Педагогиканың теориялық-әдіснамалық негіздері

 

Педагогика адам тәрбиесі туралы ғылым ретінде Педагогика деген сөз, яғни термин, көне грек тілінен шыққан, дәлме-дәл айтқанда, ол балаларды ертіп жүруші, баланы жетектеп мектепке апарушы деген сөз. Анығырақ айтатын болсақ, «Педагогика» термині гректің екі сөзінен: «пайс»-балалар және «эгейн»-баланы басқару, тәрбиелеу, жетектеу, бағу ұғымдарынан шыққан. Адам бүкіл өзінің өмірі бойында тәрбиеленеді және қайта тәрбиеленеді.

Педагогика оқулықтарында, зерттеу еңбектерінде, анықтамалар мен энциклопедиялық сөздіктерде педагогика ғылымына берілген әр түрлі анықтамаларды кездестіреміз. Ең көп кездесетіні: педагогика – тәрбие туралы ғылым, педагогика жас ұрпақтар тәрбиесі туралы ғылым, педагогика – адам тәрбиесі туралы ғылым деген анықтамалар.

Ал педагогика пәніне берілетін анықтама да әр түрлі. Педагогика пәні – адамның адамды тәрбиелеуі; педагогика пәні – тәрбиелік іс-әрекет; педагогика пәні – арнайы ұйымдастырылған әлеуметтік сала. Жоғарыда айтылған анықтамалардың барлығында жоққа шығармаймыз. Ең негізгісі – педагогика – тәрбие туралы ғылым. Педагогика — тәрбие туралы ғылым ретінде тәрбиенің мәнін анықтау, түсіндіру, тәрбиенің өзіне тән ерекше заңдылықтарын көрсету, қоғамның жеке адамның мүддесіне сай болуын, ықпалын айқындау, танып білу. /Т.А.Ильина. Педагогика. М., 1984/

«Педагогика» дегеніміз өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу туралы ғылым болды. Педагогика жайындағы мұндай ұғым дәстүрлі ұғымға айналды да, көп уақыттар бойына сақталып қалды.  Алайда адамзат қоғам үнемі дами келе адамдарды тәрбиелеу мен білім беру ісіне үсті — үстіне жаңа талаптар қойды, тәрбиенің арнасы кеңейді, ересек адамдарға білім беріп, оларды бір мақсатқа орайластыра тәрбиелеу үшін арнаулы оқу орындарына деген қажеттілік келіп шықты.

А.С.Макаренко – ғалым, тәжірибелі ұстаз, 1922 ж. педагогика ғылымының объектісі бала емес «педагогикалық факт (құбылыс)» деп жазған, бірақта бала, адам зерттеушінің бақылауынан  алынып тасталмайды. Керісінше, адам туралы ғылым бола отырып, педагогика жеке адамның дамуын, қалыптасуын мақсатты түрде зерттейді.

Сондықтан, педагогиканың объектісі ретінде дамумен байланысты жүйелі педагогикалық құбылыс болады. Осы құбылысты білім беру деп атайды. Білім беру объективі әлемнің бір бөлімі. Педагогика пәні дегеніміз – ол білім беруде арнайы әлеуметтік институттарда (отбасы, тәрбие мекемелері) ұйымдастырылатын біртұтас педагогикалық үрдіс.

Педагогиканың теориялық функциялары үш деңгейде жүзеге асырылады: сипаттамалық немесе түсіндірмелік-алдыңғы қатарлы іс-тәжірибені оқып–зерттеу, диагностикалық — мұғалім мен оқушылардың іс-әрекеттерінің нәтижелі болуын анықтау, олардың жағдайымен себептерін білу. Болжамдау- педагогикалық жағдайды эксперементалды түрде зерттеу. Соның негізінде моделдеу, ғылыми негіздеме жасу. Технологиялық функция үш деңгейде жүзеге асырылады жобалау әдістемелік материалдар жасауға байланысты (оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар, педагогикалық нұсқалар) жүргізу.

Жақсарту мақсатында педагогика ғылымының жетістіктерін практикаға енгізу. Рефлексивтік ғылыми зерттеу нәтижелерін оқыту мен тәрбие жұмыстарында бағалап, қолдана білу.

Сонымен, педагогика – жас ұрпақ пен ересектерге жан-жақты тәрбие, білім беру, оқыту заңдылықтарын айқындайтын ғылым. Педагогиканың бұл анықтамасын «тәрбие», «білім беру», «оқыту» ұғымдары қамтиды.

Енді негізгі педагогикалық ұғымдарға тоқталайық.

Әрбір ғылымның өзіне тән зерттейтін саласы және ғылыми ұғымдары бар. Мысалы, философиядағы ұғымдарға «болмыс», «материя», «қозғалыс»; саяси экономияда – «қоғамның өндіргіш күштері мен өндірістік қатынастары», ал педагогикада – «тәрбие», «білім беру», «оқыту» жатады.

Ұғымдар /категориялар/- объективті құбылыстарды, қасиеттерді және қатынастарды бейнелейтін ойлау формасы. Сонымен бірге ұғымдар – біздің санамыздың сатылары. Педагогикалық ұғымдар арқылы педагогикалық құбылыстарды, олардың өзара байланысын танимыз.

Педагогикалық ұғымдардың бірі – тәрбие.

«Тәрбие» дегеніміз – адамды қоғамдық өмірге және өнімді еңбекке дайындау мақсатын көздеп, жаңа ұрпаққа қоғамдық тарихи тәжірибені беру үрдіісі болып табылады.

Тәрбие ұғымы кең мағынада әлеуметтік қоғамдық құбылыс ретінде барлық тәрбие салаларын қамтиды: отбасы, мектепке дейінгі мекеме, оқу-тәрбие орындары, еңбек коллективі, ақпарат құралдары, баспа орындары.

Тәрбие – белгілі жоғарғы мақсатқа бағытталған үрдіс:

а/Жас ұрпақтың рухани дене күштерін дамыту;

ә/ ғылыми материалистік дүние тануды қалыптастыру, қоғамға сай ережелерді меңгеру;

б/ қоғам өміріне, қоғамдық өндірістің белгілі саласына қатысуға дайындығы болу міндеттерін қамтиды.

Тәрбие – аға ұрпақтың жаңа ұрпаққа қоғамдық – тарихи тәжірибені беру үрдісі. Жаңа ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы қоғамның алға қарай дамуын қамтамасыз ететін үрдіс.

Білім беру – бұл ғылымдар жүйесінен білім алу және танымдық, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, оның негізінде жеке бастың көз қарасын, адамгершілік тағы басқа қасиеттерді қалыптастыру, адамның творчестволық күші мен қабілетін дамыту процесі.

Оқыту – бұл оқушы мен мұғалімнің мақсатты түрде өзара әрекет жасау үрдісі. Бұл үрдістің барысында білім беру, тәрбие беру және адамның дамуы, оның білім алуы жүзеге  асырылады.

Ал адамның білім алуы тек оқыту үрдісінің нәтижесі емес.  Оның білім алуына көпшілік информация құралдары кино, радио, телехабар т.б. ықпал жасайды.

Білім беру – оқыту мен тәжірибе жұмысын біріктіретін және жеке бастың дамуына ықпал жасайтын үрдіс.

Қазіргі қоғамның әлеуметтік және ғылыми – техникалық прогресі үздіксіз білім алу принципі негізінде халық-ағарту жүйесін қайта құруды талап етіп отыр. Сондықтан «өздігінен білім алу» заңдылығы, оның мазмұны қазіргі қоғам дамуының қажеттілігіне айналған. Осыған орай педагогиканың анықтамасының құрамына: «тәрбие», «білім беру», «оқыту» ұғымдарымен қатар «өздігінен білім алу» ұғымын аламыз.

Өздігінен білім алу – бұл адамның мақсатқа бағытталған арнайы міндет көздеген жұмысы, өздігінен білім алу адамның өзі қызығатын мәселеге байланысты ізденіп, қажетті білімді меңгеруі, сонымен қатар, арнайы радио, телехабарды тыңдау арқылы білімін жетілдіру болып табылады.

 Сонымен бірге адамның «жетілуі», «дамуы», «өзін-өзі тәрбиелеу» ұғымдарымен бүгінгі педагогикада өзінің зерттейтін проблемаларының шеңберін толықтырады.

Жеке адамның дамуы – бұл ішкі және сыртқы, басқаратын, басқарылмайтын факторлардың ықпалымен жеке адамның қалыптасып жетілу үрдісі. Жеке адамның дамуына, жетілуіне мақсатты түрде жүргізілетін тәрбие мен оқыту шешуші роль атқарады.

Жеке адамның қалыптасуында өзін — өзі тәрбиелеудің маңызы зор. өзін-өзі тәрбиелеу – адамның саналы түрде, белгілі бір мақсат көздеп өзінің бойына қалыптастыратын қасиет, мінез-құлық дағдысына бағытталған жұмыс.

Педагогика бұл негізгі ұғымдардан басқа көптеген түсініктер мен тұжырымдар бар. Мәселен, білім, іскерлік, дағды, әдіс, тәсіл, құралдар, жұмыс формалары, принцип т.б. бұл ұғымдарға педагогика пәнінің жеке тақырыптарына тоқталамыз.

Сонымен қазіргі кезеңде педагогика халыққа білім беру мен ұрпаққа жарасымды тәрбие беру саласында мемлекеттік саясаттың ғылыми негізі болып саналады.

Тәрбие педагогикалық кең мағынада – бұл мақсат көзделінген үрдіс, қоғамның арнайы бөлінген адамдары – мұғалім, педагог, тәрбиешілердің басқаруымен жүргізілетін үрдіс. Олар арнайы тәрбие жұмысын ұйымдастырады. Жеке адамның қалыптасуына ықпал жасайтын комплексті факторларды пайдалана отырып ерекше әдіс-тәсілдерді қолданады.

Тәрбие жайлы осы уақытқа дейін әр түрлі теориялар мен пікірлер айтылып келеді. Тәрбиені ересек адамдардың балаларға ықпал жасауы деп түсіндірушілер де бар. Бұл жағдайда бала пассивті объект түрінде қарастырылады. Ол педагогикалық үрдістің субъектісі бола алмайды, яғни өздігімен ойланып белсенді іс-әрекет жасау ролін атқармайды. Бұдан тәрбиеге біржақты анықтама беру байқалады.

Орыс педагогтерінің еңбектерінде тәрбие туралы анықтамалар берілген. К.Д. Ушинский: «…мектеп, тәрбиеші және ұстаздар – адамның жалғыз ғана тәрбиешілері емес, оның сонша күшті және әлде қайда күшті тәрбиешілері: табиғат, семья, қоғам, халық… және оның тілі болады1», — деді. Ушинскийдің түсінуі бойынша бұл факторлардың әсері педагогикалық талаптардан басқа  /әр түрлі дәстүр, отбасы ішіндегі қарым-қатынас т.б./ себептерге де байланысты.

«Тәрбие» терминін әрдайым – тар мағынада -«тәрбиеші тәрбиелейді», кең мағынада «өмір тәрбиелейді» деп қолданады.

Бұның тәрбие жайлы жалпы ұғымды анықтауда зор мәні бар.

Тәрбие – тар мағынада жеке тәрбиелік міндетті шешуге, жеке адамның белгілі бір қасиетін қалыптастыруға, мәселен, адам тіршілігін немесе эстетикалық талғамын тәрбиелеуге бағытталған жұмыс.

Педагогика тәрбие жөніндегі ұғым болса, енді сол тәрбие ұғымы кең және тұжырымды қысқа мағынада айтылады.

  1. Кең мағынада деген ұғымда бүкіл сыртқы әсерлердің: демек адамды қоршап тұрған, табиғи және әлеуметтік ортаның қоршаудың сонымен бірге тәрбиешілердің арнайы бағытталған іс-әрекеттерінің ықпалымен адамды қалыптастыруды айтамыз.

Былайша айтқанда, бұл – тәрбие ұғымының кең социологиялық әлеуметтік

бағыттағы түсінігі. Педагогикадағы тәрбиенің анығырақ тұжырымдалған ұғымы – адамды оқу-тәрбие орындарында тәрбиешілердің арнайы бағытталған – жүргізілген ықпалымен адамды қалыптастыру процесін айтамыз. Бұл қысқа мағынадағы тәрбие- тәрбиешілердің негізінен оқудан тыс уақытында жүргізілетін арнайы ұйымдастыратын тәрбие жұмысы.

  1. Тәрбие қоғамдық құбылыс. Тәрбие – адамды қоғам өміріне сай қоғамдық еңбекке дайындауда әлеуметтік қажеттіліктен туған объективті процесс. Сондықтан да тәрбие ежелгі заманнан бастап қоғамдық еңбек сипатында болып келеді.

Ересек буын қоғамдық-тарихи өмірде жинақталған тәжірибені, білімді жас буынға беруі қажет. Осы тәжірибе мен білімді меңгеру тәрбие процесі арқылы жүргізіледі.

 Қоғам дамуында педагогиканың өрісі кеңейе берді. Жас өспірімдерді оқыту, тәрбиелеу тәжірибелерін қорытып, жинақтаумен бірге педагогика ересектерге білім және тәрбие беру ісімен де айналысады. Сөйтіп, жас ұрпақты тәрбиелеу адамзат қоғамның өмір сүруі және дамуы үшін қажетті жағдайлар мен шарттардың бірі болып табылады. Себебі адамның жануарлардың айырмашылығы – адам әлеуметтік құбылыс. Оның дамуы биологиялық тұқым ерекшелігінен гөрі қоғамдық қатынастардың ерекшелігі және заңдылығымен анықталады.

Кез келген жануарлардың баласы кез келген жағдайда биологиялық тұқым қуалаушылықтың күштері мен әсерлерін және тұқымның, тегінің қасиеттерін сақтап өсіп, жетіле береді. Олар тіршілік етудің тәсілдерін, қоректену, өзі тұқымдас жануарлармен қарым – қатынас жасау, ін қазу, баспана үшін мекен салу т.б. әрекеттерді әдейі ұйымдастырылған тәрбиесіз-ақ меңгере алады. Ал бала адам қоғамының ортасында, қоршауында жетілмеген жағдайда адамға тән қасиеттерін жоғалтады.

Жануарлар ортасында қалған балаларда адамға тән қасиеттер: сөйлеу, адамдармен қарым – қатынаста болу, адамға тән мәідени өмір туралы ұғымдар болмаған. Керісінше, жануарлар өміріндегі қасиеттер мен икемділіктерге үйренген.

Бала дүниеге келісімен – ақ тәрбиенің және тәрбиешінің болуын қажет етеді. Жас ана дәрігерге /педиаторға/ келіп:

«Баламды тәрбиелеуді қашан бастайын, кешігіп қалғаным жоқ па?»-дегенде дәрігер: «Балаңыз нешеде?»-деп сұраған. Шешесі: «9 айда» деген. Дәрігер: «Олай болса, баланы туған күннен бастап тәрбиелеу керек деген.

Педагогика түрлі дәуірлерде де әр дәрежеде тәрбиенің мақсаты туралы /өсіп келе жатқан ұрпақты неге дайындау керек?/ оқытудың мазмұны мен тәсілдері туралы /балаларды неге және қалай оқыту керек?/, тәрбиенің ұйымдық формалары туралы /тәрбиені қайда, қандай оқу тәрбие мекемелерінде жүзеге асыру керек?/ мәселелеріне жауап беруге ұмтылды. Бала өз өмірінің ең алғашқы жылдарында көп нәрсеге дәрменсіз келеді. Сондықтан тәрбиенің қажеттілігі табиғи талап. Жас буын қоғамдық — өндірістік өмірге араласуы үшін оны білім және тәрбие тәсілдерімен қаруландыру керек.

Адам жүйелі түрде күрделі қатынастарға араласа бастасымен-ақ сол қоғамдағы қалыптасқан идеяны, саяси және моральдық көзқарастарды, сенімдерді қоғамдағы адамдардың өмір сүруі тәртібі арқылы меңгереді.

Тәрбие адамның қоғамының барлық кезеңдерінен де орын алған. Сондықтан тәрбие – мәңгілік категория, оқиға. Бірақ тәрбие өзінің мазмұны, мақсаттары мен сипатын әр қоғамдық құрылыс пен формацияларға сәйкес өзгертіп отырады. Сондықтан тәрбие — тарихи құбылыс.

Таптық қоғам дамуының тарихи сатысында жас ұрпақтың тәрбиесі, білім алуы

таптық сипатта болды. Оның мақсаттары мен бағыты үстем таптың саясаты негізінде құрылды. Ол – үстем таптың қоғамдағы саяси–экономикалық үстемдіктерін орнатудағы басты құралдардың бірі болып келді.

Сонымен, қоғамдық құрылыс пен тәрбие арасында тығыз байланыс бар. Қоғамның дамуы, қоғамдық қатынастардың өзгеруі тәрбиеге өз әсерін тигізіп отырады.

Қорыта айтқанда, тәрбие – қоғамның тарихи әлеуметтік–экономикалық жағдайларынан туатын объективтік үрдіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *