Әбілғазы Баһадүрхан «Шежіре и түрік» (« Түрік шежіресі»)

 

 

Дәрістің қысқаша мазмұны

        Әбілғазы Баһадүр хан түркі халықтарының ежелгі шежіресін жазған ғұлама-тарихшы, есімі мәшһүр шежіреші, Хиуа ханы болған.

      Әбілғазының әкесі Арабмұхамед, Дешті Қыпшақтың ханы, Жошы ұрпақтарының бірі болып келеді. Ал анасы Мейірбану Арал теңізі маңайын мекен еткен қазақ руларының ханы  Жанғазы сұлтанның қызы.Әбілғазы Үргеніш қаласындағы Арысхан медресесінде оқып, шығыстың аса білікті ғалымдарынан әлем тарихы, поэзия, мемлекетті басқару мен әскери өнері, т. б. бойынша дәріс алады. Ол есейіп, ер жеткен шағында өзі туралы: «Құдай тағала мырзалық қылып маған біраз нәрсе берген, мен әсіресе үш түрлі өнерді жете меңгердім. Біріншісі — әскери өнер, яғни әскерді басқару, оның тәртібі: атты әскер мен жаяу әскерді аз не көп болғанда шабуылға қалай алып шығу, достарыммен де, дұшпандарыммен де сөйлесе білу; екіншісі – ақындық өнер, яғни түрлі өлең құрылысын

сақтай отырып, түркі тіліңде месневи, қасида, ғазел, рубаят  тәрізді өлең шығара білу, араб, парсы, түрік сөздерінің мағынасын жетік білу; үшіншісі — бұрын Арабстан, Иран, Тұран, Монғолияны билеген патшалардың өмірі мен мемлекеттік маңызды істерін, оларда болған ірілі-уақты оқиғаларды жатқа білу» — деп жазды .

Арабмұхамед хан  қартайған  шағында оның балалары арасында таққа таласу күресі басталып, билікке талас ұзаққа созылып кетеді. Осындай қарулы қақтығыстардың бірінде Әбілғазы қатты жарақаттанады. Бауырларының қолына түссе өлетінін сезіп, ол Әмудариядан жалғыз жүзіп өтеді де, төніп тұрған ажалдан қашып құтылады.Жалпы Әбілғазы жастайынан батыл, ер жүрек, қайсар мінезімен көзге түседі. Сол үшін оның есіміне «Баһадүр», яғни «батыр» сөзі қосып айтылатын болған.

        Әбілғазы өз басына өлім қатері төнген кезде қазақ әміршілері Есім хан мен Тұрсын ханды паналауға мәжбүр болады. Ақыры ағалары 1628 жылы Әбілғазыны алдап қолға түсіріп, оны Иранға айдатып жібереді. Сөйтіп Әбілғазы өз өмірінің он жылын Исфахан қаласында өткізеді. Бұл тұтқыннан қашып құтылған Әбілғазы біраз жыл бойы түрікмен және қалмақ ауылдарыңда бой тасалап жүреді.

          Арал қазақтары 1645 жылы Хиуа хандығына қарсы көтерілісте жеңіске жетіп, Әбілғазыны — Хиуа ханы деп жариялайды. Әбілғазы хан тағында отырған жылдары көптеген игілікті істер жасайды. Ол алпыс жасқа келгенінде хандық билікті баласы Ануш Мұхамедке беріп, енді өзі ата-бабаларының шежіресін жазуға кіріседі. Сонымен, «Түрік шежіресінің» жазылу тарихы туралы Әбілғазы: «Бұл тарихты жазуды бір кісіге тапсыралық деп ойлап едік, лайықты кісі таппадық. Сондықтан «Жетім өз кіңдігін өзі кесер» дегендей, өз тарихымызды өзіміз жаздық. Адам атадан бұл кезге шейін, есебін бірқұдайдың өзі біледі.Патша, бірде-бір әмір, бірде-бірауылды билеуші өз тарихын өзі жазған емес. Ешкім жазуға бата алмаған бүл кітапты жазғанда мен пақыр жалған айтуды не өз кемшілігімді жасыруды мақсұт еткен екен деп ойлай көрмеңіздер»,- деп жа- зады.Әбілғазыжазғанекі шежіресақталып, бүгінгі күнгежеткен. Олардың бірі — «Түркімен шежіресі», ал екіншісі — «Түрік шежіресі» деп аталады.

           «Түрік шежіресінде» Адам атадан бастап, Шыңғыс ханға дейінгі және одан кейінгі дәуірлерде Орта Азия мен қыпшақ даласыңда, Таяу Шығыста болған сан қилы тарихи оқиғалар жүйелі түрде баяндалады. Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары шежіресін сөз ете отырып. Әбілғазы негізінен түркі тектес халықтардың тарихына көбірек назараударған. Кезінде академик Х. Френ «Түрік шежіресін» аса жоғары ғылыми еңбек ретінде бағалай келіп, бұл шежіре «Ресей мұсылмандарына өз ата-бабаларының тарихын білуге көмектесіп қана қоймайды, олардың жалпы тарих ғылымына деген көзқарасын оятуға тиіс»деп жазған болатын.

        «Түрік шежіресі» XIX ғасырда-ақ неміс тіліне (Шенстрем), одан француз тіліне, бертін келе орыс тіліне (Тредиаковский) аударылып, бірнеше рет Еуропада жеке кітап болып басылып шықты. Бұл шежіренің орыс тіліне тәржіма жасалып, кітап болып шығуына кезіңде Ресейдің атақты графы Н. И. Румянцев тікелей өзі қамқорлық жасағаны мәлім.

          Қазақ халқының көне тарихына әдебиеті мен мәдениетіне тікелей қатысты түрлі жазба жәдігерліктер ішінен «Түрік шежіресі» ерекше орыналады. Бұл шежіре тоғыз баптан (тараудан) тұрады. Шежіренің 1,2-баптары Адам атадан бастап Шыңғысханға дейінгі оқиғалар. 3,6-баптарында әлем әміршісінің Үкідай, Шағатай,Толы деген

ұрпақтарының Мауераннахр, Иран, Қашқар жерінде билік жүргізуі, ал 7,9-баптарында Жошы хан және оның ұрпақтарының Дешті Қыпшақта,Тұранда, Қырымда,Мауренахрда, Хорезм деп патшалық етуінің тарихы баяндалады. Әбілғазы шежіресіңде қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың ежелгі тарихы, олардың байырғы әдет-ғүрпы, салт-санасы, мәдениеті. өнері. т.б туралы көптеген құнды деректер бар.«Түрік шежіресі» күні бүгінге дейін тек тарихи мұра ретінде ғана қаралып келді. Ал кезінде ол тек шежіре ғана емес, сонымен бірге өз дәуірінің көркем туындысы  саналған.

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Әбілғазы Баһадүрханның шежірені өзі жазуының себебі қандай?

2.«Түрік шежіресінің» жазылу тарихы туралы Әбілғазы хан не деп айтады?

3.«Түрік шежіресінде» не туралы баяндалады?

  1. «Түрік шежіресі» неше тараудан тұрады?
  2. Шежіренің қазақ әдебиетіне қандай қатысы бар?

Әдебиеттер:

  1. Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
  2. Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
  3. Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
  4. Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
  5. Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
  6. Бердібаев Р. «Кәусар бұлақ» А; – 1989 ж.
  7. Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
  8. Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
  9. Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
  10. Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
  11. Қонырытбаев Ә. «Қазақ эпосы және түркология» А; – 1987 ж.
  12. Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
  13. Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
  14. Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.
  15. Ақыжанов М. «Қазақтың тегі туралы» А – 1962 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *