Қалжан Қайратұлы РАХИМЖАНОВ
Археология және этнология кафедрасының оқытушысы
Нұрила РАХЫМ, Қайрат ҚАЗИЕВ Археология және этнология мамандығының 3 курс студенті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Астана/Қазақстан
Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Тараз жерінде керемет киелі жерлер мен кесенелер көп. Олардың барлығы да көне заманның бүгінгі куәгеріндей күмбездерін күнге сүйгізіп, аймақтың атын шығарып, асқақтап тұр.Солардың бірі XII ғасырға жататын сәулет өнерінің керемет ескерткіші Айша бибі кесенесі. Аңызға толы рухани құндылығымен ерекшеленетін бұл ескерткіш Тараз қаласының алтын кілті іспеттес.
Ортағасырлық Джавикент қаласының орнында қазіргі Айша Бибі ауылында, Бабаджи Хатун кесенесінің жанында «Айшабу» деп В.В. Бартольд атаған Айша Бибі кесенесі орнатылған. Бізге бұл кесененің тек жартылай бұзылған батыс қасбеті жеткенімен, В.В. Бартольд, В.А. Каллаур, А.И. Кастанье, А.Н. Бернштам, Г.А. Пугаченкова, Т.К. Басенов, Т.Н. Сенигова, Л.Б. Резина және тағы басқа ғалымдар бұған зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кесенемен байланысты көптеген аңыз әңгімелер бар. А.И. Кастанье жазып алған әңгімелердің бірінде былай делінген: «Самархандтық хандардың бірі христиандық Қытай князінің қызына үйленген екен. Хан оны Ханым Бибі есімімен теңестіреді (бұл атаудың ескерткіші Самарқандта бар), ал оның әпкесі Айша Бибі Самарқанға қонаққа келеді. Сол жерге аталмыш ескерткіш тұрғызылады». Б.Т. Тұяқбаеваның мәліметтері шындыққа біршама жақын сияқты: «1034 жылы Талас билеушісі Бограханның қызы Масудтың мұрагері, Газна қаласындағы өзінің айттырылған күйеу жігіті Маудудқа бара жатқан жолда қайтыс болғандығы жайындағы мәліметтер өте қызық. Күтуші қызметкерімен өзінің айттырылған жігітіне алыс жаққа бара жатып жол-жөнекей қайтыс болған Айша Бибі атты ханымның осы жерле жерленгендігін баяндайтын жергілікті аңыз-әңгіме осы оқиғамен келісетін шығар» [1].
Т.К. Басеновтың басшылығымен 1953 жылы жүргізілген өлшеулер, Айша Бибі кесенесі ішкі диаметрі бойынша көлемі 7,23х7,23 м болатын төртбұрышты жобада салынған ғимарат екендігін атап көрсетті. Кесененің негізгі шығыс қасбеттері бір сызықта орналасқан. Жоғарыда айтылып өткендей, бізге батыс қабырғасы мен оңтүстік қабырғаларының бөліктері жеткен (қазіргі кезде ескерткіш қайта қалпына келтірілген). Басқасына қарағанды шығыс бөлігі қатты қираған, оның дәл ортасында ғимараттың ішіне кіретін есіктің орындары сақталып қалған. Қалған керегелердің ортасында терең қуыстарда орналасқан терезе ойықтары болған.
Сақталып қалған бөліктерге қарап, ескерткіштің толығымен қирап қалған күмбезбен жабылғандығына көз жеткізуге болады. Бұған нөлдік сызықтан 43 м белгідегі керегенің қалыңдығы: 160 см дейін, одан жоғары – шамамен 60 см өзгергендігі, сондай-ақ бұрыштағы аркалар қалыңдығының 286 см белгіге дейін өзгергендігі дәлел бола алады. Сақталып қалған батыс қасбеттің жоғарыға қарай 4,01 м-ге дейін тартылып, содан кейін кең балақ сияқты кеңейген үш бөлікті бағаналы екі жақ қанатынан қорғайтын терең қуыс орналасқан. Ал оның сына тәрізді архивольті диаметрі 32 см дөңгелек бағанаға тірелген. Арка табанының деңгейі қасбетті екі бөлікке бөліп тұр: төменгісі – біркелкі тегіс, жоғарғысы – арка тимпанан жиектеумен бөлшектенген.
1953 жылы қазба жұмыстары «кесененің қамалы мен тақта тастан жасалған отмосткасы бар екендігін көрсетті». Оның үш қабатты қабырғасының қабырғасының қалыңдығы шамамен 170 см. Негізгі конструктивті қабат – көлемі 25х25 4-5 см екі кірпіштен тұратын ішкі қабат және қалыңдығы 4-5 см, төртбұрышты, бет жағы ою-өрнекпен бедерленген, қоңыр қызғылт плиткамен қапталған сыртқы қабат. Бұл екі қабаттың арасындағы кеңістік ганч ертіндісіндегі сынық кірпіштермен толтырылған. Барлық сәулетшілік-көркемдік және конструктивтік элементтер қалауға биіктігі бойынша әрбір 60-80 см сайын салыған ағаш (арша) байланыстар (арматура) арқылы өзара байланысып тұрады [2]. Б.д.д. І мыңжылдықта арал маңындағы тайпалардың құрылыс тәжірибесінде қолданылған бұл әдістің бірқатар түрлері, Айша Бибінің құрылысшыларын көрсетілген тісті әдіске қарай итермелеген болуы керек. Бірақ кейін ол Орта Азияда кездеспейді. Дегенмен бұл әдіс ХІV ғасырдан бастап Батыс Қазақстанның сәулет өнерінде жетіліп, кең қолданысқа ие болды.
Барлық зерттеушілер Айша Бибі кесенесін сәулетшілік-көркемлік сапасы жағынан «Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ең ерекше кесенелердің бірі» деп бағалады. Кесененің архитектурасын, архитектуралық композициясының барлық негізгі әдістерін, әсіресе бөлшектер мен барлық тұтастықтарды пропорциялау және үйлестіру, тектоника, масштаб және толық мәселелерді өте тамаша меңгерген керемет хас шебер жасап шығарған. Батыс қасбеттің композициялық құрылысына талдау жасау оның элементтері, көлемі, орналасқан жері өзара байланысты және өзара үйлесіп тұрғандығын көрсетеді. Қасбетте тектоникалық жағынан артық ешқандай элемент кездеспейді.
Қасбеттің төртбұрышты беті екі қабатқа бөлінеді. Төменгіде еш модельдеу жоқ, монументті, ал жоғарғы қабатта сүйір арқаның астында тік төртбұрышты болып жиектелген тимпан орнатылған. Және осы жиектеулердің шеті формасы бойынша сопақ, пластикалық плиткалармен толтырылған. Бұлар қоршауды айнала орналасып, арқа ойығының статикалық күшін «сенімді» ұстап тұрғандай әсер береді. Бұл жерде шешімнің тектоникалық ақталғандығы байқалады. Ғимараттың куб тәрізді көлемі бұрыштағы ірі колонналар мен олардың бір қарағанда ерекше болып көрінетін формасын көрер көзге күшейте түседі. Дүниенің төрт бұрышына салтанатты ашылатын есік пен терезелер қасбеттің бетіне жинақы салынған. Бұл маңызды элементтердің көтеріңкі сипаты формасы бойынаш тамаша, мүсін тәрізді жонып қарланған сүйір арка тіреліп тұрған пластикаға бай капительдермен байланысын қамтамасыз етеді. Бұл колонналар Айша Бибі «сарайы» қақпасының алдында құрменті қарауылда мәңгі қатып қалған секілді[3].
Кесенедегі барлық элементтердің гармониялық үндестігі мен олардың тектоникалық ұғынылуына негізделген, кесененің сәулетшілік-көркемдік айқындылығы ғимараттың барлық негізгі формалары мен жазықтықтарының жұқа нәзік өрнектелген қоңыр қызыл плиталармен қапталуымен күшейген.
Сақталып қалған қабырғалардың мазмұнына талдай жасай отырып, Б.К. Басенов әртүрлі суреттері бар қоңыр қызыл плиталардың 20-ға жуық сан алуан формаларын қалпына келтірді. Ою-өрнектік сюжеттердің мұндай үлкен алуан түрлілігі мен байлығы оларды қолданудың қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Ниса сарайын безендіру үшін қолданылған сәнді қоңыр қызыл плиталардың парфяндық дәуірге (б.д.д. ІІІ-Viғғ.) жататындығы айқын. Кейін, Г.А. Пугаченкованың бақылауынша, жапырақ формалы үй іші әшекейлері Хорезмдегі VI-VII ғғ. жататын Тешік қала бекінісінің бөлмелерінің бірінде қолданылған. 1927 ж. көне Тараз қаласынан М.Е. Массон тапқан VI-VII ғғ. мұндай плиткалар, сондай-ақ, Ташкенттің түбіндегі V-VII ғғ. жататын Ақтепе бекінісін қазған кезде А.И. Тереножкина тапқан, А.Н. Бернштамның Суқұлықта, Т.Миргиязевтің Краснореченск қалашығынан тапқан плиткалар күйдірілген сары саздан істелген плиткалардың сәулет өнерінде қолданылғандығын айғақтайды. VIII-X ғғ. кесілген терракота техникасы эволюциясының жалғасуына қосымша көрсеткіш – ол осы дәуірге өте бай өрнектелген глазурьланбаған «дастархан» — деп аталған құмыраның кең тарауы [4]. Айша Бибі архитектурасының өзгешелігі мемлекеттің басқа аймақтарындағы қарахандық сәулетшілердің басқа туыстас шығармаларымен салыстырған кезде тіпті жақсы байқалады. Бірінші кезекте, Орта Азияның сәулет өнерінде «керегені қаптау мен қабырға сылағының жоқтығы ХІ ғ. қалаудың ерекше ұқыптылығына әкелгендігін» айта кету керек. «Кей кездері кірпіш бетіндегі геометриялық (ромб, шеңбер, параллелограмм және т.б.) немесе тынды қисық сызықты фигуралардың қиықтарынан жасалған рельефтер арқылы жүзеге асқан орнаментті қалау» көркемдік айқандауыштың негізгі әдісі болып табылады. Мұндай әдісті Аламбердар кесенесінің (Керки қаласының маңы, Түркменстан, ХІ ғ. басы), орта топтағы үзгендік кесенелердің (ХІ ғ. басы), көне Темрездегі Сұлтан Саадат кешенінің (ХІ ғ.) кесенесінің, Талхатан баба мешітінің (1095 ж. ескі Мерв қаласына жақын жерде) сәулетшілігінен көруге болады.
Алайда бұл ғимараттардағы терракота Айша Бибідегі кесілген терракотадан ерекшеленеді. Үзгендік кесенелердегі терракоталардың қалыңдығы 4-10 см-ден 50 см-ге дейін жетеді. Және олар қабырғадағы кірпіш қалауының бетін сүйкімді етіп тұратын таза қаптағыш материалдарға айналды. Бұл әдістің өте ертедегі ортаазиялық сипатына қолданысы жағынан дифференциацияланбаған, бір уақытта кірпіштің де, көркемдік материал қаптағыш плитаның да қызметін қатар атқарған Айша Бибі кесенесіндегі ойып жасалған терракота айғақ бола алады.
Сонымен бірге қаптағыш плиталардың орнаментті сюжеті Айша Бибі кесенесі сәулет өнерінің жергілікті шығу тегін дәлелдейді. Ғимараттың төменгі бөлігі арканың табанына дейін қоңыр қызыл плиталармен қапталған. Плитаға алдыңғы кезде жақсы белгілі болған, орталықтан төрт жаққа қарай созылып жатқан қошқармүйіз өрнегі салынған. Ғимараттың жоғарғы бөлігі алуан түрлі. VI-VIII ғғ. Тараздағы қыштан жасалған столдардағы мөрдің орны сияқты да белгілі болған құйын тәрізді жапырақ формалы үй іші әшекейлері кесенеде өте кең тараған сюжет болды. Басқа сюжеттер жайлы да осы пікірлерді айтуға болады: қойдың төрт мүйізі, жапырақша гүлдер; бұлар да Тараздың қоңыр қызыл плиталарында кең танымал болған.
Бұл орнаменттік сюжеттердің тамыры Жетісудағы түркі-қарлұқ дәуірі мәдениетіне таралып жатыр. «Қазақтың ою-өрнегіндегі бір жобалық заңы, яғни орнамент пен фонның болуы (қосымша ойықтарсыз) Айша Бибі декорында сақталып қалған» деген Т.К. Басеновтың тұжырымымен де келісуге болады. Қарахандықтар дәуірінің кезінде қазақ халқы өнерінің өз ерекшелігі қалыптаса бастайды: ою-өрнектің бір жобалылығы, заттар мен детальдардың табиғи көлемі мен формасына байланысты масштаб пен форма өзгергіштігі, орнаменттің қайта қалпына келгіштігі және басқа да ұлттық ерекшеліктер. Бұл жерде архитектуралық декор айтылып отыр» [5, 89 б]. Бұлар тек қана Қазақстанның емес, сонымен бірге бүкіл Орта Азияның мемориалдық ескерткіштерінің сәулет өнері үшін өзінің архитектуралық-көркемдік сапасы жағынан үлгі болып табылатын ғимараттар болғандықтан, құрылыстағы ортағасырлық сәулетшілік жұмыстары, оның архитектуралық формасын үйлестіру әдістері жайлы мәселелер қарастырылады. Мысалға алғанда, монументтік ғимараттарды тұрғызып жатқан кезде ортаазиялық шеберлер алдын ала олардың жобасын жасаған. Бұған Н.Б. Баклянов тапқан, ХVI ғ. өзбек шеберінің архитектуралық сызбалары дәлел болады. Бұл сызба квадратты тордағы әртүрлі ғимараттардың жобасы көрсетілген. ХVI ғ. жататын сызбадағы күрделі әрі жақсы жинақталған жобалар, сызудың тамаша техникасы – осылардың барлығы көнедегі шеберлердің жоғары құрылыс мәдениеті жайында айтады.
Мұндай сызбаларды ұзақ уақыт бойы қолданғандығы күмән тудырмайды. Жоба жасап, оны жүзеге асыру үшін қажет модульді тордағы сызбалар ХVI ғ. дейін көп уақыт бұрын пайда болған деп болжам жасауға болады. Бірақ, сонымен қатар, Х-ХІ ғасырларда ХVI ғ. сияқты сызу техникасы болмасы, онда шартты түрде қандайда болса ұзындық бірлігін өлшегішке тең модульді тор, клетка жұмыс сызбасының қызметін атқарды деген пікір де кең тарады. Модульді тор интерьер мен қасбеттің биіктігін өлшеуге пайдаланылды.
Айша Бибі кесенесінің архитектуралық анализі мынаны көрсетеді: кесене бір ғана модульді торда тұрғызылуы мүмкін емес. Құрылыстың мұқият, терең ойланып салынған жоба екендігі күмән тудырмайды. Сызбасыз элементтер формасын қаптау, қасбет жазықтағы мәселелерін шешу мүмкін емес. Бұған мына бір мысалды келтіруге болады. Диаметрі үнемі өзгеріп отыратын бұрыштық үш-төрттіктік бағанды қаптағанда әртүрлі формадағы плиталарды алуан түрлі бірнеше қатарға қойып, осы қатармен тимпанды жиектейді. Ал формасы жағынан қайрап ұшталған арка түпке қарай орналасқан терезелерге кіріктіріледі. Аркалардың жобаланып сызылған сызбадағы көлемі бойынша тұрғызылғандығына еш күмән жоқ. Осылайша модульдік тордың негізінде жасалған сызба жобасы Айша Бибі кесенесіндегі архитектуралық формалардың өзара үйлесіп тұруына мүмкіндік береді.
Сәулетші ойын жүзеге асыру, жоғары квалификациялы мамандарға деген зәрулік қалаларда біріккен ерекше қолөнерлік цехтарда шеберлерді «мамандандыруға» түрткі болды. Құрылысшылар цехына кірпіш дайындайтын және балшық қабырға жасайтын шеберлер, қабырға мен күмбез қалайтын кірпішшілер, ағаш өңдегіштер, ганча өңдейтін шеберлер, сылақшылар мен көркем ою мамандары толық кірді. Каллиграфия мен көркем сурет салу бойынша суретшілерде бір ғана цех болды. Оны аға маман басқарды. Құрылысшылардың цехтық ұйымы жас шеберлерді дайындайтын мектептің де рөлін атқарды. Ол жан-жақты жетілген құрылыс, сәулет өнері мен көркемдік әдістерді ойлап тауып, ұрпақтап ұрпаққа теория, тәжірибе, дәстүрді қалдыруға мүмкіндік берді» [6]. Қарахандықтар дәуіріндегі дәл осы ортақ жоғары мәдениет Қазақстан сәулет өнерінің Айша Бибі сияқты қайталанбас тамаша өнер туындысы пайда болған негіз, іргетасы болып табылады.