Сынып жетекшісі – сыныптың тәрбиелік жүйесін ұйымдастырушы

 

Тәрбиенің міндеттері – балалардың қатынас өрісіне ену, олардың арасындағы қарым-қатынастарды реттеп отыру, қатынас мәдениетіне баулу. Жоғарыда айтылған қатынас мәселелері адамгершілік тәрбиесімен өте тығыз байланысты. Бұл арада біз жалпы адамзаттық құндылықтарды негізге аламыз.

            Ең биік құндылықтардың бірі – адамның өмірі. Оған озбырлық жасауға ешкімнің хұқы жоқ. Келесі құндылық – саған өмір сыйлаған, дүниеге әкелген адамның алдына бас ию. Туған жер, үй, отбасы – бұл құндылықтардан адамның ары, абыройы нәр алып, қоректенеді, оның еркіндікке талпынысы, патриоттық, адамзаттық қасиеттері қалыптасады. Өзінен басқа адамның да өзіндік ерекшелікке, өзіндік пікірге хұқылы екендігін мойындау. Егер осы қасиет бала кезінен қалыптасса, ол сонда ғана басқа адамдардың, қоғамның дамуына мүмкіндік бере алады.

            Табиғат, ата-бабаларымыздан қалған мәдени мұра – осының бәрі жалпы адамзаттық құндылықтар.

            Бұлардың барлығын бірден түсіну, әрине өте қиын. Бірақ оларды күнделікті өмірде балалар ұжымының даму бағыттары ретінде алып отырса, олар адамдардың қылықтарын, араларындағы қатынастарды реттеп отыратын ережелерге айналатыны сөзсіз. «Балаларды қорғаушы» тұрғысынан алатын жұмыс бағыттары ерекше қырынан көрінеді.

            Егер тәрбиеші оқушының жақсы мүмкіндігіне сенсе, оған жаны ашыса ғана оны қорғауы мүмкін. Керісінше, ол алдын ала «бұл балаға не істесең де – ештеңе шықпайды» деген оймен барса, ондай педагог қорғаушы бола алмайды.

            Оқу – ең қиын әрекеттердің бірі. Осы кезеңде сынып жетекшінің қорғау ісі «оқу» бағдарламасы бойынша жүреді, олар: баланың сабақ үстіндегі жұмысын көру (сабаққа кіру арқылы); «кіші кеңеспен» жұмыс істеу, кейбір пәндер бойынша оқушыларға көмек ұйымдастыру, басқа пән мұғалімдерімен бірге балалар көзқарасын, дүниетанымын кеңейтетін қызықты кештер ұйымдастыру; отбасымен келісе отырып ата-аналар жағынан көрсететін көмекті жан-жақты ойластыру, жоспарлау.

            Оқушының қалыптасуына үлкен ықпалы бар өріс – оның бос уақыты. Осы бос уақыт өрісінің үш міндеті бар:

  • организмнің демалу, күш-қуатының жөнге келуі.
  • қызығушылығымен қабілетін дамыту.
  • «қызық» адамдармен еркін қатынасу. Бұл өрістің бір ерекшелігі – оқушылар демалыс түрін өздері таңдап алады. Бұл өрістегі әрекеттерді ұйымдастырудағы класс жетекшінің міндеттері мынау: әр баланың құштарлығын анықтау, үйірме таңдауға көмектесу; таным, мәдени көзқарастарын кеңейту мақсатымен, әдеби тарихи, т.б. кештер ұйымдастыру, кино және драма театрларға апару (ата-аналармен бірге), класс ұжымының шығармашылық әрекетін ұйымдастыру; сабақты нашар оқитын оқушылардың жақсы жақтарын байқап, балаларға көрсете білу.

Ендігі өріс – баланың өмір сүретін ортасы, тұрмыс қалпы. Оқушының тұрмыс қалпы тек қана үйдің материалдық жағдайымен шектеліп қалмайды. Мектепте ауық-ауық белгілі бір модаға байланысты «эпидемиялар» болып тұрады. Кейбір оқушылар (әсіресе, ересек) кластарындағы, құрбыларындағы киім, аппаратура оларда болмағанына налып, өзін кемсітіп жатады. Сондықтан, көп жағдайларда, ата-аналармен келіспеушілік туады.

Осы себептен, сынып жетекші отбасындағы тұрмыс жағдайларын жақсы білсе, ол дер кезінде қолайсыз істерге кедергі болар еді.

Мектепте сынып  жетекші оқушылар оқитын сыныптыңтың эстетикалық жағынан тартымды, әдемі болуын қамтиды. Модаға, тұрмыс жағдайына байланысты ашық әңгімелер, пікір талас, іскерлік ойындар, т.б. шаралар өткізіп тұрады.

Осымен қорыта келе, айтарымыз: сынып жетекшінің назарында – тұлға. Әр оқушының ерекше қасиеттері, оларды қорғауы, дамытуы қажет . Ал сынып  ұжымы — әр балаға қолайлы ортаға айналуы қажет.

Тәрбие үрдісінің ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбие ісін басқаруды сынып  жетекшісі мына логикаға бағындырса, ол жұмыстың нәтижелі болуы сөзсіз:

  • Тәрбие ісінің негізгі мақсатын, міндеттерін, маңызын біліп, түсіну, өзекті мәселелерін көре білу. Негізгі психологиялық-педагогикалық ұғымдарын түсіну, оқу-тәрбие жұмысын тиімді әдістері мен қажетті түрлерін пайдалану методикасын меңгеріп алуы.
  • Талдау барысында тәрбие ісінің белгіленген мақсатқа сәйкестігін анықтау, кемшіліктерінің себептерін түсіну. Мұғалімнің тәрбиелік іс-шараны талдау шеберлігі, өзінің көзқарасын қорғап, дәлелдей алуы.
  • Өз жұмысының нәтижесін болжай білуі, нақты нәтижелердің тәрбиелік мақсатқа сәйкестігін аңғаруы, қайшылықтарды, тәрбие ісінің перспективаларын көре білуі. Жоспарды оқушылардың даму нәтижесіне байланысты құруы.
  • Оқушыларды зерттеу арқылы – тәрбиелік міндеттерді анықтауы.
  • Оқушылардың даму деңгейіне байланысты тәрбиенің негізгі міндеттерімен оларға сәйкес іс-әрекеттер белгілеу. Таңдап алынған іс-әрекеттердің түрлері мен тәрбие жұмысының әдістері, формалары тәрбие ісінің деңгейін көтеруге тиісті ықпал жасамайтынына мұғалімнің толық сенуі.
  • Тәрбие ісінің нақты бағдарламасын жасауы. Оқушылардың көзқарасын қалыптастыру жолдарын тереңнен ойластыруы.
  • Оқушылардың дамуын болжауы, оларды әр түрлі іс-әрекеттерге араластырып, өз-ара жақсы қарым-қатынастарда болуға бағыттауы, адамгершілік дағдыларын нығайтуы. Тәрбиеші іс-әрекетті ұйымдастырып қана қоймай, оқушылардың жақсы қасиеттерінің дамуына жағдай жасауға тиіс. Істі қорытындылағанда, оқушылардың жетістіктеріне аса көңіл бөліп, қажет болса, асырыңқырап (аванс ретінде) мақтағанда артық емес (баланың мінез құлқына байланысты).

Оқушылардың қабілетіне, қызығушылығына, даму дәрежесіне байланысты тәрбиешінің оларды дамыту мақсатымен, баланың күшті жақтарына сәйкес істер таңдап, тапсырмалар беріп отыруы.

  • Тәрбиелеу барысында мұғалім өзінің күшті және әлсіз жақтарын ескеру.
  • Тәрбие ісін жетілдіру мақсатымен мезгіл-мезгіл өз жұмысын өзі тексеріп, талдап, оқушылардың даму деңгейін зерттеп отыруы.

Ғалымдардың зерттеулері бойынша, сынып ұжымын дамытуға толық мүмкіндігі бар класс жетекші мынадай жұмыстар жүргізеді:

  • тәрбиеленушілердің тәрбиелік деңгейін, әр қайсысының ерекшеліктерін, мүмкіндіктерін жақсы біледі;
  • оқушының дамуы туралы толық хабары бар;
  • белсенді оқушылар тобын қолдап, олардың ұйымдастырушылық дағдыларын дамытып, ұжымды тәрбиелеу жұмыстарға қатыстырып отырады.
  • ұжымның негізгі белгілеріне және атқаратын қызметіне сәйкес іс-әрекеттер жүйесін қалыптастырады;
  • оқушыларды өзін-өзі басқаруға, тексеруге бағыттап, олардың ынтасын дамытып, ұжымда тәртіпті оқушылардың қатарын көбейтіп, олардың адамгершілік қылықтары, қасиеттерін қалыптастырады;
  • ұжымның даму барысында, мұғалім өзінің педагогикалық поэзиясын пікірін өзгертіп отырады;
  • оқушыларды ұжымдағы өзара қарым-қатынастарын, қоғамға пайдалы еңбектерін бағалау әдістемесін қамтамасыз етеді.

Тәрбие жоспарына қоятын кейбір талаптар:

  1. Жоспардың қоғам талаптарына, мақсатына сәйкестігі.
  2. Өмірмен тығыз байланыстығы.
  3. Жоспардың жан-жақтылығы, тәрбиенің барлық салаларын қамтамасыз етуі (комплексті тұрғыдан).
  4. Тәрбие жұмысының формалары оқушылардың жасына, ұжымына ерекшеліктеріне, тәрбиелік деңгейіне сәйкестігі.
  5. Жоспардың нақтылығы.

Қазақ мектебінің ұлттық ерекшеліктеріне байланысты ұсынылатын қосымша тақырыптар:

Имандылыққа, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеу.

Ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып бұл тарау бойынша берілетін тәрбиенің толық халықтық педагогикаға негіздеу. Бұл тараудағы ұсынылатын тақырыптарда ұлттық мінезге әдер-ғұрып, салт-дәстүрлер ұлттың этикет нормалары негізінде тәрбие беру қарастырылады).

а) Ұлттық мінез-құлық пен әдеп-ғұрып негізінде тәрбиелеу (қазақ халқының ұлттық мінез-құлқына тән негізгі қасиеттері: мейрімділігі, кеңпейілділігі, сөзге беріктігі туралы әңгімелеу арқылы осы қасиеттерді бойына сіңіру. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, әділеттілікті биік ұстау сияқты әдеп-ғұрып қағидаларын үйрету дұрыс).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *