Қожа Ахмет Йассауи-сопылық дүниетанымның негізін қалаушылардың бірі, есімі ислам әлеміне мәшһүр ойшыл қайраткер, аса көрнекті ақын. Ақынның толық аты-жөні: Хазірет Сұлтан Шейх-ул Ислам Қожа Ахмет Йассауи.
Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам (оны кезінде Испиджап, Ақсу, Ақшаһар, Ақтұрбат деп те атаған) қаласында өмірге келген. Ақынның туған жылы ғылымда анық емес, ал 1166 жылы қайтыс болғаны туралы нақты жазба деректер бар. Әкесі Шейх Ибрахим-түркі тектес тайпалардан шыққан өз дәуіріндегі көрнекті дін қайраткері болған. Ақынның анасы айша (қазақтар оны Қарашаш ана деген)-Мұса деген атақты шейхтың қызы болған. Ахмет Йассауиді туған ауылында оқытып, сауатын ашқан, оған ислам дінінен алғаш сабақ берген ұстазы-Бахаул-дин Испиджаби деген ғұлама болған.
Болашақ ақын жас кезінде Түркістан (ол кезде Йассы деп атаған) қаласына келіп тұрған Ұлы Жібек жолының тоғысқан торабына орналасып, бүкіл әлеммен қарым –қатынас жасап тұрған. Йассы шаһары бұл кезде Шығыстағы өркениет орталықтарының біріне айналған еді. Мұнда келіп Ахмет Йассауи атақты Арыстан Баб және Жүсіп Хамадани сияқты ғұламалардан дәріс алады.
Кейінірек ол Бұхара шаһарына барып, сондағы медреселерде есімдері ислам әлеміне мәшһүр ұстаздардан бірнеше жыл білім алады. Өзінің оқу –білімге деген құштарлығын, зеректігін танытады. Бірқатар ақындармен, ғалымдармен, дін қайраткерлерімен танысып, достасады.
Ахмет Йассауи туған еліне- Қыпшақ даласына ислам ілімін жан-жақты меңгерген оқымысты адам, діни қайраткер болып оралады. Ол өз өмірінің соңғы күндеріне дейін осы Йассы қаласында тұрып, бүкіл қыпшақ даласына ислам ілімі мен мәдениетін, әдебиетін таратуға қыруар мол үлес қосады.
Ақын өзінің есімін әлемге мәшһүр еткен «Диуани хикмат» («Ақыл кітабы»), «Мират-ул Қулуб» («Көңіл айнасы») және «Пақырнама» атты шығармаларын осы Йассы қаласында жазды.
Ғұлама- ақынның Ибрахим атты ұл баласы және Гаухар Хошназ деген қызы болған. Өздерін Йассауи ұрпақтары санайтын адамдардың бәрі де осы Гаухар Хошназдан тараған жандар болып келеді.
Кезінде Қожа ахмет йассауидің өзінен дәріс алып, кейінірек ұлы ұстаздың сопылық дүниетанымын насихаттаған, оны дамыта түскен дарынды шәкірттері де аз емес еді. Йассауидің алғашқы шәкірті – Арыстан Бабтың баласы Мансур болған. Екіншісі – Сайт Ата Хорезми, үшіншісі – Сүлеймен Бақырғани, Мұхаммед Данышменд Зарнұқи, т.б. Бұлардан басқа да Лұқпан Перенде, Содыр Ата, Сары Салтұқ, Бекташ әулие, Қара Баба сияқты есімдері ислам әлеміне танымал болып кеткен шәкірттері болған.
Ахмет Йассауидің «Ақыл кітабындағы» он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы хикметтерінде негізінен өз өмірбаянын жырға қосқан. Соның өзінде ақын «Диуани Хикметтің» басты идеясын айтудан ауытқып кетпеген. Қайта ақынның ғұмырнамасы «Даналық кітабының» философиялық мәнін, көркемдік көрінісін жетілдіре түскен. Ахмет Йассауи өз өмірі туралы айта келіп, «не себептен алпыс үште кірдім жерге?» деген сауал қояды. Ақын өмірбаянына бағышталған барлық хикметтер осы жалғыз сауалға жауап болып табылады.
Ислам жолын уағыздаушы данышпан ақын пайғамбар жасына жетіп, аллаға шүкіршілік етеді, одан әрі, яғни алпыс үш жастан асып, тірі пенделер арасында жүруді өзіне үлкен күнә санайды. Сол үшін ол жер астынан арнайы салынған орынға- хилуетке түсіп, қалған өмірін сонда өткізеді.
Қожа ахмет Йассауи 1166 жылы Йассы қаласында қайтыс болып, осында жерленеді. Жергілікті халық оған шағын кесене тұрғызады. Жергілікті халық оған шағын кесене тұрғызады. Араға екі жүз отыз жылдай салып барып, атақты Әмір Темір ақынның ескі қабірі орнына қазіргі үлкен кесенесін салдырды.
Ақынның «Диуани хикмет», «Мират-ул Қулуб» және «Пақыр-наме» деп аталатын шығармалары Ахмет Йассауидің сопылық ілімінің, дүниетанымы мен философиясының теориялық негізі болып табылады. Ахмет Йассауидің дүниетанымының жалпы желісін екіге бөліп қарастырған жөн. Біріншісі – моральдық-этикалық (парасаттылық), ал екіншісі – сопылық хикметтер деп атауға болар еді.
Ахмет Йассауи ілімінің моральдық-этикалық бөлімі адамның бойындағы адамгершілік қасиеттердің мәртебесін арттыра түсуді көздеп, «инсони камал» («кемелденген адам») дәрежесіне жетуді мақсат етеді. Ал «кемелдік» дәрежесіне жету үшін адам сан алуан ілім-ғылым түрлерін игеруі қажет.
Йассауи дүниетанымының теориялық негізі шариғат пен марифат болса, бұл ілімнің практикалық негізі тарихат болып табылады.
Сонымен, «Диуани хикметте» «адамның өзін-өзі тануы» арқылы. Ақиқатты, яғни Хақты (құдайды) тану жолдары сөз болады.
Ал сопылық хикметтер арқылы ақын адамның түпкілікті мақсаты-ақиқатқа, яғни Хаққа жету екенін айтады.
Ахмет Йассауи «Ақыл кітабында» «Аллға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өту керектігін айтады. Біріншісі-шариғат. «Шариғат» — ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі-тариқат. «Тариқат»-дін ғұламаларында шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш суфизмнің негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі – маръифат. «Маръифат»- негізінен дін жолын танып білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы-күллі дүниедегі болмыс тіршіліктің негізі «бір алла» екенін танып білу, түсіну. Төртіншісі – хақиқат. «Хақиқат» («фано»)- Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғарғы басқышы. Сопылық түсінік бойынша, шариғатсыз- тариқат, тариқатсыз – маръифат, маръифатсыз-«хақиқат» болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады.
«Диуани Хикметті» ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Е.Э.Бертельс: «Ахмет Йассауидің жырлары күні бүгінге дейінгі қазақ даласынан Кіші Азияға дейін кеңінен тараған фольклорлық лириканың түрлерімен сырттай ұқсас болып отырады. Бұл ерекшелікті сопылық әдебиетте алғаш рет Йассауи бастап тұрақтандырды. Осыдан кейін өзге елдердің дәруіштік поэзиясында да бұл үрдіс жалғасын тапты, сөйтіп, жазба поэзия мен фольклордың байланысы бұдан былай жаңа сипат алды».
«Диуани хикмет» көбінесе 11 буынды не 12 буынды болып келеді. Төрт тармақтан бір шумақ құрайды Ұйқасы бізге тым жақын. Сырттай алып қарағанда а-а-а-ә, б-б-б-ә ұйқасымен келіп отырады. Ежелгі түркі поэзиясымен қазақ әдебиеті арасындағы дәстүрлі байланысты айқындай түсетін бейнелі сөздер, ұтымды теңеулер жиі ұшырайды. Мұнда Ахмет Йассауи көңіл бағы, көңіл құсы, иман нұры, заһар көзі, күйген көбелек, махаббат бостаны, хақиқат дариясы, ғашықтың дерті, ит нәпсіні өлтіру сияқты ұғымдарды сөз зергері ретінде шебер пайдаланған.
Әдебиеттер:
- Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
- Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
- Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
- Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
- Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
- Бердібаев Р. «Кәусар бұлақ» А; – 1989 ж.
- Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
- Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
- Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
- Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
- Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
- Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
- Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.
- Ақыжанов М. «Қазақтың тегі туралы» А – 1962 ж.