Дәрістің қысқаша мазмұны
Еділ сағасындағы Сарай қаласынан шыққан аса көрнекті ақындарының бірі Құтб еді. Ақын XIV ғасырдың орта кезінде өмір сүрген. Алғаш Құтб Сырдария бойындағы мәдени орталықтардың бірі — Сығанақ қаласында тұрады. Ал Тыныбек Алтын Орда мемлекетінің тағына отырған кезде ол Сарай қаласына қоныс аударды. Кейінірек ол мәмлүктік Египетке барып, сонда тұрып қалған. Құтб ақынды қыпшақтар арасында «Құтбы» немесе «Құтып шайыр» деп те атай берген. Ақынның өмірі жайында мәлімет жоққа тән. Тіпті оның толық аты — жөні де белгісіз. Құтб ақынның лақап аты болса керек. Құтбтың біздің дәуірімізге дейін сақталып қалған жалғыз шығармасы бар. Ол – «Хұсрау мен Шырын» дастаны. Бұл шығарма — әзірбайжан халқының кемеңгер ойшылы, ұлы ақыны Ілияс Жүсіпұлы Низамидің «Хұсрау мен Шырын» атты поэмасының аудармасы. Оны түпнұсқадан, яғни парсы тілінен қыпшақ — оғыз тіліне еркін аударған ақын Құтб болды. Шығыс поэзиясының ең таңдаулы үлгілерін көркем аударма жасаудың кеңінен тараған кезінде өзіндік бірнеше түрлі дәстүрі, әдісі болған. Мәселен, назирагөйлік әдісінде
өзінен бұрынғы ақын жазған сюжетті, образды, тақырыпты бетке ұстай отырып, аудармашы идеясы мен мазмұны, көркемдігі мен формасы жағынан мүлдем жаңа шығарма жазып шыққан. Ал көркем аударма әдісі бұдан өзгешелеу болып келеді. Мұндай әдісті қолданғанда аудармашы — ақын өз жанынан азды — көпті өзгерістер, жеке эпизод, ой — пікірлер енгізуі мүмкін болған. Дегенмен, түпнұсқаның жанры мен негізгі ерекшеліктері сақталып отырған. Міне, Құтб ақын «Хұсрау — Шырынды» аударғанда дәстүрлі тақырыпқа шығарма жазудың осы әдісін шебер қолданған. Ол түпнұсқадағы идея мен сюжетті, мазмұн мен форманы, дастанның көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып, оған өз дәуірінің -XIV ғасырдағы Алтын Орда мемлекетінде орын алған әлеуметтік құбылыстарды табиғи түрде енгізе білген. Низами өз дастанында Хұсраудың таққа отыру салтанатын оның дүние — жиһазын, ақсүйекті ата — тегін мақтаудан бастайды. Ал аудармашы Құтб дүние — мүлік, атақ — дәреже емес, Хұсраудың әділетті, оқыған, адамгершілігі мол жан екеніне көбірек көңіл бөлген. Адам бойындағы ең асыл қасиеттерді — адалдықты, мейірімділікті, бауырмалдықты, мөлдір махаббатты, білімділікті, еңбек сүйгіштікті ту етіп көтерген бұл дастанның тәрбиелік, танымдық мәні зор.
Құтб ақынның дастаны қазақ оқырманы арасында ерте кезден -ақ тарағаны жақсы мәлім. Әзірбайжан халқының кемеңгер ақыны Низамидің «Хұсрау мен Шырын» поэмасын Құтб ақын қыпшақ — оғыз тіліне 1341 -1342 жылдары аударған болса керек. Бұл — Тыныбектің Алтын Орда тағына отырған кезі. Аудармашы дастанды Тыныбек пен Ханша Малика — Хатунға арнайды. Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» дастанының жалпы көлемі -120 парақ, яғни 240 бет. Дастан 4740 бәйіттен тұрады (Низамиде 7000 бәйіт). Дастанда Құтб ақынның өзі жазған жыр жолдары да бар. Қалғандары шығарманы көшірушілер тарапынан қосылған өлеңдер болып келеді. Құтб дастаны 91тараудан тұрады. Бұл дастанның жалғыз ғана көшірмесі бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен. Қолжазба қазір Париждің Ұлттық кітапханасында сақталып келеді. Бұл қолжазбаны түпнұсқадан көшіріп, қағазға түсірген қыпшақ ақыны Берке Фақих еді. Ол Алтын Ордада туып -өскен, өз елінде ақын ретінде танымал болған. Кейінірек мәмлүктік Египетке барып, сонда қайтыс болған. «Хұсрау мен Шырын» дастанын алғаш зерттеушілердің бірі поляк ғалымы А.Зайончковский болды. Бұл туындыны ол түрік тілінің қыпшақ диалектісінде жазылған аса құнды әдеби мұра деп бағалады. Мұны ол Низами поэмасының тікелей аудармасы емес, қайта өңдеп жазылған туынды шығарма деп таныды. Ал Е.Э.Бертельс болса, оны Низами поэмасының толық, көркем аудармасы деген болатын. Көрнекті кеңес түркологі Ә.Н. Нәжіп парсы тіліндегі «Хұсрау уа Шырын» түпнұсқасы мен қыпшақ — оғыз тіліндегі «Хұсрау уа Шырын» нұсқасының өзек — арқауы бір екенін ерекше атап көрсетеді. Ғалым бұл дастанның Құтб жасаған аударма нұсқасын жартылай төл туынды, дербес роман деп бағалайды. Хұсрау мен Шырын арасындағы мөлдір махаббат туралы аңыз — афсаналар Таяу және Орта Шығыс, Дешті Қыпшақ, Закавказьямен Орта Азия, Индия халықтары арасында көне замандардан бері -ақ кең тараған. Құтб ақынның «Хұсрау мен Шырын» дастанының қай елде жазылғаны туралы зерттеушілер арасында ортақ пікір жоқ. А.Н.Самойловичтің зерттеулеріне жүгінер болсақ, «Хұсрау мен Шырын» дастаны Алтын Орда жерінде жазылған болып шығады. Ал Ә.Н.Нәжіптің дәлелдеуі бойынша, Құтбтың бұл дастаны Алтын Ордада жазылып, кейінірек Египетте қайта көшірілген. Бізге дастанның осы көшірмесі жеткен. А.Зайончковскийдің пікірі бойынша, бұл әдеби жәдігерлік мәмлүктік Египетте жазылған, ал оның авторы Құтб — Хорезмнен шыққан шайыр. Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» дастаны қыпшақ оғыз аралас тілінде жазылған. Құтб аударған «Хұсрау — Шырын» поэмасын қазақ тілі тұрғысынан жан — жақты зерттеп, бұл дастанның ғылыми сөздігін жасап шыққан ғалым А.Ибатов болды.
Иран елінде бір қарт патша болыпты. Оның Хұсрау деген жалғыз ұлы бар екен. Хұсрау көп оқып, ер жетіп, әдепті жігіт болыпты. Патша ұлының Шапур деген бір суретші досы бар екен. Бір күні ол Хұсрауға әділ патша Мехинбану және оның жиені сұлу Шырын жайында әңгіме айтып береді. Сонда Хұсрау Шырынға ғашық болып қалады. Досын
қызбен сөйлесуге жібереді. Шапур алыстағы Армения еліне барып, Шырын серуендейтін бақтағы бір ағашқа Хұсраудың суретін іліп қояды. Жігіттің суретін көрген Шырын оған ғашық болып қалады. Ақыры Шапур бір күні Шырынмен оңаша сырласып, оған Хұсрауды мақтайды. Шырынға жігіттің жіберген жүзігін береді. Ақыры екі ғашық екі елдің шекарасында кездеседі. Бірақ нақ сол сәтте Хұсраудың әкесі қайтыс болғаны туралы хабар келеді. Хұсрау дереу өз еліне аттанып кетуге мәжбүр болады. Алайда еліне келгенде дұшпандары оған қарсы шығып, әкесінің тағына отырғызбай қояды. Хұсрау амалсыздан тағы да қыздың еліне — Арменияға қайтады. Шырын қыз тойға асықпау керектігін, алдымен Иран тағына иеленіп алу қажеттігін айтып, Хұсрауға кеңес береді. Хұсрау жәрдем алу үшін Румға (Византия) барып, Рум патшасынан әскер алады, әрі оның қызы Мариямға уйленіп қайтады. Хұсрау әкесінің тағына отырған кезде Мехинбану дүниеден өтіп, патша тағына Шырын отырады. Шырын мемлекетті әділдікпен, білгірлікпен басқарады. Қалалар бұрынғыдан да гүлдене түседі. Елдің дәулеті артады. Патша Шырын сол кезде Фархад деген атақты ұста жігітті шақырып, шөл — далаларды суландыратын каналдар қаздырады. Сөйтіп жүргенде Фархад Шырынға ғашық болып қалады. Бұған қатты ашуланған Хұсрау қалайда Фархадты құртпақ болады. Хұсрау патша бір күні Фархадқа мынадай шарт қояды:
-Ей, Фархад, сен сонау төбесі көк тіреген Бесотын тауын қақ жарып әскерім өтетін жол сал. Сонда ғана Шырын сұлу сенікі болады, — дейді. Фархад патшаның бұл шартын орыындайды. Мұны көрген Хұсрау зәресі қалмай, Фархадқа бір жалмауыз кемпірді жіберіп, Шырын өлді деп хабар айтқызады. Бұған шыдай алмаған Фархад өзін — өзі өлтіреді. Бұл арада Мариям да қайтыс болады. Ал сол кезде Хұсрау дереу Шекер деген сұлуға үйленіп алады. Бірақ көп ұзамай Шекер де дүниеден өтеді. Сөйтіп, Хұсрау тағы да Шырынға барып, кешірім сұранады, әлі де соған бұрынғыдай ғашық екенін айтады. Оған үйленбек ниеті бар екенін білдіреді. Бірақ Шырын асықпайды. Хұсрауға көп ақыл — кеңес айтады. Шырынның кеңесі бойынша, Хұсрау тозып кеткен өз мемлекетін тәртіпке келтіре бастайды. Қалаларды гүлдендіреді, әділетті билік орнатады. Бірақ ғашықтардың ғұмыры ұзақ емес екен. Хұсраудың Мариямнан туған баласы — Шеруя сарай әкімдерімен астыртын сөз байласып, Хұсрауды қапылыста өлтіреді. Әкесін өлтірген соң ол Шырынға үйленбекші болады. Бірақ Шырын өзінің Хұсрауға деген махаббатын аяқ асты етпейді. Шырын өз қол астындағы құлдардың барлығын азат етіп, мал- мүліктерін кедейлерге үлестіріп береді де, Хұсраудың қабіріне келіп, өзіне — өзі қанжар салып өледі.
«Хұсрау — Шырын» дастанының басты қаһарманы — Шырын. Дастанда Шырын тек сұлу қыз, адал жар ғана емес, сонымен бірге ол — әділетті патша, халық қамқоршысы. Сондай -ақ ол дастанның екінші бір басты қаһарманы — Хұсрауды қайта тәрбиелеген мейірбанды жан. Шырын өз елінде ғана емес, сүйген жігіті Хұсраудың мемлекетінде де әділдік пен тыныштық, дәулетті, тұрмыс – тіршілік орнатуға барынша күш салады. Шырын өз махаббатына өле- өлгенше адал жан. Құтб осы Шырын образы арқылы мемлекетті қашанда әділ, білімді, инабатты, мейірбанды жандар басқаруы керек деген пікір айтады.
Дастандағы ең күрделі образ — Хұсрау бейнесі. Хұсрау шығармада екі түрлі қырынан көрінеді. Бірі — махаббатқа опасыз, ойын –сауыққа құмар, жеңіл мінезді, залым Хұсрау. Екіншісі — елге қайырымды, әділ патша Хұсрау. Дастанда осы екі Хұсрау арасында ұзақ уақыт күрес болады. Біресе Хұсраудың жағымды мінез — құлқы женіп, ал келесі жолы ұнамсыз жақтары басым түсіп жатады. Ол көңіл көтеру қамын ойлап, ойын –сауыққа берілген кездерінде мемлекетті басқару істерін ұмытып кетеді. Хұсрау бойындағы сүйіспеншілік сезімі алғаш тұрақсыздау болып келеді. Сол кезде ол Мариямға, кейінірек Шекерге үйленеді. Ол шынайы сезімнің өзін өткінші нәрсе деп біледі. Бірақ Хұсрау бұл күйінде қалмайды. Шырынның ақыл –парасаты арқасында өзгереді. Өз сүйгені жолында ажалдан да тайсалмайтын қаһарманға айналады.
Құтбтың қыпшақ – оғыз тіліне аударған «Хұсрау — Шырын» дастаны ұлы Низамидің прогрессивті ой –пікірлерін білдіре отырып, сонымен бірге XIV ғасырдағы Алтын Орда мемлекетінің ішкі және сыртқы қоғамдық –әлеуметтік мәселелерін де зор шеберлікпен ашып көрсетеді. Бұл дастанда діни – мистикалық әдеби шығармаларға қарсы бағытталған осы өмірді нақты шындығы бейнеленеді. Ақын адамгершілікке, әділдікке, ынсапты болуға, туған жерді туған анаңдай жақсы көруге, қара бастың қамынан гөрі халық мүддесін қашанда жоғары қоя білуге, өнер –білімді игеруге, махаббатқа адал болуға үндейді.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1.Құтб аудармасының ерекшелігі неде?
- Қолжазба қазіргі таңда қайда сақталған?
3.«Хұсрау — Шырын» поэмасын қазақ тілі тұрғысынан жан — жақты зерттеп бұл дастанның ғылыми сөздігін жасап шыққан ғалым кім?
4.Дастанның басты кейіпкерлері кім және оларға мінездеме бер.
5.Ақын осы дастан арқылы қандай ой білдірді?
Әдебиеттер:
- Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
- Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
- Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
- Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
- Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
- Бердібаев Р. «Кәусар бұлақ» А; – 1989 ж.
- Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
- Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
- Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
- Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
- Қонырытбаев Ә. «Қазақ эпосы және түркология» А; – 1987 ж.
- Өміралиев Қ. «Оғыз-қоғам эпостың тілі» А; – 1988 ж.
- Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
- Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
- Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.