МАЙЛЫҚОЖА СҰЛТАНҚОЖАҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ


Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898) — қазақтың халық ақыны (суырып салма ақын). Қазiргi Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Қожатоғай ауылында дүниеге келген.
Ауыл молласынан сауат ашып, ескіше хат таныған. 14 жасында әкесiнен айырылған ақын тағдыр тауқыметiн көп көрiп, терме-толғаулар шығарып,айтыс өнерiне бет бұрады. Ұлдары Асан, Жолбарыс, Исабек әке жолын қуған сөз шеберi апайтөс ақындар болып өмiрден өткен.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде өзіндік орны ерекше, артына мол мұра қалдырып, халықтың ықыласына бөленген ақын. Атақты Жамбыл ақынның өзі оның ақындығына, ғибраты мол өлең-термелеріне «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған» деп бағасын да беріп кеткен.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы өлеңдерін ауызша шығарған, өзі жазып қалдырған мұралары да кездеседі. Майлықожаның әдеби мұрасын жанры мен мазмұнына қарай бірнеше тақырыптарға бөлуге болады: ғибрат, нақылдар («Ер көгерер дұғамен», «Жолдас болсаң жақсымен», «Жақсы адам қартайса»), арнау өлеңдер («Ахмет төреге», «Тұрлыбекке», тағы басқалар), дастан- мысалдар («Қасқыр», «Тотынама», «Аңқау мен қу», «Шора батыр», «Үш жігіт»), айтыстар.
« Қасқыр» атты өлеңінде адамдардың өзі тойса да, көзі тоймайтын қасқырдың бойында болатын көрсеқызарлық,ашкөздік қасиеттерді сынап,қасқыр мінезді болмауға шақырады.
« Үш жігіт» деген өлеңде адал еңбекпен тапқан табысқа қанағат қылмай, байыған үстіне баю жолдарын көздеген ағайынды үш жігіт туралы айтылады.
« Райымқұлға», « Ноғай мырзаға», « Үш жігіт» , « Қасқыр» өлеңдерінің жалпы мазмұны адамгершілікке шақыратын, ғибраты мол сөздер.
Майлықожаның өлеңдерінен, ғибратты сөздерінен басқа айтыстары да бар.
Майлықожа ақынның Сүйiнбай, Мәделқожа Жүсіпқожаұлы, Күдеріқожа, Құлыншақ, Айман-Гүлханым, Ұлбике, қырғыз ақыны Жаныстармен сөз сайыстыруы ақын атамыздың терең ойлы шындықты ту еткен бiлiмдi шайыр екенiне көз жеткiземiз.
Мысалы, замандасы Құлыншақ ақынның:
«Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,
Жұрттан алып жегенмен бай болмадың» — дегенiне лезде сөз тауып:
Сен Құлыншақ болғалы талай болды.
Не құлын, не жабағы тай болмадың.
Немесе Гүлханым арудың:
Кедейсiң қызды жылқысы көп бай алады-деген әзiлiне:
Бибiмiз тегiн қызды күндемейдi,
Алдың деп мұны қайдан үндемейдi.
Батыр бiр оқ, бай бiр жұрт бәрi бекер,
Дүниенiң байлығы тiлде дейдi, — деп орнықты, ойлы жауап бердi.
Қырғыздың Асыл деген байының тойында қазақ ақындары бет қаратпаған Жанысты тарих жолымен жiпсiз байлап:
Молдалар кiтап оқып мән айтады.
Бiлмесе бекер сөздi неге айтады.
«Қыс-асыл әмбиенiң» кiтабында
Қырғыздың ата тегiн ит деп айтады — деп иттей қапқан Жаныc ақынды Жолбарыстай талауы Майлының мықтылығы Бұхара — Самарқанда бiлiм алғандығының септiгi.
Майлықожа өлеңдерінде оның өзіндік поэтикалық тілі- эпитет,теңдеулер де аз кездеспейді.
Ер едің сұңқар текті,бүркіт кекті…
Дүбірдің тұлпар жылқы жарысқандай,
Үмітің айға шабар арыстандай,
Қират бүркіт секілді тұтымың бар.
Ұстасып жібермейсің қарысқандай…
Ақбөкен қара құйрық қырда жатқан,
Мылтығын мергеншілер қырлап жатқан.
Сонымен, жоғарыда келтірілген өлеңдердің өзінен-ақ Майлықожаның әдебиет тарихынан орын аларлық өз заманының көрнекті ақыны болғанын тану қиын емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *