Жүсіп Хас Хажыб Баласағүн — түркі халықтары тарихындағы қайта өрлеу дәуірінің аса көрнекті ақыны, есімі күллі Шығыс елдеріне мәшһүр болған данышпан-ойшыл, атақты ғалым, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері.
Жүсіп Баласағүн есімі кезінде Шығыс пен Батыс елдеріне орта ғасырдың атақты ғалымы, дәлірек айтсақ, файласуфи (философия), риезиет (математика), тибби (медицина), фэлэкият (астрономия), нужум (острология), тарих, оперганз, тіл білімі, әдебиеттану, т. б. ғылым салаларын жете меңгерген ғұлама ретінде жақсы мәлім болған.
Әйтсе де Жүсіп Баласағүнның есімін әлемге танытып, әдебиет тарихына мәңгілік өшпестей жазып қалдырған бірден-бір әдеби туындысы — «Құтты білік» дастаны.
Жүсіп Баласағүнның өмірі туралы мәлімет мүлдем аз сақталған. «Құтты білік» дастанының авторы жөнінде бірен-саран деректер осы шығармаға бірі қара сөзбен, екіншісі өлеңмен жазылған алғы сөздерінде бар. Бірақ бұл алғы сөздерді Жүсіптің өзі емес, кейінірек дастанды көшірушілердің бірі жазған болса керек.
Жүсіп Баласағүн өз өмірі мен ақыңдық қызметі жайындағы кейбір деректерді «Құтты білік» дастанының соңғы үш тарауында қысқаша түрде, үстірт қана әңгіме етеді. Міне, ақынның осы сөзі жазған мәліметтерге қарағанда, Жүсіп Баласағүн орта ғасырда Қарахан әулеті билік жүргізген мемлекеттің бір кездегі астанасы Баласағүн шаһарында туған. Академик В. В. Бартольдтың пайымдауынша, Баласағүн қаласы Жетісу өңіріңде, Шу өзенінің бойыңдағы Тоқмақ қаласына жақын жерде болған.
Ақынның «Құтты білік дастанын» Баласағүнда бастап, Қашқарда аяқтауы кездейсоқ жәйт емес. Бұл дастанға қара сөзбен жазылған кіріспеде ақын: «Бұл кітапты жазған кісі Баласағұнда туған…, осы кітапты Қашқарда жазып бітіріп, шығыстың әміршісі Табғаш Қара Бограханға тарту еттім» дейді.
Ақын Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанын хижра есебі бойынша 462 жылы, яғни жаңаша жыл санау есебі бойынша 1070 жылы жазып бітірген. Бұл жөнінде автордың өзі дастанда (6495 және 6623-бәйіттерде) екі рет ескертеді. Бұл көлемді дастанды он сегіз айда жазып бітіргенін автор шығарманың мәтіндерінде өзі айтады. Жүсіп Хас Хажыб бұл еңбегін жасы егде тартып қалғанда жазғаны белгілі. Ақын өзі туралы айта келіп: «Елуге де кеп қалдық… Бір кезде қара қарға едік, аққуға аппақ айналдық» (364-365- бәйіттерде) дейді. Жүсіп Баласағүн өз дастанын шамамен елу төртжасыңдажазыпбітірген. Демек, ақын 1015-1016 жыддары туған деп шамалаймыз.
Автор өз шығармасының кіріспесіңде дастанның қайсы тілде жазылғанын айта келіп, былай дейді:
Әрәбчә, тәжікчә китабләр укуш,
Бізніңг тілімізгә бу иумғи оқуш.
Мазмұны:
Арабша, тәжікше кітаптар көп,
Ал бұл — біздің тіліміздегі тұңғыш даналық жинағы.
«Біздің тіліміз» деп ақын түркі тілін айтып отырғаны мәлім.
Дастанның зерттелуі
Жүсіп Хас Хажыб Баласағұнның «Құтты білік» дастанының бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі — Вена нұсқасы, оны Герат нұсқасы деп те атайды. Бүл қолжазба қазір Венаның Корольдік кітапханасында сақтаулы түр. Сол үшін оны Вена нұсқасы дейді. Ал дәл осы қолжазбаны Герат нұсқасы деуінің себебі, бұл қолжазба 1439 жылы Герат шаһарыңда көшірілген екен. Оны ұйғыр әрпімен көшірген адамның есімі- Хасан Қара Сейіл.
Екіншісі — Каир нұсқасы. Бұл қолжазба араб әрпімен көшірілген. Оны Каирдағы бір кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорынан 1896 жылы неміс ғалымы Б.Мориц тапқан. Белгілі орыс ғалымы В.В.Радлов Петербург Ғылым академиясының Азия Музейі үшін Каир нұсқасының бір данасын көшіртіп алады. Қазір бұл қолжазба Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының Санкт-Петербург бөлімшесінде сақтаулы тұр.
Үшіншісі — Наманган нұсқасы. Оны 1913 жылы А. Валитова Өзбекстанның Наманган шаһарынан тапқан еді. «Құтты білік» дастанының араб әрпімен көшірілген, ең толық саналатын осы нұсқасы Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Шығыстану институтында сақталып келеді.
«Құтты білік» дастаны жөнінде тұңғыш рет баспасөз бетінде хабар беріп, оның нұсқасының бір бөлігін 1823 жылы «Азия» журналында бастырып шығарған француз ғалымы Жауберт Амадес болды. Бұл істі кейінірек венгер ғалымы Герман Вамбери қолға алды. Ол дастанның бірнеше тарауын транскрипциялап, неміс тіліне аударды, оған түсінік беретіндей сөздік жасады. Соның бәрін қосып, 1870 жылы «Құтты білікті» жеке кітап етіп шығарды. «Құтты білікті» кең көлемде зерттеу, оны басқа тілдерге аударма жасау саласында келелі істер тындырған академик В.В.Радлов болды. В.В.Радлов бұл шығарманы зерттеу, аудару, баспаға әзірлеу істерімен жиырма жыл бойы (1890-1910)
айналысты. «Құтты білік» дастанын әдебиеттану, тіл білімі, тарих ғылымы тұрғысынан зерттеуге С.Е.Малов, Е.Э.Бертельс, А.Валитова, К.Каримов, С.Муталлибов сияқты көрнекті ғалымдардың мол улес қосқаны белгілі.
Дастанның құрылымы мен сюжеті
«Құтты білік» дастанының басты идеясы төрт принципке негізделіп жазылған. Біріншісі — мемлекетті дұрыс басқару ұшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әдіддіктің бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі — бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі дастаңда патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі — ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық рөлі уәзірдің баласы Өгдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі — қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Одғұрмыш бейнесі арқылы әңгіме болады:
Кітабында талай жайды айтады ол,
Бұл төрт ұлық сөздерінен байқалар.
Бірі оның — шындық жолы — әділет,
Екіншісі- құт пен ырыс, дәулет.
Үшіншісі — ақыл менен парасат,
Төртіншісі -ұстамдылық, қанағат.
Композициялық құрылысы жағынан дастан 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең)тұрады. Бұл- 13000 өлең жолы деген сөз. Соның бәрі 85 тарауға бөліп берілген. Шығарманың негізгі бөлімдері екі жолдық месневи түрінде жазылған. «Құтты білік» дастанының сюжеті де автор алға қойған этикалық-моральдық, дидактикалық міндеттерге, яғни шығарманың әділдікті, бақ-дәулетті, парасатты, қанағатты бейнелейтін төрт қаһарманның іс-әрекетіне тікелей байланысты етіп құрылған.
Дастанның сюжеттік желісі мейлінше қарапайым болып келеді. Бұл дастанда көтерілген басты мәселе — шығарма қаһармандарының басынан өткізген оқиғаларында емес, сол қаһармандар арқылы айтылатын автордың өсиет-уағыздары мен ғибрат сөздерінде, сұрақ-жауаптарында жатыр.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында елді басқарған әкімнің басты міндеті — халыққа құт, бақыт, дәулет екелу, «кедей халықты бай» ету екендігі ерекше атап көрсетіледі. Дастанда айтылатын осы ой-пікірлер мен идеялардың түп-төркіні, қайнар-бастаулары «Күлтегін» жырларында жатқанын аңғару қиын емес.
Дастанның көркемдік ерекшеліктері
«Құтты біліктің» авторы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетінің кәусар бұлағынан еркін сусындады. Сол арқылы ақын халық фольклорының қыруар мол мүмкіндіктерін (көріктеу құралдарын, мақал-мәтелдерін, қанатты сездерін, фразеологиялық сөз тіркестерін, т. б.) жазба әдебиеттің тәжірибесімен ұштастыра білді.
«Құтты білікті» оқып отырып, автордың Шығыс классикалық поэзиясының таңдаулы үлгілерімен, әсіресе ұлы Фирдоусидің «Шахнаме» дастанымен жақсы таныс екенін, одан үлгі-өнеге алғанын аңғару қиын емес. Мәселен, Жүсіп Баласағүн жырдағы әрбір сөздің мағынасын құбылтып, ойнатып пайдалануды, әрбір лексикалық элементті ажарлап, айшықтап беруді ұлы ұстазынан үйренген секілді.
«Құтты білік» дастанының авторы метафора, аллегория, гипербола, меңзеп яки астарлап сөйлеу сияқты көріктеу құралдарын зор шеберлікпен, білгірлікпен пайдаланып отырады. Сондықтан жырдағы сан қилы адам бейнелері, табиғат көріністері, қаһармандардың көңіл күйі мейлінше айқын, әсерлі шыққан.
Ақын табиғаттың кейбір сиқырлы құбылыстарын, жан-жануарлардың кейбір қасиеттерін адам мінез-құлқына ұқсата отырып, қаһарманның көркем бейнесін айқындай түседі. Сондай-ақ ол адамға тән қасиеттерді табиғат көріністеріне теңеу арқылы
далаларды, асқар тауларды, тілсіз өзен-көлдерді кәдімгідей жандандырып, құбылтып, адамның өзіне ұқсатып бейнелейді. Мұның бәрін ол зор ақындық шабытпен, өз қаһармандарының ішкі жан дүниесіне терең поэтикалық барлау жасау арқылы суреттейді. Бұған «Құтты білік» дастанының керкем көріністерін жырлайтын өлең жолдарынан мысал келтірейік:
Қара жер ағы кетіп, жұпар шашты,
Безенбек болып дүние көркін ашты.
Каһарлы қысты қуды көктем лебі,
Жарқын жаз дәулет құрды, өктемдеді.
Қу ағаштар жасыл тонын жамылды,
Безеніп: көк, жасыл, сары тағынды.
Қаз, үйрек, шіл, аққулар қалықтады,
Қиқулап, биік-төмен шарықтады.
Қайсысы ұшып, қайсыбірі қонады,
Бірі ойнаса, бірі суға қанады.
Дастанда әсіресе мал бағумен айналысатын ру-тайпалардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты афоризмдер, бейнелі сөздер, теңеулер, бейнелер көп ұшырайды. Мінез-құлқы әр түрлі адамның бейнесін жасау кезіңде ақын қой, қасқыр, жылқы, сұңқар секілді жан- жануарларды, жайлаулар мен шөлдерді көбірек ауызға алады.
«Құтты білік» дастаны аруздың ықшамдалған мутакариб деп аталатын өлшем түрімен жазылған. Орта ғасырдың аса көрнекті ақыны, ғажайып сөз зергері, энциклопедист-ғалымы, көрнекті мемлекет қайраткері Жүсіп Хас Хажыб Баласағүнның «Құтты білік» дастанының әдеби, тарихи, ғылыми мәні ерекше зор. Бұл көркем шығарма бертін келе қазақ халқының этностық құрамына енген ру-тайпалардың ежелгі дәуірдегі тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін, т. б. зерттеп білу үшін аса қажетті, құңды мұра болып табылады.
Әдебиеттер:
- Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
- Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
- Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
- Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
- Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
- Бердібаев Р. «Кәусар бұлақ» А; – 1989 ж.
- Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
- Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
- Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
- Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
- Қонырытбаев Ә. «Қазақ эпосы және түркология» А; – 1987 ж.
- Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
- Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
- Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.