Дәрістің қысқаша мазмұны
Алтын Орда дәуірі әдебиетінің ең көрнекті үлгісі – «Мұхаббат-наме» дастаны. Оны жазған – ақын Хорезми. Хорезми – ақынның лақап аты. Ақынның шын аты-жөні, өмірі, шығармашылығы жайлы мәлімет сақталмаған. Ол жайында білетініміз онша көп емес. Ақын Хорезми – Алтын Орда ханы Жәнібектің тұсында өмір сүрген. Сол Жәнібектің Сыр бойындағы әкімдерінің бірі болған – Мұхаммед Қожабектің тапсыруы бойынша 1353 жылы «Мұхаббат-наме» дастанын жазған.
Дастанның қолжазба нұсқалары, зерттелуі.
Бүгінгі күнге «Мұхаббат-наме» дастанының екі қолжазба нұсқасы жеткен. Дастанның екі нұсқасы да қазір Лондонның Британия музейінде сақтаулы тұр. Ресей Ғылым академиясының Азия халықтары институты 1952 жылы осы екі қолжазба нұсқасының фотокөшірмесін алды. Қолжазбаның бірі — 1432 жылы ұйғыр әрпімен көшірілген. Демек, «Мұхаббат-наме» дастанын Хорезми жазғаннан 80 жылдан кейін оны ұйғыр әрпімен қайта көшірген болып шығады. Бұл – дастанның ең көне, алғашқы көшірмелерінің бірі болса керек.
Ал енді «Мұхаббат-наменің» араб әрпімен жазылған нұсқасы – 1509 жылы көшірілген. Басқаша айтсақ, дастан жазылғаннан кейін, араға 166 жыл салып барып араб әрпімен көшірілген екен. Бір қызығы – араб жазуындағы қолжазба ұйғыр жазуындағы нұсқадан 77 жыл кейін көшірілсе де, оған қарағанда әлде қайда кең әрі толық сақталған болып келеді.
1971 жылы Түркияның (Стамбул) Ұлттық кітапханасынан «Мұхаббат-наменің» араб графикасымен жазылған нұсқасының екі көшірмесі табылды. Бұл дастанды орыс ғалымдары В.В.Бартольд (1924), А.Н.Самойлович (1928) және Ә.Нәжіп арнайы зерттегені мәлім.
Бұл әдеби жәдігерліктің ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасын белгілі орыс ғалымы – А.М.Щербак тілдік тұрғыдан зерттеп, орыс тіліне аударды.
Ал «Мұхаббат-наменің» екі нұсқасын да өзара салыстыра отырып, зерттеп, араб әрпімен жазылған нұсқасын қазіргі әріптермен транскрипция жасап, оны орыс тіліне аударып, жан-жақты зерттеген көрнекті түрколог Әмір Нәжіп болды.
Сондай-ақ бұл дастан 1954 жылы өзбек тіліне (Т.Жалалов), 1981 жылы үзінді түрінде татар тіліне, ал 1985 жылы қазақ тіліне (А.Қыраубаева) тәржімә жасалды. Алайда бұл аудармалар ғылыми тұрғыдан да, көркемдік жағанын да сын көтермейтіні кезінде мерзімді баспасөз бетінде жазылғаны мәлім.
Ежелгі дәуір әдебиетін зерттеуші бір топ қазақ ғалымдары (Ә.Дербісәлі, М.Жармұхамедов, Ө.Күмісбаев) «Мұхаббат-наменің» араб жазуымен бізге жеткен ең толық нұсқасын ғылыми негізде жан-жақты талдап, көне мұраның қазақ әдебиетінің көркемдік сабақтастығын дәлелдеп шықты, әрі дастанның түп нұсқаға мейлінше жақын қазақ тіліндегі аудармасын оқырман қауымға ұсынды.
«Мұхаббат-наме» дастанының араб әрпімен жазылған нұсқасы 473 бәйіттен тұрады. Дастанда 11 наме (хат) бар. Жігіттің қызға жазған 11 хаты жырға негіз болған. Солардың ішінде төртінші, сегізінші және он бірінші хаттар парсы тілінде жазылған.
Қалғандары Алтын Орда түріктерінің бәріне бірдей түсінікті қыпшақ-оғыз тіліндегі жырлар болып келеді. Сонымен, дастандағы 317 бәйіт қыпшақ-оғыз тілінде, 156 бәйіт парсы-тәжік тілінде жазылған. Әйтсе де «Мұхаббат-наменің» негізгі тілі – Алтын Орда қыпшақтарының тілі екенін ұмытуға болмайды. Дастанның әрбір жолы бұған айқын дәлел. Мұнда грамматикалық жағынан да, лексикалық тұрғыдан да қыпшақ тілі элементтері басым екені даусыз.
«Мұхаббат-наме» дастанының кіріспесінде ақын: «Мен де ұлы тәңірге жалбарынып, «Мұхаббат-намені» жаздым» — дейді. Автор сол кездегі әдеби дәстүрді сақтап, алдымен әлемді жаратқан тәңірге сыйынады, сосын пайғамбарларға мақтау сөз айтады. Содан кейін ғана дастанның жазылу себептеріне тоқталады.
Ақын «Мұхаббат-намені» Алтын Орда ханы Жәнібектің Ақ Ордадағы әкімдерінің бірі – Мұхаммед Қожабектің тапсыруы бойынша жазғанын айтады:
Түн ақшам ким көрунди бәйрам айы
Мұхаммәд Хожа – бектің дәвләт хумайы.
Буйырды өрга шадырван урулды,
Кәдәх келтурди лар мәжлис курулды.
Хусәйни пәрдәси узрә түзүб саз
Муғәнни бу ғәзәлни қылды ағаз
….Тәбәссүм қылды, айды: ей фәләни,
Кетүргил бизга лайық әрмәғаны.
Тилармин ким бизниң тил бирла пәйда.
Китаби әйласаң бу қыш қатым да.
Кәбул қылдым, ийр өптим, айдым: ей шах,
Иши киң топрақты дәвләт ли дәргах.
Бұл жырдың жолма-жол аудармасы төмендегідей болып келеді:
Ақшам түні көрінді, мейрам айы,
Мұхаммед Хожа-бек – дәулет құмайы.
Бұйырды (ол) – өрге щатыр тігілді,
Көзелер көтеріліп, мәжіліс құрылды.
Хұсаини пернесіне түсіріп саз,
Жаршы бұл гәзәлді қылды уағыз.
Жымиып күлді де айтты: ей, пәленшеке,
Келтіргін сыйыңды бізге лайық.
Тілер ем, біздің тілде жазуыңды, —
Кітапты осы қыста менің қасымда.
Қабыл қылдым, жер өптім, ей шах – дедім,
Есігіңнің топырағы – дәулет сарайы .
Бұдан кейін «Мұхаббат-наме» авторы оқырманын Мұхаммед Қожабекпен таныстырып өтеді. Әсіресе ол жөнінде дастанның кіріспесінде қорытынды бөлімінде көбірек айтылады. Шығарманың негізгі бөлімінде ол туралы сөз қозғамайды. Себебі ол шығарманың негізгі кейіпкері емес. Автор оған өз дастанын арнағаны үшін мадақтайды.
Ақын өзіне көп қамқорлық көрсеткен Қожабекті батыр, асыл текті, мырза, көреген деп дәріптейді. Сондай-ақ Қожабектің қоңырат руынан екенін, оның Жәнібек ханға жақындығын тілге тиек етеді:
Зехи әрслан йүрәк Қоңрат улуғы,
Кичик йяшдин улығ ларының улығы.
Сә ‘ адәт м ‘ дәни иқбал гәнжи,
Мухәммәд Хожа-бек аләм күвәнжи.
Оза жансыз тән ерди мүлки сенсиз,
Шәхинщәк Жаны – бек хан ға иетан сиз.
Мазмұны:
О, арыстан жүректі, Қоңырат ұрығы,
Кіші жастан ұлықтардың ұлығы.
Бақыт — көзі, береке – кеніші,
Мұхаммед Қожа-бек әлем қуанышы.
Еліміз жансыз тән еді бұрын сенсіз,
Шахтың шахы Жәнібек ханға етенесіз.
Ақын Хорезми осылайша Қожабекті жер көкке сыйғызбай мақтап, оны жомарттықта – Хатымтайдан, батырлықта – Рүстемнен, сұлулықта Шолпан жұлдызынан озасын дейді.
Міне, осындай мадақтау жырлары айтылған соң ғана шығарманың негізгі бөлімі басталады деуге болады.
«Мұхаббат-наменің» негізгі бөлімінде жігіттің сүйген қызына деген мөлдір махаббаты жырланады. Жігіт сүйген қызына әсемдік әлемінен тең таппай, оны Айға да, Күнге де теңеп, жер бетіндегі сұлулық атаулының ғажайып картинасын жасайды.
Махаббат тек адамзатқа ғана тән ғажайып,асыл қасиет екенін ақын зор шеберлікпен суреттейді:
Ики йақту гәвхәр аләм бергән.
Мухәббәт гәнжини адәм ғә бергән.
Хәва үзрә берур шункарғә қуны,
Толун ай дек қылур бир қәтрә суны.
Аның қим ал иниңдә мең йәратты,
Бойы бирла сачыны тең йәратты.
Мазмұны:
Екі жарық гәуһарды әлемге берген,
Махаббат кенішін адамға берген.
Көкте берер (жем қылар) сұңқарға аққуды,
Толған айдай қылар бір тамшы суды.
Оның кемел өңіне мең жаратты,
Бойы мен шашын тең жаратты.
Діни мистикалық бағытта жазылған сол кездегі қисса-хикаяттар адамды бұл өмірдің қызығынан безуге шақырып, сүйіспеншіліктің өзін жұмақтың ісі етіп қоятыны мәлім. Мұндай шығармалар «о дүниенің» ләззәты үшін тіршіліктегі іс-әрекеттен, өмір үшін күрестен бас тартуға шақырады. Жұмақтағы хор қыздарын дәріптейді.
Ал «Мұхаббат-наме» дастанында адамның осы өмірдегі адамға деген сүйіспеншілігі зор шабытпен жырланады. Ақын нақты өмірдің қадір-қасиетін жоғары бағалайды. Шығарманың бас қаһарманы өз сүйіктісі үшін ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайды.
Жігіт сүйген қызына жазған хатында «Сүйіктім, қасымда болсаң, жұмақтың маған керегі жоқ» деп батыл сөйлейді:
Сачың бир тарынә мин хур йетмас,
Иүзүң нүң наурынә миң нур йетмас.
Әгәр берсә суйурғаб хәқ тә ала,
Керәкмас сен сизин Фирдәвси-ә’ла.
Киши ниң сен сизин не жаны болсун,
Аның тек умурниң на саны болсун.
Қазақшасы:
Шашыңның бір талына мың хор (қызы) жетпес,
Жүзіңнің нұрына мың нұр жетпес.
Хақ тағала жарылғап берсе егер,
Керек емес сенсіз маған жұмақ та.
Кісінің сенсіз не жаны болсын,
Ондай өмірдің не сәні болсын.
Жігіт сүйген қызына осындай пікір айта келіп, «маған сенсіз жұмақтың керегі жоқ, сен арғы дүниедегі хор қызынан мың есе артықсың, сол періште қыздар келіп, сен сұлулығыңа табынсын, сен жоқ жерде – жұмақтың өзі маған дозақ» — дейді.
Сөйтіп, ақын нақты тұрмыс тіршіліктегі сүйіспеншілік сезімін «о дүниенің» барлық қазынасынан мың есе артық деп бағалайды.
Дастанның басты қаһармандары – бір-біріне ғашық болған жігіт пен қыз. Шығарма негізінен жігіттің қызға жазған он бір хатынан тұрады. Дастанда қыздың жігітке жазған жауап хаты берілмейді. Алайда жігіттің хатынан қыздың сүйген жігітке деген сүйіспеншілік сезімін, қуаныш-реніштерін айқын аңғаруға болады.
Жігіттің өзінің ғашығына жазған хатында қызды былайша сипаттайды:
Әйа көрк ичрә аләм падишахы,
Жехан тутты сениң хүснүң сипахы.
….Тәбәсүм қылсаңыз шәкәр уйалур,
Тишиң инжүсидин гәфхар уйалур.
Жәмалиң йитти ‘аләм ға сипахлар
Қатында йир өпарлар жүмлә шәх-лар.
Фәләк ‘ишқың йолыңдә бисәр-о-пай,
Ысырғаң данәси, Зухрә, йезүң – Ай.
Қазақшасы:
О, сұлулық әлемінің падишахы,
Сұлулығыңның әскері жаһанды жаулап алды.
Езу тартып күлсеңіз, шекер ұялар,
Тісіңнің інжуінен гәухар ұялар.
Жамалың жетті әлемге әскер болып,
Өбер жерді жаныңда барша шахтар.
Саған ғашықтық жолында аспан адасты ақылына,
Сырғаңның дәні – шолпан, жүзің – ай-ды.
Қыздың сұлулығынан Күн не істерін білмей абыржып, күні бойы бетіне перде жауып, ұялып жатады екен.
Жігіт сүйген қыздың сұлулығы сондай, тіпті оны көргенде отқа табынушылар өз дінінен безіп кетеді деп суреттейді.
Хорезми өзі жырлаған қызды тек теңдесі жоқ сұлу ғана етіп көрсетумен шектеліп қалмайды. Дастанның бас қаһарманы ғашық болған қыз көрікті ғана емес, сонымен бірге ақылына Аплотон таңданатын данышпан әрі сүйгенініе барынша адал, адамгершілігі жоғары, инабатты, ізгі жан. Міне, сол арқылы автор махаббат жайын әлеуметтік мәселе дәрежесіне дейін көтере білген. Ақын адамға тән кейбір жаман қасиеттерді – опасыздықты, зұлымдықты, әдепсіздікті, надандықты өлтіре сынайды. Хорезми осындай ой-пікірлері арқылы өзі өмір сүрген ортаның әділетсіздігіне біршама наразылығын білдіргендей болады. Сондықтан дастанда жырлаған махаббат тақырыбына әлеуметтік-қоғамдық тұрғыдан мән беріп қараған жөн деп білеміз.
Дастанда жігіт бар сырын ақтарып, ғашығы үшін ажалдың өзінен де тайсалмайтынын сездірсе де, қыз оның ішкі жан-дүниесін түсінбей-ақ қояды. Мұның
бәрін жігіттің хаттарынан аңғарамыз. Ғашықтық дертінен ем таппаған ер жігіт сүйген қызына былай дейді:
Менің қадір-қасиетімді өлгенімде білерсің,
Мендей азап шекесе, Аплотон да жынданар еді.
Ақыры арманына жете алмасына көзі жеткен жігіт қызбен қоштасады:
Мені саған деген махаббат өлтірді,
Енді сенің есігіңнен аулақ кетеін, қош бол.
Соның өзінде жігіт өмірден түңілмейді. Қыздың бақытты болуына тілектестік білдіреді. Дастанда жігіт өз махаббатына барынша берік, қызбен біржлоа қоштасса да, сүйіктісінен мәңгі-бақи айнымайтынын айтады:
Көңілге өзгенің махаббатын жуытпан,
Жырақта жүрсем де өзіңді ұмытпан.
Жігіт сүйгеніне: өмірде алтын мен мыстың айырмасын білмейтін көңілі соқыр наданның қолына түсіп қалма дегендей, алыстан меңзеп, ақыл айтады:
Қадіріңді көр надан қайдан білсін,
Гәуһардың қадірін әркім біле бермес.
Рас, кейде дастанның лирик қаһарманы ертегі аңыздарда айтылатын дәсүрлі кейіпкерлерге ұқсап кетеді. Әйтсе де дастанда өмір нақты көріністерімен, шынайы суреттермен бейнеленген. Ал ондағы кейіпкерлер – күнделікті тіршілік тынысын сезінетін нақты жандар. Автор лирик қаһарман арқылы қоғамның кейбір көкейкесті проблемаларын ауызға алады.
Қәчаны қим шад есаң ғамгинә рәхм ет,
Әгәр султан есәң, міскинә рәхм ет.
Қазақшасы:
Көңілің шат болса, қамыққанға рақым ет,
Егер сұлтан болсаң, мүскінге рақым ет.
Сөйтіп, ақын ғашықтардың аузына сөз салу жолымен өзінің нақтылы философиялық қоғамдық көзқарасын оқырман қауымға жеткізеді.
Хорезми гуманистік ой-пікірлерді кезінде ту етіп көтерген дарынды ақын, өз заманының ойшыл азаматы ретінде танылған. Автор дастанда махаббатты жырлау арқылы өзі өмір сүріп отырған қоғамның кейбір кемшіліктеріне сын көзімен қарайтынын айттық.
Дастанның көркемдік ерекшеліктері.
«Мұхаббат-наме» — сюжеті қызықты, тілі көркем, көріктеу құралдары алуан түрлі, өлең құрылысы шебер жасалған дастан. Ақын Хорезми дастанда жыр жолдарына үстеме мағына беріп, оны ажарландырып жіберу үшін теңеу әдісін көбірек қолданады. Сөйтіп, ол өзі суреттеп отырған белгілі бір заттың яки құбылыстың ерекше белгілерін айқындай әрі ажарлай түседі. Сол арқылы жырдың эстетикалық әсерін еселеп арттырып жібереді.
Хорезми теңеу сөздерді мейлінше орынды қолданады. Дастанда: «нәркез көз», «ай жүз», «қылдай бел», «шекер сөз», «лағыл ерін» деген секілді дәстүрлі теңеулер көп.
Ақын қалың қолдың қан майданға кіргенін – аш қасқырдың қойға түскеніне, қыздың бір тал шашын — мың хор қызына теңеуі, т.б аса ұтымды шыққан.
Дастаннан тағы бір мысал келтірейік:
Әйә хуршид тек аләм чирағы,
Мүнәввар чехраңиз фирдавс бағы.
Ачылса лә лиңиз шәкәр сачылур.
Көрүб гүл ғұнчаниң ағзы ачылур.
Бойуң тек сәрв йоқ бустан ичинда,
Иүзүң нуры дин ай нуқсан ичинда.
…Шәкәрдин татлы сөзли дилрубасын,
Дариға ким чечәк тек би вәфасын.
Қазақ тіліне жолма –жол аудармасы:
О, күн сияқты әлемнің шырағы,
Жүзіңіздің сәулесі – жұмбақ бағы.
Ерніңді ашсаң, аузыңнан шекер төгілер,
Сені көріп, гүл қауызы аузын ашар.
Бойыңдай тік ағаш жоқ бақ ішінде,
Нұрыңнан келеді нұқсан ай бетіне.
Шекерден сөзі тәтті сен сұлусың,
Дариға, опасыз гүл сияқты.
Сонымен бірге, ақын дастанда айшықтаудың бір түрі болып табылатын шендестіру немесе антитеза әдісін де кеңінен қолданып отырады. Сол арқылы Хорезми бір-біріне қарама-қарсы ұғымдарды, құбылыстарды, түр түсі әр түрлі заттарды бетпе бет қою әдісімен бұлардан мүлдем басқа бір құбылыстың, ұғымның, заттың сыр-сипатын оқырман көзіне елестетеді. Мәселен, ақын бірде: «қара меңін ақ жүзіңе жарасар» десе, екіншісінде – «сен сұлтансың, ал мен – бақытсыз тұтқынмын» деп антитеза жасайды.
«Мұхаббат-наме» дастанында айтылуы бір болғанмен, мән-мағынасы әртүрлі сөздерді ойнатып, құбылтып, шебер қолдана біледі:
Ашар йилдын сениң йилгандә атың.
Күйаш йаңлық жехханны тутты атың
Әгәр десәм сени Рүстәм йәрарсың,
Қылычын бирла сәф ларны йәрарсы.
Қазақ тіліне жолма-жол аудармасы:
Желден асар желгенде сенің атың,
Күн сияқты жаһанды тұтты атың.
Егер сені Рүстем десем, жарарсың,
Қылышыңмен жауларыңды жарарсың.
Хорезми түркі халықтары әдебиетінде «наме» жанрына өзінің «Мұхаббат-наме» дастаны арқылы тұңғыш рет жол ашты. «Наме» сөзінің бірнеше мән-мағынасы бар. Сондай-ақ «наме» — жанрлық форма ретінде мәлім. «Наме» сөзінің ең жиі ұшырайтын мағынасының бірі – арнау өлең түрінде жазған дастан, поэма деуге болады.
Хорезмидің «Мұхаббат-намесі» — дәл осындай арнау ретінде жазылған дастан. Мұнда екі ғашық жанның ой-сезімдері, айтар сөздері жігіттің жазған арнау хаттары арқылы берілген. Кезінде мұндай әдіс әдебиет жанрындағы айтарлықтай жаңалық болған. Бертін келе мұндай «намелер» лиро-эпикалық поэмаларға айналып кеткені әдебиет тарихынан мәлім.
«Мұхаббат-наме» дастанында жігіттің қызға жазған әрбір хатынан кейін месневи (аралас ұйқаспен келетін екі жол өлең), кейде ғәззал түріндегі жыр жолдары беріледі. Бұл — ақынның өзіндік поэтикалық тәсілі. Сондай-ақ бұл дастан поэзияның фард (өз алдына ұйқасып, біртұтас түйінделген ойды білдіретін екі жолды өлең) деп аталатын түрлеріне де негізделіп жазылған.
Хорезми өз қаһармандараның бейнесін айқындай түсу үшін өзінен бұрыңғы сөз зергерлерінің қолынан шыққан – Ләйлі мен Мәжнүн, Хұсрау мен Шырын, Жүсіп пен Зылиха сияқты ғажайып образдарды зор білгірлікпен, аса шеберлікпен, ұтымды пайдаланып отырады. Мұның өзі Хорезми кейіпкерлерінің бейнесін сан қырынан келіп көрсетуге келіп көмектеседі.
Қорыта айтқанда, Хорезми сәтсіз махаббаттың трагедиясын жырлай отырып, өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін сөз етеді.
Алтын Орда дәуірінің ең таңдаулы туындыларының бірі болып саналатын «Мұхаббат-наме» дастанының әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан маңызы зор. Хорезмидің бұл ғажайып шығармасын танып-білу арқылы біз бүгінгі қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының өмірге келу жолдарын, қазіргі қазақ тілінің даму сатыларын, халқымыздың өткендегі әдет-ғұрпын, салт-санасын т.б тереңірек ұғынатын боламыз.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1.«Мұхаббат-наме» дастаны кімнің тапсыруы бойынша қай жылы жазылған?
- Бүгінгі күнге «Мұхаббат-наме» дастанының неше қолжазба нұсқасы жеткен?
- Қазір дастанның нұсқалары қайда сақтаулы?
- «Мұхаббат-наме» дастаны қай жылы қазақ тіліне аударылды?
Әдебиеттер:
- Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
- Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
- Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
- Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
- Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
- Бердібаев Р. «Кәусар бұлақ» А; – 1989 ж.
- Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
- Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
- Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
- Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
- Қонырытбаев Ә. «Қазақ эпосы және түркология» А; – 1987 ж.
- Өміралиев Қ. «Оғыз-қоғам эпостың тілі» А; – 1988 ж.
- Ізтілеуов А. «Рүстем-Дастан» А; – 1961 ж.
- Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
- Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
- Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.
- Ақыжанов М. «Қазақтың тегі туралы» А – 1962 ж.