсер еткені белгілі. Ел ай-налысып келген кейбір кәсіп түрлерінің дамуына немесе тоқырауына ықпал етпей қоймады. Соның ішінде керамика өндірісінің дамуында тоқырау байқалады.
Мұның ішінде Ресей керамикасы, сырттан алып келген өнімдер, фарфорлық ыдыстар қаланың керамика өндірісінің дамуына кері әсер етті. XIX ғасырда елдің қолөнер кәсіпшіліктері май өнімдерін шығару, ағаш заттар жасау, өңдеу, қамыс өндірісі, ши тоқу, керамика өнімдерін шығару жақсы дамып, кең қолданылып келген. Бұл кәсіптердің көптеген ғасырлар бойы дамыған тәжірибесі және ел ішінде үлкен сұранысы болды. Мұражай заттары кезінде дамыған кәсіпшіліктің үлкен тәжірибелі шеберханаларының жұмыс істегенін, әрбір кәсіптің өз даму жүйесін бейнелейді. Қазіргі кездегі
мұражайда сақталған қолөнер кәсіпшілігінің әр түрлі туындылары бұл өнердің халқымыздың тіршілігінде зор маңызға ие болғанын көрсетеді. Түркістан ауданында көптеген кәсіпшілік түрлері
дамып өрістеді және негізгі бөлігі жергілікті шикізат негізіндің жұмыс істеді. Егіншілік, бау-бақша, мал өнімдерін өндіру, өңдеу барысында дамып, қолданыста болған құрал-саймандар,
кәсіпшілік өнімдері белгілі бір даму деңгейін көрсеткен, мұражайға келген елдің назарын аударып, көңілін толқытар заттар.