Хакім ата ( туған жылы белгісіз-1186 жылы қайтыс болған)-сопылық-дидактикалық сарындағы әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі, ислам дінінің «жахрия» («йассауишілік») деп аталатын ағымын қыпшақ даласына уағыздап,таратушы көрнекті діни қайраткер. Болашақ ақын қазіргі Қарақалпақстанға қарасты Қоңырат қаласына жақын жердегі көне қамал-қала Бақырғанда туған. Түркі әлемінің ғылым мен өнер ошақтары- Исфиджаб (Сайрам), Фараб (Отырар), Йассы (Түркістан) шаһарларында ұзақ жылдар оқып, ислам ілімінің аса көрнекті ғұламаларынан дәріс алған.
Кезінде «ұстаздардың ұстазы»атанып, « ұлы шайхы» дәрежесіне жеткен ғұлама –ақын Ахмет Йассауидің ең қабілетті шәкірті,ізбасары болған.
Бұл туралы Сүлеймен Бақырғани:
Йасси сувиниг ораси,
Етур гавхар пораси.
Машойихлар сараси,
Шайхим Ахмад Йассавий.
Қарғиғони қишлоған,
Шуңқор, логин ушлаган.
Сонсиз мурид бошлаган,
Шайхим Ахмад Йассавий.
Шариати ораста,
Тариқати пайваста,
Хақиқатда шойиста,
Шайхим Ахмад Йассавий.
Жолма-жол аудармасы:
Йассы өзені жағасы,
Жатыр гауһар асылы,
Машайықтар сарасы,
Шейхым Ахмет Йассауй.
Қаршығамен қыстаған,
Сұңқар,лашын ұстаған,
Сансыз шәкірт бастаған,
Шейхым Ахмет Йассауй
Шариғаты-шапағат,
Тариқаты- қанағат,
Хақиқаты- парасат,
Шейхым Ахмет Йассауи,-дейді.
Бақырғани жасы ұлғайған шағында ел арасында Хакім ата деп аталып кеткен. Бақырғанидің сопылық-дидактикалық мазмұндағы хикмет-өлеңдері кезінде ұлан-ғайыр қыпшақ даласы мен Орта Азияның түркі тілдес тайпалары арасындағы кеңінен тарағаны тарихтан жақсы мәлім.Алайда ақын мұрасы тек ХІХ ғасырда ғана қайта жинақталып, Қазан ,Ташкент және Стамбул баспаларынан « Бақырғани кітабы» деген атпен бірнеше рет (1846,1877,1882,1898 жж.) басылып шықты.
«Бақырғани кітабы» -түркі тілдес халықтардың ХІІ ғасырдан сақталған сопылық-дидактикалық ағымдағы алғашқы әдеби жәдігерліктерінің бірі. Бұл жыр жинағы орта ғасырлық қазақ әдебиетінің де мұрасы болып табылады. Ақынның хикмет- жырлары кезінде қазақ- ақын-жыраулары поэзиясында кеңінен тараған ақыл-өсиет айту сарынындағы жыр-толғау үлгісімен үндес болып келеді. «Бақырғани кітабы» негізінен бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімді шартты түрде көңіл күй жырлары деуге болар еді.
Ал екіншісі-сопылық идеясынан насихаттауға арналған дидактикалық-философиялық хикмет-өлеңдері, үшіншісі- Алланы мадақтауға арналған жырлар («Меърож-наме»), төртіншісі – «Ақыр заман көріністері» дастаны, бесіншісі- «Бибі Мариям» толғауы. «Бақырғани кітабының» басты идеясы- оқырманын ізгілікке,имандылыққа,рухани тазалыққа үндеу. Ақынның айтуынша ,әрбір адам рухани тұрғыдан кемелденген дәрежеге жетуі үшін Алланы (Хақты, абсолюттік рухты) толық танып-білуі тиіс. Ал бұл биік мақсатқа жетуі үшін адам алдымен Ахмет Йассауи айтқандай, төрт асудан сүрінбей өтуі керек. Олар:шариғат, тариқат,маърифат,хақиқат екенін жоғарыда айттық.
Ақын өз жырларында сопылық идеяның негізгі қағида – шарттарын айта отырып, сонымен бірге адамның қоғамда атқаратын қызметіне гуманистік тұрғыдан түсінік береді. Бақырғани Алла сыйлаған өмірдің ляззатынан безбеуге, махаббат қызығын көруге, ғылым мен өнерді меңгеруге үндейді. Адамды құрметтеу арқылы құдайға құрмет көрсетуге болатынын зор шабытпен жырлайды. Бақырғани өз хикметтерінің бірінде:
Әрбір адамды көргенде қыдыр деп біл,
Әрбір түнді киелі қадыр деп біл,- дейді.
Ақын мұнда «қыдыр» сөзін –әрбір үйге бақыт,дәулет әкелетін әулие,ал « қадыр» сөзін- құдайдан көмек тілейтін,қасиетті түн мағынасында айтып отыр.
Ол өзінің «Құл Сүлеймен сөйлейді» деп басталатын өлеңінде ғашықтық сезімін көкке көтере мадақтайды.
Ақын өзінің көңіл күй жырларында адам баласына ғана тән сүйіспеншілік сезімін философиялық тұрғыдан түсіндіруге әрекет жасайды. Адам хаққа (Құдайға) жақындау жолында бірте-бірте кемелдене түседі.Тазарып, жақсара береді.
Міне, осындай жан тазалығының бір көрінісі –сүйіспеншілік сезімі. Бұл – адам парасатының ең жоғарғы сатыларында ғана жетіліп,шешек атады. Махаббаттың ұлы құдіреті алдында өзінің пенде,құл екенін сезінеді:
Алла берген сезімді сыйламаған,
Хақ жолында өз жанын қинамаған.
Емделмейтін дертіне дауа іздеп,
Зымырап өтіп барады мына жалған.
Тәуіптер көп тәнінді емдейтұғын.
Шіркін, сезім – шынайы құдірет қой,
Алладан басқаға бас имейтұғын.
Тәуіптер жоқ жаныңды емдейтұғын.
Махаббат та құдіретке тең дейтұғын.
Құдайым сақта мені пенделерден,
Не өзіне, не маған сенбейтұғын.
Сүлеймен Бақырғани адам бойындағы мөлдір сезімді асқақтата жырлай келіп, төмендегідей түйін жасайды:
Менің жаным- саған деген махаббат,
Тәнім әлсіз, бірақ жаным шапағат.
Ұлы сезім болмағанда нетер ем,
Бұл жалғаннан мен қамығып өтер ем.
Махаббатсыз жүректе иман жоқ,
Ғашықтық дертінің дауасы жоқ.
Сүлеймен Бақырғанидің хикмет-өлеңдері бейне бір адам рухы мен адам нәпсісі арасындағы айтыс-тартыс секілді болып келеді:
Нәпсім айтты: бұл бес күндік өмірде,
Бәрін істе , не ой келсе көңілге.
Гүлстанның аралап қал бағын да,
Жеміс жинап, пісіп тұрған шағында.
Рухым айтты: шариғаттың жолым бақ,
Ілімменен тариқаттың жолын тап.
Таңсәріде оянуды ұғынғын,
Он бесінде жайнамазға жығылып.
Нәпсім айтты: жер-жиһанның бар байлығын жинасам,
Қытай,Қырғыз.Қыпшақ, Үндіні билесем.
Шын еліне жорық жасап,алтын,күміс қаптасам,
Бағым жанса , әлсіздерді шырылдатып таптасам.
Рухым айтты: дін жолына түскенің дұрыс болар,
Жауыз жандар гүлдемей, көктей солар.
Түн болса,тағзым еткін тәңіріңе,
Ал күндіз құл бол Алла әміріне.
Бұл айтыс осылайша ұзаққа созылып,ақыры жүгенсіз нәпсіні, адам бойындағы ең асыл қасиет-қанағат сезімі жеңіп шығады.
Сүлеймен Бақырғани « Ақыр заман көріністері» атты жыр-толғауында адам, заман, қоғам туралы пәлсапалық ой –пікірлерін айтады. Мұндағы басты идея- заманның жақсы яки жаман болуыадамзаттың моральдық-этикалық іс-әрекетіне, рухани тұрғыдан тазалығына, имандылығына,мұсылман парыздарын мүлтіксіз оырндауына, т.б. байланысты деп біледі:
Ақыр заман келгенде нелер болар,
Түрлі-түрлі пәлеге әлем толар.
Ғалымдар шарап ішіп,ойнас жасап.
Абырой-атақ- бәрі де қалар.
Білгішсініп ғұламалар шарап ішер,
Арам жеңіп,адалдар отқа түсер.
Бәле жатқан қаптың да аузын ашып,
Абырой-ақ- барі де босқа қалар.
Адал жандар араммен бірге болар,
Көрер көзге көп әйел ойнас қылар.
Дін білмейтін бейбақтар сайран салып,
Абырой-ақ- барі де босқа қалар.
Ақыр заман болғанда ғұламалар азғындар,
Мұсылманның ұл-қызы есалаң боп,қазмырлар
Кеуде қағып,кәпірлер өктем болар,
Абырой-ақ- барі де босқа қалар.
… Мұхамбет атасына тағзым қылар,
Анасының мойнынан құшып тұрар.
Жастығымнан жетім қалдым,ана деп,
Абырой-ақ- барі де босқа қалар.
Құл Сүлеймен шыдайды сабыр қылып,
Сабр суы сарқылмас босқа тұрып.
Ақыретте Құдайым рақым қылар,
Абырой-ақ- барі де босқа қалар.
Ақын ақырзаманның үрейлі де жиіркенішті көріністерін әсерлі түрде суреттей келіп, сондай сұмдықты болдырмау үшін адамдар ислам дінінің қарапайым қағидаларын берік ұстануы керек деген тұжырым жасайды.
« Бибі Мариям» — пайғамбарлар, әулие-әмбиелер, әлемнің жаратылысы, т.б. туралы жазылған сопылық- дидактикалық мазмұндағы жырлар. Мұнда Ғайса пайғамбар өз анасы Мариям бибімен өмір мен өлім, мейірімділік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық жайында әңгімелеседі. Бақырғани оқырман қауымды имандылыққа, ізгілікке, құдайға құлшылық етуге шақырады.
Қорыта айтқанда, Қарахан дәуірі көркем сөз өнерінің ғажайып үлгілері болып табылатын Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы», Ахмет Йассауидің « Ақыл кітабы» және Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырғани кітабына» талдау жасау арқылы қазақ ақын- жыраулары поэзиясындағы дидактикалық-шешендік толғаулар мен мақал-мәтелдердің қайнар-бастаулары ежелгі түркі дәуірінің көркем сөз өнерінде жатқанын айқындадық.
Сонымен, ежелгі түркі әдебиеті мен қазақ ақын- жыраулары поэзиясы арасындағы сан ғасырларға созылып жатқан көркемдік дәстүр жалғастығы бір сәтке үзілген емес деген тұжырымға келдік. Қазақ хандығы енді ғана қалыптасып келе жатқан тарихи кезеңде бірқатар аса маңызды қоғамдық- әлеуметтік, саяси мәселелер күн тәртібінде тұрды. Олар: қалың бұқара халық пен ел билеуші әкімдер арасындағы қарым-қатынас нормалары, әрбір адамның қоғам алдындағы міндеттері,мемлекетті басқару принциптері, тағы басқалар.
Әдебиеттер:
- Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
- Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
- Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
- Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
- Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
- Бердібаев Р. «Кәусар бұлақ» А; – 1989 ж.
- Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
- Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
- Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
- Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
- Қоңырытбаев Ә. «Қазақ эпосы және түркология» А; – 1987 ж.
- Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
- Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
- Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.
- Ақыжанов М. «Қазақтың тегі туралы» А – 1962 ж.