Ысқақұлы Дандай *
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан Батыста өріс ала бастап, тоқсаныншы жылдардан жаңаша қарқын алған жаһандану — адамзат қоғамы дамуының ғасырлар бойғы барысында жинақталған озық тәжірибелер жиынтығының халықтар арасына кеңінен тарауына кең мүмкіндіктер жасады. Қандай да бір ел болмасын, күнделікті тіршілікте томаға тұйық өмір сүре алмайды; өйтсе, артта қалып қояды; мұның арғы жағында өмір сүруге қабілетсіз халық ретінде жойылып кету қаупі тұр. Көршілерімен экономикалық, мәдени қарым-қатынастар жасап, олардың жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп дегендей, байланыста болу — қоғамдық дамудың бірден-бір шарты. Сондықтан да жаһандану бұрын да болған, қазір де жүріп жатыр, алдағы уақыттарда да күшейе бермек.
Жаһандану адамзат қоғамына алдымен, ғылыми-техникалық, экономикалық жетістіктерді әкелді. Әлемнің бір түкпірінде ашылған ғылыми жаңалық интернет арқылы сол сәтінде жер жүзіне тарап, жалпы адам баласының игілігіне айналуда. Жер бетінде жаһандануға ұшырамаған ел кем де кем.
Тілдік, ұлттық, мемлекеттік шегараларды білмейтін жаһандану бүкіл әлемді қоғамдық дамудың тайқазанында бұрқ-сарқ қайнап жатқан біртұтас дүниеге айналдыруда.
Қазір әлемде жаһандану қамтымаған сала жоқ. Ішіп-жеген тамағымыздан бастап, киген киімімізге, мінген көлігімізге, өндіріс орындарының құрал-жабдықтарына, тұрғын, жатын, жұмыс жайларындағы жиһаздарға, техникаларға, рухани құндылықтарымызға, жалпы өмір сүру, еңбек ету салтымызға, рухани өмірімізге дейін қамтып, өзінің өміршеңдігін көрсетіп жатыр. Мұның барлығы да жер бетінде бір үйдің баласындай өмір сүріп жатқан халықтардың әрқайсысының жаңадан «Американы ашпай-ақ», бірінде барды басқаларының да пайдаланып, қоғамдық-экономикалық-мәдени жағынан дами, материалдық құндылықтарының жетіле түсуіне септігі тиері анық. Демек, жаһанданудан үрке бермей, ақылға салып, оның жақсы жақтарын орынды пайдалана білсек, ұлттық мүддемізге қызмет еткізе білсек, ұтатынымыз анық. Бұл — жаһанданудың қоғамдық дамудың барысында туындаған қажеттілік, пайдалы жағы.
Сонымен бірге, жаһанданудың ойланарлық, байқамаса, орны толмас зардаптарға, өкініштерге апарып соқтыратын тұстары да баршылық. «Өркениеттік қажеттіліктер сыртқы ортадағы қажеттіліктерді құрайды. Мұндай қажеттіліктердің ұлттық рухани қажеттіліктермен мазмұны, мәні жағынан сәйкес келмейтіні белгілі. Бірақ олардың өзара ықпалдастықта дамуы — өркениет талабын іске асырудың бір жолы. Сондықтан да осы арада қажеттіліктер арақатысы деген мәселе төбе көрсетеді» [Әбілов. 2007. 21].
Мұндағы бар мәселе сыртқы құндылықтар мен ішкі құндылықтардың арақатынасына, яғни сырттан келіп жатқан құндылықтардың ішкі құндылықтарға сәйкес келіп, оның ұлттық дәстүрлердің өзіндік табиғи жолымен дамуына кедергі келтірмейтіндей, керісінше байыта түсетіндей болуына байланысты болмақ. Өкінішке орай, ұлттық мәдениеттердің, тілдердің сырттан өзіне қажетті құндылықтарды алып, байи түсуімен қатар, сәйкеспей, ұлттық болмысты деформацияға ұшырату үдерісі де қатар жүруде.
Жаһанданудың негізгі мақсаты — жер бетіндегі ұлттық мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін жою арқылы адамзат қоғамының ортақ әмбебап мәденитетін жасау. Ал ортақ мәдениет, әдебиет жасау, мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін жою, ұлт тілдерін, сол тілдерде жасалынған ұлттық мәдениеттерді құрту арқылы ғана мүмкін. Сондықтан да жаһандануды зерттеушілер оны «мәдениеттер тоғысы» (С. Хантингтон), «бір алып мемлекеттің көшбасшылығы» (Г. Кисинджер), «мәдени шекаралардың барған сайын бұзыла түсуі» (П. Катценштейн, Р. Кохэйн, С. Краснер) деп те атап жүр.
Әдебиеттердің жойылуы сол мәдениетті ұстанатын халықтың ғасырлар бойы өз тілі арқылы тірнектеп жинап, жасаған өмір, қоғамда тіршілік жасаудың өзіндік жолдары туралы ұлттық білім-ғылымның барлығын жоққа шығарып, ұлттық жадынан, ұлттық даму жолынан айырады. Бұл туралы Л. Гумилев «Халықтар өлмейді… тек басқа халықтарға сіңіп кетеді, бұрынғыдай өз алдына этнос емес, атын жояды»-депті.
Постиндустриалдық қоғамның негізін салушы теоретиктерінің бірі О. Тоффлер «білім күшті, білім билейді дегеннің дәуірі өтті, енді жаңа заманға білім туралы білім керек» деп, адамзат баласының ғасырлар бойы тірнектеп жүріп жасаған әдебиетіне, рухани қазынасына топырақ шашып жіберді. Олардың ойластырғанындай, жаңа заманға білімді адамдардың қажеті шамалы. Билікке ұмтылмайтын, алдына амбициялық міндеттер қоймайтын, күнделікті тіршіліктің қамымен ғана жүретін орта деңгейлі адамдар осындай қоғамның негізін құрайтын болады. Осындай мақсаттармен қоғамдық өмірдің барлық салаларында дерлік халықаралық стандарттар енгізілуде.
Осындай жағдайда жаһандану жолын қабылдап жатқандар да, жартылай ғана кіріскендер де, әдебиетін де, мәдениетін де сыртқы әсерлерден қорғап, мүлдем қарсы шығып жатқандар да бар. Ғасырлар бойы дамудың өзіне ғана тән дәстүрлі жолымен жүріп, әлемдік ортақ мәдениетке айтарлықтай өз үлестерін қосып келген, өздерінің болашағын ұлттық дамудан көретін халықтардың, мемлекеттердің бұған көнбесі — заңды. Бұған қоя салатын жаһандану көрінбейді. Батыстың қуатты экономикасына арқаны нық сүйеп отырған жаһандану дегеніне көнбегендерге түрлі айла-амалдарды қолдануда; түрлі экономикалық, саяси қысымдар жасап, тіпті қажет болса тізеге салып, күш қолдануға дейін баруда. Міне, осы сияқты әрекеттердің салдарынан өмірде түрлі келіспеушіліктер, дағдарыстар, қақтығыстар өріс алып, мұның аяғы қарулы соғыстарға ұласып жатуы да жиіледі.
Жаһанданудың табиғи жолмен емес, осындай күшпен жүргізілуі салдарынан қоғамды үрей билеп, адамдардың жан жүйесіне салмақ түсуде. Әдебиетінен, мәдениетінен,әдет-ғұрпынан, адамгершілік нормаларынан, ұлттық дәстүрлерінен алшақтап, ертеңгі күнінен үмітін үзе бастаған болашағы күңгірт қазіргі адамдар бұл тығырықтан шығар жолды шарқ ұрып іздегенімен де гуманистік бет пердесі жыртылған маймыл қоғамда бейшаралықпен өмір сүруге мәжбүр.
Қазіргі таңда жер бетінде жаһанданудан тыс қалған бір де бір ел жоқ деуге болады. Демек, әлемде болып жатқан ауқымды өзгерістерден тысқары ешқандай мемлекет қалыпты өмір сүре алмайды. Ұлттық шекаралардың маңызы жойылып, бір мемлекеттің ішінде болып болып жатқан оқиғалар басқа да жерлерге сол заматында әсер етуде. Осы сияқты көптеген факторлар мәдениетті әлемдік біртұтас жүйеге айналдыруға қызмет етіп жатыр. Бұған Батыста құрылған түрлі қаржылық, экономикалық орталықтар демеушілік жасап, әлемдік мәдени дамуға ықпалын күшейтуде.
Әлемдік экономиканың осындай бағытта дамуы табыстың бөлінуінде әділетсіздіктер туғызып, бай мен кедейдің арасын алшақтата түсуде. Қазір әлем халқының 80 пайызы әлемдік табыстың 20 пайызы ғана түсетін кедей елдерде тұрады. Әлемнің ең бай 62 адамы жер шары халқының тең жарымының, нақтылай айтқанда, үш жарым миллиард адамның байлығындай үлеске ие болып отыр. Қоғамда жүріп жатқан мұндай әділетсіздіктер халықтың ашу-ызасын тудырып, әлеуметтік толқулар тудыруда. Мұның аяғы мемлекетішілік, ұлтаралық, дінаралық, азаматтық қақтығыстарға соқтырып жатыр.
Жер бетінде билік жүргізгісі келгендер бұл мақсатына тек қарудың күшімен жете алмастарына көздері жетіп, оған жаңа жол іздеп, оны тапқандай да болды. Ол жол — адамның миын, сана-сезімін жаулап алу арқылы оның өзін бағындыру. Ал сана-сезім дегеніміз — тіл, сол тілде жасалынған әдебиет, дүниетаным, әдет-ғұрып, салт-сана, мәдениет, білім-ғылым, бір сөзбен айтқанда, адамның рухани өмірін қамтамасыз ететін компоненттер жиынтығы. Әлемді билеп төстегісі келетіндер қазір ұлттық тіл, ұлттық мәдениет атаулыға қарсы кең ауқымды шабуылдарын бастап та кетті. Қазір әлемдік деңгейде жүріп жатқан «Ақпараттық соғыс ұлттың сана-сезімін күйретіп, әдет-ғұрпын, ділі мен дінін жойып, қадір-қасиетінен айырып» [Мұсатаев. 2013.33] жатыр.
Жаһанданудың «негізгі мақсаты – ең алдымен, ақпараттық төңкеріс жасау арқылы түрлі мемлекеттердің саясатын, экономикасын, мәдениетін, ділі мен тілін, білімін, рухани байлығын, және басқа да салаларын бір арнаға тоғыстырып, қаржылық-ақпараттық, адами-ресурстық әлемді тұтастыра біріктіріп, бір монополияны құрып, ортақ планета жасап, билік жүргізу» [Құрмашев. 2013.3].
Ғарифолла Есім жаһандануды «американдық саясаткерлердің идеологиялық ой-санасы», «мәдениеттегі, саясаттағы, идеологиядағы, халықаралық қатынастардағы американдық вектор», американдық «саяси бағыт» [Есім. 2009. 334-335] санайды. Әдебиетте де солай. Сондықтан да жаһандануды өзгелер үшін «жат идея» деп біледі.
Бұрын адамзат қоғамы социалистік, капиталистік болып екіге бөлінгенде, әлемдік бәсекелестік осы екі жүйенің арасында өтсе, ХХ1 ғасыр тілдердің, сол тілдерде жасалынған мәдениеттердің текетіресіне айналды. Жаһандану үдерісін зерттеген ғалымдар болашақта әлемде бес-алты ғана тіл қалып, американдық, батыстық мәдениет, өмір салты үстемдік құратын болады деген болжам айтады. Бұл дегеніміз — жаһандану үдерісінің барысында әлемде санаулы ұлттар ғана қалып, «өз қалпын сақтай алмаған» (Орхан Памук), бәсекеге қабілетсіз басқаларының әдебиет, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт, ұлттық сана, әдет-ғұрып сияқты ұлттық құндылықтары тілімен қоса жойылады деген сөз.
Жаһанданудың ең басты ерекшелігі ол еш бір тілді тіл деп, әдебиетті әдебиет деп, мәдениетті мәдениет деп, ұлтты ұлт деп, танымайды; керісінше, негізгі мақсаты — ұлттық мәдениеттерді жою. Өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін алдымен, өмірлік тәжірибелері аз жас ұрпақтың санасын улап, өз ұлтына қарсы қоятын түрлі «теорияларды», соларға негізделген субмәдениеттерді (американдық «жаппай мәдениет», Батыс Еуропаның «тұтынушылық мәдениеті», т. б.) ойлап тауып, оларды жүзеге асыру үшін барын салуда. Өз пиғылдарына адамды, ұлтты, халықты аздырып-тоздырып жіберу арқылы жетпек болған Батыс қазір бұл «майданға» барлық күшін жұмылдыра түсуде.
Әлемдік ауқымда қарқын алып бара жатқан жаһандану ұлттық мәдениеттердің сақталуына, өмір сүруіне, дамуына жасанды түрде түрлі кедергілер жасап, адамдарды мәдениетсіздікке қарай бағыттауда; ұлтаралық, мәдениетаралық қарым-қатынастарды барынша ушықтыра түсуде. Жаһандану адамзат баласын ұлттық рухани тамырынан айырып, сол рухани құндылықтарына негізделген этностық болмысынан, адамгершілік қағидаларынан, бір-бірімен қарым-қатынас жасау мәдениетінен жұрдай қылуда. Моральдық, рухани-мәдени құндылықтарға сүйенбеген халықтың қоғамдық-саяси, мәдени-моральдық, экономикалық дамуда жетістіктерге жетуі екіталай. Қоғамда жүріп жатқан осы сияқты келеңсіз үдерістің салдарынан қазір әлемде мәдени, экономикалық, әлеуметтік дағдарыстар өріс ала түсуде [ Сайров. 2009.24].
Жаһанданудың барысында Батыстың ұлттық мәдениеттердің орнына бізге ұсынып отырғаны — «тобырлық мәдениет», яғни тобырлық әдебиет. Тарихи тамыры, ұлттық сыпаты, адамзаттық адамгершілік нормаларынан жұрдай еркіндікке негізделген «бұқаралық мәдениет» бүгінгі күннің қызығын көріп қалу өмірдің негізгі мақсаты деп білетін батыстық әуейі жастардың ойынан шығып, жұқпалы аурудай тез тарауда. Жаһандану өмірдің мәні ішіп-жеу, бүгінгі күннің қызығын көріп қалу, барлығы мен үшін деп түсінетін, жалпы өзінен басқа ешкімді, еш нәрсені — өткен тарихыңды, тарихи дәстүрлеріңді, тарихи тұлғаларыңды, ұлттарды, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық-адамгершілік нормаларды мойындамайтын космополит жастарды тәрбиелеп, тарихтың сахнасына шығарып жатыр.
Батыстың тобырлық әдебиетінің екінші атауы — постмодернизм. Постмодернизмнің ең басты ерекшелігі ол осы уақыттарға дейін жасалынған әдеби мұраны, яғни әдеби дәстүрді, ұлттық ерекшеліктерді мойындай бермейді. Олар әр дәуірдің өз әдебиеті болады, бұрынғы әдебиет сол заманға қызмет етті, енді олар жаңа заманға олар жарамайды, сондықтан да жаңа әдебиет жасауымыз керек дейді.
Қазір түрлі руханияттардың, діндердің арасындағы бәсекелестіктер барынша күшейіп, тілдер соғысына, діндер соғысына, мәдениеттер соғысына, Батыс пен Шығыстың текетіресіне айналып бара жатыр. Осылардың ішінде тіл мәселесінің шешілуі шешуші рөл атқаруда. Тіл тәуелсіз болмай, сол тілде жасалынатын рух тәуелсіз болмай, ұлт, халық, мемлекет тәуелсіз бола алмайды. Міне, не олай, не бұлай болатын осындай жағдайлар сыпайы түрде «мәдениеттер тоғысы» аталып жүрген жаңа заманда бүкіл адамзат баласының қоғамдық дамуы алдына мүлдем жаңа міндеттер қойып отыр. Осылардың қалай шешілуі жер бетінде өмір сүріп жатқан ұлттар мен халықтардың рухани жағынан дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындамақшы.
Тарихқа көз жіберетін болсақ, әлемнің жарымына жуығын қарудың күшімен бағындырған небір ұлы империяларды, осындай басқыншылықтар барысында алдымен тілін, сосын мәдениетін жоғалтып алып, соңынан өздерінің де жойылуына тура келген небір ұлттар, мемлекеттер болған. Осындай әрекеттер бүгінгі күндерге дейін жалғасуда.
Жаһанданудан тілді, әдебиетті, мәдениетті, ұлтты аман алып қалудың бірден-бір жолы ұлттық сана-сезімді күшейту арқылы тілді, ұлттық рухани құндылықтарды, ұлтішілік бірлікті күшейту, тегі, тілі бір, рухани құндылықтары ортақ түркі халықтарының ынтымақтастығын арттыра беру қажеттілігін бүгінгі өмір талап етіп отыр.