(Шежірелер жинағы)
Дәрістің қысқаша мазмұны
Қадырғали Қосымұлы Жалайри (1555 — 1607) – қазақтың ғұлама – тарихшысы, қоғам және мемлекет қайраткері. Ата бабасы Қарахан әулеті билік жүргізген кезден бері ұдайы ханның кеңесшілері, уәзірлері, әскери басшылары болып, аса маңызды мемлекеттік қыхметтер атқарып келген. Қадырғалидың әкесі Қосым кезінде бек дәрежесінде болып, ал атасы Темшік майдандағы ерлігі үшін батыр атанғаны мәлім.
Қадырғали Жалайри алғашында хан ордасында қызмет етіп, ханның кеңесшісі, хан балаларының тәрбиеші – ұстазы болды. Қалмақ шапқыншылығы кезінде Шығай ханның баласы (Тәуекел ханның інісі) Ондан сұлтан қаза табады. Қадырғали Қосымұлы әкесіз қалған он үш жасар Ораз- Мұхаммедті ертіп алып, бүкіл ауыл аймағымен Сібір ханы Көшімнің қарамағына көшіп барады. Көшім хан Қадырғалиды бірден төбе – би етіп
сайлайды. Қосым би үнемі Ораз – Мұхаммедтің жанында болып, оны өз баласындай тәрбиелеп өсірді.
Қадырғали Жалаири — Шығыс тарихы мен әдебиетін, мәдениеті мен салт-санасын терең меңгерген, араб және парсы тілдерін жетік білетін зиялы, ғұлама жан болған. Оның даналығы мен ғалымдығына көзі жеткен Көшімхан көп ұзамай — ақ Қадырғалиді өзіне кеңесші би етіп алады. Кейінірек ол Көшім ханға қарсы шығып, Сібір князы Сейдақтыңда ақылгөй — кеңесші билерінің бірі болады.
Қадырғали Қосымұлы, Ораз-Мұхаммед және Сейдақ — үшеуі бірге жиі -жиі аңға шығып, серуеңцейтін болған. Осыңдай күңдердің біріңде (1588 жылы) Ертіс өзені бойында саятшылық құрып жүрген осы үш қазақты Сібір воеводы Д. Чулков әдейі аңдып жүріп қапылыста тұтқындайды. Сосын үшеуінде үй – ішімен «аманат» ретінде Мәскеуге — патша сарайына жібереді.
Сонымен, Қадырғали Жалаири 1598 жылға дейін Мәскеуде патша сарайында тұрды. Ал Ораз — Мұхаммед Ресейдің 1590 — 1591 жылдардағы Қырым хандығына, шведтерге қарсы соғыстарына білікті әскери адам ретінде қатысып, сан рет ерлік көрсетті. Адалдығы мен ерлігі үшін сол кездегі орыс патшасы Федор Иванович (Иван Грозныйдың баласы) 1592 жылы Ока өзені бойындағы Қасым хандығынан Ораз — Мұхаммед сұлтанға арнайы жарлықпен жер бөліп берді. Ресей патшалығы кезінде Қазан хандығына қарсы күрес жүргізу мақсатымен Ока өзені бойынан «Касымовское царство» («Қасым патшалығы») деп аталатын князьдық құрғаны мәлім. Алғашқы ханы Қасымның есімі бойынша князьдық осылай аталып кеткен. Орталығы Кермен қаласы болды. Ресей құрамындағы «Қасым патшалығын» қыпшақ хандарының әулеттері билеп келді.
«Жәми – ат Тауарих» еңбегі. Орыс патшасы Борис Годунов 1600 жылы өз жарлығымен Ораз- Мұхаммедті осы Қасым хандығының ханы етіп қойды. Сол жарлығымен патша Ораз — Мұхаммедке төрт уәзір тағайындаған болатын. Соның бірі Қадырғали Жалаири еді. Орыс патшасы Борис Федорович Годунов Мәскеуде Ораз — Мұхаммедке қандай зор қошамет — құрмет көрсеткенін тарихшы Қадырғали Жалаири өзінің «Шежірелер жинағында» егжей-тегжейлі баяндаған.
Сөйтіп, 1600 жылы ғана Қадырғали Жалаири тікелей ғылыми жұмыспен айналысуға мүмкіндік алды. Сол жылы «Қасым патшалығында» ол өзінің «Жәми ат-тауарих» («Шежірелер жинағы») атты тарихи еңбегін жазуды бастап, оны 1602 жылы толық жазып бітті. Бұл кітап сол кездегі дәстүр бойынша орыс патшасы Борис Годуновқа арналды.
Қадырғали Жалаиридің бұл еңбегін Шыңғыс хан және оның ұрпақтары жайындағы, сондай — ақ Қазақ хандығы туралы шежіре деуге болады. Алайда «Шежірелер жинағының» алғы сөзінде атап көрсетілгендей — ақ, «Қазақстан тарихы үшін аса маңызды бөлігі — 3-ші, яғни бұрын — соңды ешқандай автордың еңбегіндежазылмаған тың тарихи мәліметтер берген соңғы бөлімі. Ол тоғыз дастаннан тұрады. Олардың сегізі Шыңғысхан ұрпақтарының ішінде Қазақстан тарихына қатысы бар хандар — Ұрысхан, Тоқтамыс, Темір-құтлық Ұрысханұлы, Қажы-Керей,
Қажы-Мқхаммед, Әбілқайыр, Жәдігер, Ораз-Мұхаммед жене басқаларға арналса, бір дастан Алтын Орда тарихыңдағы ірі тұлға Едіге биге арналды».
«Жами-ат тауарих» сол дәуірдің дәстүрі бойынша әдеби түркі тілінде жазылған. Соған орай, автор қазақ тілінің зор мүмкіндіктерін, ғажайып теңеулерін, айшықты сөз тіркестерін, мақал — мәтелдерін, нақыл — ғақлия сөздерін шынайы қаламгерге тән шеберлікпен пайдалана білген. Мұнда қаламгер қара сөздің өзін жыр – толғауға ұқсатып, жиі — жиі қайталанып отыратын ырғақпен айтады.
Қадырғали Жалаири шығармасының көркемдік дәрежесін, әдеби құнын дәлелдеу үшін шежіреден бір ғана мысал келтірейік. «Жами ат- тауарихта» орыс патшасы Борис Годуновқа арналған мынадай мадақтау жолдары бар: «Жумләт алькристиан падша хазратлари Ба- рис Федурауч улұғ ақхан дур… айналасы алты хан, тегүрегі төрт хан, дүнианың төрт бурчын биләгән хан, халайқын адллік білән сургән хан, иәтім ләр гә рахим
қылып, чығай лар на тойдырған хан, қыш уа йаз, ай уа йыл хазина да бар малын хақ йолында ихсан қылған хан, йеті иқлым кәшур ны алғанхан» .
Міне, осы мадақтау өзінің композициялық қүрылымы тұрғысынан сол кездегі жыраулар поэзиясын еске түсіреді. Мұнда қара сөздің өзі бейне бір жыр — толғау секілді ырғақты, ұйқасты болып келеді. Автор белгілі бір сөздерді немесе тұтас сөз тіркестерін рефран ретінде бірнеше рет қайталап айту арқылы осы ұғымдарға оқушы назарын көбірек аударып отырады.
Бұл секілді сөз қайталау әдісін кезінде қазақ жыраулары жиі қолданған. Мәселен, Қазтуған Сүйінішұлы өзінің біртолғауында «туған жер» деген мағынада қолданылған «жұрт» сөзіне ерекше екпін беріп, қайталап отырады:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт.
Атамыз біздің бұ Сүйініш,
Күйеу болып барған жұрт.
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт.
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір — қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт.
Сонымен, «Жами ат — тауарих» тарихи тақырыпқа жазылған ғылыми еңбек қана емес, сонымен бірге өз дәуірінің әдеби дәстүрінде өмірге келген, көркем сөз үлгілерін шеберлікпен пайдаланған туынды деуге болады.
«Оразмұхаммед хан дастаны» бөлімі. Енді «Жами ат-тауарих» туралы толық түсінік алу үшін Қадырғали Жалаири шежіресінің «Ораз — Мұхаммед хан дастаны» деп аталатын бөлімін оқып көрелік: «Ораз – Мұхаммед Оңдан Сұлтанұлы, Шығайханұлы, Жәдікханұлы, Жәнібекханұлы, Барақханүұлы, Құйыршықханұлы, Ұрысханұлы туралы дастан.
Ораз — Мұхаммед ханның барлық ата — бабалары, туыстарымен бір дастанда жазылды. Өйткені Ұрыс ханнан Жәнібек ханға дейін төртінші буын еді. Ол жайлы да бұрын айтылып өткен еді.
Жәнібек ханның оғландарын (ұлдарын) бұл заман тағы еске түсіреміз. Оның ұлдарынан немерелеріне дейін тарқалып, көп ұрпақ өсіп — өңді. Бірақ олардың әрбірі бір ұрық болып өз уәлаяттарында патшапық құрып билеп өтті. Соңдықтан атақ — даңқы осы заманға дейін белгілі мәшһүр болды.
Ең алдымен айтылатыны Қасым хан — Жаған бегімнен туған еді. Біраз жылдар бойы атасы басқарған ұлысыңда патшалық құрды және өз тұсында әр тараптағы уәлаяттарды бағындырды. Оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды. Ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр. Оның ұлы Хақназар хан Ханық сұлтан — ханымнан туған еді. Оның да атағы мен абыройы туралы көп айтылады. Алайда Хақназар хан өз араларында болған қақтығыстарда қаза болған. Бұл күндері оның ұлдарынан патшалық тайды.
Қамбар сұлтан әрқашанда Қасым ханмен бірге болды, оның әскерлерінің бас қолбасшысы болды. Оның ұрпақтарының ешқайсысы патшалық құрмады.
Үсек хан. Оның ұлы Болат сұлтан еді. Оларға да патшапық тимеді. Ақыр аяғында Болат сұлтан өз ұлдарымен ноғай соғысында шаһит болды.
Жәдік хан. Қасым хан заманында белгілі еді. Шағым мырзамен соғысып, Жыланды төбеде бір ұлымен бірге шаһит болды. Оның қабірі Үргеніштегі Бақырған атада жатыр. Сонда жерленген еді. Жәдікханның көптеген әйелдері мен күндері болды, оның балалары да көп еді. Оның аса әйгілі даңқты ұлдары: Тоғұмхан, Бөкейсұлтан, Шығай хан, Мәлік
сұлтан. Соңғы екеуінің шешесі Абайқан бегім еді. Тоғұм хан, оның ұлдары «тоғыз сары»деп аталады. Мәлік сұлтанның баласы Башыбек сұлтан тоғыз сарымен бірге Жағат уәлаятының шекарасында шаһит болды, әйгілі әрі даңқты отыз жеті сұлтан шәйіт болды…
Алайда Бөкей сұлтаннан ұрпақ болмады. Ал Бауыш — Бұйдаштың баласы Әдік сұлтанеді, оның ұлы Бұйдашхан болатын. Әдіксұлтан балаларын Бесұл [Беш оғул] деп атайды. Бұйдаш хан Барақ Дәуріш ханмен соғыста өлді. Сонда Бұйдаш ханмен бірге түгелдей Бес ұл ұрпақтары 24 сұлтан қаза болды.
Бес ұлға патшалық тимеді, алайда бірнеше ұлдары уәлаяттарда кіші хан болды, бірақ аты шығып, әйгілі болғаны жоқ.
Бұрындықхан. Оның ұрпақтары мәртебеден түсіп қалды.Ахмед хан, өзбекияда Ахмат хан деп атайтын еді, ол да біраз уақыт хан болды. Шейдақ бекпен болған шайқаста шаһит болды. Орақ мырза шаһит қылды.
Таһирхан болды. Біраз күн хандықты биледі, онша ұзақ патшалықты билемеді.Ондан сұлтан туралы хикаялар көп жерде кездеседі. Ол ержүрек батыр, садақ атудыңда керемет мергені еді. Әрқашан сыртқы жауларға қарсы күресте көп ерлік көрсетті. Шығай хан тұсында әскерлердің бас қолбасшысы болды. Ол туралы тарихта көптен белгілі. Ақырында қалмақтармен шайқаста 30 жасқа келген жігіт шағында шаһит болды. Оның қабірі Қожа Ахмет Йассауи рахмет алла алейһидің қасында жерленді.
Оның әйелдері мен күңдері өте көп еді. Ол көп уәлаяттарды бағындырып, өзіне қаратты. Оның әйгілі, үлкен екі ордасында туған балалары мыналар: Алтынханым — Үсекханның баласы Болат сұлтанның қызы еді. Одан ислам падишаһы һәм сұлтаны Ораз — Мұхаммед хан туды, Тәтті ханым туды.
Чүйім ханым Бұрындық ханның баласы Кемсін сұлтанның қызы еді. Одан Көжек сұлтан туған еді. Ол ислам патшасы Тәуекел ханның әскер басшысы болып тұр. Ол сол уәлаятта әлі күнге дейін өмірсүріп жатыр.
Ораз — Мұхаммед хан сегіз жасында өзінің атасы Шығай ханнан айрылды. Оның үстіне он үш жасыңда өз әкесі Оңдан сұлтан шаһит болды. Одан соң және бірқанша уақыт таршылық көріп, Сейдақ бидің алдында кіріптарлық шекті.
Он алты жасында бүкіл христиан падишаһы Борис Федоровичке қызмет істеуге дайын болды.
… Барлық үлкен-кіші, акбар молда және құдайға қараған барлық ислам жамағаты хазіреттері түгел қатысып, дұға қылды. Одан кейін қарашылары, аталық емелделері хазіретінің үстіне нисарлар қылды. Барлық қатысушылар хан хазіреттеріне құрметпен бас иді. Неше күнге дейін ол ай өткенше күндіз — түні мейрамдап, ол заманда үлкен тойлар жасады. Бал мен ішімдікті есепсіз берді. Жылқы мен қой, сиыр көп сойылды. Өте көп адам жиналды. Әрқайсысына өздеріне лайықты орын даярлады. Молла мен хафиздерге, жетімдерге, тұл мен бейшараларға, кедейлерге, құлдарға қайыр — садақа берді. Пенделерді тұтқыннан босатып алып, азаттық берді.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1.Қадырғали Жалайридің өмір сүрген жылдары?
2.«Жами-ат тауарих» қай тілде жазылған?
3.«Оразмұхаммед хан дастаны» бөлімінің негізгі сюжеті?
Әдебиеттер:
- Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
- Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
- Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
- Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
- Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
- Бабыр «Бабырнаме» /ауд. Б. Қожабекұлы/ А., 1993ж.
- Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
- Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
- Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
- Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
- Қ. Жалаири «Шежірелер жинағы» /ауд. Н. Мичугуров, Б. Комеков, С. Өтениязов/ А., 1997ж.
- Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
- Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
- Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.