Қазақ хандары мен қазақ билері, қазақ батырлары


1.Қасым хан және оның заманы
2.Есім хан және Тәуке хандар: оның заманы мен қазақ заңдарының мазмұны
3.Қазақ билері: олардың тарихтағы рөлі
4.Қазақ батырлары: Қабанбай, Бөгенбей т.б

Жәнібекұлы Қасым хан (1445-1518) – қазақтың ұлы хандарының бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның ортаншы баласы. Шешесі Жаған бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңлісі.
Қасым әуелгі кезінде Бұрындық ханның атты әскерін басқарады. Ол осылай жүріп, қан майдандағы ерлігімен, ел басқаруға қосар ақылымен, көрші елмен байланыста қиыннан жол табар саясаткерлігімен, жұртты соңынан ертіп әкетер шешендігімен ел көзіне ерте түссе де, жеке билікке ұмтылмай, ел бірлігіне жарықшақ түсірмей, Бұрындық ханның дегеніне көніп, оған қалтқысыз бағынады. Сол кездің куәгері, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Ол (Қасым) әкесінің үлгісі бойынша барлық жағдайда Бұрындыққа бағынды, соған тәуелді болды» деп жазады. Бірақ Қасымның тәуелділігі Бұрындықтың ел басқарудағы қабілетсіздігіне араша түсе алмайды. Ақыры ол хандығын тастап, Самарқандағы қызына кетуге мәжбүр болады. Сонда қаза табады. Осыдан кейін барып, Қасым билікті өз қолына алады.
Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы өзінің дәуірлеу биігіне көтеріледі. Ол қауіпті көршісі Мұхаммед Шайбаниді талқандап, оның мемлекетінің құлауына себепші болады. Моғолстанның ханы Сұлтан Саид ханмен достық қатынас орнатады. Сондай ақ ол таяу көршілерімен ғана емес, сырт елдермен, мысалы, Мәскеу мемлекетімен терезесі тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнатып, орыстың сол кездегі кінәзі ІІІ Василиймен байланыста болған.
Қасым ханның ел басқарудағы кемеңгерлігіне, қол астындағы халқының қамын ойлар даналығына тәнті болған көрші елдердің тынымсыз қақтығыстан мезі болған ру-тайпа көсемдері әр кезеңде ақырын жылысып, мұның қарамағына еніп жатқан. «Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағы халықтың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен халықтың махаббатына бөленді. Осы бейбітшілік сүйгіштігімен Қасым хан халықтар араснда ерекше әйгілі болды» деп жазады Әлихан Бөкейханов.
Керей хан мен Жәнібек хан тарихта Қазақ хандығының іргесін қалап, шаңырағын көтеруімен ерекшеленсе, Қасым хан сол хандықты нығайтып, халқын көбейтіп, жерін кеңейтіп, даңқын алысқа жаюымен, «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен халық жадында сақталған қазақтың тұңғыш конституциялық құжатының негізін жасауымен әйгілі болған ұлы хан.
Ол қартайып барып, Сарайшық қаласында өз ажалынан 1518 жыл (кей деректе 1523/24 ж.) қайтыс болады. Тарихшы А.П.Чулошников Қасымханның Сарайшықтағы мазарының ХVII ғасырдың басында құламай аман тұрғанын жазады.
Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.
Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.
Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуығ екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.
Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды. Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді.
Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды. Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді.
Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түтпет келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды. Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты ханның қайтыс болған жылы – 1645 жыл деген шындыққа келетін сияқты.
Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деп атанған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598-жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан — Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.
Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді.Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты.
Есім хан Әбдірахимнің қызы Патша ханымға үйленді де, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахимге берді. Есім хан мен Тұрсын хан арасында күрес шиеленісе берді, 1627-жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Есім ханның феодалдық бытыраңқылықты жеңіп, қазақ хандығын біріктіру жолындағы күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған. Есім хан Ташкент қаласына білдіртпей түнде кіріп, хан сарайының күзетшілерін байлап тастап, тұрсын ханды қаперсіз ұйықтап жатқанда қапылыста өлтіреді, сонда Есім ханның қасындағы Төлеген (Марқасқа) жырау оны мынадай жырмен оятады:
«Ей, Қатаған хан Тұрсын!
Кім арамды ант ұрсын.
Жазықсыз елді жылатып,
Жер тәңірісің, жатырсың,
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың!
Алтын тақта жатсаң да
Қазаң жетті қапылсың!
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есігіңе келіп тұр,
Шашқалы тұр қаныңды,
Кешікпей содан қатарсың!»
Есім хан шошып оянған Тұрсын ханның басын алады.
«Бахыр әл асырардың» авторы Махмұд ибн Уәлидің айтуына қарағанда, Есім хан 1628-жылы қайтыс болған. Ал «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметіне қарағанда 1645-жылы қайтыс болған делінеді.
Жәңгірұлы Тәуке хан (1626-1718) – Қазақ хандығының ханы, Салқам Жәңгір ханның баласы. Шешесі – қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Күнделен-тайшының қызы. Мұрагерлік жолмен Қазақ хандығының билік тізгінін қолға алған кезде (1680ж.) Тәуке ел ағасы жасына келіп ақыл тоқтатқан, мемлекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған білікті жан болатын. Сондықтан да ол таққа отырып, әке ісін алға жалғап, оның саясатын жүргізгенімен, оны жүзеге асыруға келгенде бұрынғы сүрлеумен кетпей, өзіндік жаңа жолмен жүрді. Тәукені өзге қазақ хандарынан ерекшелеп, оның шын мәнінде көреген басшы, ақылды реформатор екенін танытанын қасиеті де осы өзіндік жолмен жүруінде. Бұл ретте ол ұлы бабасы Қасым ханға қарай бейімделеді.
Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел аудырмағаны. Екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнатуы. Ол төңірегіне топтан торай шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып — өргізетін, беделімен елдің бірлік-берекесін кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарды, ақыл-ой, парасат үстемдігін орнатты. Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында Ұлы жүз Әлібекұлы Төле, Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек, Кіші жүз Байбекұлы Әйтеке, қырғыз Қарашораұлы Көкім, қарақалпақ Сасық би, қатаған Жайма секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғанын айтады. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік – берекесін кетірер ішкі дау – жанжалды, барымта – сырымтаны тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында Қазақ хандығының жағдайы күрт жақсарып, сыртқа айбарын асырды. Жұрт ерді ел қолдаса — береке, ханды ел қолдаса мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез — халық есінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш берекелі заман болып қалды.
Бірақ, бұл, әрине ол кезде ешқандай шапқыншылық болған жоқ, бірыңғай бейбіт күн туып, қазақ халқы сыртқы жаудан қаймықпай алаңсыз ғұмыр кешті дегенді білдірмесе керек. Керісінше, Тәукенің кезінде қалмақтармен қақтығыс жиілей түспесе, кеміген жоқ. Сонау 1681 жылғы қалмақтың қоңтайшысы Галдан Бошоктудың қалың қолмен Шу өзенінің бойына жетіп, Сайрам қаласын қоршағаннан басталған шабуылдар легі кейін оның немересі Цеван Рабтан билік басына келді.
Қазақ билері: олардың тарихтағы рөлі
Әлібекұлы Төле би (1663-1756) — қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Ұлы жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан. Шежірешілер «тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған. Олар «қарашоғыр» атанған қара шаруа болған» деген дерек береді.
Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдішімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады.
Тәуке ханның тұсында Төле би «Билер кеңесінің» мүшесі ретінде мемлекеттік істердің оң шешілуіне айтарлықтай үлес қосқан, жыл сайын өтетін бүкіл халықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол Орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы Әйтекемен бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бірегей Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене қатысады. Бұл Қазақ пен Жоңғар хандықтарының арасы шиеленісіп тұрған кез болатын.
Тәуке хан өлгеннен кейін Қазақ хандығының іштей әлсіреуіне байланысты Төле би Ұлы жүзді билеп, жоңғар басқыншылары Жетісуды жаулап алуына байланысты біраз уақыт соларға тәуелді болады. Бірақ оларға алым салық төлеп тұрғанымен, саяси билікті өзінше атқарып, «ақ табан шұбырындыдан» кейінгі қазақ қауымын біріктіріп, оларды жоңғар феодалдарының езгісінен зат етуде аса зор ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Ол жоңғар қонтайшысына алым-салық төлей отырып, Абылай ханмен, Барақ сұлтанмен, Шақшақ Жәнібек батырмен, сондай ақ Қоқан хандығымен байланысын үзбейді. Бұл ретте жоңғардың Жетісу жерін жаулаған қолбасшыларының бірі Сары Манджаның Төле бидің үйінде өлуі де біраз жайды аңғартқандай.
Төле би Россия мен Қазақ хандығы арасындағы қарым қатынасты қалыптастыруға күш салды. 1749 жылы Орынбор губернаторы И.И. Неплюевке өзінің жиені Айтбай бастаған елшілік жіберіп, Россияға қосылу ниетін білдіреді.
Төле би жоңғар билеушілерінің арасындағы тақ таласын өршіте қолдап, ежелгі жаудың іштей әлсіреуіне ықпал жасайды. Абылай хан мен Төле би таққа таласқан жоңғар нояндарын алма-кезек қолдай отырып, ақырында Жоңғар хандығының құлауын қамтамасыз етеді. Бұл Төле бидің Абылай ханмен бірлесе жүргізген сырт саясатының ірі нәтижесі еді.
Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталған. Оның атымен байланысты айтылатын нақыл сөздер, мақал мәтелдер, билік кесімдер де ел арасына кеңінен тараған. Төле би есімі тек Ұлы жүзде ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзде де аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргенінің айғағы. Бұған Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек бидің «Төле би дүниеден өтті» деген суық хабарды естігенде: « Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» деп, жер таянып, көзіне жас алуы да куәлік етеді. Бұл үш арысқа тірек болған үш асылдың бірінің екіншісіне берген бағасы. Бұдан асырып, жеріне жеткізіп, айту мүмкін де емес. Өйткені олар қасында бірге жүріп, бір бірінің қадір қасиетін жете таныған алыптар ғой!
Келдібекұлы Қазыбек би (1665-1765) — қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан.
Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тапқыр сөздерді көп білетін зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентай күнінен жаттап өскен ол ер жете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды. Осы өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би», «алты алаштың ардағы» деген атаққа ие болады. Содан болар Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш биге билету арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады.
Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында аянбай тер төгеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп қалғанда, оны босатып алуға белсене араласады. Сондай ақ ол Ресей, Бұхара, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге де араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған, аразды татуластырып, алысты жақындастырып отырған. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деп, ол елшілік қызметті де мінсіз атқарған тұңғыш дипломат. Оның тұңғыш рет он сегіз жасында елшілікке атшы болып барып, басшы болып қайтқаны ел аузында әлі күнге аңыз болып айтылады.
XVIII ғасырдың алпысыншы жылдарында Чиң империясы Қазыбекті өз жақтарына тарту мақсатымен оған елші жіберіп, мол сыйлықтар тартады. Бірақ ол Қытайдың қол астына қарауға қарсы болады. Сөйте тұрып, Абылайды Чиң империясымен тығыз қарым- қатынас жасауға шақырады.
Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы қасында жүріп, хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әр кез батыр жинап, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай ақ ақылымен жол тауып, ел бірлігінің емшісі бола білген. Әбілқайырды өлтіріп, ел бірлігіне сызат түсуіне себепші болған Бараққа: «Сылтауратып сытыла алмайсың, не өліп тынасың, не жөніңмен жеңіп құтыласың, екінің бірі, Барақ» деуі, ақыр соңында оны мойындатып: «Уа, би аға! Айттың сен, көндім кебіңе» деуге мәжбүр етуі тек Қазыбектей айбыны ай жасырған текті бидің қолынан ғана келсе керек.
Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген еңбегінде: «Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз деп сұрағанда, ол: «Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таңқалуға болады. Оның бірі 90 туысын Қалдан Сереннің тұтқынынан құтқарған қаракесек Қазыбек те, екіншісі өзінің сондай тұтқындағы туысын құтқарған уақ Дербісәлі. Мұның алғашқысы Қалданға өзі барып, сұрап алды. Соңғысы өзінің аулында отырып, жауын қорқытып алды» деп жазады. Бұл заманында ақылымен қатарынан озған дана биіне ел басшысының берген нақ та әділ бағасы еді.
Байбекұлы Әйтеке би (1644-1700) – қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Кіші жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі – Кіші жүздің Алшын тайпасының Әлім руынан.
Ол қазіргі созылып жатқан Қыз-Бибі тауының етегінде өмірге келген. «Тобықты Әнет бидей баталы бол, Кіші жүз Әйтекедей аталы бол» деп атақты Сегіз серінің батасында айтылғандай, Әйтеке би аталы тұқымнан. Оның арғы атасы Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған. Шығай хан Бұхардың Абдолла ханымен одақтас болып, Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, сонымен бірге қарауындағы елін ертіп, қотарыла көшіп келеді. Осы Сейітқұлдың сегіз баласының бірі — Әйтеке бидің әкесі Ақша да, бірі — кейін Самарқанның билеушісі болған, Қазақ ханы Салқам Жәңгір 600 жауынгермен жоңғар қоңтайшысы Батырдың 50 мың әскерінің өтінде қалғанда, дер кезде көмекке жетіп, қазақ қолына айтулы жеңісті суырып әперетін атақты Жалаңтөс баһадүр. Жалаңтөс Самарқанға әмір болғаннан кейін ағасы Ақшаны Қоқанның ханы етіп сайлатады.
4 Қазақ батырларының тарихи тұлғалылығы : Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр және Райымбек батырлар
Қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырақай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау,Түркістан, Қарқаралы, Ыстық көл шайқастарының Байғозы батыр бел ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткен. Ол ерліктердің небір ғажайып оқиғалары Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жанақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыр – толғауларында кездеседі. Қан майданда талай-талай сыннан өткен Байғозы батыр Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған. Шоқан Уәлиханов XVIII ғасырдың батырларына арналған очеркінде Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырлармен бірге Байғозы батырдың да ерліктерін қызықты баяндайды. Ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректерге сүйене отырып, академик Р.Б.Сүлейменов пен тарихшы ғалым Р.В.Мойсеев былай дейді: «Алғашқыда жоңғарлармен, кейін манжүр-қытай жаушылармен күрес барысында Бөгенбай, Малайсары, Жәнібек, Баян,Байғозы, Жанатай, Оразымбет, Тұрсынай сияқты ержүрек батырлардың , білікті әскер басылардың қалың легі ел ішінен суырылып шықты». Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдын көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жанатай сияқты батырлардан тәлім алды; Керней, Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен туған Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады. Байғозы батырдың ұрпағы өсіп-өнген, қазір Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі. Солардың бірі батырдың алтыншы ұрпағы, белгілі жазушы, филология ғылымының докторы Ақселеу Сейдімбек
Қожағұлұлы Қабанбай (1703-1781) – жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен қолының Бас қолбасшысы, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген халық қаһарманы. Шыққан тегі – Орта жүдің Найман тайпасының Қаракерей руынан, ел азаттығы жолында күрескен киелі батырлар әулетінен. Оның атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлар болған. Ел ауызындағы әңгімелер дерегіне қарағанда, Күшік батыр Еңсегей бойлы Ер Есімнің Ташкентті алатын соғысына қатысып, сол Тұрсын хан өлген жылы жамбасына улы найзаның ұшы тиіп, 25 жасында қайтыс болады. Қабанбай батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі айтулы ірі шайқастардың бәріне қатысқан. «Хан батыры», «Дарабоз» деген атақтарға ие болған. Сан рет шайқас алдындағы жекпе-жекке шығып, бәрінде жаудың үміткер батырларын жер жастандырып, жауынгерлерін жеңіске рухтандырып отырған. Халқы оны «Қаракерей Қабанбай» деп ардақ тұтып, есімін жырға бөлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Абылай хан дәуіріндегі қазақтың ең соңғы әскери ірі қақтығысы 1770 жылғы қазақ-қырғыз соғысы. Бұл – осы соғысқа қатысқан Қабанбай батырдың да ерлік жолының соңғы белесі. Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар өте көп. Бұған керісінше тарихи құжаттарда Қабанбай батырдың 1740-1762 жылдардағы өмірі ғана көрінеді. Бұл кезде оның есімі ел арасының бітімгершілігінде жүрген дана, би ретінде айтылады. Қабанбайдың Үмбетай, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атайды. Осының Әлісі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» дейді. Батырдың ұрпақтары бұл күнде Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының жерінде мекендегенімен, олардың арғы аталары оңтүстік жақтан ауып келіп, Есіл, Нұра бойын қоныс еткен. Бұл өңірдің 1728-1762 жылдар аралығында батырдың да құтты мекені болғаны белгілі. Қайтыс болғаннан кейін, Қаракерей Қабанбайдың денесі осы атамекеніне әкеп жерленген керей Қабанбайдың денесі осы ата мекеніне әкеп жерленген көрінеді. Елі жақында аяулы батырының басына сәулетті күмбез орнатты.
Хангелдіұлы Райымбек (1705-?) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Кейінгі деректерде «Хангелді Райымбек» деп аталғанымен, Хангелді Райымбектің әкесі емес, атасы. Әкесі — Хангелдінің кенже ұлы Түке. Бұл ретте ел аузында мынадай аңыз сақталған. Хангелді батыр өз кіндігінен тараған төрт ұлын сынамақ болып, күздің қара суығында балаларын киіз үйдің сыртына жатқызады. Содан соң өзі ерте тұрып, ұйықтап жатқан балаларын сынайды. Кеуде түгі қырауланып жатқан үлкенін «батыр болады екен» деп, бүркеніп жатқан ортаншысын «момын, шаруажай болады екен» деп, бір бетін ашып, бір бетін бүркеп жатқан келесі ұлын «ағайынға ақыл айтар болады екен» деп сынап, басын, кеудесін бүркеп, төменгі жағын ашып тастап жатқан кенжесі Түкеге келгенде «ұятын қымтап, әбиірін жаппаған бұл кімге абырой әперер дейсің» деп түңіліп, басын шаппақ болғанда, қасындағы бәйбішесі: « бұл баланы өлтірме, қайта жақсы жерден таңдап, қыз әпер, тұқымы асыл туады, ұрпағынан батыр шығады» деп тоқтатады. Анасының айтқаны ақиқатқа айналып, Түкеден аты бүкіл Албанға ұран болған атақты батыр Райымбек туады. Кейбір зерттеушілер кешегі Кеңестік дәуірде Райымбекті Ұлы жүз елін Россияға қосуға елеулі үлес қосқан атасының ісін жалғастырушы тікелей мұрагері етіп көрсету үшін сол кездегі құжаттардың бәріне «Райымбек Хангелдіұлы» деп толтырылған дегенді айтады.
Райымбек заманында ұйымдастыру қабілеті жоғары, сарбаздарын жеңіске жігерлендіре білген қазақтың білікті қолбасшысының бірі болған. Жан беріп, жан алысқан жаугершілікті заманда аяқ астынан күтпеген қиындықтар пайда болып, қалың қол тығырыққа тіреліп, не істеу керектігін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің қиналмай жол тауып, әскерді аман алып шыққан талай ерліктері ел есінде сақталып қалған. Солардың бірі қамалып келіп қалған қалмақ қолынан ығысып барып, жауынгерлері буырқанып тасып жатқан Ілеге тіреліп, не істерін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің көзсіз ерлікке барып, әскерін өзеннен аман өткізуі. Райымбектің үнемі Ұлы жүз қолының атақты батырларымен тізе біріктіре отырып, атамекенді жаудан тазартудағы ерліктері – ұрпаққа үлгі боларлықтай. Ол талай рет шағын топпен жау шебіне баырп, тосыннан тиісіп, қарсы жақты ойран-топан етіп отырған. Оның ерекше көзге түсіп, ерен батырлығын танытқан «Ойрантөбе шайқасы» сондай шабуылдарының бірі ғана. «Ақтабан шұбырынды» кезінде жау қолын бөгеп, босқан елдің қырғынға ұшырамай, аман құтылып кетуіне мүмкіндік жасаудан басталған батырдың ерлік жолы Жетісу жері азат етіліп, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуған жеңіс жолына үзіліссіз келіп жалғасады. Ол осы кездердің бәрінде аттан түспей, қарулас серіктерімен бірге талай шайқастарды бастан өткізеді. Райымбек батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар көп. Солардың бәрінде Райымбекті «Әулие» деп атайды. Тасып жатқан дариядан әскерін аман өткізуі, сусыз жерден су шығаруы, болашақты болжаған көріпкелдік іс-әрекеттері оның ел есінде осы атағымен сақталуына мүмкіндік берген болса керек. Мүйізді Өтеген батыр бірде Райымбекке: « сен өлгенде шудың астында қаласың» деген екен. Сол сөз шындыққа шығып, батырдың мазары бұл күнде бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойындағы, қазіргі Алматының ең шулы көшесінің жиегінде тұр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *