Дәрістің қысқаша мазмұны
Сайф Сараи — Алтын Орда әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі. Ол лирик және эпика қын, жазушы және аудармашы ретінде түркі тектес халықтар әдебиеті мен тілінің өзінен кейінгі кезеңдерде дами түсуіне мол үлес қосып, едәуір ықпал еткен қаламгер.
Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында көп мәлімет сақталмаған. С. Сараидың бізге жеткен жалғыз көлемді еңбегі бар. Ол — «Гүлістан бит-түрки» («Түркі тіліндегі Гүлістан») деп аталады.
Ақын бұл еңбегін Сырдария бойында бастап, Египеттегі Ніл өзені жағасында жазып бітірген екен. Бұл өзі парсы-тәжік әдебиетінің классигі Сағди Ширазидің «Гүлістан» атты
шығармасының еркін аудармасы. Ал Сайф Сараи осы «Гүлістанды» қашан қыпшақ тіліне аударып біткені жайында өз кітабының соңында мынадай мәлімет береді:
Биз насыхат шартын ош қылдук байан
Ким иетмиш болса биза не зийан.
…Муддати хежрат йеди йуз тоқсан уч
Иыл еди ким азалды калмади куч
Ол шаввал еди ким, ей азиз
Хатм олди бу «Гулистан» намамиз.
Жолма-жол аудармасы:
Біз баян еттік сіздерге насихат сөзін, Жетпістің жетегіне ерген кезім. Хижра бойынша жеті жүз тоқсан үш Бойдан қуат қашып, азайды күш. О, қадірлім, тамылжыған тамыз еді, «Гүлістан» жырын жазып, бітірдік іс.
Бұл мәліметтерге қарағанда, Сайф Сараи хижра жыл санауы бойынша, 793 жылдың тамыз (шаввал) айында «Гүлістанды» аударма жасап бітірген. Бұл – жаңаша жылсанау есебі бойынша, 1391 жылдың тамыз айы. Ақын «Гүлістанды» жетпіс жасымда аударып біттім деп отыр. Демек, Сайф Сараи 1321 жылы туған екен. Бұл кезде Алтын Орданы Өзбек хан билеп тұр еді.
Сонымен, Сайф Сараи Алтын Орда мемлекетінің күш-қуаты нығайып, ел іші бейбіт, тыныш кезінде Сараи қаласында тұрады. Ал кейінірек хан ұрпақтары арасында тақ үшін таластар басталып, Дешті Қыпшақта аласапыран заман туған кезде ақын туған жерден алысқа кетуге мәжбүр болады. Ол қалған өмірін Мысыр (Египет) елінде өткізіп, 1396 жылы сонда дүние салады.
Қолжазбалары, зерттелуі, жариялануы. 1915 жылы Анкарада шығатын журнадцардың бірінде түркі тіліне аударылған Сағдидің «Гүліс-тан» Дастаны Голландиядан табылғаны туралы шағын ғана хабар жарияланды. Бірақ оған ешкім назар аудармайды. 1950 жылы профессор Феридун Нафиз Узлук Голландияның Лейден университеті кітапханасы қорынан «Гүлістанның» фото көшірмесін алып, оған шағын алғы сөз жазды да, 1954 жылы Анкарада жеке кітап етіп басып шығарды.
«Түркі тіліндегі Гүлістанның» аудармасы жайында тұңғыш рет ғылыми пікір айтып, С. Сараи аудармасын әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан талдаған ғалым А. Баттал-Таймас болды. Ол аудармаға ғылыми шолу жасай келіп, оның стильдік құрылысына, әсіресе, тілінің фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық ерекшеліктеріне сараптама жасады.
Алайда қыпшақ тілінде жазылған орта ғасырдың аса құнды әдеби жәдігерлігі — «Гүлістан бит-түрки» шығармасын егжей-тегжейлі зерттеген түркі танушы ғалым Ә. Н. Нәжіпболды. Ғалым С. Сараи шығармасының жазылу тарихын, оның әдеби мәнін, тілін, сол дәуірдің әдеби және тілдік ерекшеліктерін кең көлемде зерттеп, «Гүлістан бит-түркиді» қазіргі орыс графикасы бойынша транскрипция жасады, әрі орыс тіліне жолма-жол аударма жасап шықты. Сондай-ақ С. Сараи аудармасының өзіндік ерекшеліктерін ашты, шығарманың қыпшақ тілінде жазылғанын толық дәлелдеп берді. Бұл әдеби жәдігерлік көне түркі әдеби тілдерінің ішінде қазіргі қаза қтіліне өте-мөте жақын тұрғанын ашып көрсетті.
Дастанның идеялық мазмұны. «Гүлістан бит-түркте» әдептілік, тілге сақ болу, өсек айтпау, сыпайылық сияқты көптеген этикалық мәселелерді қозғайтын хикаяттар көп. Мысалы : «Мың батпан келетін тасты қаңбақ құрлы көрмейтін бір алып палуан бұрқан-тарқан болып ашуланып тұр екен.
Бұған не болған? — деп сұрапты біреу.
Сонда әлгі палуанның көршісі тұрып:Мың батпан тасты ұршықтай иіретін көршім еді. Бүгін ол менің бір ауыз сөзімді көтере алмай,бүлініп жатыр, — деп жауап беріпті».
Саиф Сараи парсы тіліндегі «Гүлістанды» қыпшақ тіліне зор шеберлікпен аударғаны даусыз. Шығарманың түпнұсқасындағы кейбір қиын ұғымдардың қыпшақ тіліндегі эквивалентті баламасын тауып, оқырманға түсінікті етіп береді. Сол арқылы аудармашы өз қаҺармандарының көңіл күйін, психологиясын зор шеберлікпен ашып көрсетеді.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1.Сайф Сарай қай дәуірде өмір сүрген?
2.Сайф Сарайдың бізге жеткен қандай еңбегі бар?
3.«Гүлістан бит-түрки» шығармасын егжей-тегжейлі зерттеген түркітанушы
ғалым кім?
4.«Гүлістан бит-түрки» неше тараудан тұрады?
Әдебиеттер:
1.Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
2.Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
3.Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
4.Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
5.Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
6.Бердібаев Р. «Кәусар бұлақ» А; – 1989 ж.
7.Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
8.Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
9.Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
10.Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
11.Қонырытбаев Ә. «Қазақ эпосы және түркология» А; – 1987 ж.
12.Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
13.Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
14.Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.
15.Ақыжанов М. «Қазақтың тегі туралы» А – 1962 ж.