ЖАЛПЫ ЖАЗУ ТАРИХЫ ДАМУ АЯСЫНДА КӨНЕ ТҮРІК ЖАЗУ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Молдабай Талғат*

Көне түрік бітіг жазуының кілті табылған соң көне түрік мәтіндерін жанжақты зерттеуге ден қойылды. Соның ішінде көне түрік жазуының шығу тегіне, құрылымына қатысты зерттеулер де қалыс қалған жоқ. Көне түрік жазуының кілтін тапқан В.Томсеннің еңбектерінің өзінде көне түрік бітіг жазуының шығу тегі мәселесі бойынша қарамақайшылық орын алады. Бұл үрдіс бұдан кейінгі осы мәселені қолға алған ғалымдардың да еңбегінде көптеп байқалады. Оның негізгі себебі де түсінікті еді. Бұл себептердің ең басында еуроцентристік сана негізінде қалыптасқан «Еуразия көшпелілері мәдениетіне» деген төмен көзқарастың және әлем мәдениетінің бесігі болып саналатын Кіші Азия, Қытай сынды жазу мәдениеті ерте дамыған мәдениеттермен көршілес болудың нәтижесі есебінде ізденуші бойында қалыптасқан алғашқы түйсік болса керек. Бұны В.Томсеннің көне түрік бітіг жазуының шығу тегіне қатысты жазған ойлары арқылы жақсы түсіндіруге болады деп ойлаймын. Ол өз еңбегінде көне түрік бітіг жазуының кейбір таңбалары мен олардың фонетикалық мәнінің сәйкестігі, жазудың солдан оңға қарай бағытталып жазылуы, дауысты дыбыстардың көп қолданылмауы (консонанттық жазу түрі) негізінде көне түрік бітіг жазуының Семит жазуының бір қолы болып саналатын Арамей жазуы түрлерінен бастау алады деген ой түйуге себеп болады [Thomsen, 1922: 73-74]. Солай бола тұра, ол дәл сол еңбегінде КТБ жазуының кейбір дауыссыз дыбысты білдіретін (консонанттық) таңбаларының жүйелі әліпби таңбаларынан қарағанда логографияларға көбірек ұқсайтындығы және олардың көшпелілер өмірімен тығыз байланысты сөздермен бұл таңбалардың астасып жатуы оны екі ойлылыққа жетелейді [Thomsen, 1922: 75-78].

Дегенмен КТБЖ кілті табылғаннан бергі бір ғасыр аралығында КТБ жазуының шығу тегін басқа жазулардан бастау алады деген теория басымдыққа ие еді. В.Томсен ұсынысын О.Доннер қолдай отырып, КТБ жазуының ең жақын прототипі арамей жазуының түрлі варианттары дей келе, б.з.б. ІІ –ІІІ ғ.ғ. мұрасы Аршакид монетасының жазуын арамей мен түрік бітіг жазуының аралық варианттарының бірі деп көрсетеді [Donner, 1896: 5-44]. Бұл екі ғалымның ұсынысын кейін П.М. Мелиоранский [Мелиоранский, 1899: 47], А. Аманжолов [Аманжолов, 1978: 76-87] қолдады. Дж.Клосон өз еңбегінде КТБЖ қағанның бұйрығымен бір соғды сауаттысы Иран әліпбиінің ескі прототиптерінің бірін басты үлгі ретінде ала отырып, грек әліпбиінен толықтырулар жасап шығарған деген тұжырым айтқан [Клосон, 1986: 135-158]. А.С. Аманжолов өз еңбегінде көне түрік бітіг таңбалары мен Азиялық көне жазу таңбалары арасында генетикалық байланысты қарастырған [Аманжолов, 2003: 287-352]. В.А.Лившиц атақты соғдиолог Р.Готьоның еңбегі негізінде КТБ жазуының соғды жазуынан бастау алатындығын КТБ әліпби таңбалары мен соғды әліпби таңбаларын салыстыру арқылы дәлелдеуге тырысады [Лившиц, 1978: 84-98]. О.Сүлейменов КТБ жазуы таңбаларын ерте және орта ғасыр мәдениеттерінің алфавитерімен жанжақсы байланысы негізінде қарастырған [Сулейменов, 1978: 43-53]. О.Прицак КТБ жазуының шығу тегін оның буындық құрылымын негізге ала отырып Батыс Семит буындық жазуынан бастау алатындығын алға тартады [Pritsak, 1980: 83-98]. А.Рона-Таштың пікірі бойынша КТБ жазуы Арамей әліпбиінің Армаздық нұсқаларының бірінен бастау алады және әліпби ретінде қабылданғаннан кейін 4 эволюциялық кезеңді бастан өткізген деген болжам айтқан [Rona-Tas, 1987: 7-14]. Қ.Сартқожаұлы өз еңбегінде КТБ жазуының шығу тегін автохтондық негізге сүйеп, дүниетанымдық негізде дәлелдеуге тырысқан [Сартқожаұлы, 2007: 304].

Аталмыш тақырыпқа қалам тартқан алғашқы ғалымдар Д.Г.Мессершмид пен Ф.И.Таберттен (Страленберг) бастап қазіргі түркітанушы ғалымдардың барлығы дерлік КТБ жазуының шығу тегіне деген қызығушылығы мен тақырыптың өзектілігіне байланысты өз ойларын айтып, пікірлерін білдірген. Бұл ғалымдардың барлығы дерлік грамматология ғылымының теориялық негіздері шеңберінде көбіне салыстырмалы-салғастырмалы жолды таңдап, жазудың ішкі және сыртқы ерекшеліктері (форма) негізінде басқа жазулармен салыстырып қарастырған. Бұл жазу тарихын зерттеудің ең тиімді жолы болумен қатар ең күрделі жолы болып саналады. Ғалымдардың негізгі кемшіліктері салыстырылған екі жазудың арасындағы хронологиялық айырмашылықтарды ескермеулері болып саналады.

Жалпы жазу тарихын зерттеуде қалыптасқан тәжірбие негізінде біз жазу таңбаларының жалаң графикалық ұқсастықтарымен салыстырма жүргізудің ешқандай тың нәтиже бермейтіндігін байқадық. Графикалық лингвитика саласы зерттеулері нәтижесінде әлемдегі графикалық таңбалардың негізін қалыптастырған негізгі тірек таңбалар саны санаулы және бұл ешқандай байланыссыз графикалық кескін таңбаларының кез-келгенінің ұқсастығына жол ашуы мүмкін [Панов, 1983: 66-78]. Бұған мысал ретінде біз КТБЖ сыры ашылмағанға дейінгі батыс ғалымдарының солтүстік еуропадағы «руна» жазуын кескіндік ұқсастығы негізінде байланыс іздеуін айта аламыз. Бұл жөнінде В.Томсен өз еңбегінде бұл екі жазу арасындағы ұқсастық екі жазудың да негізінен қатты денеге жазуға арналғандығы себебі вертикалдық сызықтар негізінде жасалатындығы деп атап өткен болатын [Thomsen, 1922: 71-72]. Жазудың сыртқы формасымен айналысу белгілі бір шектік негізде жасалмаса ғалымдарды априордық (долбарлы) нәтижелерге жетелейді. Қ.Сартқожаұлы «Байырғы түрік жазуының генезисі» еңбегінде көне түрік бітіг жазуының шығу тегіне қатысты академиялық көзқарастарды үш үлкен топқа бөліп қарастырған [Сартқожаұлы, 2007:].

«Арамей гипотезасы» негізін қалаған В.Томсен, жалғасты-рушылар О.Доннер, П.М.Мелиоранский, А.Аманжолов және т.б. Арамей жазуымен КТБ жазуы таңбаларын салыстырған бұл ғалымдар жазудың сыртқы формасы негізінде КТБ жазуы әліпбиінің 39 таңбасының 11 таңбасын (p), (š), (r1),
(d²), (l¹), (t²) (s²), (z), (j²), (č), (k1)ұқсатқан. Ол 11
әріп таңбасының 6 таңбасы (p), (š), (r1), (d²), (l1),(t²) жазу формасының ішкі шарттарына сай графикалық тұрғыда да фонемдік тұрғыда да сай келеді. Дегенмен олардың 4 таңбасы КТБЖ әліпбиіндегі үндесім дауыссыздары деп аталатын бір фонемді білдіретін екі графемнің тек біріне ғана сәйкес келеді: (r1) сәйкес — (r²) жоқ; (d²) — (d1) жоқ, (l¹) сәйкес — (l2) жоқ, (t²) сәйкес — (t1) жоқ. Бұл гипотезаның алғашында тарапары көп болғанмен қазіргі таңда ықпалы азаюда [Ahmet,1938; Жолдасбеков-Сартқожаұлы, 2005; Гузев-Кляшторный, 2009: 146-176]. Алғашында В.Томсен КТБ жазуының солдан оңға қарай жазылуы, дауысты дыбыстардың сөз басында және ортасында жазылмауы (Күлтегін, Білге қаған мәтіні негізінде) сияқты жазу құрылымының сыртқы ұқсастықтары негізінде ой түйген болатын. Кейін ол лигатуралық деп аталған таңбалардың түркілерге тән екендігін мойындап, консонанттық жазу еместігінің парқына барып, «Кейбір таңбалардың түркілердің өз туындылары екендігін мойындау керек» — деген болатын [Thomsen, 1896: 5-9].

«Соғды гипотезасы» 1889 жылы орыс зерттеушісі Н.М. Ядриницевтың Орталық Моңғолиядағы Орда-балықтан үш тілде жазылған триумфалды жазба ескерткішін табуымен басталып, кейін Шығыс Түркістанда жалғасқан соғды тілінде, соғды әліпбиімен жазылған жазба деректердің табылып ғылыми айналымға Ф.Мюллер, А.Лекок, Р.Готьо, О.Хансен, В.Хеннинглер тарапынан зерттеліп түсуіне байланысты өз қолдаушыларын тапты. Әрі тарихи деректер негізінде Түрік қағанаты тұсында соғды саудагерлерінің ықпалы мен «Жібек жолы» сауда жолы бойында соғды колонияларының болуы, Батыс Түрік қағанатының Византияға жіберген елшісі Монияктың соғды болуы, Шығыс Түркістаннан табылған соғды жазбаларының түріктерге дін үйрету мақсатында қолға алынғандығы сияқты деректер негізінде тарихи-деректік ықпалы артып, көне түрік бітіг жазуының осы соғды жазуынан бастау алуы мүмкін деген ой тудырады [Бартольд, 1998: 192]. Бұл Шығыс Түркістаннан табылған соғды жазба мұраларының көбі б.з. VІ-ХІІІ ғ. тиесілі манихей, христиан, будда діндерін уағыздау мақсатында жазылған діни насихат материалдары болып табылады. Ертеорта ғасырларда осы жібек жолы бойында соғдылардың үлкен ықпалы болғандығы анық. Осы ықпал олардың тілінің таралуына жол ашып халықаралық деңгейге көтерген сияқты. Соғдылардың осы артықшылықтарын ескере отырып Р.Готьо, байырғы түркі бітіг жазуы «көне соғды жазуынан» пайда болған деген тұжырымға келген. Р.Готьо көне түркі бітіг әліпбиінің 11 таңбасын соғды әріптеріне ұқсатқан. Сонымен қатар Р.Готьо КТБ жазуының төмендегі 5 әріптерін соғды әріп кескіндерімен жақын болуы мүмкіндігін салыстыра қарастырған: =h; =ɣ; =z; =s; =š [Gauthiot, 1914-1923: 5; Сартқожаұлы, 2007:]. Р.Готьоның бұл ұсынған тұжыры-мын жалпы грамматология ғылымында қалыптасқан жазудың сыртқы ерекшелігі (формасы) негізінде ұқсастықтар мойын-далғанмен жазудың ішкі ерекшелігі (формасы) негізінде үлкен олқылықтары бар еді. Біріншіден, көне соғды жазуының қол-данылу хранологиясы (б.з.б. ІІІ мың жылдан б.з. І) мен КТБ жазуының хранологиялық тұрғыда сәйкессіздігі, екеуінің ара-сындағы үлкен уақыт айырмашылығының болуы. Екіншіден, Соғды жазуы консонанттық жазу болып есептеледі. Бұл КТБ жазуының құрылымына келмейді. Егер, көне түріктер соғды әліпбиін өздеріне бейімдеген жағдайда ол жазудың ішкі эле-менттері, яғни консонанттық жүйе сақталуы керек еді. Әрі жоғарыда байқағанымыздай КТБ жазуының 39 таңбасының тек 11 ғана ұқсастық байқалған. Қалған 28 таңбаны қайда қоямыз. Егер олар расымен де соғды әліпбиінен алған болса логика-лық тұрғыда істі күрделендірмей олардың барлық таңбаларын алып, жетпеген фонемаларға ғана жаңа графема қолдануы ке-рек еді. Бұған мысал ретінде араб графикасына негізделген қа-зақ әліпбиін кезінде А.Байтұрсынов реттеп, тіл ерекшеліктеріне сай жетілдірді: — ң; — ұ, ү; — у. Ол 30-шы жылдарға дей-ін “төте жазу” деген атпен қолданылып келді [Қазақ әдебиеті, 2010]. Немесе қазіргі таңда қолданып жүрген кирил әліпбиін айтуымызға болады. Біз кирил әліпбиін қабылдар кезде бізде бар барлық дыбыстарға сәйкес келетін таңбаларды толығымен алдық және төл дыбыстарымызды білдіретін фонемаларға жаңа графемалар бейімделді: н→ң; г→ғ; о→ө; у→ү→ұ; В.А.Лив-шиц Р. Готьоның соғды болжамына талдау жасай келіп: «Көне түрік бітіг жазу әліпбиінің негізін құраған 31 таңбаның тек 12 таңбасының ұқсастығы, ол таңбалардың өзі дәлелдеуді қажет ететін жағдайда болуы және ең бастысы логографиялық таңба-лар ретінде танылған көне түрік бітіг жазуы әліпбиінің 7 таң-басының ешқандай талассыз олардың өздеріне тиесілі екендігі соғды гипотезасын тығырыққа тіреді» — деп атап өтеді [Лившиц, 1980: 3-13].

Соғды болжамын белсенді қолдап келген тағы бір түркітанушы Г.Клоссон көне түркі бітіг жазуының шығу тегін соғды, пехлеви, бактирия сияқты ерте орта ғасырлық арамей текті әліпбилерінен іздестіріп, хронологиялық тұрғыда VІ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады деген тұжырым жасаған. Жазу сол кезеңдегі дипломатиялық қажеттілік негізінде туындаған деген пікір білдірген. Ол көне соғды жазуынан көне түрік бітіктің жуан айтылатын дыбыстарды белгілейтін а/ä, o/u, b/υ¹, q (k¹=x/k¹), l¹, n¹, r¹, s¹; r (r²), m, č, p деген 12 таңбаны, жіңішке айтылатын таңбалардың пехлеви жазуынан ï/i, d¹, t¹, деген 4 таңбаны және грек-бактириялық жазуынан g (g²), y², l², n², r², s², t², b², d², z, ö/ü деген 11 таңбаны алып көпнегізді бір құрама әліпби жасап шығарған деген тұжырым жасайды [Клоссон, 1986: 136-157].
Осы гипотезаның тараптары В.А.Лившиц, С.Г. Кляшторный, А.М.Щербак сияқты белгілі түркітанушыларды атауымызға болады. Дегенмен бұлардың соңғы екеуі кейіннен өз ойларынан айнып, КТБ жазуының шығуында түріктердің рөлінің басым екендіктерін мойындайды [Гузев-Кляшторный, 2009; Щербак, 2001:50].

«Автохтондық гипотезасы» негізінен екі топқа бөліп қаратырғанымыз абзал: а) КТБ жазуының көне түрік таңбаларынан бастау алады; ә) КТБ жазуының көне түркілік пиктографиялық, идеографиялық жазуларынан бастау алады

[Сартқожаұлы, 2007: 20-25; Гузев-Кляшторный, 2009: 153-155];
а) КТБ жазуының көне түрік таңбаларынан бастау алады деген көзқарас жазудың сыртқа формасы негізінде көне түріктерде кең тараған меншіктік құқықты білдіретін, малдың жағы мен жамбасына басылатын таңбалар қорынан бастау алады деген бағытта А.Шифнер, Н.А.Аристов, Н.Г.Маллицкий, Д.Н.Соколов сияқты ғалымдардың зерттеулері негізінде орнықты [Аристов, 1896: 277-456; Соколов, 1928: 23-39;

Аманжолов, 1978: 82]. 1896 жылы Н.А.Аристов «Об этническом
составе тюркских племен и народностей» [Аристов, 1896: 277-456] атты еңбегі жарық көрді. Бұл еңбегінде Н.А.Аристов түркі халықтарының, олардың тайпалары мен руларының таңбасын бере отырып, оның семантикасына үңіледі. Түркі халықта-рындағы меншік құқығын білдіретін таңбалардың көптігі мен түрлілігі, олардың КТБ жазуы таңбаларымен сыртқы формада ұқсастығы сол кездегі көптеген түркітанушыларды қызықты-рғаны анық. Осыдан кейін Н.Г.Маллицкий Түркістан үйір-месінің 1897-1898 жылғы бір жиналысында «О связи тюркских тамг с Орхонскими письменами» деген атпен ғылыми баяндама жасап, түркі халықтарының таңбаларынан байырғы түрік алфавиті шыққан деген тұжырымын ұсынады [Маллицкий, 1897-1898: 43-47]. Кейін Д.Н.Соколов өз еңбегінде КТБ жазуы әліпбиіндегі барлық таңбалардың түркі халықтарына ортақ таңба қорындағы (фонд) таңба түрлерінде өз сыңарын тапқан-дығын салыстырмалы тұрғыда дәлелдеп берген [Соколов, 1928: 23-39]. Бұл бағытта Г.И. Спасский, М.А. Кастрен, Г. Вамбери, А.Махмудов, М.Шинэхүү сияқты ғалымдар түрлі түркі тайпа-лар мен халықтарының таңбаларын КТБ жазуы таңбаларымен салыстырып қарастырды [Кляшторный, 2003; Махмутов, 1969: 141-147; Сартқожаұлы, 2007].

Расымен де, таңба гипотезасы жалпы жазу теориясы тұрғысынан назар аударуға лайық гипотеза. Белгілі жазу тарихы зерттеушілерінен И.Фридрих таңбаны «сурет жазудың» ерекше бір түрі ретінде түсіндіреді [Фридрих, 1979: 37-40]. Жазу тарихының теориялық негізін қалаған И.Гельбтің пікірінше таңба бұл жазудың алғашқы түрлеріне (предписьменность) жататын семасиографиялық жазу түрі және жазу даму кезеңдерінің міндетті алғышарттарының бірі ретінде сол мәдениеттің бейнелеу өнері немесе мнемоникалық белгілерінің (тілдік элементтерді қамтымаған) қалыптасып, меншіктік жазу ұғымын қалыптастырып, шартты көрнекілік таңбалардың қалыптасуына жол ашады. Бұл жазудың тілдік элементтерді қамтуының (сөз, буын, фонем) ең алғашқы сатысы деп қарастыруымызға болады [Гельб, 1979: 317-319].

Біз осы таңба гипотезасын ұстана отырып КТБ жазуының автохтондық негізін дәлелдеуге тырысамыз. Бұл ұстаным КТБ жазуының жалпы жазу теориясы аясында автохтондық жазудың даму эволюциясына сай келеді. Әрі ұлттық таңба қоры (сурет, таңба, белгі, нышан) тұрғысынан қарастыратын болсақ көне түріктердің өте ерте заманнан бастап тас бетіне көптеген суреттер мен таңбалар қалдырғанын білеміз. Бұл олардың өз бетінше жазу жүйесін қолданғандығын және кейіннен қолданысқан енгізген КТБ жазуының автохтондық сипатына басымдық береді. Бұл сурет қорындағы таңбалардың көптігі, түрлілігі және КТБ жазуы қорындағы таңбалардың барлығының осы ұлттық таңба қоры элементтерінде өз сыңарының болуы үлкен қызығушылық тудырады. Бұл салаға қалам тартқан ғалымдардың көбінің осы таңбаларға тоқталуының бірден-бір себебіде осы болса керек. Таңбалардың ру, тайпа нышаны және меншіктік белгі ретінде қолданылуы белгілі бір мөлшерде коммуникативтік рөл атқарғаны анық. Ол таңбалар бір тайпадан екіншісін айыратын код. Код — ақпарат. Сондықтан, оны байырғы түркілер «тұғра» (tuɣraɣ) деп атаған (МК.І.462-19). Жазу дамуының кезеңдері негізінде бұл таңбалар, шартты бір келісімді, іс-әрекетті білдірсе, кейін тілдік элементтерді де білдіретін жағдайға жетуі әбден мүмкін. Әрі, бұл таңбалардың қарабайырлығы (примитивность), сызуға ыңғайлылығы, қолданыс аясының кеңдігі КТБ жазуын ойлап табушыларға таптырмас негіз болғаны анық. Оған екі жағдайды себеп ретінде көрсете аламыз: 1) Д.Н.Соколовтың КТБЖ әліпбиі қорындағы таңбалардың жалпы көне түркі сурет қорындағы таңбалармен сәйкестігін жариялауы; 2) КТБЖ әліпбиі қорындағы зерттеуші ғалымдар тарапынан көне түркілерге тиесілі деп танылған таңбалардың семантикалық тұрғыда ұлттық таныммен үйлесуі болып табылады.

Таңба гипотезасы жазудың сыртқы формасы негізінде қолға алынғандықтан зерттеушілерді толық қанағаттандырмасы анық екені белгілі. Дегенмен, зерттеушілер КТБЖ әліпбиі қорындағы графемалардың ұлттық таңба қорындағы таңбалар репертуарында бар екендігіне көз жұма алмайды және бұл таңбалардың ұлттық таңба қорының семасиографикалық қалыптасу кезеңдерінде белгілі бір коммуникативтік рөл атқарған таңбалар болғандығын жоққа шығара алмайды.

Жалпы жазудың шығу тегін жазудың сыртқы формасы негізінде дәлелдеу тезисі ешкімді қанағаттандырмасы анық. Ендеше, ең қарапайым жол жазуды басқаларынан алып өзіне бейімдеу жолы болып табылады. Бұл жағдайда бұл екі жазу арасында бірдей таңбалар қолданылумен қатар ұлттық фонологиялық ерекшеліктеріне қатысты жаңа таңбаларда қоса қолданылуы мүмкін. Дегенмен, біз бұл жағдайды да қарастырмас бұрын мынаны есімізден шығармауымыз керек: жазу тарихы мен жалпы жазу теориясы көрсеткендей басқалардан алынған жазу жүйесі сол жазу жүйесінің ішкі формасымен бірге алынады [Гельб, 1979: 317-319]. Бұл дегеніңіз, КТБЖ басқа жазулардан алынған болса сол жазудың ішкі формасында сақтауы керек. Мысал ретінде, КТБЖ соғды курсивті жазуынан алынған жағдайда, ирантанушылардың алфавиттік жазу ретінде таныған соғды курсивті жазуы сол қалпында қолданылуы керек еді [Лившиц, 1978: 84-91; Лившиц-Хромов, 1981: 347-514]. Яғни, КТБЖ алфавиттік жазу болуы керек еді. Шындығында КТБ жазуы жазуалды кезеңдерге тән таңбалық белгілер, пиктограммалар мен буындық негізді жазу екендігі анықталды [Молдабай, 2015: 421-430].

ә) КТБ жазуының көне түркілік пиктографиялық, идеографиялық жазуларынан бастау алады деген ұсыныс кезінде В.Томсен түрік бітіг, арамей кескіндерімен байланыста екенін айта отырып, оның кейбір әріп кескіндерінің сыртқы пішіні мен аталмыш екі жазудың оңнан солға қарай бағытталғанына ерекше мән берге келе, кейбір кескіндердің идеографикалық ерекшелігіне де назар аударғанды [Thomsen, 1922: 65-83]. ААл Е.Д.Поливанов (oq), (aj) таңбаларының сыртқы пішіні, ішкі мәніне сараптама жасап, байырғы түрік бітіг жазуын идеогра-фиядан шыққан болуы мүмкін екенін дәлелдеген еді [Полива-нов, 1925: 177-181]. Түрк ғалымы А.Ж.Эмре, орыс зерттеушісі Е.Д.Поливановтың ұсынысын алға жылжытып бітіг жазуын тү-гелдей идеограммадан шыққанын дәлелдеуге тырысты [Emre, 1938: 24].

Расымен де көне түрік бітіг жазуының шығу тегіне қатысты зерттеу жүргізген көп ғалымдар алғашында КТБЖ автоқтондық негізділігіне күмәнмен қарағанмен кейіннен көбі өз ойларынан айнып, жаңа тұжырымдар жасауда. Соғды теориясының негізін салушы Р.Готьо «L›`alphabet sogdien d›après un témoignage du XIX siècle» атты еңбегінде КТБ жазуының түркілердің өз туындылары екендігін мойындаған [Ross-Gauthiot, 1913: 525-526]. Дәл осы теорияның қолдаушысы болған С.Г.Кляшторный өз ізбасары В.Г.Гузевпен бірге КТБЖ шығу тегінің автохтондығын мойындап, көне таңбалар мен суреттерден іздестіруде [Гузев-Кляшторный, 1993: 57-62]. Соңғы жылдары КТБЖ сыртқы формасы мен ішкі құрылымына қатысты тыңғылықты зерттеулер жүргізген ғалымдар ретінде О.Прицак [Pritsak, 1963], В.Г.Гузев [Гузев-Кляшторный, 1993: 57-62; Гузев, 1994: 67-72], А.Аврутина [Аврутина, 2004: 84-97], Қ.Күдериновалар [Күдеринова, 2005: 92-100], А.С.Амандолов [Аманжолов, 2010], Қ. Сартқожаұлы [Сартқожаұлы, 2007] сияқты ғалымдарды атауға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *