Ерімбетова Қ.- Р БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты
Астана., аза:стан erimbet99@mail.ru
Мақалада Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ірі ошақтарының бірі Торғай көтерілісі жəне оның барысының «ақтаңдақ» беттері сипатталады. Көтеріліс басшысы Əбдіғапар Жанбосынұлының шыққан тегі, өскен ортасы, көтерілісті ұйымдастырудағы іс-қимылдары баяндалады. Сол сияқты Əбдіғапар Жанбосынов ұрпағының кеңестік қуғын-сүргінге ұшырауы зерделенген.
Тірек сөздер: тарихи сана, ұлт-азаттық көтеріліс, тарихи кезең, ұрпақтар сабақтастығы, тəуелсіздік.
Кіріспе. Халықтың рухын тұсаулау, шарасыздықтан тəуелсіздікке талпынуға, қажет болған жағдайда ашына күресуге жол ашқан болатын. Бұл қоғамдағы табиғи əрі заңды құбылыс. Сондықтан да болу керек, көрнекті қайраткер Т. Шонанұлы мұндай халық көтерілісін — халық ойының сəулесіне теңеген. Замануи көзқарас бойынша, 1916 жылғы Торғай өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілісі мен оның басшылары əмір Əбдіғапар мен Аманкелді Имановты, Алашорданың Торғай бөлімінің мүшелері А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Есполов, С. Қадырбаев, К. Тоқтабаев, А. Кенжин жəне тағы басқалар есімдерін кеңестік Қазақстанның қоғамдық-саяси тарихы бетінен алып тастау мүмкін емес. Алайда, мүмкін болған тарихи кезеңнің куəгерлері бар, олар — кеңестік дəуірдің азаматтары. 1916 жылғы Торғай ұлт-азаттық көтерілісі тарихы бойынша кеңестік тарихнамада халық батыры ретінде Аманкелді Иманов есімі аталынады да, нағыз көтерілістің үйлестірушісі, халық сайлаған көтеріліс басшысы Əбдіғапар Жанбосынов жөнінде еміс-еміс əңгімелер ғана қалады. Əбдіғапардың кеңес мемлекетінің қас жауы ретінде тарихи таным қалыптастырылды. Бұл көтеріліс ауқымын қолдан бұрмалау еді. Бұл ахуал 1991 жылы КСРО ыдырап тынғанша жалғасты. Сəл тарихқа көз жүгіртсек:
Батыр тұлғасын қалыптастыру тарихы бойынша композитор Е. Брусиловский естелігінде былайша береді: «1935 жылы Сталиннің қабылдауында болған Мирзоян, Исаев жəне Жанкелдин əңгімелесіп отырып, Қазақстанның солтүстік-батысындағы аумақта əскери іс-қимылдар жүргізген Чапаевты еске алады. Сонда Сталин кенеттен «Сіздердің өздеріңіздің Чапаевтарыңыз бар ғой»,-дейді. Сонда Исаев пен Мирзоян Жанкелдинді көрсетеді. Ол Жанкелдин туралы айтпаған еді. Сталин Царицынды қорғауда жүргенінде қазақ даласындағы көтерілісті басқарған көзсіз батыр Аманкелдімен байланыс жасағанын айтады. Брусиловский солкезде Мирзоян мен Исаевтың Аманкелді туралы естігені жөнінде тұшымды бірдеңе айта алатынына сенімсіздік білдіргенімен, Жанкелдиннің Аманкелді туралы деректі толық білетіндігін жəне бұл деректі растап, ондай батырдың болғандығын айтқандығын көрсетеді. «Сол Аманкелді Имановтың дəл өзі қазақ Чапаевы болып табылады», -дейді Сталин. Осылайша Мəскеуде Сталин біліп отырған Қазақстандағы революциялық қозғалыстың батырын Қазақстанның басшыларының білмеуі елеулі ыңғайсыздыққа ұшыратады. Осы жерде композитор жеке тұжырымын жасайды: 1933 жылы да, 1934 жылы да Аманкелді туралы ешкім айтпаған, еш жерде жазылмаған, ал оны білетін Жанкелдин де батыр туралы айтуға асықпаған деп көрсетеді. Осы оқиғадан кейін жедел түрде өткізіп алған кемшіліктің орнын толтыру қажет болды. «Казахстанская правда» газетінің редакторы (1933-1937жж. аралығында) Верховский тарихшы Шафироны шақырып алып, Аманкеді Иманов туралы деректерді іздеп тауып, ол туралы көлемді мақала дайындауға тапсырма береді. Шафиро қанша тырысқанымен батыр туралы еш дерек таба алмайды. Бірақ оның тəжірибелі тарихшы екендігін ескерген естелік жазушы, қажет болғандықтан бірнəрсені тауып əйтеуір жазды деп еске алады. Кейіннен екі драматург Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов Аманкелді туралы пьеса жазуды қолға алады. Олар Аманкелдінің алашордашылардың қолынан Торғай қаласында 1919 ж. қаза тапқанын анықтайды. Торғай қаласы сол кезде революциялық күштердің қолында, Аманкелдінің басқаруында болғанымен, кенеттен алашордашылар билікті басып алып, Аманкелді олардың қолында қалып қояды да, жылдам атқызылып жіберіледі. Бұл оқиғаға композитор «біртүрлі əдеттен тыс, толықтай күрмеуі шатасқан, түсініксіз көлеңкелі тарих» ретінде қарайды[1].
Естелікте көрсетілген мəліметтер арқылы И.В. Сталиннің кедей-шаруа отбасынан шыққан Аманкелді Иманов туралы сөз қозғауы, оның алдын-ала деректік мағұлматтарға қаныққанын, батырдың аңғалдығы мен жанкештілігінен де хабардар екендігі байқалады, ал елді ұйытуға ел ішіндегі тұлғалардың рөлінің зор екендігін білмеді деп тағы да айта алмаймыз. Осылайша, 1935 жылдан бастап Торғай көтерілісінің қолбасшысы, жауынгер-батыр ретінде Аманкелді ғана дəріптелінді. Тоқырау жылдары тарихи оқиғалардың ақиқат беттері күңгірленіп, тот баса бастағанда, жаңа заманның жаңа тəуелсіздік лебі соқты. Бұл Торғай көтерілісі тарихына егемендікпен келген жаңа серпін, жаңаша көзқарастар əкелген – жаңғырту кезеңі еді.
Тəуелсіздік үшін ту ұстаған 1916 жылғы көтерілісшілер тағдыры, билік үшін күрестегі 1917 жылғы қос үкіметтік тайталастың ортасына түсті. Шытырман оқиғаның ішінде зорлық-зомбылық, қорлықтың жəне туған-туыс арасындағы түсініспеушілік пен жікке бөлінудің де ауыртпалығы, бұқара халыққа түсті. Сол кезеңдегі қазақ қоғамына, бүкіл елдегі сияқты, билікке келген жаңа өкіметтің (кеңестердің) жалынды ұрандары, əлеуметтік қарама-қарсылықтар əсерін берді. Кешегі ұлт-азаттық жолында ынтымақтасқан бұқара арасы жікке (ақ пен қызыл, алашодашылар мен кеңес өкіметін жақтаушылар) бөлінді. 1916 жылы көтеріліске қатысқандар, оның кейбір басшылары большевиктер партиясы өкілдерінің ықпалымен Кеңес өкіметін мойындаған болатын.
ƏБДІҒАПАРДЫҢ ШЫҚҚАН ТЕГІ
Əбдіғапардың арғы тегі Қара Қыпшақ Қобыландыдан (15ғ.) басталып, бері Тілеулі батырға (18ғ.) жетіп, оның ұлы-Нияз биге келіп тірелетінін, Нияз — Əбдіғапардың бесінші атасы екенін айқындайды. Нияз шамамен 1745 жылы туып, 1790 жылы дүние салған. Нияз жасынан өте алғыр, сөзге шешен болған. Қариялардың айтуына қарағанда 7-8 жасынан бастап үлкендер сөзіне араласып, ерте билік айта бастаған. Кейін Торғай, Қараөткел өлкесінде халық арасында жүргізген əділ билігімен үлкен сый-құрметке ие болған. Нияз ұрпағы ішіндегі сол кезеңдегі білімдісі, белсендісі – Жанбосын болған. Білімділігі мен əділеттілігі үшін оны бүкіл Торғай өлкесі қошаметтеген. Торғай губернаторы оны сайлаудан өткізбей-ақ Қараторғайға болыс етіп тағайындаған. Жанбосын Торғай қаласына барып жүргенде Алуамен (арғын Ақтас байдың қызы) танысады. Кейін əкесі құда түсіп үйлендіріп, отауын Үлкен Қарасуда тігеді. 1895 жылы көре алмастық салдарынан кейбір рубасылары Жанбосынға у бергізіп өлтіреді. Жанбосынның бес ұлы болған, солардың үлкені Əбдіғапар дүниеге 1870 жылы келген. Əбдіғапар білімді, бойшаң, қарулы болған. Ал келесі балалары: Садуақас, Əбдікірар, Мақыш, кенжесі Жағыпар [2].
1916 жылы Торғай облысының құрамына Орынбор, Қостанай, Шалқар, Ырғыз, Торғай сияқты уездер енетін. Патша өкіметі үшін Торғай даласы Ұлы далаға енетін алтын қақпа болды. Петербордан созылған телеграф Қазан, Орынбор, Шалқар арқылы Торғай дуанына жеткізілген болатын. Қараторғай болысында Əбдіғапар маңында топтасқан жастардың саны күннен күнге өсіп, 1916 жылдың қыркүйегінің аяғында үш мыңға жетті. Əбдіғапардың інісі Жағыпар жастар ортасында болды. Мұнда халықтың басым көпшілігі Əбдіғапардың соңынан еретіндерін айтты. Мұндағы халықтың басым көпшілігі қыпшақ руынан, көбісі Əбдіғапардың жақын туыстары еді. Қайдауыл болысындағы жастарды Үдербайұлы Аманкелді ұйымдастырды. Қыркүйектің аяғында мұнда да 1000-ға жуық сарбаздар жиналды. Сарыторғай өлкесінде топтасқан жастар саны 1500-ге жетті. Бұл тұста бас көтерген Өмен Мұсабайұлы болатын, кейін ол мыңбасы болып тағайындалды. Торғай халқының көтерілуін алдын ала басуды ойлаған губернатор Эверсман Торғай қаласында ақсақалдар мен құрметті азаматтарды жинап, мəжіліс өткізді. Халықты қорқыту арқылы жарлықты жүзеге асырғысы келді. Əр болыстан 10-15-тен ел сыйлаған ақсақалдар болды. Эверсман бірнеше рет патша жарлығының мəнін түсіндіргісі келді, бірақ осы жиналысқа Қараторғай болысынан келген Əбдіғапар: «Жастарды бермейміз!»,-деп кесіп айтты.
ТОРҒАЙ КӨТЕРІЛІСІ
Əбдіғапар Жанбосынұлы басшылығымен көтерілісшілер патшаның жазалаушы отрядтарына Торғай, Татыр, Шошқалы қопа, Күйік қопа, Батпаққара, Доғал-Үрпек түбіндегі шайқастарда табан тірескен қарсылық көрсетті. Торғай-Ырғыз өлкелерінде толқу күннен-күнге өршіп, жазалаушы əскер келіп үлгіргенше, жаппай көтеріліске айналған. Бұрыннан бай-болыстардың зорлық-зомбылығына шыдамай, ашықтан-ашық қарсы шығып жүрген ер-азаматтар «патша жарлығына қарсы» үгіт жүргізуге кірісті: Аманкелді Үдербайұлы – Қайдауыл болысынан, Абдолла Дүйсенұлы, Уəлі Баспақұлы – Аққұм болысынан, Қияқбай Үркімбайұлы, Əсемғазы Үркімбайұлы, Дəуренбек Сандыбайұлы – қарақоғадан, Омар Тынымұлы, Хакімбек Төкеұлы – Шұбалаң болысынан, Қасымхан Кенесарыұлы – Тосын болысынан, Əбдірахман Иманқұлұлы – Сарықопа болысынан, Жалмағамбетұлы Уəлі, Жанбосынұлы Садуақас – Көртоғайдан[3]. Ежелден қазақты өзіндік тарихы мен мəдениеті, өнері мен əдебиеті, тілі мен діні бар ел санамайтын Ресей патшалығы «бұратана» халықтың бас көтергеніне қатты қаhарланып, қыркүйек айының 27-жұлдызында Торғай даласына генерал Лаврентьевтің жазалау экспедициясын жіберді. Жəне олар мұнымен де шектелмей қазан айының 13-жұлдызынан 16-жұлдызы аралығында Қазан əскери округінен жазалаушы қосынға қосымша күштер бөліп, оған Орал, Орынбор, Астраханьнан арнайы бөлімшелер жөнелтті. Сөйтіп жазалаушы қосын құрамы 17 жаяу əскер ротасына, 19 жүздік эскадрондарға жетіп, олардың қолында 14 зеңбірек, 17 оқшашары болды.Жазалаушылар қосының жалпы саны 30 мың əскерге жетті[4]. Қазан айының ортасында Шұбалаң, Тосын, Қараторғай болыстарында топтасқан сарбаздар Торғай қаласына жақын қыстауларда орналасып, жинала бастады. Жиналған сарбаздар Торғай дуанына шабуыл жасап, «күлін көкке ұшырғысы» келді. Бұл кезде Торғай бекінісінде 200-дей атты казақтар, 100-ге жуық жаяу əскер бар болатын, оған қаруланған қала тұрғындары қосылды. Қазанның 22-сінде көмекке тағы 140 атты əскер келді. Сарбаздар қарашаның 6-күні таңсəріде шабуылға шықты. Қалаға лап беріп, жабыла ұмтылды. Бірақ қарша жауған оқ зеңбіректің жарылысы сарбаздарды казармаға жолатпады. Қолдарында дұрыс қаруы жоқ сарбаздар кері шегінді. Тек мылтықтары бар Кейкі, Аманкелді, Жағыпарлар ғана оншақты жауды оқтың астына алды. Жағдайдың осындай боларын сезген Əбдіғапар о баста-ақ жалаң шабуылға қарсы шыққан еді. Оның ұсынысы бойынша: қоршап, тек шығамын деушілермен шайқасып, жойып отыру керек еді. Мая-мая шөптен айырылған, суы жоқ, телеграф сымдары үзілген қала ұзақ өмір сүре алмайтын. Өздері ұзамай бағынатын. Қыс болса келіп қалған еді. Бірақ көпшіліктің ниетімен жасалынған шабуыл жеңіліске ұшырағанмен, біріншіден, Орынбор губернаторынан бастап Ресей бас штабына дейін дүрлікті, екіншіден, халық арасында Əбдіғапардың əскери өнердегі стратегиялық ой-өрісі танылды.
Қараша айының аяғында Жалдама өзенінің бойында Торғай уезінің шығыс бөлігінде орналасқан 13 болыстың ақсақалдары, іштерінде сарбаз басшылары Əбдіғапар, Амангелді, Үмен бар үлкен жиналыс өткізді. Осы ел отаршылдыққа қарсы шыққан Кенесарыны одан 75 жыл бұрын хан сайлаған еді, бұл жолы да күн тəртібінде елге беделді, білімді, əділ адамның тарихи қажеттілігі болды. Ақсақалдар бірауыздан ата салтымен Əбдіғапарды əмір сайлады. Себебі бір орталықтан басқару қажеттілігі туындаған болатын.. Əбдіғапарды көтеріліс ханы етіп сайлады, Хан Кеңесін құрды. Соғыс ісі болсын, шаруашылық, сот ісі болсын Кеңестің шешімімен істелетін болған. Осылайша қарапайым демократиялық жүйе іске қосылды[5]. Бұл Кеңестің негізгі міндеті — елді жаудан сақтау, қорғау, аман алып қалу.
Ырғыз жəне Торғай уездерінде бірнеше елді мекендерде қырғыздардың үлкен қарулы топтары жиналып, олар жергілікті ауылдарды тонай бастады, бірнеше болыс басшыларын соққыға жықты, бір болыста хатшыны өлтіріп тастады.
Ақпан айының 22-сі күні Тургенев басқарған жазалаушы əскердің бір тобы Əбдіғапар сарбаздарын жойып, көтеріліс отын өшіру үшін хан ордасына қарай беттеген əскерін Доғал түбінде қарсы алады. Əбдіғапар мен Аманкелді əрбір ұрымтал тұста айламен қаша ұрыс салды. Құмкешуде осылай бір тосып алып, патша əскерін бөлшектеп кетеді. Батпаққараға таяу Қамысбай деген жерге келгенде оймен қашып, əп-сəтте жер соқтырып тайып отырады. Ызаланғант патша əскері Қамысбайда жазықсыз он шақты адамды атып өлтіреді. Ең алғашқы жүздіктің үлкен басшысын аңдып тұрып, Кейкі батыр көздемей атып кетеді. Одан кейін жүздік дереу кейін қайтып, басқа жолмен қашқанда, екінші топ Батпаққараға қарай жүруге дайын болады. Бұлар өлтіріп кеткен солдатқа келгенде ел көрмеген сорақы қылықты көріп, зəресі ұшады. Жазалаушыларға əбден өшіккен Кейкі батыр солдатты өлтіріп кетеді. Мұны көрген солдаттар жол бастаған Молдахметұлы Ідірісті сөзге келмей атып тастайды. Солдаттар бұдан кейін Торғайды өрлеп Доғалға тура тартады. Қолға түскен қазақты аямайды. Зеңбіректен бірден он рет «дөп» түсірді. Доғалдағы осы соңғы шайқаста Кейкі, Өмен бастаған 200 мергенді Амангелді жол бойындағы қалың қамыс пен тоғай ішінде орналастырған болатын. Алғашқы бір дүркін атыста тасадағы мергендер оғынан жаудың отыз шақтысы құлап түсті. Содан кейін олар да қарсы атыс бастап, шегініп оқ шашарларын, зеңбіректерін орнатып оқ жаудырды. Мергендер түске дейін атысты. Жау атысты одан əрі күшейтіп мергендерді қоршауға ала түсті. Түс ауа Аманкелді сарбаздарға шегіну туралы бұйрық берді. Өзен бойындағы сарбаздарды да шегіндіріп, кең далаға алып шықты. Шегінбей қалған отыз шақты мергенге Əбдіғапардың інісі, жүзбасы — Жағыпар рух берді. Аманкелдіден үш рет «қайтыңдар» деген хабар жетсе де мергендер шегінбеді. Оқтары біткен соң қолма-қол айқасқа шықты. Бесін кезінде тек екі жүзбасы ғана тірі қалды. Мергендерге қосылған Өмен батыр да қаза болды. Жазалаушылар жақындап келіп, жүзбасы Əмірбекті атып өлтіріп, Жағыпарды бірнешеуі жабыла қылыштады. Жағыпар өзіне келген үш сарбаздың да көзін жойды. Қолы мен бет аузын қан жаққан ер көзі қанталап келіңдер деп қасқайып тұрды. Жабай түрінен қорыққан əскер басы тірідей қолға түсіре алмасын біліп «атыңдар» деген бұйрық берген. Бірнеше рет атқан соң барып Жағыпар жерге құлаған. 22 жасар жас жігіт өмірімен осылай қоштасты[6].
Доғал -Үрпек соғысы 1917 жылдың 23 ақпанында аяқталды. Кейін сүйектерін алуға барғанда Жағыпардың білегінде тек қылыштың бүлдіргісі мен екінші қолында безбеннің темірі табылды[7]. Осы тұста Доғал сарбаздарының ерлігі 1986 жылғы Желтоқсан ызғарында алаңға шыққан жастардың қайсарлығы 1916 жылғы азаттық күресімен тағдырлас тарихи орын алды[8]. Бұл соғыста қайтыс болған Əбдіғапардың інісі Жағыпарды жəне 70 шақты ер-азаматтарды үйлеріне жеткізеді, сонымен қатар жау əскерлері де көп шығынға ұшырағынын, олардың жан тапсырған адамдарды 15 шақты шанаға тиеп алып кеткенінен көруге болады. Жазалаушы əскер Батпаққарада бір-екі күн болып, Торғай қаласына қайтуларына тура келді. Əскердің шығынын жасырып, бас штабқа «екі ат, екі адам ғана өлді. Əбдіғапар ханның ауылы да, ордасы да жойылды» деп хабарлады. Дəл осы кезең Ресейдегі ақпан төңкерісімен тура келіп, 1917 жылы наурыз айының 11-і күні патшаның құлағаны туралы хабар Қараторғайға келіп жетті. Əбдіғапар Уақытша үкіметке қарсы еместігін хат арқылы Торғай əкімдеріне білдірді. 1918 жылы наурыз айында Əбдіғапар мен Аманкелді Орынборда өткен Торғай облысының I-ші Кеңестер мəжілісіне қатысты. Ол кеңестік саясатты даурығып қолдамады жəне Алаш партиясы құрамына да кірмеді. 1918-1919жж. билік қолдан-қолға өтіп жатқан кезеңде Аманкелді өлтіріледі[9]. Бұл ел азаматтары арасындағы алауыздық жоғарыдан таңған іс-қимылдарының нəтижесі болатын.
Ал, 1919 жылдың 25-қарашасында Зəуре қопасында Əбдіғапар атылады. «Көртоғай ауылында арнайы асылған қонақасыны жеген қызыл əскерлер Əбдіғапарды ерте шығады, жол-жөнекей бөгелген Зəуре қопасында намаз оқып тұрған кезінде Əбдіғапарды атылуымен, Қазақстандағы тұңғыш репрессия басталғаны» туралы пікірге келген əңгімені газет тілшісі Нұрлан Жұмаханұлы Қабден Қалиұлынан жазып алады[10]. Əбдіғапардың сүйегін екі жұп ат жегілген шанамен оның ұлы Садуақас алып келеді. Ол інісі Жағыпардың жанына Көртоғай ауылына жерленді. Кеңес дəуірінде оның азаттық жолындағы күресі бүркемеленіп, тарихи мұрағаттар қойнауында қалды. 1928 жылы байлар мен жартылай феодалдар дегендердің (кеңестік атау) мал-мүлкін тəркілеу науқанынан басталған шаруаларға қарсы қысым 1929-1931 жылдары шырқау шегіне жетіп, Қазақстанда жаппай шаруа көтерілістері мен наразылықтарын тудырғаны мəлім. Заңсыздық пен шектен шыққан қысымға ең алғаш болып қарсы көтерілген Торғай өңірінің шаруалары еді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқандар 13-14 жылдан кейін саяси күрес орталығына тартылуға мəжбүр болды. Бұрынғы Торғай уезінің көлемінде Батпаққара, Торғай жəне Наурызым аудандарында болып өткен бұл көтерілістің негізгі ұйытқысы 1916 жылғы көтеріліске қатысушылар, оның сарбаздары дəстүрін жадында сақтағандар еді. Ол ел арасында «Сарбаздар көтерілісі» деп аталды. Көтерілістің негізгі ошағы Бетпаққара ауданы болды. Шаруалар 1929 жылы 2 қарашада аудан орталығын басып алып, бір апта бойы билік етті. Өз кеңесін құрып, ауылдық кеңестер орнына үштік басқару жүйесін енгізу туралы шешім шығарады. Ол үштік əкімшілік жəне əскери басқару міндетін атқаратын болды.
Халық жиналысын шақыру белгіленіп, оның басшылығына 1916 жылғы көтеріліс сарбазы Омар Бармақовты ұсынады. Жалпы ОГПУ-дің тергеу құжаттарында, партия-кеңес ұйымдары мəліметтерінде «көтерілісті ұйымдастырушылар жəне басқарушылар Алашорданың, бұрынғы ханы Əбдіғапардың туысқандары» деп көрсетілді. Əрине, бұл шындықтан аулақ еді. 1929 жылдың 1 жетоқсанына дейін «Батпаққара ісі» бойынша 335 адам тұтқындалған. Ақиқатында көтерілісшілер құрамында бұрынғы сарбаздар да, ауыл жастары да қатынасқан-ды[11,-38б.]. ОГПУ-дің ресми құжаттарында көтерілісті ұйымдастырушылар жəне басқарушылар 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін басқарған «бұрынғы Алашорда ханы Əбдіғафардың туыстары» екені көрсетіледі[12]. Тергеу ісі барысында Ə. Жанбосыновтың ұлдары Мағзұм, Назар Əбдіғапаровтар атылып кетті де, Қали 5 жылға лагерьге айдалды. Інісі Садман (Садуақас) Жанбосынов, жақын туысы Уəли Жалмағамбетов жəне басқалары да үштік үкімімен ату жазасына кесілді.
«Үштіктің» нақақтан нақақ жазасына ұшыраған (Қалидан басқалары) Əбдіғапар ұрпағының осылайша мəйіттерінің қайда қалғаны да белгісіз қала берді. Қали туған жеріне, əкесінің басына құран бағыштамақ түгілі, Əбдіғапардың басына тұрғызылған күмбездің кірпіштерінің тоналуына жол берілді. 1930 жылы Əбдіғапар ауылында тек əйелдер қалды десе де болады, ал балалар: Мəрден, Əжметден, Мəлике, Рахима, Төкеш пен Əлиакпар, Сапарғали, Зейнол-Ғабиден (Қабден) Қызылорда, Алматы балалар үйіне тапсырылды, кейін осылардың біразы Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза болды. Ауылда қалған ұсақ балалар аштықтан өлді. 1932 жылғы аштық кезінде Жағыпардың зайыбы Айсұлу мен Үміт Шымкентке барып жан сақтауға мəжбүр болған. Тек 1970-жылдары ғана Əбдіғапар ұрпағы Қабден мен Ғабдолла өз қолдарымен əкелерінің басына бұзылған күмбездің орнына «төрт құлақ» орнатуға, ал тəуелсіздік алғаннан кейін Қабден Қалиұлы, Сағадат Едігеұлы жəне Марат Мырзағалиұлының басшылығымен ақ кесене тұрғызуға мүмкіншіліктері болды.
Ал КСРО көлемінде түбегейлі реформалар күштеп іске асырыла бастағанда (тəркілеу, жаппай ұжымдастыру т.б.) БК (б)П-ның Л. Троцкий жəне басқалары басқарған ішкі оппозициясының, əрекетінен əбден қауіптенген И. Сталин жəне оның жақтастары оларға қарсы ашықтан-ашық саяси қуғын-сүргін жүргізді. Оппозиция өкілдерімен қатар ұлт республикалары мен аймақтарында бұрынғы ұлт-азаттық көтерілістер мен қозғалыстарға, партияларға қатысқандар қуғын-сүргінге ұшырады.
Осының бəрінде Əбдіғапардың есімі ілесіп жүруіне орай, отандық тарихтың 1916-1919 жылдар оқиғаларында оның есімі атаусыз қалды. Халықтың тарихи санасынан алып тастауға күш салынғанмен, ақиқаттың айнасынан қалқып қайта шықты.
Əбдіғалық – 1895 жылы Жанбосынның шаңырағында дүниеге келді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Əбдіғапар əмірдің атқосшы шабарманы болды. Алматы облысының Талғар ауданындағы «Қызыл қайрат» колхозында есеп қызметкері болып еңбек етті. ОЛ 1980-жылы қайтыс болғанынша, қарапайым тірлік кешіп, ешқандай саясатқа араласпады.
Едіге — Рүстемнің баласы, университетте студенттік күндердің өзінде аңдуда болған, оның зайыбы Алма Бозтайқызының айтуы бойынша: «Едігені хан тұқымы, нағашысы ұлтшыл» деп кінəлаған, үйлерінде əке-шешесінің суретін сақтауға тиым салған.
Төкеш – Əбдіғапардың інісі Əбсадықтың (Уездік Кеңестік милиция бастығы болған, 1921 жылы қайтыс болған) баласы, алғашында балалар үйінде тəрбиеленгенмен, кейін Рүстем қолына алады. 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің алғашқы студенттерінің бірі болып, оқу мен қоғамдық комсомол ұйымының жұмысына да белсене араласады. Бірақ, тағы да «хан тұқымы» деген арыздар Төкештің де алдынан шығады, ол комсомолдан шығарылып, оқудан қуылады. Ер-азамат езілмегенмен жылдар бойғы іштей күйзеліс, жазықсыз жанның қуғындалып, мұңын шағар жер таппауы, тектілігін көрсетсе де тексіздердің табан астында қала беруі, ақыры жүйкесі мен жан жүрегіне əсер беріп, сырқаттан айықпады.
Əбдіғапар ұрпақтары кеңестік зұлматтың азаттық жолында да, тəуелсіздік үшін болған күреске жасалған сан түрлі астарлы қатігездік саясатының шырмауында болғандығын баяндай отырып, еріксіз ойға қаласыз бұл бір отбасының ұрпағы көтерген жүк, ал басқа қаншама отбасы қандай азапты күндерден өтті, мойыды, қаншама кісəпірлік тіршіліктерге мойынұсынуға тура келді, шыдады… Адам өзегін өртейтін де адамдардың сол бір жылдардағы пендешілігі. Дегенмен, уақыт емші. Заман өткен сайын тарихтың жарқын беттері алда жарқырай түсті. Тек 1990 жылдардан кейін ғана жұрты сыйлаған — Əбдіғапар есімі халқына қайтарылып, тарихымыздан өз орнын алды[16]. Оны 1919 жылы тергеусіз, сотсыз атылу себебі, оған қатысты айыпкерлер де сұралмады. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды[17]. Əбдіғапар ханның ұрпағына төнген қауіп алғаш рет 1929 жылы Назарды өлтіруден басталғаннан, 1941 жылы Рүстем атылғанша жүргізілген. Алайда, атып-асу, қуғын-сүргіннің қандайы да Əбдіғапар Жанбосынұлының əулетін түп тамырымен құрта алмады. Оның ұрпағы жайқалған бəйтеректің бұтағындай өсіп-өніп, қанатын кеңге жайды[18].
Қорытынды. Əбдіғапар Жанбосыновтың бүгінгі ұрпағы аталары армандаған — Тəуелсіз Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық, ғылыми-мəдени дамуына үлес қосып, əрбір салада өздерінің ата жолына адал екендіктерін көрсетуде. «Ата көрген оқ жанар» демекші, парасаттылық, отаншылдық, өз ісіне адалдық – бабалар өсиеті. Өсиетті орындау біздің парызымыз. Себебі қанды шайқаспен келген жеңістің киесінің орны бөлек болмақ. Бүгінгі əңгіменің арқауы бір отбасы төңірегінде болды, ал қаншасы тарих қойнауында хатталып жатыр десеңізші! Бауыржан Момышұлы атамыз кезінде, ерліктің атаусыз кетуі — халықтың қасіреті екенін ескерткен-ді. Тарихи кезеңнің тағылымын санадан өткізу, кімге болса да парыз. Ерлік жолдарынан ғибрат алу – міндет.