Ислам дәуірінің этикалық, моральдық, дидактикалық мәселелерін зор білгірлікпен жырлаған сөз зергерлерінің бірі Ахмет Иүгнеки еді. Ахмет Иүгнеки (Ахмет Махмұдұлы Жүйнеки) ХІІ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген ас көрнекті ақын, есімі кезінде бүкіл ұлан-ғайыр Қарахан мемлекеті түркілеріне мәшһүр ғұлама ақын болған. Ақынның туған жері Түркістан қаласының маңындағы Жүйнек деген елді мекен болса керек. Алайда, Жүйнек деп аталатын қоныс басқа жерлерде де болуы мүмкін деген жорамалдар да бар.
А. Иүгнекидің өмірі мен ақындық қызметі жайында мәлімет жоққа тән. Әйтсе де ақын дастанында өзі туралы кейбір деректер берген. Сондай-ақ дастанды ертеректе көшірген хусниххатшылар да шығарманың авторына қатысты мәліметтерді өз тарапынан қосып жазған. Мәселен, А. Иүгнеки туралы мынандай жолдар бар:
Ахмет Әдіб – атым, үлгі сөзім,
Қалады мұнда сөзім, кетем өзім.
Күз келер, жазда кетер, өмір де өтер,
Сонымен жұмылар да екі көзім.
Ей, досым, жадуым кітап түрікшелеп,
Мейлің сөк, мейлің, қала ерекшелеп.
Артымда ат қалсын деп жаздым мұны,
Ғажайып таңсық сөзбен ерекше елеп.
Бұл өлеңдерден біз ақынның шын аты Әдіб Ахмет екенін, әкесінің аты Махмұд болғанын аңғарамыз. Болашақ ақын анасынан көзі соқыр болып туған:
Көрмеген туа-біте Әдіб көзі,
Тұрады он төрт баптан осы сөзі.
Жүк болса, піл көтермес алтын күміс,
Соған теі осы аз ғана сөздің өзі.
Дастанның өзі көне түркі тілінде жазылса да, ақын шығармасының атын «Хибатул—хақайық» деп әдейі арабша қойған сияқты. Бірқатар қолжазбалар бұл шығарманың атын «Айбатул-хақайық» деп жазған.
«Ақиқат сыйы» дастанының көне қолжазбасы табылғаны жөніндегі алғашқы мәліметті түрік ғалымы Нәжіп Асим 1906 жылы хабарлады. Қазір бізге бұл шығарманың бірнеше қолжазба нұсқасы мәлім. Солардың ішіндегі ең көнесі Самарқан нұсқасы. Бұл қолжазба қазіргі Стамбул қаласындағы Айя-СОфия кітапханасында сақтаулы. Оны 1444 жылы Самарқан қаласында атақты каллиграф Зейнул-Абидин Джурани деген кісі ұйғыр әріпімен көшірген екен. Дастанның бұдан кейінірек 1480 жылы Шейхзаде Әбдіразақ Бахши көшірген нұсқасын Нәжіп Асми осман түріктерінің тіліне аударып, шығарманың түпнұсқасымен қоса оны 1916 жылы жеке кітап етіп басып шығарады.
А. Иүгнекидің араб әріпімен көшірілген қолжазба нұсқаларының бірі қазіргң Берлин қалалық кітапханасында сақтаулы тұр. Бұл дастанның ғылымға мәлім болған нұсқаларын салыстыра отырып, шығарманың толық мәтінін әзірлеген зерттеуші түрік ғалымы Рашид Арад Рахмат болды. Ол 1951 жылы Осы дастанның толық мәтінін әзірлеп, олны латын әріпімен кітап етіп шығарды.
«Ақиқат сыйы» дастанын жан-жақты зерттеу ісіне кезінде В. Радлов,
Т. Ковалевский, Ж. Дени, т.б. шығыстанушы ғалымдар да белсене ат салысты.
«Ақиқат сыйы» дидактикалық сарында жазылған шығарма. Дастан сюжетке құрылған емес. Шығарманың әрбір тарауында белгілі бір мәселе жөніндегі әңгіме болады. Адам қалай өмір сүру керек? Ақын осы сауалға өзінше жауап іздеп, дидактикалық сарында оқырманына өсиет уағыз айтады.
Дастан 254 бәйттен тұрады. Мүның бәрі 14 тарауға бөліп берілген. А. Иүгнеки ислам дәуірі әдебиетінің көркемді дәстүрін негізге ала отырып, дастанның алғашқы тарауын (1-10 бәйІттер), қайырымды, мейірімді Аллаға, екінші тарауын (11-19 бәйіттер) Құдайдың жердегі өкілі Мұхаммед пайғамбарға арнайды. Содан кейін 3-ші тарауда (20-33 бәйіттер) ақын осы кітаптың жазылуына себепші болған Ыспахсалар бекті мадақтайды.
А. Иүгнеки – әрбір сөздерді ажарлап та, құбылтып та шебер пайдлана білетін сөз зергері. Дастан негізінен дидактикалық сарындағы ақыл-өсиет, уағыз, ғибрат сөздерден тұрады. Ақын өзі хикаялап отырған құбылыстыі ерекше белгілерін ажарлап, оған үстеме мағына беріп, суреттеу үшін теңеу әдісін кеңінен қолданады. Мәселен, автор дастанда Ыспахсаларды – теңізге, ал өзін – жауын тамшысына теңейді. Ал мұндай тамшылар теңізге құйылып, қымбат бағалы маржанға айналады дейді. Білімді адам – таза алтынға, надан кісі – құны жоқ жалған ақшаға, білімді әйел – ер жігітке, ал білімсіз еркек – әйелге, шын сөз – балға, жалған сөз – пиязға теңеледі. Сондай-ақ дастанда сараңдық – ем қонбайтын дерт, жеміс бермейтін ағаш, ал жомарттық – алқызыл раушан гүлі деген секілді теңеулер де бар.
Ақын әдеби тілдің әсерлігін арттыра түсу үшін екі бірдей ұғымды, құбылысты, сезімді, т.б. қатар қойып, жұптап зерттейді. Дәлірек айтсақ, сөзді айшықтап қолданудың бір түрі — паралеллизм яки егіздеу әдісін зор шеберлікпен пайдаланады. Мәселен, дастанда: білімді-надан, жомарт-сараң, тәкаппар-момын, атлас шәйі-бөз, адал-арам, ұзын-қысқа сияқты ұғымдар бір біріне қарсы қойып суреттеледі.
Өмір тәтті, бүгін қолың жеткенде,
Удай ащы ертең тастап кеткенде.
Қайда балы сонда арасы бір жүрер,
Балдан бұрын татып көрші зәрінен.
«Ақиқат сыйы» авторы белгілі бір құбылысты айна қатесіз, дәл белгілейтін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер секілді теңеулер, қанатты сөздер тауып айтуға шебер. Мәселен, «Ақымақтың тілі өзіне жау болып жармасады, сараң адам – өзі жиған байлықтың құлы, жомарттық – сараңдықтың айнасы, білім – сарқылмас тауар, т.б.
Түйіндеп айтсақ, ислам дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі Азмет Иүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастаны – өз заманының көкейтесті мәселелерін – ақыл-парасатты, білімділікті, қарапайымдылықты, әдеппен сөйлеуді, кішіпейілділікті, сабырлықты, т.б. ізгі қасиеттерді этикалық-дидактикалық сарында жырлаған көркем туынды.
Біз «Ақиқат сыйы» дастанының идеялық-тақырыптық бағытына, композициялық құрылысына, көріктеу құралдарына, жырдың метрикалық жүйесіне біршама талдау жасадық. Содан шығатын қорытынды: «Ақиқат сыйы» дастаны – өз заманының көкейтесті мәселелерін жырға арқау еткен, көркемдік дәрежесі биік, дидактикалық сарында жазылған, бүгінгі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ мұра болып табылады.
Әдебиеттер:
- Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
- Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
- Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
- Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
- Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
- Бердібаев Р. «Кәусар бұлақ» А; – 1989 ж.
- Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
- Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
- Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
- Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
- Қонырытбаев Ә. «Қазақ эпосы және түркология» А; – 1987 ж.
- Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
- Сүйінішәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезендері» А –1967 ж.
- Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.