Білім беру жүйесіндегі өзгерістерге негізделген әлемдік дамудың негізгі үрдістері

Білім беру жүйесіндегі өзгерістерге негізделген әлемдік дамудың негізгі үрдістері мыналар болып табылады:

  • қоғам дамуының қарқындылығы;
  • постидустриалдық, ақпараттық қоғамға көшу, мәдениаралық өзара қатынас ауқымының кеңеюі,;
  • халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы және өсуі;
  • қоғамның демократиялануы;
  • экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өсуі;
  • адам капиталы мәнінің артуы.

Осыған сәйкес дамыған елдердің білім беру жүйесінде білім беру философиясы мен әдіснамасын жаңарту үрдістері, білім беру мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі, білім беру мазмұнындағы жетілдірілген моделдердің жасалуы, білім беруді басқарудың тиімді тәсілдерін іздеу және т.б. үрдістер байқалып отыр.

Оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстыру және оқушылдың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін жаңа дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшу әлемдік білім берудің стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады.

Қазақстандық жалпы орта білім беретін мектеп соңғы жылдары өзінің келбетін өзгертті. Білім беруді жаңарту жүйесін қолдайтын нақты қадамдар жасалды. Олардың ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының әзірлену және енгізілуі, кредиттік технология негізіндегі үш сатылы жоғары білім моделінің енгізілуі, вариативті білім берудің енгізілуі, білім сапасын бағалау критерийлерін әзірлеу жөнінде жұмыстар басталды. 

Бірақ қол жеткен жетістіктер адам капиталының дамуы мен  орнықты экономикалық өсуді толық қамтамасыз ете алмайды.

Қазақстанның білім беру жүйесінің даму деңгейіне кері ықпал ететін мынадай факторлар қалып отыр:

  1. Орта білім беру жүйесінде диагностикалық мақсаттылықтың болмауы.
  2. Білім берудің жеке тұлғаның дамуына емес, формальды нәтижелерге бағдарлануы.
  3. Оқу жетістіктерін бағалауда оқушыны қызықтырмайтын, шынайылықты қамтамасыз етпейтін және қиындық тудыратын жағдайға душар ететін ескірген жүйенің сақталуы.
  4. Жасөспірімдердің тұлғалық, азаматтық және адамгершілік қасиеттерінің  жеткілікті  дамымауы, өзін-өзі анықтау мотивтерінің болмауы, өзіндік қызығушылығы мен болашақ жоспарын сезіну деңгейінің төмендігі.

Қазақстан қоғамының қазіргі геосаяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы, әлемдік білім кеңістігіне кірігуі Қазақстан Республикасының жалпы орта білім жүйесін жаңғыртуды, атап айтқанда, орта білім мазмұны мен құрылымын, мақсаттарын қайта қарауды және оқыту мерзімін кеңейтуді   талап етеді. 

Қазіргі кезеңде 12 жылдық мектепке есептелген  белгілі бір халықаралық білім беру стандарты қалыптасты.

Еуропа кеңесінің (1992 ж.) Декларациясына сәйкес 12 жылдық білім беру әлемдік білім кеңістігінде 136 елде жүзеге асырылуда. Олардың ішінде дамыған елдерден: АҚШ, Жапония, Германия, Франция және т.б. ТМД елдерінен 12 жылдық оқыту мерзімін Беларусь, Украина, Өзбекстан және Балтық елдері таңдады.       

Қазақстаның 12 жылдық білім беруге көшуі білім берудің жаңа ұлттық моделін жобалаудың стратегиялық міндеттерін табысты шешуге мүмкіндік береді.

 

ІІ. 12 жылдық жалпы орта білім берудің мақсаты мен күтілетін нәтижелері

 

12 жылдық білім берудің басты мақсаты:

Өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзіретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Білім берудің күтілетін нәтижелері белгіленген мақсатқа сәйкес мектеп түлегінің  негізгі құзырлылығы төмендегіше анықталды:

  1. Құндылықты-бағдарлы құзыреттілік – оқушының қоршаған ортаны бірдей қабылдайтын қабілеті, жоғары әдептілік құндылықтар негізінде жасампаз қоғам өмірінде өзінің рөлін таба білу біліктілігі, азаматтылығы мен елжандылығы. Бұл құзыреттілік өмірдегі түрлі жағдайларда шешім қабылдай білу білігін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, өзінің Отаны Қазақстан патриоты болу, азаматтық белсенділігін көрсету, саяси жүйені түсіну, болып жатқан әлеуметтік жағдайларға баға бере білу.
  2. Мәдениеттанымдық құзыреттілік – жалпы адамзаттық мәдениет жетістіктері негізіндегі іс-әрекет тәжірибесін және қоғамдағы дәстүрлер мен жеке, отбасылық және әлеуметтік өмірдің мәдениет негіздерін, этномәдениеттік құбылыстарды игеруге мүмкіндік беретін ұлттық ерекшеліктерін тани білу. Адам мен қоғамның дамуындағы ғылымның рөлін түсіну. Өзі халқының мәдениеті мен әлемнің мәдени көптүрлігігін түсіну және бағалауға мүмкіндік беретін мәдени-демалыс қызметін тиімді ұйымдастыру тәсілдерін игеру; рухани келісім мен толеранттылық идеяларына бейім болу.
  3. Оқу-танымдық құзыреттілік – оқушының зерттеу әрекеті мен өзіндік оқу-танымдық процесін қамтамасыз ететін кешенді құзырлылық. Бұл құзырет өзінің білімділік қызметін ұйымдастыра білуді, тиімді жоспарлай білуді, сәйкес функционалдық сауаттылық талаптары негізіндегі білімді игеруде әлемнің ғылыми бағытын түсінуге ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеруге мүмкіндік беретін өзінің әрекетіне талдау және қорытынды жасау тәсілдерін қарастырады.
  4. Коммуникативті құзыреттілік – адамдармен өзара әрекет пен қарым-қатынас тәсілдерін білуді, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік рөлдерді орындауды, өмірдегі нақты жағдайларда шешім қабылдау үшін байланыстың түрлі объектілерін қолдана алу білігін, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуын қарастырады.
  5. Ақпараттық-технологиялық құзыреттілік – бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, талдай, таңдай білу, өзгерте білу, сақтай білу, білім мен ақпаратты ақпараттық технологиялар мен техникалық объектілердің көмегімен жеткізуді жүзеге асыра білу және интерпретациялау білігі.
  6. Әлеуметтік-еңбек құзыреттілік отбасылық, еңбек, экономикалық саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді азаматтық-қоғамдық тәжірибе мен білімге ие болуды білдіреді. Бұл құзырет әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға нақты талдау жасай білуді, шешім қабылдай білуді, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білуді қарастырады.
  7. Тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілік. Бұл құзырет отбасылық, еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді азаматтық-қоғамдық қызмет білімі мен тәжірибесінің болуын білдіреді. Құзырет нақты әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білуді, түрлі өмірлік жағдайларда (өзінің мүмкіндігін нақты перспективалық жоспарлаумен салыстыра білу және қызметін өзіндік қадір-қасиет сезімімен ұйымдастыра білу, өзінің өмірі мен ісіне жауапты қарау) жеке және қоғам пайдасына сәйкес шешім қабылдауды және ықпал етуді  қарастырады.

 

Дәріс 30 .  12 жылдық орта білім беру құрылымы

 

Жалпы орта білім беру құрылымын жаңарту білім беру процесіне қатысушылардың талабын, мүмкіндігі мен қызығушылығын толық ескеруді, оқыту сатылары бойынша оқу материалдарын бірдей қайта бөлуді, оқытуды дараландыруға жағдай жасауды көздейді. 

12 жылдық жалпы орта білім берудің құрылымдық-мазмұндық моделі төмендегі ұстанымдар негізінде ұйымдастырылды:

  • жеке тұлғаның жас кезеңдерінің ескерілуімен;
  • күтілетін нәтижелердің жетістіктеріне бағыттылығы;
  • оқытудың сабақтастығы;
  • әрбір оқыту сатысының  даралығы.

12 жылдық білім беру жағдайында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру деңгейі  ерекше мәнге ие болып отыр. 5 жастағы балаларды мектепалды даярлау олардың психологиялық, педагогикалық, дене және физилогиялық талаптарын ескере отырып, бастауыш мектепке оқытуға дайындау сапасының  басты жағдайы ретінде жүзеге асырылуы тиіс.  

1-саты

жалпы орта білім беру (1-4 сыныптар)

Оқуды бастау жасы – 6 жас

Оқыту ұзақтығы – 4 жыл.

1-сатыдағы негізгі бағдар – оқушының өзін-өзі  таныту мүмкіндігі мен қоршаған ортасының шынайылығы туралы білімді  игерудегі даралығын ашу, оқуға талабын және білігін қалыптастыру, яғни оқытудың келесі сатыларына қажетті  танымдық қызығушылығын арттыру, кіші жастағы оқушылардың біртұтас оқу әрекетін қалыптастыруға ықпал ету.

Баланың тұлғалық қалыптасуын,  оның қабілеттерінің тұтастай дамуын қамтамасыз ету. Бастауыш мектепте қажетті біліктер мен дағдыларды игеруге, оқу, жазу, санау, шығармашылықпен ойлау элементтерінің, жеке гигиенасы мен денсаулығын сақтау негіздерінің болуына ықпал ететін  оқу әрекетін ұйымдастыру.

2-саты

Жалпы орта білім беру  (5-10 сыныптар)

Оқыту ұзақтығы – 6 жыл

2-сатының негізгі бағдары – негізгі жалпы білім алуға жағдай жасау, адамдар арасындағы және этносаралық қатынастар мәдениетін, тұлғаның біртұтас көзқарасын, өзін-өзі анықтауын қалыптастыру, тұлғаның өзін-өзі ұйымдастыру тетіктерін,  кәсіби және танымдық ой-пікірінің    туындауына, теориялық ойлау тәсілдері мен ғылыми таным әдістерін игеруіне   ықпал ететін оқу әрекетін ұйымдастыру.

Негізгі мектеп  оқытуды бейіндік мектепте немесе кәсіптік бастауыш және орта білім беру ұйымдарында жалғастырудың базасы болып табылады.   

Бұл сатының ерекшелігі оқушының үшінші сатыдағы мектептегі бейіндік оқытуға саналы таңдау жасауға бағдар көрсететін бейіналды дайындықтың жүргізілуі болып  есептеледі.

         3 — саты

        Жалпы орта білім беру (11-12 сыныптар)

        Оқыту ұзақтығы – 2 жыл

Үшінші сатының бағдары  жалпы орта білім берудің соңғы кезеңі болып табылатын, оқытудың саралануы мен даралануына, оқушылардың білімін жалғастыруға қатысты жеке және өмірлік өзін-өзі танытуына ықпал ететін талабымен, қызығушылық ниетімен сәйкес әлеуметтендіруге бағдарланған бейіндік оқытуды іске асыруға жағдай жасау.

Бейіндік оқыту жаратылыстану-математикалық, әлеуметтік-гуманитарлық және  технологиялық  бағыттар бойынша жүзеге асырылады.   

Бейіндеу (профилизация) нысандары мектептің педагогикалық әлеуетін, білімдік инфрақұрылымының мүмкіндігін, облыстың, қаланың, ауданның сұранысын ескере отырып анықталуы тиіс. 

Бейіндік оқытуды іске асыру жалпы білім беретін мектептерде, гимназияларда, лицейлерде, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектептерде жүзеге асырылады.

Материалдық-техникалық жағдайын, кадрлық әлеуеті мен оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді ескере отырып, үшінші сатыдағы бейіндік оқыту төмендегі ұйымдастыру нысандары бойынша қарастырылады:

  • Бір бейінді мектеп – бір бейінді оқытуды іске асыру;
  • Көп бейінді мектеп – бірнеше бейінді оқытуды ұйымдастыру;
  • Жалпы білім беретін мектептердегі, гимназиялардағы, лицейлердегі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердегі бейінді оқыту сыныптары.
  • Өңірлік ресурстық орталық – материалдық және кадрлық әлеуеті жеткілікті, басқа мектептер бейіндік оқытуға пайдалана алатын ресурсы бар білім беру ұйымы. Ресурстық орталықтар ЖОО, колледждер немесе білім беру орталықтары жанынан ұйымдастырылуы мүмкін.

(Ауыл мектебі жағдайындағы ауылдық ресурстық орталық – айналасындағы мектептердің материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік және кадрлық әлеуетін кіріктіре алатын ауылда  толыққанды база мен бейіндік оқытуды қамтамасыз ете  алатын,  қуатты білім беру ұйымдарының бірлестігі.).

  • Сырттай оқытатын және кешкі мектептер еліміздің ЖОО, облыстық БАИ жанынан ашылған бейіндік мектептер мен ресурстық орталықтардың базасында жүзеге асырылады.

Ауылдық  жер жағдайында шалғай ауылдан келетін оқушылардың тұруына мынадай жағдайлар жасалады:

  • ауыл оқушыларына арналған бейіндік оқытудың барлық түрі ұсынылған мектеп-интернат;
  • интернат типіндегі пансионат – шағын комплектілі ауыл мектептерінен келген оқушыларды таңдаған бейіндеріне немесе ресурстық орталықтарына қарай аудан орталықтарындағы орта мектептерде жүзеге асырылады.

 

                           ІV. Білім беру мазмұнын жаңартудың негізгі бағыттары       

 

Білім беру мазмұнын жаңартудың  негізгі бағыттары мыналар:

  • білім беру мазмұнын қоғамның қазіргі әлеуметтік-экономикалық сұранысына сәйкестендіру;
  • білім беру мазмұнын ізгілендіруді, оның вариативтілігін қамтамасыз ету;
  • өз бетімен білім алуға, оны практикада қолдана білуге және қажеттілікке тәрбиелеуге бағытталған, негізгі құзырлылық қалыптастыруға ықпал ететін білім беру мазмұнымен қамтамасыз ету;
  • танымдық уәждемелерін қалыптастыруға бағытталған білім беру мазмұнын іріктеу;
  • білім беру мазмұнын оқушының ғылыми тәсілмен тануына, өз бетімен ізденуіне мақсатты және жүйелі  тартуға бағдарлау;
  • білім мазмұнын ұлттық мәдениетті құрметтеуге, өзге мәдени бастамаларға ашық болуға   тәрбиелеуге бағдарлау.

Отандық және халықаралық мектептердің орта білім беру мазмұнын ұйымдастырудағы тәжрибесін ескере отырып, Қазақстан Республикасының білім беру мазмұны құрамына 8  білім саласы енгізілді: “Тіл және  әдебиет”, “Математика”, “Жаратылыстану”, “Қоғамтану”, “Технология”, “Өнер”, “Дене шынықтыру”, “Адамтану”.

Білім беру саласының мазмұны Мемлекеттік базистік оқу жоспарында қарастырылған пәндер арқылы  іске асырылады.

Білім мазмұнына инварианттық компонент (өзінің мазмұны мен жүйесі  бойынша мемлекеттік базалық білім  беру стандарттарының талаптарына жауап беретін  оқу бағдарламасының жалпы міндетті бөлігі) және вариативтік компонент ( оқушылар мектеп ұсынған арнаулы курстардан өздерінің қалауы және таңдауы бойынша  игерілетін оқу жоспарының вариативті бөлігі. Мұнда оқушының өзіндік зерттеушілік  дағдыларын қалыптастыруға арналған  “Зерттеу мәдениетінің негіздері” атты арнаулы курсы беріледі),  жоғары сатыға (11-12 сыныптар) бейіндік компонент (таңдауы бойынша тереңдетіліп оқытылатын, өзінің мазмұны мен жүйесі бойынша бейінді білім стандарттарына жауап беретін  оқу пәндерінің, модулдердің, курстардың жиынтығы) қосылады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *