Деректанулық ұғымдар мен терминдер

 

Деректану тарихшылардың теориялықметодологиялық және арнаулы даярлығын қамтамасыз ететін іргелі ғылымға жатады. Деректанудың іргелілігі ең алдымен тарих ғылымының аса маңызды ерекшелігімен байланысты. Тарихтың нысаны – қоғамның өткені тарихшыға тек тарихидеректер арқылы ғана танылады. Ал тарихи деректер тарихи деректану ғылымының тікелей зерттеу нысаны болып табылады. Деректану әр түрлі нақты тарихи проблемаларды және тұтас тарихи процестерді терең де тиімді зерттеуге көмектеседі. Деректану арнаулы ғылым ретінде тарихи зерттеулер тәжірибесі барысында тарихи құжаттардың түпнұсқасын анықтау тәртібін жасау негізінде пайда болды. Деректерді талдаудан өткізу ежелгі дәуір тарихшылары заманынан (ЛукианТацит), Қайта өрлеу кезеңінен (Л.Валла, У.фон Гуттен, т.б.) белгілі. XVII ғасырда дипломатияның дамуына байланысты құжаттарды ғылым тұрғыдан зерттеу әдістемесі, ал XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың 1-жартысында неміс ғалымдары А.Л.Шлецер, Б.Г.Нибур, Л.Ранкенің еңбектерінде құжаттарды сын елегінен өткізу әдісі қалыптаса бастады. Алғаш жазба деректер тек нақты-тарихи фактілерді тануға көмектесетін құрал ретінде зерттелді. Тарихи деректер қорының кеңеюі мен ғылым айналымға жаңа деректердің біртіндеп енуіне байланысты, бір тарихи оқиғаның деректерде қарама-қайшы бейнеленетіні байқала бастады. Сондықтан ол деректерді зерттеу, бір-бірімен салыстыру, сол арқылы шындықты іздеу қажеттілігі пайда болды.
Деректанудың өзіндік зерттеу нысаны, арнайы әдістемесі бар пән ретінде XIX ғ-дың 2-жартысында қалыптасты. Деректану ғылымы теориялық және қолданбалы болып 2 түрге бөлінеді. Теориялық деректану тарихи деректердің пайда болу заңдылықтарын, олардың нақты тарихи процесті бейнелеуін, ондағы мағлұматтардың мазмұнын зерттейді, деректерді жүйелеу принциптерін анықтайды. Теориялық деректану жазба деректер негізінде зерттеледі. Қолданбалы деректану тарихтың жеке салаларына, тарауларына, кезеңдеріне байланысты қалыптасты. Деректанулық тәжірибе архивтермұражайлар мен кітапханалардың деректерді жинақтау, сақтау, баяндау, жариялау қызметін, тарихшының зерттеу жұмысы кезінде деректермен жұмыс істеуін қамтиды.
Деректану деректерді объективті өмір шындығын бейнелейтін, күрделі қоғамдық құбылыс ретінде қарастырады. Дерек объективтілік пен субъективтіліктің диалектикалық бірлігі негізінде пайда болады, сондықтан олар жан-жақты талдауды қажет етеді. Деректі талдау екі кезеңнен тұрады: деректің түпнұсқамен дәлдігін анықтау және алынған мәліметтердің анық-қанығынакөз жеткізу. Деректердің әр алуан түрлеріне талдау жасаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, құжаттық деректерді талдау мен баяндаушы деректерді талдауға әр түрлі тәсілдер қолданылады. Деректердің түпнұсқамен дәлдігін анықтау мәтінді айқындауды, деректі түсіндіруді және оның пайда болуын зерттеуді қажет етеді. Мәтінді айқындау жұмыстарына мәтінді дұрыс оқу және түсіну, кейіннен енгізілген толықтырулар мен қосымшаларды анықтау, олардың түпнұсқаға қатынасын ашу, егер түпнұсқа болмаса, онда мәтіннің тарихын және бастапқы авторлық нұсқасын қалпына келтіру, т.б. жатады.
Деректі түсіндіру баяндалатын нақты оқиға, фактілерді анықтау, мәтіндегі тура немесе астарлы сөздерге, метафораларға түсіндірме жасаудан тұрады. Деректердің пайда болуын зерттеу үшін оның авторын, уақытын, деректің шыққан жерін, пайда болуының тарихи жағдайын анықтау қажет. Деректердің пайда болған жерін, уақытын палеографияметрология, т.б. қосымша белгілер арқылы шамамен анықтауға болады. Ал дерек авторын қосымша белгілер (мазмұны, тілі, стилі, қолтаңбасына қарап) арқылы анықтау көп жағдайда құжат арқылы дәлелденгенге дейін болжам ретінде танылады. Тарихшы зерттеу жұмысының осы бірінші бөлімі арқылы дерек көзінің дәлдігіне көз жеткізе алады. Әрі қарай талдау жүргізу әдісі деректе берілген мағлұматтарға байланысты болады. Баяндаушы деректердің (жылнамалармемуарларпублицистика, т.б.) дәлдігін анықтау мағлұматтардың пайда болу жағдайын, нақты мәліметтерді тексеруді, автордың саяси көзқарасын ашуды қажет етеді. Бұл деректанулық талдау жасаудың екінші бөлімі. Егер дерек баяндалып отырған оқиғаға қатысушы куәгердің мәліметі болса, онда оның сол оқиғаға қандай жағдайда қатысқаны, тарихи шындықты суреттей алатын мүмкіндіктері анықталуы шарт. Оқиғаға автордың өзі тікелей қатыспаған жағдайда оның мәлімет алған дерек көздері анықталып, мағлұматтардың толықтығы мен дәлдігі тексеріледі. Автордың жеке саяси көзқарасы берілген мәліметтердіңобъективтілігіне әсер етеді. Деректегі нақты мәліметтерді логикалық талдау және салыстыру арқылы тексеруге болады. Әр алуан деректерде берілген мәліметтердің бір-бірімен сәйкес келуі олардың нақтылығын дәлелдейді. Отандық деректану ғылымының қалыптасуы мен дамуына Ш.Ш.УәлихановӘ.Н.БөкейхановА.БайтұрсыновЕ.БекмахановӘ.Х.Марғұлан, т.б. зор үлес қосты. Қазіргі деректанудың теориялық-әдістемелік проблемаларына, деректерді зерттеуде Математикалық тәсілдер мен компьютерлер пайдалануға ерекше көңіл бөлінген.басканы мен билмеймин[1]

Деректану – тарихи деректер туралы ғылым. Оның негізгі міндеті тарихи деректердің  пайда болу заңдылықтарын және оларда тарихи процестердің (құбылыстардың) объективті бейнелеуін зерттеу.

Теориялық деректанудың жалпы тарих ғылымындағы алатын орны ерекше. Оның қосымша тарихи пәндермен және басқа да тарихи зерттеулермен ара қатынасы бар.

1). Қосалқы тарихи пәндер. Тарихи деректерді зерттеумен көптеген қосалқы пәндердің айналысатыны белгілі.

Қосалқы тарихи пәндердін, арасында, түп дерек тануға ерекше орын беріледі, мұның міндеті тарихи түп деректерді тауып анықтау, оларды ғылыми жүйеге келтіру, сын көзімен талдау, зерттеу мен пайдалану әдістерін тұжырымдау, әрі, ақырында адамзаттың, өткен шағының тарихын баяндау үшін түп дерек бере алатындардың бәрін, нақтылы да жан-жақты алып анықтап шығу  болып табылады.

Кейбір қосалқы тарихи пәндер өз алдына неғұрлым тар мақсаттарды қояды. Бұлардың бірі тарихи түп деректердін, жеке түрлерін зерттеумен шұғылданады. Мәселен, эпиграфика тас плиталардың, металдың, сүйектің, ағаштың, саз балшық бұйымдардың, үстіндегі жазуларды, папирология— папирустардағы жазу-сызуды, ал нумизматика басқа міндеттермен қатар — монеталардағы мәтіндерді зерттейді. Жекелеген қосалқы тарихи пәндер өзінің назарын жазба түп деректердін, сыртқы белгілерін зерттеуге аударады. Палеография, мәселен, жазу-сызу материалдары мен оның құралын, жазу мен өрнектеу ерекшеліктерін, сфрагистика — баспасөздерді, оның қосымша құжаттарын, ал геральдика — гербтерді, ел таңбаларды, орта ғасырларда кеңінен таралған ерекше айырым белгілерін зерттейді.

Қосалқы тарихи пәндердің ерекше бір тобы жазба тарихи түп деректердің жеке түрлерінің ғылыми сын тәсілдерін тұжырымдайды. Оған, мәселен, актілерді зерттейтін дипломатика және әдеби шығармалардың мәтіні тарихына өзінін, назарын аударатын текстология жатады.

Тарихи түп деректерді зерттеу ушін деректерді тұжырымдауды өз алдына міндет етіп қоятын бірқатар тарихи пәндерді атаған жөн. Бұлардың қатарына, ең алдымен, белгілі бір тарихи  оқиғалардың,  уақытын  анықтаумен  шұғылданатын  тарихи хронология, өлшемдер және ақша есебі жүйесін зерттейтін метрология жатқызылады. Түп деректердің ғылыми сыны үшін тарихи өткен шақтың географиясын қалпына келтіретін тарихи география және онымен тығыз байланысты жеке географиялық атаулардың этимологиялық құрылымын, маңызын әрі қайсыбір тілге жататындығын зерттейтін тарихи топонимика көп деректер береді. Тарихи түп деректерді зерттеу үшін рулардың, әулеттер мен жеке адамдардың шығу тегі мен тарихын зерттейтін генеалогия сияқты қосалқы тарихи пән де маңызды мәліметтер береді.

Қосалқы тарихи пәндердің қай-қайсысы болсын өзінің зерттеу объектісі жағынан да, тәсілі мен шеңбері жағынан да деректанудан әлдеқайда тар.

Деректану деректердің кейбір түрлерін, типтерін немесе топтарын (теңгелер, актілер, жылнамалар, заманхаттар т.б.) ғана зерттеп қоймайды, ол барлық тарихи деректердегі салынған ақпараттарды қоғам дамуының заңды өнімі ретінде зертттейді. Сондықтан оның шеңбері барлық жағынан қосалқы тарихи пәндерден кеңірек.

2) Haқты тарихи зерттеулермен ара қатынастары.

Екiншi жaғынан, деректануды накты тарихи зерттеулермен, жалпы тарихи ғылымымен шатастыруға да болмайды: а) тарихи зерттеу өз мiндетiне тарихи деректер комплексi негiзiнде тарихи процестер заңдылығын тануды алады; ә) деректану ез мiндетiне деректi қоғамдык өмiрдiң жемiсi ретiнде, басқаша айтқанда тарихи процестiң бiр бөлiгi ретiнде тануды алады. Деректану шеңберi тарихи зерттеу шеңберiнен тар.

 

Әдебиеттер:

  1. Бекмаханов Е. XIX ғ. 20-40-жьлдарындағы Қазақстан. Алматы, 1992.
  2. Сыздьқова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы, 1991.

3.Қозыбаев М.Ғұмырнама   жанрын   зерттеу   мәселелері //Қазақ тарихы 1997, N4.

4.Атабаев Қ. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. Алматы. 2002.

5.Атабаев Қ.М., Қадыртаева М.А. Деректанудың теориялық мәселелері. Алматы, 1999.

6.Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі — Қазақстан тарихының дерек көзі. Алматы, 2000.     7. Мухамед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди.А.,1999

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *