Захириддин Мұхаммед Бабыр « Бабыр-наме»

 

Дәрістің қысқаша мазмұны

        Захириддин Мұхаммед Бабыр-көпнекті мемлекет қайраткері.

Захириддин Мұхаммед Бабыр-көпнекті мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы, ғажайып өлең-жыр жазып кеткен ғұлама ақын, тарихшы. Ол 1483 жылы 14 ақпанда  Әндіжан қаласында туылған. Жастайынан  өнерге, білімге  өнерге құштар болған Бабыр  түркі тілдерімен қатар араб және парсы тілдерін де жақсы меңгеріп, Шығыстың классикалық поэзиясынан еркін сусындаған, тарих, философия, табиғаттану ғылымдары бойынша, сәулетшілік және соғыс өнерті бойынша өз заманына лайықты едәуір білім алған жан. Ержүрек батырлығы үшін оны бала кезден-ақ Бабыр ( арабша «бабур»-«арыстан» деген сөз) деп атап кеткен.

 « Бабыр-наменің» құрылысы  мен мазмұны

     Бабырдың есімін әлемге паш еткен шығармасы- «Бабыр-наме». Кезіндегі түркі халықтарының бәріне бірдей ортақ болып келген әдеби тілде-шағатай тілінде жазылған бұл прозалық шығарма үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде –XV ғасырдың соңы мен  XVI ғасырдың бас кезіндегі  Орта Азиядағы негізгі саяси оқиғалар баяндалады. Ол кезде «Кабул-уәлаяты»» деп аталатын , қазіргі Ауғанстан территориясындағы маңызды тарихи оқиғаларды екінші бөлімінен  оқуға болады.Үшінші бөлімінде  солтүстік Индиядағы  саяси  оқиғаларды, елдің оқиғасын, географиясын, табиғатын, халқын, әдет-ғұрпын, салт-санасын т.б. көркем тілімен бейнелеп көрсетуге арналған. Бұл еңбек жайында автор былай дейді: «Мұнда жазылғанның бәрі ақиқат. Мен өзіме-өзім мынадай шарт қойдым: әрбір оқиға қалай болғанын-дәл осылай  етіп жазамын, мен жазған  әрбір сөз шындық болсын. Сондықтан, өзімнің туысқандарымның жақсы жақтарын    да , жаман жақтарын да жасырмай айттым. Өзіме жақын жандардың да, жат кісілердің  де  кемшіліктері мен игі қасиеттерін баян еттім…»

 Қазақ халқы мен « Бабыр-наменің» байланысы.

     Кезінде қазақтың  оқыған зиялылары «Бабыр-намені» қазақ халқының  өз тарихы  жазылған  шығарма деп таныды.Бабырдың бұл еңбегінде  қазақ, өзбек, түрікмен, тағы басқа түркі тектес халықтардың этникалық құрамына енген  ру-тайпалардың  тарихы баяндалады. Ежелгі қазақ жеріндегі  кенттер, өзендер, көлдер, таулар, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар  т.б. әңгіме болды. Мәселен, « бабыр-намеде» қазақтың Түркістан,  Сайрам, Отырар  секілді  шаһарлар туралы, Сырдария, Арыс т.б. өзендері мен көлдері жөнінде қызықты деректер жазылған.  «Бабыр-намеде» қазақтың алғашқы хандары Жәнібек,  үш жүз мыңға  жуық атты  әскері  болған қазақ ханы Қасым, ұлы

 

жүздің Жетісудағы дулат  тайпасынан  шыққан тарихшы-ғалым әрі ақын Мұхаммед Хайдар Дулати, жалайыр руынан шыққан ақын  Хасен Али жөніндегі  нақты тарихи деректер  берілген. Қазақ елінің руларына,  қоғам қайраткерлеріне мінездеме берді.

Біздің елімізде «Бабыр-намені»  тұңғыш рет Тимур Булат деген кісі 1714 жылы Бухара  қаласынан тауып,  оны кейінірек белгілі ғалым Георг Джекат Кер Петербургте зерттей бастады. Осы қолжазбаны  негіз етіп алған Н.Ильминский  « Бабыр-намені» 1857 жылы Қазан қаласында  бастырып шығарды. Кеңес дәуірде  Бабырдың басты шығармасы орыс тіліне  толық аударылып, үш рет басылып шықты. Оны орысшаға тәржіма жасаған М.А.Салье болды. Ал, қазақ тіліне 1990 жылы орыс тілінен аударылған болатын.

 « Бабыр-наменің» көркемдік ерекшелігі

«Бабыр –наме» тарихы, ғылыми  еңбек қана емес, сонымен бірге, түркі тілінің мол мүмкіншіліктерін  зор шеберлікпен  пайдалана отырып жазылған көркем туынды. Бұл прозалық шығарманың негізгі  объектісі тарихи оқиғалар болып келеді. Әйтсе де, сол тарихи оқиғаларды баяндап шығумен шектеліп қана қоймайды. Ол көркем шығармаға тән метафора,  теңеу, метатеза, эпитет, гипербола т.б.  көріктеу құралдарын  зор білгірлікпен қолданды. « Бабыр-намеде»  түркі тілдес халықтардың ертегі-аңыздары, мақал-мәтелдері, фразеологиялық сөз тіркестері, айшықты теңеу  сөздері жиі ұшырайды. Бабыр өз дәуірінің  әдеби тілі –шағатай тілін осы шығармасында мейлінше ажарлап, құбылтып, айшықтап қолданады.

     Жазушы ерлікті, батылдықты көкке көтере мадақтайды. Ал, қоян жүрек қорқақтықты, опасыздықты жер-жебіне  жеткізе әшкерелейді. Ең бастысы- патша тағына  таласып, өзара қырық пышақ  болып қырқысып жатқан феодалдық соғыстардың адам табиғатына жат, жиіркенішті жақтарын  оқушысына егжей-тегжейлі суреттеп береді. « Бабыр-намеде»  тарихта болған көптеген көрнекті адамдардың-қол бастаған батырлардың, ғалымдардың, сәулетші-шеберлердің, ақындардың, тағы басқа өнер адамдарының психологиялық портреті, әдеби бейнесі жасалған. Лауазымы, атақ –дәрежесі, ұлты, жасы, мінез-құлқы, діні т.б. әртүрлі болып келетін сол тарихи адамдардың бәрі бір-бірімен  шығарманың ең басты қаһарманы Бабырдың өзі арқылы байланысып тұрады.Бұл көркем туындының өзіне тән оөиға желісі, сюжеті, композициялық құрылысы бар. «Бабыр-наме» оқуға жеңіл, оқырманын бірден баурап кетеді. Автор қара сөзбен айтып жеткізе алмаған кейбір ғажайып көріністерін лирикалық өлең жолдарымен суреттеп өтеді. Әлемге есімі мәшһүр шығыстанушы ғалым, академик В.В.Бартольд «Бабыр-наменің»  көркемдік дәрежесін жоғары бағалай келіп, оны «түркі тіліндегі прозалық шығармалардың ең жақсы үлгілерінің бірі» деген еді.

     Алайда, шығарманың құнды жақтарымен қатар,  оның кемшіліктері де бүкпесіз.Өйткені, марксизм-ленинизм ілімі тарихи, әдеби мұраларға  қашанда объективті  түрде, диалектикалық тұрғыдан қарауды талап етті. Осы тұрғыдан қарасақ,  оның авторы өз заманының перзенті, феодалдық дәуірдің патшасы екенін көреміз. Ол көп жағдайда феодалдық көзқараспен қарайды. Пікір таласы туғанда, бектердің, сұлтандардың пайдасына шешуге тырысады. Дегенмен мұның бәрі  шығарманың тарихи,  ғылыми құндылығын кеміте алмайды. Бүгінгі өрісі биік, ой-пікірі терең талғампаз оқырман  бұдан бас тартқан емес.

      Қорыта келгенде, « Бабыр-наме» шын мағынасындағы энциклопедиялық шығарма. Мұнда ғылымның сан түрлі салалары жөнінде аса құнды мәліметтер берілген.  Қазақ халқының азаматтық тарихына , әсіресе, әдебиеті мен тіліне,  этнографиясына қатысты материалдар бабырдың осы еңбегінде мейлінше көп жинақталған.

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Шығарма неше бөлімнен тұрады?

2.Автордың « Бабыр-намеде» жазған ойы қандай еді?

  1. Қандай мақсатпен, не жайлы баяндаған?

4.Аудармаға кімдер үлес қосты? Қазақ тіліне қашан аударылды?

  1. Шығарманың көркемдік ерекшелігі жайында не айтасыз?

Әдебиеттер:

  1. Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
  2. Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
  3. Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
  4. Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
  5. Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
  6. Бабыр «Бабырнаме» /ауд. Б. Қожабекұлы/ А., 1993ж.
  7. Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
  8. Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
  9. Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
  10. Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
  11. Қ. Жалаири «Шежірелер жинағы» /ауд. Н. Мичугуров, Б. Комеков, С. Өтениязов/ А., 1997ж.
  12. Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
  13. Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
  14. Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *