ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА НЕГІЗДЕРІ МҰҒАЛІМІ

Мақсаты: Құқық және экономика негіздері мұғалімінің қазіргі кезеңдегі бейнесі және оған қойылатын талаптар туралы мағлұмат беру.

Жоспар:

  1. Курсты оқытуға мұғалімнің теориялық және әдістемелік дайындығы.
  2. Құқық және экономика негіздері мұғаліміне қойлатын негізгі талаптар, дамытушылық оқыту жағдайындағы оның ерекшеліктері.
  3. Мұғалім біліктілігін арттыру жолдары.

 

Мектеп  —  мұғалімнің басшылығымен жас ұрпаққа білім беру, тәрбие мәселелерін жүзеге асыратын оқу – тәрбие мәселесі, халық ағарту жүйесінің негізгі буыны.

         Мектепте оқу жұмыстарын ұйымдастырудың негізгі нысаны – сабақ, сабақта басты  рөлді атқаратын – мұғалім.

         Мұғалімнің алдында тұрған зор мақсат ғылым негізін жақсы білетін, жігерлі, төзімді адамдарды тәрбиелеу, жоғары идеялы, қандай да болсын қиыншылықтарды жеңе білетін, өз Отанына шексіз берілген, бетбұрыс ісіне батыл кірісуге қабілеті жететін, еңбек сүйгіш адамдарды тәрбиелеу болып табылады.

         Мұғалім өзіне тапсырылған істі абыройлы да нәтижелі етіп орындау үшін жатпай тұрмай оқиды. Ол мұның сүйегіне сіңген қасиет. Сонымен қатар мұғалім өз басына ең жақсы деген адамгершілік қасиетті дарытып отырады. Өйткені ол шәкірттерінің ғана ұстазы емес, ауылдағы, қаладағы барша халыққа  үлгі — өнеге болатын үлкен  инабатты  адам.

         Мұғалімнің дүние танымы – оның өмірі мен, оның әрбір құбылысқа қалай қарайтындығы, қалайда барлық оқушыға әсер етеді. Сондықтан да мұғалім өзінің мінез – құлқы, әрекеттері «күшті» бақылауда екендігін сезе біліп, өзін өзі ұстай білуі керек.

         Оқушылардың мінез – құлқын, олардың сана – сезімінің жетілу дәрежесін  танып, білу оңай нәрсе емес.

         «Мұғалімдік мамандық ұсақ – түйегі көп, жалықпай жұмыс істеуді қажет етеді», — деген болатын Макаренко.

         Осындай қоғамға қадірлі тұлғаны даярлап шығуда жоғары оқу орындарының алатын орны ерекше. Жоғары оқу орындарында мұғалімді өз мақсатында, өз бағытына дайындайды. Бұл саланы зерттеушілер өз саласының мұғалімі қандай болуы керек екендігін  айқындап көрсетуде. Солардың ішінде мұғалімге қойылатын талаптар:

  • сабақтың ғылыми және  құқықтық дәрежесіне қойылатын талаптар, яғни сабақтың ғылымилық сипат алуы, ғылыми мазмұндық толықтығы, оқу материалының  ұғынықтылығы, құқықтық мәселелердің ашылып түсіндірілуі, құқықтық құбылыстардың, фактілердің дұрыстығы және дәлдігі, сабаққа берілген тұжырымдаманың дұрыстығы, мұғалім әңгімесінің жүйелілігі, оқушылар назарын өзіне аудару, оқушылардың сабаққа белсене қатысуын қамтамасыз ету;
  • сабақтың әдістемелік дәрежесіне қойылатын талаптар: сабақтың білімдік, тәрбиелік, дамытушылық міндеттерінің дұрыс анықталуы, сәтті және ойдағыдай жүзеге асуы, сабақтың қажетті элементтерін тиімді жүзеге асыру, курсішілік, пәнаралық байланыс жасау, жаңа материалды қазіргі жағдайлармен салыстыру, жаңа технологияларды,  көрнекі құралдарды тиімді қолдану,  уақытты ұтымды пайдалану, оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге баулу, нормативті – құқықтық актілермен жұмыс жүргізу, ситуациялық жағдайларды тудырып, оны шешуге оқушылардың белсенділігін арттыру, қорытынды жасаттыру, қорыта айтқанда мұғалім  сабақтың  оқушылардың естерінде қалуына  барлық жағдайды  жасауы,  сабақта нәтижеге жету;
  • оқушылардың біліміне, даму дәрежесіне қойылатын талаптар: мұғалімнің мемлекеттік стандарттағы құқықтық білімге қойылатын талаптарды ұстануы, оқушылар білімін  объективті, жүйелі бағалау, оқушы білімінің дәрежесі, оқушылардың білім деңгейлерінің ара салмағын қадағалап отыруы;
  • мұғалімнің педагогикалық мінез құлқына қойылатын талаптар: мұғалімнің сыныпты ұйымдастыра алуы, сынып оқушыларына талап қоя білуі, кішіпейілдігі, ұстамдылығы, оқушыларды жақсы білуі, оқушымен тең қатынас жасауы, сөйлеу шеберлігі, дауыс ырғағы, сыртқы пішіні, өзін оқушылар арасында орынды ұстауы. Әрине, жоғарыда айтылғандар  барлық мұғалімдерге ортақ айтылған ойлар.  Ал, құқық негіздері пәнінің мұғалімі қандай болуы керек? Құқық пәнінің мұғалімі де  жоғарыда  аталған талаптарды ұстанады.

Құқық пәнінің мұғалімі – құқықтық мемлекет азаматтарын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Ол   құқықтық білім  беру  жүйесін   құқықтық тәрбие  ісімен  толықтырып отырады. Құқық пәні мұғалімінің басты мақсаты – оқушыларға құқықтық білім беріп қана қоймай, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, дамыту.

         Құқық пәні мұғалімі  Қазақстан Республикасы заңдарымен толық қаруланған, құқықтық мәселе көтере алатын, оның шешімін табуға оқушыларды қатыстыра отырып, әр түрлі шараларды шеберлікпен ұйымдастыра білетін тұлға болуы қажет. Оқушылар арасынан белсенді, жауапкершілігі мол балаларды іріктеп алып құқықтық тәрбие мақсатында ұйымдар құруы қажет. Ол мектепте құқықтық оқуды ұйымдастырумен қатар оқушы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының  жүйесін  де құрады.

         Құқық пәнінің мұғалімі :

  • тәрбие жүйесін құқықтық негізде ұйымдастыра отырып құқықтық мемлекет адамдарын, олардың өркениетті өзара қарым – қатынасын қалыптастырады;
  • оқушыларды мемлекет заңдарын қастерлеуге, заң нормаларын сақтауға және орындауға, өз құқығын заңға сәйкес қорғай білуге, өзгелердің құқықтарын қастерлеуге, өзінің іс — әрекетіне жауапкершілікпен қарауға баулиды;
  • құқықтық сипаттағы кездесулер, дебаттар, олимпиадалар, т.б. құқықтық шараларды ұйымдастырып, өткізеді;
  • тәрбие нысандары арқылы құқықтық мәдениет дағдыларын қалыптастыру;
  • оқушыларды полицияның жас достары, оқушылардың өзін — өзі басқару ұйымдары, қоғамдық ұйымдардың жұмысына тарта отырып, сол ұйымдардың жұмысын құқықтық негізде ұйымдастыру арқылы оқушының іс — әрекетін заңдылыққа бейімдейді;
  • мектептегі құқықтық профилактикалық шараларды ұйымдастыруға, құқық күндерін, апталығын, айлықты өткізуге оқушыларды кеңінен араластыру, оқушылармен өткізілетін құқықтық тәрбие шараларына міндетті түрде тақырыпқа сай Республика заңдарын пайдалану, заң және құқық тақырыбына сайыстар,  шығармалар, конкурстар т.с.с. тәжірибеге енгізеді;
  • оқушының құқықтық мәдениет деңгейін анықтап бағалаудың диагностикалық жолдарын қалыптастыру және оны құқықтық мәдениет қалыптастыруда басшылыққа алады.

Құқық пәні мұғалімінің басты мақсаты —  оқушыларға құқықтық білім беру. Міне, осы бағытта мұғалім әрқашан да өзінің құқықтық білімін жетілдіріп отырады. Сонымен қатар ол білімнің  оқушыларға берілу нысандарын да ойластырып отыруы қажет. Құқықтық білімді берудің нысандарына   оқытудың  жалпы әдістерімен бірге сабақтан тыс әдістері де жатады.

 

Талқылау сұрақтары:

 

Ұсынылған әдебиеттер:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *