ЖЕРІН ТАППАЙ, ДАУЛАСЫП ЖҮРГЕН ХАЛЫҚ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?


Жадыра Түймебайқызы АЛТАЕВА
Археология және этнология кафедрасының оқытушысы

Д.М МЕДЕТОВА
Археология және этнология мамандығының 2 курс студенті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіАстана/Қазақстан

Археология және этнология мамандығы туралы тек экспедицияға қатысу арқылы өте жақсы білуге болады екен. Оған менің көзім жетті. Биылғы Шыңғыстау комплексті археологиялық және этнологиялық экспедициясынан кейін, мен этнология саласы бойынша білімімді шыңдау мақсатында өз өңірімдегі халықтарды зерттеп, тарихын білгім келді.Сонымен қатар, Туған жерім киелі — Тараз шаһары.Халық құрамы әртүрлі. Көптеген этнос өкілдерін кездестіруге болады. Ал мен сол 80 этностың ішінен, бұрын соңды тарихы жайлы естімеген күрді халқы туралы мәлімет жинауға асық болдым. Жасы келген кісілердің нұсқауы бойынша күрді халқы Қаратау, Жаңатас деп аталатын қалашықтарда көп таралған. Зерттеуді бастап, Тараз қаласынан 187 шақырым жерде орналасқан Жаңатас қаласына бағыт алдым. Расымен де, халықтың көп бөлігін осы ұлт өкілдері құрайды екен. Сұхбат алған кісілердің көбісі, Жаңатас қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Арыстанды ауылында толықтай күрді халқы тұратыны жайлы мәлімет берді. Белгіленген орынға жеткен соң, зерттеуді жалғастыра отырып, ауыл адамдарын аралай бастадым. Сұхбат алу әдісін қолдана отырып, мәлімет жинауға кірісе, бірінші үйге кірдім. Алдымнан таза қазақша сөйлеген күрді этносының өкілі қарсы алды. Қазақ халқы секілді күрділер де қонақжай халық екен. Жақсы қарсы алды. Үй иесі Бадиров Уәкиль мырзамен сұхбат жүргіздім.

Аты-жөнім Бадиров Уәкиль. 1960 жылы 26 қаңтарда дүниеге осы ауылда дүниеге келдім.

Уәкиль мырза осы ауылда дүниеге келіпсіз, бәлкім тарихы жайлы быраз әңгімелеп берерсіз?

Осы ауыл 1937 жылдың қыстың қақаған аязында құрылды. Құрылу себебі, жер аудару болды. Әке-шешемнен бері айтылып жатқан естеліктер бойынша, 1937 жылы 26 желтоқсанда бізді, «күрділерді», вагонға толтырып, Сталинский деп аталатын ауданнан осы Қазақстан жеріне жер аудартты. Ауыл 1982 жылға дейін Буденовка деп аталып келді. Бірақ неге олай аталғандығы жайлы хабарым жоқ.

Жақсы, Уәкиль мырза олай болса шыққан руыңыз туралы не айта аласыз?

Мен Жалали руынан шыққанмын. Жалали руы атақты халқымызды қорғаған Жалал батырдың руы болып есептеледі.

Ауылынызда басқа қандай рулар бар?

Ауылда Бануки, Қарки, Башки, Мусірке, Бези сияқты рудан шыққан адамдар тұрады. Жалпы біздің халықта ру атаулары көп. Алматы облысында басқа өзгешелері туралы мәлімет жинай аласыз.
Қандай шаруашылық түрімен айналысасыздар?
Үй құстарын көп өсіреміз. Бау-бақша егумен айналысамыз, сондықтан есектер өсіреміз.
Ірі қара, ұсақ мал шаруашылығымен айналысасыздарма?

Халқымызға тән қасиет шығар, тауық етін жақсы көретіндіктен болар, тек үй құстарын асыраймыз. Бірақ, қазір ешкі өсірумен де айналысып жүргендер бар.

Ұлттық тағамдарыңыз жайлы айтып кетесізбе? Естуімше сіздерде поли деп аталатын шөптен көптеген дәмді тағамдар әзірлейді екен…

Поли – бұл шөптің бір түрі. Көктемнің ортасында не болмаса күзде шөп жинауға шыққанда тереміз. Барлық тағамдарға дәмдеуіш қоспа ретінде қосамыз. Ұлттық тағамдарымыз «Гурараду» — ашытпа көже, «нона дире» — ұлттық нанымыз, ешкі сүтінен «бірінзе» әзірлейміз.

Рахмет Уәкиль мырза. Сіздерде туысқан жүйенің қыз алысуға қатысы жоқ деп естігенім бар. Қыз алысу туралы және салт-дәстүрлеріңіз туралы айтып кетсеңіз?

Иә, бізде расымен туысқандық жүйенің қыз алысуға қатысы жоқ. Оны біз «крива» деп атаймыз. «Крива» — негізгі мағынасы бір ананың емшегінен сүт ішпесе болды, бір-біріне үйленуге рұқсат етілген. Сонымен қатар бізде жаңадан туылған нәрестені бірден айттырып қою салт-дәстүрі жақсы сақталған. Нәрестелер есейіп, 13-15 жас аралығында үйлендіреміз. Той 3 күннен 7 күнге дейін созылады. Тойда қалыңдықпен күйеу жігіт екі түрлі жерде отыру қажет, бірақ қазір олай емес, себебі қазақ халқымен сіңісіп, салт-дәстүрлеріміз «қазақшаланып» кетті. Қазіргі таңда бізде қызды алып қашу дәстүрі орын алады. Бірақ, ол сәл басқаша. Егер қызды алып қашса, онда қыздың әке-шешесі, алып қашқан жігіттің үйіне барып кешірім сұрайды.

Неге кешірімді қыз жағынан сұрайды?

Себебі, сондай тартымды, сұлу қызды дүниеге алып келгендері үшін және ол жігіттің ғашық болып қалғаны үшін кешірім сұрау қажет.

Күрді халқы салт-дәстүрлерін жақсы сақтайды. Тек бір кісіден алған сұрақ-жауаптан бұл халық туралы біраз мәлімет алдым. Мәліметтерді толықтырып, айқындап алу үшін жасы 85 келген 11 баланың, 46 немеренің, 15 шөбересі, 5 шөпшегі бар Ахметов Вали атамыздан мәлімет жинауға кірістім. Вали ата күрді халқы деген де ақ, көзінен жасы кетіп, тарихын баяндай бастады…Айтып кеткен тарихы Уәкиль мырзаның айтқанымен толықтай сәйкестік тапты. Ол кісі:

-Қазақ халқына үлкен рахметімді айтамын. Жартылай тірі болып осы елге жеттік. 1937-1398 жылдары қиын кезеңдерде қазақ халқынан үлкен қолдау алдық. Ауырғандарды емдеп, қарны аш балаларымызды тойдырған халық.

Ата руыңыз қандай?

Бануки руынан шықтым. Аталарымыз батыр болған кісі дейді. Бес келінім бар. Келіндерімнің бәрі бези руынан шыққан. Бізде үлкенді сыйлау парыз.

Естуімше сіздерде әзірбайжан халқымен ортақ сақтанатын ырымдарыңыз бар. Сол туралы айтып кетесіз бе?

Әзірбайжандармен ортақ ұқсастық, ол біздердің келіндерімізге деген қарым-қатынастарымыз. Ол әлі күнге дейін сақталған. Келіндер ата-енесімен бір дастархан басында отырмайды. Егер салтты бұзып отырса, бізді сыйламайды деп қабылдаймыз. Ертеректе келіндер кешкі ас алдында ата-енесінің аяқ-қолын жуу дәстүрі болған. Бірақ ол қазір сақталмаған. Сонымен қатар, қолдан жасалатын заттарымыз бір. Бізде оны «мітәка» деп атайды. Оның қазақша баламасы «көтен жастық» деп аталады.

Күрді халқында отбасы мүшелерінің орыны қандай?

-Бірінші орынға үй иесі отағасы қойылады. Одан соң әйел адам. Отбасында ер адам әйелін «біте» деп атайды. Ол хатун деген мағынаны береді.Үйдің үлкен келіні қалғандарына үлгі болып есептеледі. Ең бірінші немерені өз қолымызға алып, немереміздей емес, баламыздай өсіреміз.

-Рахмет ата. Сонымен қатар менде мынадай сұрақ туындап жатыр, сіздерде жаңадан туылған нәрестеге қатысты қандай дәстүрлер орын алады?

Нәресте дүниеге келген соң,чіллә жасаймыз. Жақын туыстар мен көршілердің бәрін шақырамыз. Сонымен біпге, жақын достар, таныстар өз балаларын аттастырып қояды.Ұлдар 5-6 жасқа келген кезде, сундет той жасаймыз. Қыздарға 1-2 жасында құлақ тескізу дәстүрін жасаймыз.

-Вали ата қайтыс болған адамдарды қалай жерлейді, сол туралы айтып кетсеңіз?

Бәрі аман болсың, бірақ қайтыс болған жағдайда бізде, алдымен таза сумен жуындырып, артынша саванға орайды. Құлағына және мұрынына мата бітеп қоямыз. Басын оңтүстік-батысқа қаратамыз, бетін Меккеге қарай. Егер қайтыс болған адамды сол күні жерлемесе, келесі күні онымен бірге көкірегінің үстіне тас, бетіне қаратылған айна қойылады. Траур 6 айға, кейде 1 жылға созылады. Қайғыру, көршілері акеп берген киімді киген соң аяқталады. Сонда ғана қайғы кешіп жатқан үй мүшелері үстіндегі қара түсті киімдерін шешеді.

Осылайша біраз сұрақтардың жауабын таптым. Өздерін «күрд» деп атап жүрген халық, қазіргі таңда Таяу Шығыстың халық санының үлкен бөлігін құрайды, бірақ өз территориясы мен мемлекеттілігі жоқ. Күрд этносы өкілдерінің айтуы бойынша, қазіргі Түркия, Сирия, Иран, Ирак территориясында қазіргі таңда Күрдістан мемлекеті орналасуға тиісті жер. Түркияның 18,7% шамамен18-25млн аралығында халқын күрді этносы құрайды. 1984жылғы мәліметтер бойынша, Түркиядағы Күрд жұмысшы партиясы Түркия басшыларына соғыс жариялаған. Олардың талабы күрді халқына автономия беру, жеке территория бөліп беру. Ол қазірге дейін созылып жатыр. Қазіргі Түркия жеріндегі болып жатқан лаңкестік оқиғалардың бәрі де тікелей осы күрді этносына байланысты. Жалпы күрді халқының этногенезі туралы пікірлер де дискуссияға әкеліп соқтырады. Генетикалық зерттеулер бойынша әзербайжан, грузин, армян, еврейлермен тығыз байланысты. Жері жоқ халықтың ертеңгі күні не болар? Қазақстанда 42 мың күрді халқы өмір сүреді. Түркияда болып жатқан жағдай Қазақстада қайталануы мүмкін бе? Жері кең, байтақ жерімізге территориясы жоқ, саны басым халық көз тігуі мүмкінбе? Бұл сұрақтарға бірден жауап беру мүмкін емес. Зайырлы, 130 астам ұлт-өкілдері өмір сүріп жатқан еліміз аман болсың!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *