1.Біртұтас педагогикалық процесті құраушы екі басты бірліктің біреуі – оқу процесі. Бұл процесс өте күрделі, сипаты жағынан ол тек тəрбие жəне даму процестерінен кейін тұруы мүмкін. Сондықтан оған толық та жан-жақты анықтама беру қиынға соғады. Оқу процесі əр текті жəне табиғаты жағынан əртүрлі көптеген жағдаяттардың мың санды байланыстары мен қатынастарын қамтиды. Процесс анықтамаларының көптігі де осыдан болар.
Ежелгі жəне ортағасырлық ойшылдардың шығармаларында “оқу”, “оқу процесі” ең алдымен мақсаты — оқушы болған оқыту қызметін (преподавание) білдірген. Ғасырымыздың басында оқу ұғымы енді осы процесті құрайтын екі бірлікті – оқыту қызметі мен оқып- үйренуді қамтитын болды. Оқыту – оқу материалын игеруге ынталандырушы мұғалімдердің қызметін, ал оқып- үйрену (учение) ұсынылған білімдерді игеруге бағышталған оқушылар іс-əрекетін танытады. Кейінгі жылдары «оқу» ұғымы оқушылардың танымдық іс-əрекет тəсілдерін қалыптастырушы мұғалімнің басқару іс-əрекетін де , мұғалімдер мен оқушылардың бірлікті іс-əрекетін де аңдататын болды. Мұғалім мен оқушының бірлікті іс-əрекеті болған оқу процесінің мəні оқыту мен оқып үйренудің бірлігін аңдатады. Бүгінгі түсінім тұрғысынан оқу келесі белгілерімен сипатталады:
1) екі тараптылық;
2) мұғалім мен оқушының бірлікті əрекеті;
3) басқарым мұғалім тарапынан;
4) жоспарлы ұйымдасу жəне басқару;
5) біртұтастық жəне бірлік;
6) оқушылардың жас даму заңдылықтарына сəйкестік;
7) оқушылардың дамуы мен тəрбиесіне жетекшілік.
Оқу жəне білімдену проблемалары педагогиканың дидактика деп аталатын бөлімінде зерттеледі. «Дидактика» термині грек тілінен енген, аудармасы «үйретуші» дегенді білдіреді. Алғашқы рет бұл сөз неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571-1635) шығармаларында қолданылып, оқыту өнері мəнін аңдатқан. Ал Я.А.Коменский дидактиканы «баршаны барлық нəрсеге
үйретудің əмбебап өнері» деп түсіндірген. XIX ғасырдың басында неміс педагогы И.Гербарт дидактиканы тəрбиелеп оқытудың өз алдына тұтас жəне қайшылықсыз теориясы ретінде таныған. Дидактиканың негізгі міндеттері В.Ратке заманынан бермен қарай бірде өзгерместен келе жатыр. Олар: нені үйрету жəне қалай үйрету проблемасын шешу; қазіргі заман педагогикасы бұларға қоса –қашан, қай жерде, кімді жəне не үшін оқыту қажет деген мəселелерді қарқынды зерттеуде. Дидактиканың негізгі категорияларын танытушы келесі ұғымдар белгіленген: оқыту, оқып-үйрену, оқу, білімдену, білім, ептілік, дағды, сонымен бірге оқу мақсаты, мазмұны, ұйымдастырылуы, түрлері, формалары, əдістері, құрал-жабдықтары, нəтижесі (өнімі). Дидактикалық жүйе жəне оқу технологиясы да осы категориялық ұғымдар тұрғысынан танылуы тиіс. Осыдан қысқа да ауқымды анықтама келіп шығады: дидактика- бұл оқу жəне білімдену, олардың мақсаттары, мазмұны, əдістері, құрал-жабдықтары, ұйымдастырылуы мен нəтижелері жөніндегі ғылым.
Дидактика өз пəні аймағында іске қосылатын заңдылықтарды зерттейді, оқу процесінің барысы мен нəтижесіне негіз болар тəуелділіктерді талдайды, жоспарланған мақсаттар мен міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуші əдістер, ұйымдастыру формалары мен құрал-жабдықтарын белгілейді. Осының арқасында ол екі басты функцияны атқарады: 1) теориялық (диагностика жəне болжастыру); 2) практикалық (қалыпты іс-əрекет, құралдар дайындау).
Дидактика барша пəндер бойынша жəне оқу іс-əрекетінің барлық деңгейіне орайластырылған оқу жүйесін біріктіреді. Зерттелуші болмысты қамту шеңберіне байланысты дидактика жалпы жəне жекеленген болып бөлінеді. Жалпы дидактиканың зерттейтін пəні: оқыту мен оқып үйренуді, оларды туындатқан жағдаяттары мен оларды орындау шарттары жəне соның арқасында жетілетін нəтижелерімен бірге анықтау. Жекеленген (нақты) дидактика оқыту əдістемесі деп аталады. Ол əртүрлі оқу пəндерінің желісін, мазмұнын, оқыту формалары мен əдістерін қарастырады. Əр оқу пəні өз əдістемесіне ие.
Дидактикалық процесс мəнін түсіну үшін «оқу» жəне «оқу процесі» түсініктерінің мəн-мағынасын ажыратып алған жөн. Кейде бұл категориялар теңдестіріле қарастырылады. Іс жүзінде олай емес. «Оқу» түсінігі құбылысты білдіреді, ал «оқу процесі»- бұл процестің уақыт жəне кеңістікте дамуы, оның кезеңдерінің бірізді ауысып баруы.
Ұзақ уақыттар желісінде оқу процесі негізінен оқыту қызметі ретінде қарастырылды, яғни мұғалім жұмысы деп есептелінді. Уақыт өтумен бұл түсінікке кең мағына беріліп, оқушы іс-əрекеттеріне ерекше назар аударылатын болды.
Оқу процесі бірнеше қызметтерді – білімдендіру, дамыту, тəрбиелеу, ынталандыру жəне ұйымдастыру – атқарады. Бұлардың бəрі кешенді іске қосылады, алайда, тəжірибелік іс-əрекетті дұрыс ұйымдастыру, оқу міндеттерін тиімді жоспарлау үшін олардың əрбірін өз алдына қарастырған жөн.
Оқу процесінің білімдендіру қызметі ең алдымен білім, ептілік, дағдыларды, шығармашылық іс-əрекет тəжірибесін қалыптастыруға бағытталады.
Білім (знание) – бұл деректер, мəлімет, ұғымдар, ережелер, заңдар, теориялар, формулалар мен сипаттамаларды , т.с.с. түсіну, есте қалдырып, қажеттікке орай қайта жаңғырту.
Оқу барысында ғылыми білімдер тұлға меншігіне айналып, оның тəжірибелік қорына енуі қажет. Бұл қызметтің іске асырылуынан білім толықтығы, жүйелілігі жəне саналылығы, оның бекімі мен əрекетшеңдігі қамтамасыз етіледі. Оқушы ғылым негіздері мен іс-əрекет түрлері бойынша мəліметтер жинақтайды, игерілген білімдерді саналы пайдалана білу негіздері қаланып, оларды тұрмыстық міндеттерді шешуге қолдануға үйренеді.
Білімдендіру қызметі сонымен бірге оқушыға тек білім игертіп қана шектелмей, олардың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыруға арқау болады.
Ептіліктер – бұл адамның ережелерге сүйене отырып, қандай да нақты əрекеттерді орындау қабілеті. Дəлірек айтсақ, ептілік дегеніміз – білімді практикамен байланыстыра қолдану тəсілдерін, жолдарын меңгеру.
Дағды – бұл саналы іс-əрекеттің автоматтастырылған бірлігі. Басқаша айтсақ, дағды – ойланбай орындалатын, жоғары дəрежеде жетілген ептілік.
Ептілік жаттығулар нəтижесінде қалыптасады. Дағды қалануы үшін көп санды қайталаулар қажет.
Ептіліктер мен дағдылар жалпы оқулық жəне арнайы оқулық болып ажыралады.
Арнайы оқу ептіліктері мен дағдылары нақты оқу пəні мен белгілі ғылым саласына байланысты қалыптастырылады. Мысалы, физика, химия пəндері бойынша – зертханалық тəжірибелер өткізу, заттай көрнекіліктер пайдалану; географиядан – картамен жұмыс, масштабты өлшемдер, компас не басқа құралдарды қолдану; математикадан – логарифмдік сызғышпен, есептеу машиналарымен, əрқилы модельдермен жəне т.б. жұмыс алып бару ептіліктері мен дағдылары орнығады.
Арнайылардан тыс оқу процесінде оқушылар барша пəндерге қатысы бар жалпы оқу ептіліктері мен дағдыларын да игереді. Мысалы, оқу жəне жазу дағдылары; өзіндік таным жұмыстарын тиімді ұйымдастыру ептіліктері; оқулық, анықтамалар, библиографиялық тізімдермен жұмыс.
Оқу процесі білім беру қызметімен бір уақытта тəрбиелік міндеттерді де іске асырып барады. Оқудың тəрбиелік қызметтері осы əлеуметтік процестің өз табиғатына орай орындалады. Осыдан оқу процесінде оқушыларда көзқарастар, ғылыми дүниетаным, табиғат, қоғам жəне ойлау заңдылықтарын пайымдау, қоғамдық талап, тəртіп нормаларын мойындау əрі оған байланысты заңдарға бойсыну қабілеттері қалыптасады. Тұлғаның қажетсіну сезімі, іс-əрекеттік, əлеуметтік мінез-құлық, құндылық жəне құндылықты бағыт-бағдарлар да осы оқу процесінде пайда болып, жетіліп отырады.
Білім беру жəне тəрбиелеу қызметтерімен бір қатар оқу процесі балаға дамыту ықпалын да жасайды. Оқып, білім игере отырып, оқушы жан-жақты дамуы тиіс, яғни тұлғаның сөйлеу тілі, ой толғауы, сезімдік жəне қозғалыс ептіліктері көңіл-күй-еріктік, қажетсіну қабілет-қасиеттері ілгерілі даму өзгерістеріне келеді. “Даму басы — оқу”(Л.С.Выготский)- бұл аса маңызды психологиялық заңдылық. Сабақ барысында мұғалім қаруы болған білім мазмұны, ол қолданған оқу формалары мен əдістері, сондай-ақ оқушылардың белсенді, саналы да əрқилы іс-əрекеттері – бəрі де даму өзегі.
Дұрыс ұйымдастырылған оқу əрқашан дамыту қызметін атқаратыны сөзсіз, дегенмен оның нəтижелі іске асуы арнайы бағыт-бағдардың болуына тəуелді. Педагогика теориясы мен тəжірибесінде дамыту мақсатына орай ерекше оқу технологиялары нақтыланған:
— ақыл-ой əрекеттерін кезеңмен дамыту бағыты (И.Я.Талызина);
— теориялық материалдар көлемін арттыра беру (Л.В.Занков);
— жоғары қарқын жəне қиыншылық деңгейінде оқыту (Л.В.Занков);
— оқушылардың өз оқу əрекеттерін сезінуін қамтамасыз ету (Л.В.Занков);
— проблемді оқыту (А.М.Матюшкин, М.И.Махмутов);
— оқудың дамытушы əдістер жүйесін қолдану (И.Я. Лернер, М.Н.Скаткин);
— оқудағы мазмұндық қорытындылау тұжырымы (В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин);
— оқушылардың танымдық іс-əрекеттерінің белсенділігін көтеру əдістерін қолдану (Г.И.Щукин);
— төңіректері қоғам, адам, өнермен қатынастардан болатын толғаныс, көңіл-күй, сезімталдық дамыту жолдары пайдалану арқылы оқу тиімділігін арттыру бағыты (Д.Кабалевский, И.Волков).
Білім беру, тəрбиелеу жəне дамыту қызметтерімен қатар педагогика ғылымында оқудың ынталандыру жəне ұйымдасу қызметтері де өз алдына қарастырылуда.
Оқу процесін шəкірттерді алдағы оқу-танымдық жұмыстарға еріксіз тартатындай, келер сабаққа ынтық болып күтетіндей дəрежеде құрастыру, оқушыны жаңаны білуге ынталандыратындай етіп ұйымдастыру қажет.
Оқу процесінің жоғары да аталған барша қызметтері бір-бірінен оқшауланған құбылыстар емес, олардың бəрі өзара шартты байланыста əрі сабақ бөліктері мен кезеңдерінің бəрінде бірдей орындалып барады.
Оқу теориясының негізгі құрылым бірліктері – бұл ғылым тарапынан анықталған заңдар мен заңдылықтар. Заңдар мен заңдылықтар құбылыстар, процестер мен олардың нəтижелері арасындағы жалпы, объектив, тұрақты жəне қайталанып келетін байланыстар мен тəуелділіктердің мəнін ашады. Дидактикалық процестің негізін құрайтын аса маңызды жəне негізгі заңдылықтар мен заңдар оқу принциптері немесе дидактикалық принциптер деп аталады. Бұл принциптер арқасында оқу процесіне қатысы бар көптеген заңдылықтардың мəн-мағынасы ашылады, мұғалімдер мен оқушылардың қызметтері реттеледі, барлық оқу пəндерін өтуде жəне оқудың барша кезеңдерінде олар өздерінің жалпы мəнін сақтайды. Принциптер дидактикалық процестің біртұтас концепциясын құрай отырып, табиғи бірлікте əрекетке келеді. Қазіргі кезеңдегі оқу жүйесінің ірге тасын Я.А. Коменский қалаған. Ғұлама- педагог пікірінше, оқудың негізі – табиғи сəйкестік принципі, ал барша қалған принциптер осы табиғи сəйкестікке сай бірізді іске асырылып барады. А.Дистервег бұл жүйені жаңа талаптарға негізделген нақты ережелермен толықтырды. Бұл ережелер 1) оқу мазмұнына; 2) оқытушыларға; 3) оқушыларға қатысты болды. К.Д.Ушинский тиімді оқуға қажет келесі шарттарды белгілеп берді: уақытқа сай болуы, бірізділік, табиғилық, тұрақтылық, игеру беріктігі, анықтығы, оқушылардың дербестік əрекеті, жүктемелердің аса ауыр не өте жеңіл болмауы, дұрыстық.
Қазіргі заман гуманистік дидактикасында оқу принциптері табиғи сəйкестік басты принципінің төңірегінде жүйелі біріккен. Бұл жүйедегі дидактикалық принциптер төмендегідей:
1) саналылық жəне белсенділік;
2) көрнекілік;
3) жүйелілік жəне бірізділік;
4) беріктік;
5) түсіністік;
6) ғылымилық;
7) көңіл-күй;
8) теория мен практиканың байланысы.
Принциптер нұсқау-көрсетпе (норматив) қызметтерін атқарады. Олар мұғалімге кейбір жағдайларда қандай əрекетке келуі жөнінде тек кеңес немесе сілтеме беріп қоймайды, жалпы заңдылықтар ретінде бұл принциптер педагогикалық əрекеттер бірлігіне негіз қалаумен бірге олардың толық орындалуын талап етеді.
Принциптерді білу жəне оларды оқу-тəрбие процесінде толықтай іске асыру педагогикалық шеберліктің негізін құрайды жəне ол педагогикалық біліктілікті анықтауда алдымен ескеріледі.
Педагогиканың принциптік талаптары ережелер жүйесі арқылы іске асырылады. Ереже – бұл педагогикалық іс-əрекеттің нақты жағдайларда белгілі мақсаттарға жеткізу тəсілінің суреттемесі (описание). Көбіне оқу ережесі деп қандай да принципті қолданудың жеке тараптарын ашып беретін жетекші тұжырымдарды түсінеміз.
Неміс педагогі Э. Мейман бірнеше ерекше заңдарды негіздеп, ұсынды:
— жеке адамның дамуы əуел бастан көбіне оның табиғи нышандарына тəуелді жүріп жатады;
— ең алдымен бала тіршілігі мен оның қарапайым қажеттерін қанағаттандыруға арналған сапа-қасиеттер дамиды;
— балалардың жан жəне тəн дамуы əрқилы деңгейде өтеді.
Теоретиктер мен практиктер ашып, бүгінгі педагогикаға енгізген заңдылықтар саны ұланғайыр (мысалы, И.П.Подласый өз оқулығында 70-тен астам заңдылықты хаттаған).
Оқудың əрқилы заңдылықтарын реттестіріп, жинақтауға орай, оларды жалпы жəне жеке (нақты) заңдылықтар деп бөлу қабылданған.
Жалпы заңдылықтар қалаған білім беру процесіне тəн болып, оқудың бүкіл жүйесін қамтиды. Олардың арасында аса көп еленетіндері:
— оқу мақсаттары. Оқу мақсаты қоғам дамуының деңгейі мен қарқынына, оның қажеттері мен мүмкіндіктеріне, педагогика ғылымы мен практикасының даму деңгейі мен жетістіктеріне байланысты;
— оқу мазмұны. Оқу мазмұны қоғамдық қажеттер мен оқу мақсаттарына, ғылыми-техникалық жəне əлеуметтік процестің қарқынына, оқушылардың жас мүмкіндіктеріне, оқу теориясы мен практикасының даму деңгейіне, оқу мекемелерінің материалды- техникалық жəне экономикалық жағдайларына тəуелді келеді;
— оқу сапасы. Оқу сапасы өткен кезеңдегі оқу процестерінің нəтижелілігіне, оқу материалының сипаты мен көлеміне, мұғалімнің ұйымдастыру – педагогикалық шеберлігіне, оқушының оқып-үйренуге болған қабілетіне, оқу уақытына байланысты;
— оқу əдістері. Дидактикалық əдістер тиімділігі əдістерді білу мен қолдану ептілігіне, оқу-мақсаттарына, мазмұнына, оқушылардың жеке деңгейі мен оқуды меңгеру қабілетіне, материалдық-техникалық қамсыздығына, оқу процесінің ұйымдасуына тəуелді;
— оқуды басқару. Оқудың нəтижелі болуы оқу жүйесіндегі кері байланыстың жеделдік сипатына, реттеу-түзету ықпалдарының орынды келуіне орайласады;
— оқуға ынталандыру. Оқу нəтижесі шəкірттің білім игеруге деген іштей ынта-ықыласы мен оқу əрекеттерінің өзіне тəн тартымына (внутренние стимулы);
оқу əрекетіне мүмкіндік жасаушы сыртқы жағдайлар (қоғамдық, экономикалық, педагогикалық).
Жеке (нақты) заңдылықтар оқу жүйесінің кейбір тараптарына орай іске қосылады. Оқу процесінің жеке (нақты) заңдылықтары:
— дидактиканың тек өзіне тəн (оқу нəтижесі қолданылған оқу əдістері мен құрал-жабдықтарына, оқытушының кəсіби шеберлігіне жəне т.б. байланысты);
— таным теориясына (гносеологиялық) сай (оқу нəтижесі оқушылардың танымдық белсенділігіне, ептілігіне жəне оқуды қажетсінуіне, т.б. тəуелді);
— психологиялы? (оқу нəтижесі шəкірттердің оқу-үйрену мүмкіндіктеріне, зейін деңгейі мен тұрақтануына, ой-ақыл ерекшеліктеріне жəне т.б. байланысты);
— əлеуметтік (жеке адамның дамуы төңірегіндегі басқа адамдармен тікелей не жанама қарым-қатынасына, қоршаған ортаның ақыл-парасат дəрежесіне, мұғалімнің оқушымен қатынас жасау стиліне жəне т.б. тəуелді);
— ұйымдастырушылық (оқу процесінің тиімділігі оның ұйымдастырылу дəрежесіне, сол процестің оқушыда оқуға болған ынтаны, қажеттікті тəрбиелеуге бағытталуына, таным қызығушылығын қалыптастыруына, қанағаттану лəззатына бөлеп, танымдық белсенділікті қанаттандыруына жəне т.б. тікелей байланысты);
Оқу заңдылықтарының нақты көріністері принциптерде жəне оларға орай қабылданған ережелерде байқалады.
Ережелер мұғалімге қандай да бір жағдайларда нақты əрекеттерді жасауға сілтеме беріп, белгілі бір талаптарды орындауға бағыттайды. Ал бұл нұсқаулардың қалай орындалуы мұғалімге тəуелді. Мысалы, оқушы сабақ басына кешігіп, сыныпқа қоңыраудан соң кіріп келді. Мұндай жағдайда мұғалім ережеге сай оқушыға қандай да ықпалды əрекет жасауы қажет, себебі тəртіп бұзу ескерусіз қалмауы тиіс. Ал бұл ескерту қалай орындалады- оның жолы бүтіндей жəне толығымен нақты ситуацияға, оқушы тұлғасына, мектепте қабылданған тəртіптерге, қалыптасқан қатынастарға жəне көптеген басқа да себептерге байланысты.
Білімдену процесінің табысты болуы көбіне қолданылатын оқу əдістеріне тəуелді.
Оқу əдісі – білім игеру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған оқытушы мен оқушының бірлікті іс -əрекеттік қимыл — тəсілдері. Оқу мақсаты жолындағы ұстаздың оқыту жұмысы мен шəкірттің оқып- үйрену əрекеттерінің өзара байланыстылығы жəне анайылығы осы оқу əдісінен көрінеді.
Дидактикада кең қолданым тауып жүрген жəне бір түсініктер легі –бұл “оқу тəсілі” жəне “оқу ережелері”.
Оқу тəсілдері- оқу əдісінің құрамды бөлігі немесе бір қыры, яғни жалпы “əдіс” түсінігіне байланысты жалқы ұғым. Бұл екі ұғымды өз алдына шектеп болмайды, олардың ара қатынасы ауыспалы, өзгермелі.
Кей жағдайларда əдіс педагогикалық міндетті шешудің дербес жолы есептелсе жəне бір ықшам оқу-
тəрбие мəселесіне орай- тəсіл болуы мүмкін. Мысалы, егер мұғалім жаңа білімдерді сөздік, ауызша əдіспен (түсіндіру, əңгімелеу, сұхбат) ұсыну барысында көрнекі құралдарды пайдаланса, онда бұл көрнекілік –тəсіл ретінде қабылданады. Егер де көрнекіліктер білім игертудің негізгі құралы болып, солар негізінде оқушылар жаңа білім ақпараттарын қабылдаса, онда көрнекілік — əдіс, ал мұғалімнің қалған оқу іс-əрекеттерінің бəрі тəсіл болып есептеледі.
Сонымен, əдіс көптеген тəсілдерден құралады, бірақ олардың жəй жиынтығын білдірмейді. Тəсілдер арқылы оқытушы мен оқушының оқу жұмыстарын орындаудағы өзіндік ерекшелігі көрініп, оқу субъекттері іс-əрекеттеріне даралық сипат береді.
Оқу ережелері (дидиактикалық ережелер) – оқу процесінің қалыпты педагогикалық жағдайларында қандай жəне қайтіп əрекет жасау қажеттігін көрсететін нақты ұсыныс.
Ереже əрқандай тəсілдің сипаттамасы, норматив моделі есебінде қолданылады. Нақты міндет шешіміне пайдаланатын ережелер жүйесі — əдістің норматив-сипаттама моделін құрайды.
Оқу əдістері – тарихи категория. Өндіріс күштерінің деңгейі мен өндірістік қатынастар сипаты педагогикалық процестің мақсаттарына, мазмұнына, құрал жабдықтарына өз ықпалын тигізеді. Олардың ауысуымен оқу əдістері де өзгеріске келеді.
Қоғамдық дамудың алғашқы кезеңдерінде өскелең əулетке тəжірибе өткізу ересектер мен балалардың бірлікті іс-əркеттік процесінде орындалып жатты. Бұл дəуірлердегі басты оқу əдісі еліктіру, еліктеу жолымен іске асты. Ересектер қалай əрекетке келсе, балалар соны қайталап, қорек табу, от жағу, киім-кешек дайындау ж.т.б. үйренді. Негізгі оқуды өзгертпей, қайта жасау (репроедуктив), (“мендей етіп істе”) əдісі алынды. Кейінгі замандардағы барша əдістер осы қайталай жасау əдісінен өз бастауларын алды.
Мектептердің ресми формаларының ұйымдастырылуы заманынан оқудың сөздік (ауызша) əдістері пайда болды. Мұғалім дайын ақпаратты сөзбен жеткізіп отырды, оқушылар оны есіте отырып, игерумен болады. Қоғамға жазудың келуі, кітап баспасының өркендеуі, білімді жария етуде, жинақтауда жəне əулеттен əулетке жеткізуде (код) таңбаны пайдалануға мүмкіндік берді. Енді сөз негізгі ақпарат ұсыну құралына айналып, ал кітап бойынша оқыту мұғалім мен оқушының ең көп тараған өзара ықпал жасау əдісі болды.
Кітап əрқилы қолданылды. Ортағасыр мектебінде оқушылар негізінен діни мазмұндағы мəтіндерді қарадүрсін жаттаумен шектелді. Осыдан жалаң, жаттанды оқу (догматикалық) əдісі үрдіске айналды.
Бұл əдістің сəл жетілген түрі сұрақ қою, дайын жауаптар берумен (софистика) байланыстырылды.
Ұлы жаңалықтар ашу жəне ойлап табу дəуірінде бұрын оқытудың жалғыз- ақ жолы болған сөздік əдіс өз маңызын жоғалта бастады. Өркендеудегі қоғам қажетіне орай оқу процесіне бақылау, эксперимент, өзіндік жұмыс, жаттығу,
яғни оқушыда белсенділік, саналылық, ынталылық оятуға бағытталған əдістер ене бастады. Көрнекі оқу əдісі де кең тарады.
XІХ-ХХ ғ.ғ. шектерінде сөздік əдіске балама ретінде бала қажеттері мен қызығуларын біршама толық ескеретін, оның өзіндік əрекеттерінің дамуына жол ашатын эвристикалық (шығармашылдық) əдіс маңызды орын иелей бастады. “Кітаби” əдістердің орнына “табиғи” əдістер келді. Яғни оқу шынайы болмыс, қоршаған дүниемен байланыстырылатын болды. Ұстаз бен оқушыны енді оқудың практикалық əдістерін қажет ететін “іс-əрекет арқылы оқып- үйрену” əдісі қызықтыра бастады. Мұндай оқуда қол еңбегіне, еңбекпен байланысты іс-əрекеттерге, сонымен бірге оқушылардың кітаппен жұмыс істеуіне көп мəн беріліп, балалардың өз тəжірибесі негізінде дербестік қабілетін дамыту басты назарға алынды. Шамалап ізденіс, зерттеу əдістері қалыптасты. Дегенмен, білім дамуының əр кезеңдерінде қолданымға келген əдістердің қай-қайсысы да өз бетінше жеке қажетті педагогикалық нəтижені қамтамасыз ете алмайды. Оқу əдістерінің əрбірі өз алдына əмбебап қызмет атқармайды. Оқу барысында əрқилы əдістерді өзара байланыстыра қолдану, пайдалану ғана тиімді өнімін береді.
Оқу əдістерін топтастыру
Осы заманғы педагогикалық процесте қолданылатын əдістер саны, түрі орасан көп. Осыдан, оларды ғылыми топтастыру қажеттігі туындайды. Бұл оқу əдістеріндегі жалпылық пен жалқылықты мəнділік пен кездейсоқтықты анықтауға жəрдемдеседі, оларды мақсатқа орай əрі тиімді пайдалануға себін тигізеді.
Қазіргі күнде педагогикада əдістерді топтастырудың үш жолы кең танылған.
- Оқу əдістерін дидактикалық мақсаттарға орай топтастыру.
Мұндай топтастыруға байланысты əдістерді бөлу ең алдымен оқу мақсатын назарға алады. Бұл жағдайда оқу мақсатына қол жеткізуге бағытталған мұғалім əрекетіне көп көңіл бөлінеді. Мақсатты көздеген əдістер тобына енетіндер:
— білім жинақтау əдісі;
— ептілік жəне дағды қалыптастыру əдісі;
— білімді қолдану, пайдалану əдісі;
— білім, ептілік, дағдыларды бекіту мен тексеру (бақылау) əдістері.
- Оқу əдістерін білім көзі бойынша топтастыру.
Тəжірибеде негізгі үш білім көзі нақты танылған: сөз, көрнекілік, іс-əрекеттік (практика). Осыған орай ажырататынымыз: сөздік əдістер (білім көзі ретінде ауызша не жазба сөз қызмет етеді); көрнекі əдістер (білім көзі- бақылауға түскен заттар, құбылыстар, көрнекі құралдар) жəне іс-əрекеттік əдістер (білім жəне ептіліктер ойын, оқу, қарапайым еңбектік істер процесінде қалыптасады).
Оқу əдістері жүйесінде басты орын сөздік əдістерге беріледі. Олар-əңгімелеу, түсіндіру, сұхбат, сөз-жарыс, пікір-талас, дəрісбаян (лекция), кітаппен жұмыс.
Əңгімелеу – оқу материалын тыңдарманға сипаттама не баян формасында монологты, бірізді сөйлеп жеткізу.
Түсіндіру – бұл игеруге қажет обьект, құбылыс, кейбір ұғымдар заңдылықтары мен мəнді қасиеттерін талқы, талдау, мысал келтіру жолымен дəлелдеп, оқушы санасына енгізу. Сұхбат – оқудың диалогтық əдісі: педагог бірізді сұрақтар қоя отырып, оқушыны жаңа материалды түсіну, ұғу деңгейіне көтереді не ұсынылған материалдың қаншалықты меңгерілгенін тексереді.
Дəрісбаян (лекция) — көлемді материалды монологтық жолмен баяндау. Дəрісбаянның басқа сөздік əдістерден өзгешелігі – қатаң құрылымды, мол ақпаратты, баяндалуы қисынды, білім мəнін ашу жүйелікке негізделеді.
Дəрісбаян ғылыми-көпшілік жəне академиялық болып ажыралады. Өткен материалды қорытындылауға, қайталауға шолу дəрісбаяндары қолданылады.
Қазіргі кезеңде дəрісбаян əдісін қолданудың көкейкестілігі ірі бөлімдер мен жеке тақырыптарды игеруде оқу материалын топтап ұсыну (блок) тəсілін пайдалану қажетттігінен туындап отыр.
Оқу сөз-жарысы (дискуссия) əдіс ретінде нақты проблема бойынша пікір алмасуға, жекеленген көзқарастар білдіруге негізделеді. Сөз-жарыс барысындағы оқушының ой-пікірі өзінің меншікті шешімі не басқа тұлғалардың ғылыми –теориялық ұсыныстары болуы мүмкін. Оқу сөз –жарысының басты қызметі –шəкірттердің танымдық ұмтылыстарына дем беру.
Сөз жарыс жəрдемімен оған қатысушылар жаңа білімдерді игереді, өз пікірлерінің дұрыстығына не қателігіне көзін жеткізеді, өз көзқарастарын қорғап қалуға үйренеді, басқалар ой топшылауларымен есептесу қажеттігін түсінеді.
Кітаппен (оқулықпен) жұмыс – кітап оқу сөздік əдісінің аса маңызды түрлерінің бірі. Бұл əдістің тиімділігі –оқушы өзіне қолайлы жағдайда, өз түсініміне орай оқу материалын қалауынша қайталап игеруге мүмкіндік алады.
Баспа көздерімен оқу жұмысын атқарудың бірнеше жолы бар:
— конспектілеу — оқылған ақпараттың қысқаша жазбасы не баяны.
Конспектілеу түрлері- түгелдей көшіру, іріктеумен таңдап жазу, толық не қысқа конспект түзу. Оқушы конспектіні үшінші тұлғаның атынан емес, өз атынан жасағаны жөн, осы жағдайда оның дербес ойлау қабілеті дамиды;
— тезистер түзу — негізгі идеяларды белгілі бірізділікпен қысқаша баяндау;
— реферат құрастыру – тақырып бойынша бірнеше ақпарат көздеріне шолу беріп, олардың мазмұны мен формасына өз бағасын беру;
— мəтін жоспарын жасау — мəтінді бөлімдерге келтіріп, əрқайсысына атама беру; жоспар жай не күрделі болуы мүмкін;
— сілтемелер беру (цитирование)- мəтіннен өзгертілместен бөліп алынған көшірме. Сілтемеге байланысты қойылатын талаптар: əдептілік болуы,
мағынаның өзгеріске түспеуі, сілтеме алынған еңбектің авторын, атамасын, баспа орыны мен атын, жария жылын, бетін дəл келтіру;
— түсініктеме беру (аннотация)- оқылғанның мəнді тараптарын жойып алмастан, қысқа, ықшам баяндау (ауызша не жазба);
— пікір беру (рецензирование)- оқылған жөнінде өз ойын білдіруге арналған қысқаша ауызша не жазба баян.
— анықтама (справка) түзу –ізденіс нəтижесінде жинақталған ақпарат бойынша мəлімет. Анықтамалар түрі — өмірнамалық дерек, сандық- статистикалық, жағрапиялық, терминологиялық жəне т.б.
— формальды –қисынды модель жасау — оқылғанды сөз-сүлбе (схема) күйінде жеткізу;
— тақырыптық тезаурус құрастыру — тақырып, бөлім не түгелдей пəн бойынша тірек ұғымдардың реттелген жиынтық тізімін жасау;
— идеялар матрицасын жасау — біртекті заттар, құбылыстар жөнінде келтірілген түрлі авторлар еңбектеріндегі салыстырмалы сипаттамаларда кесте формасына келтіру;
— пиктографиялық жазба –сөзсіз бейнелеу.
Білім көзіне орай топтастырудың жəне бір реті — бұл көрнекілік əдістер. Көрнекі əдістерді пайдалану барысында ақпараттық материалды игеру оқу процесінде көрнекі құралдар сүлбе (схема), кесте, сурет, модельдер, приборлар, техникалық құралдарды тікелей қолдануға тəуелді. Бұлардың бəрі оқушының сезім тетіктеріне ықпал жасауға негізделіп, сөздік жəне практикалық əдістермен бірге пайдаланылады.
Оқудың практикалық əдістері — оқушының іс-əрекетіне, оқу қызметтеріне негізделеді. Бұлардың басты міндеті –тəжірибелік ептіліктер мен дағдылар қалыптастыру. Мұндай топтастыруда жаттығу, лабораториялық жəне тəжірибелік əдістері бірігеді.
Жаттығулар – материалды игеру не игерілгеннің сапасын көтеру мақсатында оқу əрекеттерін (ақыл не қызметтік) көп мəрте қайталаумен орындау.
Жаттығулар ауызша, жазба, графикалық жəне оқу-еңбектік болып ажыралады.
Ауызша жаттығулар оқушылардың сөйлеу мəдениетінің, қисынды ойлау, ес, зейін, таным мүмкіндіктерінің дамуына ықпал жасайды.
Жазба жаттығулардың басты міндеті игерілген білімді бекіту жəне олар бойынша қажетті ептіліктер мен дағдыларды қалыптастырып, қолдануға бейімдеу.
Оқу-еңбектік жаттығулар ерекше əдістер тобын құрайды. Бұларды пайдалану нəтижесінде оқушылар теориялық біліктерін еңбек іс-əрекеттерінде қолдануға үйреніп, еңбек құрал-саймандарымен, лабораториялық жабдықтармен қатынас жасауға дағдыланады, құрастырушылық-техникалық ептіліктерін дамытады.
Оқушылардың өзіндік əрекеті мен дербес жұмыс істеуіне байланысты қалаған жаттығу қайта жасау, дағдылану, шығармашылдық сипатына ие.
Оқу процесінің белсенділігін көтеру, оқу тапсырмаларының сапалы орындалуына түсіндірмелі жаттығулардың тиімділігі орасан. Бұлардың мəні – оқушы орындап жатқан əрекетіне сипаттама береді, осыдан жаттығу ісі мен білімі көтеріңкі саналылықпен меңгеріледі.
Лабораториялық жұмыстар əдіс ретінде оқушылардың өз бетінше арнайы приборлар мен құралдарды пайдалана отырып, тəжірибе не эксперимент жүргізуіне негізделген. Жұмыс дара не топта жүргізіледі. Бұл əдісті қолдану барысында оқушылар жоғары белсенділік жəне дербестікпен қатысып, зерттеу істеріне етене араласуға мүмкіндік алады.
- Оқу əдістерін шəкірттердің танымдық əрекеттеріне орай топтастыру
Танымдық іс-əрекет сипаты оқушының ойлау белсенділігінің деңгейінен көрінеді. Мұндай топтастыру тұрғысынан келесі əдістер түрі ажыралады: түсіндірме – көрнекілі (ақпаратты – рецептивті, іштей түсіну), қайталай жасау (репрадуктивті), проблемді баяндау, бөлшектеп ізденіс (эвристикалы) жəне зерттеу.
Түсіндірме – көрнекілі əдістің мəні – оқытушы əрқилы құрал-жабдықтар көмегімен дайын ақпаратты хабарлайды, ал оқушылар оны қабылдайды, түсінеді жəне есте қалдырады. Оқушылардың танымдық іс-əрекеті дайын білімдерді есте қалдыруымен еленеді, бірақ бұл бейсаналық деңгейде де болып, ақыл-ой белсенділігіне ешқандайда əсер етпеуі ықтимал. Осыдан түсіндірме, яғни ақпаратты- іштей түсіну əдісі əрдайым тиімді бола бермейді.
Қайта жасау (репродуктивті) əдісте оқытушы ақпаратты дайын күйінде хабарлап, түсіндіреді, ал оқушылар оны меңгеріп, ұстаз тапсырмасымен сол күйінде қайталап айтып береді. Білім өзгеріске түспейді, оқушыдан шығармашыл белсенділік талап етілмейді.
Қайта жасау əдісінің, ақпараттық іштей түйсіну əдісіндегідей басты тиімділігі- уақыт, күш қуат үнемділігі.
Бұл əдіс қысқа уақытта, көп күш жұмсамай ауқымды көлемдегі білім қоры мен ептіліктерді түсіндіріп жеткізуге мүмкіндік береді. Сабақ барысындағы көп қайталаудан білім бекімі бірқанша жоғары болады. Бірақ бұл əдіс те оқушылардың ой белсенділігін көтеруде өзінің тиімсіздігімен байқалады.
Проблемді оқу əдісі — оқу процесіндегі орындаушылық қызметтен шығармашыл іс-əрекетке өту құралы ретінде танылады. Бұл əдістің мəні – оқытушы мəселе ұсына отырып, оның шешімін береді, таным процесіндегі ой өрісінің даму жолын көрсетеді. Оқушылар дайын білімдерді, қорытындыларды тек қана түсініп, есте қалдырумен шектеліп қалмай, дəлелдер қисынына, ой пайымдау тəсіліне бақылау қояды. Мұндай əдісті қолдану барысында оқушылар таным процесінің тікелей қатысушысы болмағанымен, мұғалімнің ой топшылауларына зер сала отырып, өздеріде проблема шешуге үйреніп барады.
Танымдық процестің біршама жоғары деңгейде танылғаны — бұл бөлшектеп ізденіс (эвристикалық) əдісі. Бұл əдіске байланысты оқушылар күрделі оқу
проблемасын толықтай бастан-аяқ шешпестен, проблеманы бөлшектерге келтіріп, оларды бірінің ізімен екіншісіне жауап тауып отырады.
Оқытушы мұндайда оқушының ізденіс əрекетіндегі əр қадамына назар сала отырып, оған бағыт-бағдар сілтейді.
Оқудың зерттеу əдісі – оқушының білім игерудегі шығармашылдық ізденісіне басты назар аударады. Бұл əдісті қолданудағы басты мақсат- оқушының білім игерудегі саналылығын көтеру, құбылыстар мен оқиғаларды нақты күйінде қабылдамай, олардың мəн-мағынасына тереңдей ұғынуға үйрету, қорытындылар жасауға баулып, игерген білім, ептілік жəне дағдыларын тұрмыста қолдануға жаттықтыру.
Бұл əдістің бір кемшілігі – көп уақыт жұмсауды талап етеді.
Жоғарыда аталған дəстүрлі əдістерінің бəрі оқушының таңдау, есте қалдыру, мұғалімнің айтқанын қайталау əрекеттерін дамытуға бағытталып, шын мəніндегі шығармашыл еңбек, белсенді таным мүмкіндіктерін өрбітуде тиімсіздік танытады. Бұл кемшілікті белсенді жəне жедел əдістермен толықтыруға болады. Оқудың белсенді əдістері – оқушы іс-əрекетіне өнімділік, шығармашыл- жасампаздық жəне ізденісті — зерттеу сипатын беретін жол-жобалар тобы. Оқу танымдық процесте шəкірт белсенділігін көтеруге дидактикалық ойындар, нақты ситуатцияларды талдау, іскерлік ойындар, проблемді мəселелерді шешу, алгоритм бойынша оқу, ақыл шабуылы (“мазговая атака”), жеке ұғымдармен жұмыс істеу.
Жедел əдістер – қысқа уақыт аралығында оқу сеанстарына ұзақтай ендіру жолымен көзделген іс-əрекетке үйретуде қолданылады (шомдыру əдісі). Бұл əдістер бизнес, маркетинг, шет ел тілдерін, практикалық психология мен педагогиканы оқытуда кең қолданылуда.
Қазіргі уақыттары жалпы педагогикада теориялық негізін тауып, оқу-тəрбие процесіне еніп жатқан бұрын соңды естімеген əдістер тобын келтіруге болады: суггестопедия — иландыру жолымен оқыту; гипнопедия –ұйқыда оқыту; фармакопедия — дəрі-дəрмек қолданып оқыту. Бұл əдістердің бəрі адамның табиғатындағы, ішкі мүмкіндіктеріне қозғау салып оқытуға бағытталған.
Сонымен, əдіс көп, оның топтастырылуы да сан қилы, əрқайсысы өз алдына тиімді де, кемшілігі де жоқ емес.Осынысына көз жібере отырып, зерделі ұстаз оқу мақсатына, мазмұнына, алдындағы оқу субъектіне сай келетін нақты əдіс таңдайды, оны қолданудың жолдарына мəн береді.
2.Оқушылардың білім мазмұнын игеру іс-əрекеттері əрқилы формада жүзеге асып барады.
Латын сөзі «форма» тысқы бейне, сырттай көрініс, қандай да нəрсенің құрылымы дегенді аңдатады. Оқуға байланысты форма екі мағынада қолданылады: 1) оқу формасы; 2) оқу-ұйымдастыру формасы.
Дидактикалық категория ретінде оқу формасы оқу процесі ұйымдастырылуының сырттай көрінісін білдіреді. Ол оқу процесінің мақсаттары, мазмұны, əдістері мен құрал-жабдықтарына, материалдық жағдайларына, қатысушылар құрамы жəне т.б. элементтеріне тəуелді.
Оқушылар санына, оқу уақыты мен орынына, іске асыру тəртібіне орай оқу формасы əрқилы болып келеді. Қазіргі мектеп тəжірибесінде келесідей оқу формалары қалыптасқан: жеке-дара, топтық, толық сыныптық, ұжымдық, жұптастық, дəрісханалық жəне дəрісханадан тыс сыныптық жəне сыныптан тыс, мектептік жəне мектептен тыс, əлбетте, мұндай топтастырудың (классификация) жетілген ғылыми негіздемесі əзірге болмай тұр. Дегенмен, осы тұрғыдан оқу формаларының көптүрлілігін біршама ретке келтіру мүмкін.
Жеке-дара оқу формасы мұғалімнің бір оқушымен педагогикалық қатынасқа келуінен құралады.
Оқудың топтық формасында оқушылар əрқилы мүдде- мақсатқа орайласқан топтарда оқиды, тəрбиеленеді.
Толық сыныппен жұмыс (фронталь) формасы оқуда мұғалім бір мезетте барша оқушылармен, біркелкі тапсырма, міндет белгілеп, сынып қатысушыларының бəріне ортақ іс-əрекеттер төңірегінде бірқалыпты оқу жұмыстарын алып барады.
Оқудың ұжымдық формасы. Бұл оқу түрінің фронталь оқу формасынан өзгешелігі: сынып оқушылары өздеріне тəн ара қатынас, өзара ықпал жасау ерекшеліктерін сақтаумен біртұтас, мақсат-мүддесі ортақ, біртекті жұмыс бағытында бірігіп, бекіген ұжым ретінде қарастырылады.
Жұптасып оқуда негізгі өзара байланысты оқу əрекеттері екі оқушының қатысуымен орындалады.
Дəрісханалық жəне дəрісханадан тыс, сыныптық жəне сыныптан тыс, мектеп ішілік жəне мектептен тыс оқу жұмыстары өздерінің өткізілетін орындарымен белгіленеді.
Оқу ұйымдастыру формасы – бұл оқу процесінің жекеленген бөлігінің құрылымы, дəрістің белгілі бір түрі (сабақ, дəрісбаян, семинар, саяхат, факультатив дəріс, емтихан, сынақ жəне т.б.)
Оқудың ұйымдастырылу формалары əрқилы негіздемелерге байланысты қарастырылуы мүмкін.
— Оқу процесінде басым болған мақсатқа орай – кіріспе сабақ; білімді тереңдете оқыту дəрісі; практикалық сабақ; білімді жүйелестіру жəне қорытындылау сабағы; білім, ептілік жəне дағдыларды бақылау, тексеру сабағы; аралас сабақ формалары.
— Дидактикалық мақсаттарға орай – теориялық, практикалық, еңбектік, аралас сабақтар формалары;
Жеке-дара өтілетін дəріс түрлері: репетиторлық , тьюторлық, менторлық, гувернерлық, отбасылық оқу, өзіндік оқу.
Ұжымды-топтық сабақ түрлері өз ішіне дəрісбаян, семинар, конференция, олимпиада, оқу саяхаттары жəне іскерлік ойындарды қамтиды.
Даралықты-ұжымды дəрістер-пəн, тақырып жұмыстарына толық шомдыру (погружение), шығармашылдық апталары, ғылыми апталар, жоба (курстық, диплом) жұмыстары.
Оқу формаларының қалыптасуы мен жетіліп баруы
Оқу формалары қозғалысты, қоғам, өндіріс, ғылымның даму деңгейіне тəуелді пайда болады, өрістейді, бірі бірімен ауысып отырады. Əлемдік білім тəжірибесі тарихында əрқилы оқу жүйелері қалыптасып, олардың əрқайсысы өзіне ыңғайлы оқу формаларына сəйкес, қолданылған.
Алғашқы адамзаттық қауымның өзінде-ақ тəжірибені бір адамнан екіншіге, ересектен жас əулет өкіліне өткізу мақсатында жеке-дара оқыту жүйесі іске асырылды. Бірақ мұндай жолмен көп санды оқушы қамту мүмкін болмады. Қоғамның бұдан былайғы дамуы сауатты адамдардың көп болғанын қажет етті. Осыдан жеке–дара оқыту басқаша ұйымдастыру формаларымен ауыса бастады. Дегенмен, жеке-дара оқыту өз маңызын осы күнге дейін жоғалтпастан, репетиторлық, тьютарлық, менторлық, гувернерлық оқу формаларында қолданым табуда.
Репетиторлық, əдетте, оқушыны емтихан жəне сынақ тапсыруға дайындаумен байланысты.
Тьюторлық пен менторлық шет елдерде кең тараған жеке-дара оқыту формасы. Оқушының білім жолындағы іс-əрекетінің өнімділігін арттыруда өте пайдалы. Ментор немесе ұстаз –оқушы кеңесшісі, оқылып жатқан пəн мазмұнына даралық сипат береді, тапсырмалар орындауға жəрдемдеседі, тұрмысқа бейімделуге көмек көрсетеді. Тьютор-оқушыға ғылыми жетекшілік жасап, оны конференцияларға, ғылыми іс-шараларға дайындайды.
Соңғы кездерде отбасылық оқу-тəрбие формасы — гувернерлық қайта жаңғыруда.
Ғылыми білімдердің дамуы мен білім аймағына көпшілік қауымның тартылуымен жеке-дара оқыту жүйесі даралықты-топтық оқыту формасымен ауысуда. Мұндай оқытуда мұғалім балалардың бүтін бір тобымен оқу жұмысын алып барады, бірақ дəріс жеке оқушымен жұмыс сипатын жоймайды. Мұғалім дайындығы əр деңгейлі, əр жастағы 10-15 баламен шұғылданады. Ол кезегімен əр оқушыдан өтілген материалды сұрастырып, əрқайсысына жаңа оқу материалын жеке түсіндіріп, дара тапсырмалар беріп отырады. Балалардың бəрі бірдей, мұғалім пайымдауынша, дəріске байланысты ғылым негізін, кəсіп не өнерге тиесілі материалды меңгергенше аталған оқу жұмыстары қайталанады. Дəрістің басталуы мен аяқталуы, оқу мерзімі əр оқушы үшін даралықты сипатымен ерекшеленеді. Осыдан оқушы мектепке оқу жылының өзі қалаған мерзімінде, күннің өзі таңдаған мезетінде келуге құқылы болды.
Даралықты-топтық оқу əрқандай өзгерістерге ұшырап, біздің заманымызға дейін сақталып келді. Ауылдық жердегі оқушы саны өте аз бастауыш мектептер мұның айғағы. Бір оқу бөлмесінде бірінші сынып бағдарламасымен
оқитын 2-3 бала, бірнешесі-екінші сынып материалын игеріп жатқан оқушылар отыруы мүмкін.
Орта ғасырларда қоғамның əлеуметтік-экономикалық ілгерілі дамуына байланысты білімді тұлғалардың көптеп қажет болуынан білімдену аймағы өрістей кеңіді. Бір қатар жастағы балаларды бір топқа біріктіре оқыту мүмкіндігі туындады. Осыдан оқудың сынып-сабақтық жүйесі пайда болды. Бұл жүйе XVI ғ. Белорусия мен Украина мектептерінде қалыптасып, өзінің теориялық негіздемесін XVIІ ғ. Ян Амос Коменскийдің “Ұлы дидактика” кітабында тапты.
Бұл жұйенің сыныптық белгісі-белгілі бекіген құрамды, теңдей жастағы балалар тобының (сыныбының) болуы. Сабақтық аталуы-оқу процесі қатаң белгіленген уақыт аралығында – дəрісте өткізілуінен.
Сабақ теориясына Я.А. Коменский дəуірінен кейінгі кезеңде елеулі үлес қосқан белгілі орыс педагогі К.Д. Ушинский болды.
Сынып-сабақтық жүйе барша елдерде кеңінен тарап, уақыт озуына қарамастан өзінің негізгі белгілерімен əлі күнге дейін сақталуда.
Алайда, XVIІІ ғ. соңына қарай сынып — сабақтық жүйе орнына қолданылғандай оқуды ұйымдастырудың жаңа формаларын іздестіру көбіне оқушылар санын ұлғайту жəне оқу процесін басқару проблемаларымен байланысты болды.
Сынып-сабақтық жүйені реформалаудың алғашқы қадамын XVIІІ ғ. аяғында- XIХ ғ. басында ағылшын священнигі А. Белл мен мұғалімі Дж. Ланкастер жасады. Олардың ниеті- жұмысшылар арасында бастау білімдерді кеңінен ен жайдыру қажеттігі мен оқыту жəне мұғалім дайындығына жұмсалатын қаржыны көбейтпеу аралығындағы қарама-қайшылықты үйлестіру еді.
ХІХ ғ. ақырында АҚШ-та батав жүйесі, ал Батыс Европада мангейм жүйесі аталған таңдамалы оқу формалары пайда болды. Біріншісінің мəні-мұғалім уақыты екі бөліктен тұрады: алғашқысы-бүкіл сыныпен ұжымдық оқу ісіне арналады да, ал екінші бөлімінде қажетсінген оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіледі.
Мангейм (Европада) қаласында қолданылған мангейм оқу формасы негізінен сынып сабақтық оқу талаптарын сақтай отырып, оқушылардың қабілеттеріне, ақыл-парасат даму деңгейі мен дайындық дəрежесіне қарай əртүрлі сыныпқа бөліп отыруды көздеді.
1905 ж. Дальтон (АҚШ) қаласында алғашқы рет Елена Праксхерт қолданып, дальтон-план аталған жекеленген оқу жүйесі пайда болды. Бұл жүйе педагогикада көбіне зертханалық немесе шеберханалық оқу жүйесі деп те аталады. Жүйенің алға қойған мақсаты-оқушыға өзіне тиімді шапшаңдық жəне қарқынмен оқып, өз қабілетіне орай білім игеруге мүмкіндік беру. Оқушылар əр пəнге байланысты жылдық тапсырмаларын алу мен белгіленген мерзімде олар бойынша есеп беріп отырды. Дəстүрлі сабақ формасындағы оқу шегерілді, баршаға ортақ дəрістер кестесі болмады. Оқушылар табысты оқуы
үшін қажетті оқулықтардың, əдістемелік нұсқаулардың бəрімен қамтамасыз етілмеді. Ұжымдық оқу жұмысы күніне бір сағат өтіліп, қалған уақытта олар пəн шеберханалары мен зертханаларында өзіндік жеке дəріспен айналысты.
Жұмыс тəжірибесі көрсеткендей, оқушылардың көбінің мұғалім жəрдемінсіз дербес білім игеруге шамасы жетпейтіні белгілі болды. Сонымен дальтон –план педагогикалық іс-тəжірибеде кең өріс жая алмады.
1920-жылдары дальтон-план ғалымдар мен мектеп қызметкерлері тарапынан қатаң сынға кезікті. Дегенмен, сол уақыттың өзінде ол ССРО-да пайда болған оқудың бригадалық- зертхана формасына өрнекке алынып, қатаң құрылымды сабақты ығыстырды. Бригадалық –зертхана оқуының дальтон-планнан ерекшелігі – бүкіл сыныптың ұжымдық жұмысы бригадалы топ оқу ісі мен əр оқушының жеке оқуы арасындағы байланысқа негізделді. Жалпы дəрістерде оқу жұмыстары жоспарланды, тапсырмалар талқыланды, мұғалім қиын сұрақтарды түсіндірді жəне көпшілік оқу іс-əрекетін қорытындылады. Бригада тапсырмасын белгілей отырып, мұғалім оның орындалу уақытын көрсетті, əр оқушының міндетті оқу тапсырмасын анықтап, қажет болса, əрбір оқушының шамасын байқап, оған бөлінген тапсырмаларға даралықты сипат беріп отырды.
Əмбебап оқу жүйесі ретінде қабылданған бригадалы-зертхана оқуына тəн сипаттар: мұғалімнің жетекші ролі мойындалмады, оның қызметі оқушыларға ретті кеңес берумен шегерілді.
1960 жылдары американдық педагогика профессоры Л.Трамп ізденісіне байланысты жарық көрген Трамп жоспарымен оқу жүйесі үлкен маңызға ие болды. Оқуды ұйымдастырудың бұл формасында үлкен дəрісханалардағы (100-150 адам) оқуды 10-15 адамдық шағын топтар мен жеке оқушылар
жұмыстарын байланыстыра жүргізу көзделді. Əрқилы техникалық жабдықтармен өтілетін жалпы дəрісбаяндарға оқу уақытының 40%, дəрісбаяндарды талқылау жəне кей бөлімдерді тереңдей меңгеру мен ептілік жəне дағдылар қалыптастыру семинарларына 20% бөлініп, ал қалған уақытты (40%) оқушылар мұғалім не жетекші оқушы басшылығында өз бетінше оқу ізденісіне пайдаланды. Бұл жүйеде сынып шегеріліп, шағын топтар құрамы тұрақсыз болды.
Қазіргі уақытта Трамп жоспары бойынша аз санды жеке меншікті мектептер ғана жұмыс істейді, ал көпшілік оқу орындарында бұл жүйенің кейбір элементтері сақталған, атап айтсақ, олар – бір пəнді оқытушылар бригадасы алып барады (біреулері дəрісбаяндар жүргізсе, басқалары семинарлар ұйымдастырады); үлкен топ оқушыларымен дəріс жүргізу үшін арнайы білімі болмаған жəрдемшілер тартылады; кіші топтарда өзіндік жұмыстар ұймдастырылады. Жалпы білім беретін мектепке жоғары оқу орындарындағы білім жүйесін қарадүрсін енгізумен бірге Трамп жоспары даралықты оқу принципін ұстана отырып, оқушыға білім мазмұны мен оны игеру əдістерін таңдауда толық еркіндік береді. Бұл жоғарыда аталған кей жүйелердегі
мұғалімнің жетекшілігін мойындамай, білім стандартынан бас тартудың əлі де сақталуына жол қойып отыр.
Оқу ұжымдастырудың ерекше формасы шомдыру (погружение): оқушы белгілі уақыт (бір не екі апта) аралығында бір немесе екі пəнді игерумен ғана айналысады. Осыған сəйкес Вальдорф мектептерінде дəуірлер бойынша оқу ұйымдастырылған.
Оқуды ұйымдастыру формалары дамуының қысқаша тарихы осылайша.
Жоғарыда аталған барша жаппай оқыту формаларының арасында үлкен тұрақтылығымен сақталғаны сынып-сабақтық оқу жүйесі. Шынымен де, осы оқу формасы педагогикалық ой мен жаппай мектеп озық тəжірибесінің аса құндылықты жемісі.
Оқу процесін ұйымдастыру формалары
Оқу процесі əрқилы ұйымдастырылуы мүмкін. Оның ұйымдастырылу формалары да сан түрлі: сабақ (дəстүрлі түсінімде), дəрісбаян, семинар, конференция, зертхана-практикалық дəріс, практикум, факультатив, оқу саяхаты, курстық жоба, дипломдық жоба, өндірістік практика, өзіндік үй жұмысы, кеңес, емтихан, сынақ, пəн үйірмесі, шеберхана, студия, ғылыми қоғам, олимпиада, конкурс жəне т.б.
Қазіргі заманда еліміз мектептері тəжірибесінде оқушыларға келелі тəлім-тəрбие берудің бірден-бір формасы да, құралы да– сабақ өз маңызын жойған емес.
Сабақ – оқу процесін ұйымдастырудың ең тиімді формасы. Бұл оқу барысында педагог дəл белгіленген уақыт аралығында оқушылардың тұрақты тобымен (сыныбымен) шəкірттерге игерілуі тиіс пəн негіздерін қабылдауына тиімді жағдайлар жасап, қажетті жұмыс түрлерін, құрал-жабдықтары мен əдістерін қолданып, танымдық жəне басқа да іс-əрекеттерді
ұйымдастырады, онымен бірге оқушыларды тəрбиелеп, олардың шығармашыл қабілеттері мен рухани күштерінің көзін ашып, жетілдіріп, дамыта түседі. Əр сабақ негізгі бірліктерден құралады.Олар – жаңа материалды түсіндіру, бекіту, қайталау, білім, ептілік, дағдыларды тексеру. Бұлардың əрбірі мұғалім мен оқушының қандай да өзіндік сипатына ие іс-əрекетімен ұштасады. Аталған бірліктер сан қилы байланысқа түсіп, сабақ құрылымының, оның кезеңдері арасындағы көптеген сан жəне сападағы көрініс береді.
Сабақ құрылымы – бұл белгілі бірізділікті жəне өзара қарым-қатынасқа келген дəріс бірліктерінің байланыс тұтастығы. Құрылым əрқашан дидактикалық мақсатқа, оқу материалының мазмұнына, оқушылардың жас айырмашылықтары мен ұжым сипатындағы сынып ерекшеліктеріне тəуелді. Сабақ құрылымының көптүрлілігі сабақ типтерінің де сан алуандығына жол ашады.
Бүгінгі дидактикада сабақ типтерінің жалпылай қабылданған нақты классификациясы жоқ. Мұның басты себебі – сабақта мұғалім мен оқушы
арасындағы өзара байланысқа түсетін ықпалдас іс-əрекеттердің алдын ала болжамға келе бермейтін күрделілігі мен көп тараптылығында.
Бүгінгі дидактика сабақ типтерін олардың басты сипатына орай төмендегіше топтастырады:
дидактикалық мақсаттарға байланысты сабақ типтері:
— жаңа білім материалын хабарлау;
— білімді бекіту;
— ептіліктер мен дағдыларды қалыптастырып, бекіту;
— қорытындылау;
— білім, ептілік жəне дағдыларды тексеру (бақылау) сабағы.
Оқу дəрістерін өткізу тəсілі бойынша сабақ типтері:
— оқу саяхаттары;
— кино-теле-сабақтар;
— өзіндік жұмыс сабақтары жəне т.б.
Дəріс бірліктерінің басымдылығын негізге алған арнайы сабақ типтері:
— жаңа материалды игеру;
— бекіту;
— қайталау;
— білімді бақылау, тексеру.
Егер арнайы сабақ типтерінің мақсаттары мен жұмыс түрлері не олардың элементтері бір дəрісте тоғысатын болса, ондай сабақты аралас сабақ деп атау қабылданған.
Сабақтан басқа да, жоғары да айтылғандай, оқуды ұйымдастырудың əртүрлі формасы баршылық. Солар арасында аса ерекше көзге түсетіні – дəрісбаян (лекция).
Дəрісбаян – оқу процесінің өзіндік анайы құрылымымен танылған тəлім-тəрбие формасы. Дəрістің басынан ақырына дейін оқытушы жаңа оқу материалын баяндап, ұсынады, ал оқушылар сол материалды белсенділікпен қабылдайды. Дəрісбаян оқу ақпаратын ұсынудың ең тиімді тəсіл жолы, себебі оқу материалы қисыны нақтыланған формада шоғырландырылып беріледі. Мұндай сабақ аяқ асты, суырып салмалыққа мүмкіндік береді, осыдан дəріс тыңдармандардың белсенділік көтеріңкілігіне дем беріп, сабаққа араласып отыруына қолдау-қуаттау көрсетеді, сонымен бірге оқу процесіне шығармашыл сипат ендіріп, сабақ ақпаратына болған қызығушылықты арттырады.
Дидактикалық мақсаттарына жəне оқу процесіндегі орнына байланысты дəрісбаян: кіріспе, айқындау (установочная), ағымдық , қорытындылау жəне шолу- түрлерімен ажыралады.
Оқу дəрістерін өткізу əдіс-тəсілдеріне орай дəрісбаян түрлері төмендегідей:
— ақпараттық дəрісбаян – түсіндірме-көрнекілік əдіспен өткізілетін дəстүрлі, ежелден келе жатқан оқу түрі;
— проблемді дəрісбаян- оқу материалының ұсынылуы шешімі қажет болған сұрақтар, мəселе-міндеттер, жағдай-ситуациялар қолданумен өтілетін оқу формасы. Таным процесі-ғылыми ізденіс, диалог, талдау, əрқилы көзқарастарды салыстыру жəне т.б. жолдармен орындалатын оқу шарты;
— көрнекілі (визуалды) дəрісбаян – оқу материалын техникалық оқу құралдарын, аудио, теледидар қолдану арқылы, түсіндірме бере отырып, оқыту жүйесі;
— бинарлы дəрісбаян (диалогты дəрісбаян) – оқу материалын екі оқытушының — бірі ғалым, екіншісі – практик немесе екі ғылыми бағыт өкілдерінің сұхбаты негізінде жеткізу формасы;
— шатастыру дəрісбаяны (лекция провокация) –мұндай дəрістер алдын ала жоспарланған қателіктермен беріледі. Мұндағы мақсат –оқушылар ынтасына дем беріп, ұсынылып жатқан материалға бақылау қоюға жəне көзделген олқылықтарды байқауға үйрету. Дəрісбаян соңында тыңдаушылар білімі сарапқа салынып, жіберілген қателіктерге талдау беріледі;
— дəрісбаян –конференция – ғылыми-практикалық сабақ түрінде күн ілгері белгіленген, оқу бағдарламасына сəйкес проблемалар төңірегінде баяндамалар тыңдау жолымен өткізіледі. Сабақ аяғында оқытушы қорытынды жасайды, ақпаратты толықтырады əрі нақтылайды, негізгі тұжырымдар жасайды;
— Кеңес дəрісбаяндар «сұрақ-жауап» не «сұрақ-жауап-сөз-жарыс» күйінде материалды оқушыға жеткізу формасы;
— Екеу дəрісбаяны (лекции вдвоем)- бір пəн не тақырып бойынша екі маман бір уақытта дəріс жүргізеді. Оқушылар қатысына орай оқытушы рейтингі анықталады.
Дəрісбаян түрлері басқа да негіздемелер бойынша:
— жалпы мақсаттарына байланысты оқыту-ағарту, үгіттік, насихаттық, тəрбиелік, дамытушылық дəрісбаяндары ажыралады;
— мазмұны бойынша; академиялық жəне ғылыми көпшілік дəрісбаяндары белгілі;
— ықпал-əсеріне орай: көңіл-күй, түсінім, иландыру деңгейіндегі дəрісбаяндар қолданылуда.
Құрылымдық жағынан, əдетте, дəрісбаян үш: кіріспе, негізгі жəне қорытынды – бөлімнен тұрады. Кіріспе бөлімде тақырып нақтыланады, жоспар мен міндеттер таныстырылады, негізгі жəне қосымша əдебиеттер көретіледі, өтілген материалдармен байланыстар түзіледі, тақырыптың теориялық жəне практикалық маңызы сипатталады. Негізгі бөлімде проблема мазмұны ашылып, өзекті идеялар мен ұстанымдар нақтыланады, олар арасындағы байланыстар, қатынастар көрсетіліп, құбылыстар талданады, қалыптасқан тəжірибе мен ғылыми зерттеулерге баға беріледі, даму болашағы жөнінде жол — жоба анықталады. Қорытынды бөлім қызметтерінің мəні – мазмұн нақтылы үйретіліп, негізгі теориялық көзқарастар қысқаша қайталанып, жалпыланады, қорытынды ой-сөз жүйесіне келтіріліп, сұрақтарға жауаптар беріледі.
Семинар -меңгеріліп жатқан мəселелер, баяндамалар мен рефераттарды ұжымдық талқылау формасында өтетін оқу дəрісі. Семинарлардың басқа сабақтардан өзгешелігі — оқушылардың оқу-танымдық іс-əрекеттері көбіне олардың өзіндік жұмыстары негізінде ұйымдастырылады. Семинар желісінде тұңғыш дерек көздерінен, құжаттардан, қосымша əдебиеттерден, оқудан тыс ізденістер барысында алынған оқушылардың білімдері тереңдетіледі, жүйеге келтіріледі жəне бақыланады; дүниетанымдық бағыт-ұстанымдары , бағалау-сұрыптау ой-пікірлері жүйелі бекімге келтіріледі.
Оқу конференциясы – білім арттыру, бекіту жəне жетілдіруге бағытталған оқу ұйымдастыру формасы. Əдетте, мұндай форма бірнеше топтардың қатысуымен өткізіледі.
Зертхана-практикалық сабақтар, практикумдар – оқушылардың мұғалімдер тапсырмалары жəне басшылығында зертханалық тəжірибе жұмыстар орындауына арналған оқу ұйымдастыру формасы. Бұл оқу түрі пəн кабинеттерінде , зертханаларда, шеберханаларда, оқу-тəжірибе алаңдарында, оқушылардың өндірістік бригадаларының қатысуымен өндіріс комбинаттарында өткізіледі.
Мұндай дəрістердің негізгі дидактикалық мақсаттары — өтілген теориялық материалдардың эксперименталды негіздемесіне көз жеткізу; эксперимент техникасын меңгерту; тəжірибелер өткізу арқылы оқу-тұрмыстық міндеттерді шешу ептіліктерін қалыптастыру; əрқилы оқу жабдықтары мен техникалық құралдарды пайдалануға дағдыландыру.
Бұл сабақтар сонымен бірге бағдарламадағы ірі бөлімдерде берілген теориялық материалдар игерімін бақылау, қадағалау үшін қолданылады. Факультатив сабақтар — оқу пəндерін оқушылардың өз таңдауы жəне қызығуларына орай тереңдете оқуына арналып, шəкірттердің ғылыми-теориялық білімдері мен практикалық ептіліктерін дамытуды көздейді.
Білім беру міндеттеріне сəйкес факультатив түрлері келесідей:
— негізгі оқу пəндерін тереңдете игеру;
— қосымша пəндерді (логика, риторика, шет ел тілдері жəне т.б.) меңгеру;
— мамандық (стенография, компьютерлі, бағдарлама түзу) алуға байланысты қосымша пəндерді өту;
Факультатив бағыттары теориялық, тəжірибелік немесе аралас болуы мүмкін.
Оқу саяхаттары -əрқилы нысандар мен қоршаған дүние құбылыстарын оқушылардың тікелей бақылау жəне зерттеуіне арналып, өндіріс, мұражай, көрме, табиғат аясы жағдайларында жүргізілетін оқу ұйымдастыру формасы.
Бақылау нысандарына байланысты оқу саяхаттары өндірістік , табиғат тану, өлке тану, əдеби, жағрапиялық жəне т.б. болып ажыралады.
Саяхаттық оқу формасының дамыған түрі – бұл экспедиция –экологиялық жағдайлармен таныуға , тарихи деректер, жəне ауызекі əдебиет материалдарын жинауға бағышталған оқу жорықтары.
Курстық (жоба) жұмыс –оқу ұйымдастыру формасы ретінде жоғары мектеп жүйесінде оқу пəнін игерудің қорытынды кезеңінде пайдаланылады. Ол меңгерілген бөлімдерді болашақ мамандардың іс-əрекет аймағымен байланысқан өндіріс-техникалық не басқа міндет, мəселелерін шешуде пайдалану мүмкіндігін ашады.
Оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сəйкес білім орындарының оқушылары курстық жоба не курстық жұмыс жазады. Мұндай жұмыстар жалпығылымдық , математикалық не арнайы пəндер бойынша дайындалады. Оларды орындау барысында студенттер техникалық, технологиялық жəне математикалық проблемаларды шешеді.
Курстық жұмыс жалпы гуманитарлық, жалпы кəсіби жəне арнайы пəндер бойынша жазылады. Олардың дайындалу барысында оқушылар оқу-ізденіс, зерттеу сипатындағы мəселе, міндеттермен айналысады.
Дипломдық жоба- білім беру мекемесіндегі бүкіл оқу процесінің аяқталу кезеңінде қолданылатын оқу ұйымдастыру формасы. Бітіруші түлек ғылыми-теориялық, өндірістік-экономикалық маңызы бар тақырыпта диплом жобасын түзеді не дипломдық жұмыс жазады жəне қорғайды, соның негізінде Мемлекеттік біліктілік комиссиясы студентке мамандық біліктілігі лауазымын беру жөнінде шешім қабылдайды.
Өндірістік практика — жоғары мектепте оқу процесін ұйымдастырудың көп формаларының бірі.
Өндірістік практиканың дидактикалық мақсаттары – кəсіби ептіліктер мен дағдылар қалыптастыру, сонымен бірге шынайы болмыста қолдану арқылы игерілген білімдерді кеңіту, бекіту, қорытындылау жəне жүйелеу.
Өндірістік практиканың құрылымы практикалық оқу мазмұнына байланысты айқындалып, нəтижеде ол маманның кəсіби іс-əрекетке болған біртұтас дайындығын, яғни нақты маманның өз біліктілігінің сипаттамасына сəйкес кəсіби қызмет лауазымдарын атқаруға дайын болуын қамтамасыз етуі шарт.
Үйдегі өзіндік жұмыстар — дəрісхана оқуларынан тыс білім игеру процесінің құрамдас бөлігі. Мұндай оқу қызметінің маңызы бүгінгі таңда өте жоғары, себебі қазіргі нарықтық кезең əрбір оқушыдан үздіксіз өзіндік білім жинақтау мен дербес танымдық іс-қызмет дағдыларын қалыптастырып, жетілдіріп баруды талап етуде.
Оқушының ой-өрісі, ерік қабілеті мен ұнамды мінез қасиеттерінің дамуы осы үйдегі өзіндік оқу жұмыстарының дұрыс жолға қойылуынан.
Кеңес – оқу формасы ретінде оқушыға жетімсіз игерілген не тіпті игерілмеген оқу материалы бойынша жəрдем көрсету мақсатында ұйымдастырылады. Пəнді тереңдей меңгеруге қызығу білдірген оқушыларға өз алдына кеңес өткізіледі. Кеңестерде оқушылар емтихан жəне сынақтарда қойылатын талаптармен таныстырылады.
Жеке-дара жəне топтық кеңес түрлері ажыралады.
Емтихан- оқушылар білімін жүйелестіру, анықтау жəне бақылау мақсатында ұйымдастырылатын оқу формасы. Емтихандардың білім игерудегі маңызы – көп күш-қуат талап ететін қиыншылық жағдайларында оқушының ақыл-парасат, ерік, мінез қабілеттерін жүзеге шығарып, жедел дамуына дем беру.
Емтихан өткізудің əрқилы формалары: емтихан билеттеріндегі сұрақтарға жауап беру, шығармашылық жұмыс орындау, жарыстарға қатысу, зерттеу нəтижелерін қорғау, тест сынақтары жəне т.б. – қолданылады.
Сынақ — міндет, мəні бойынша емтихандармен жақын оқу формасы. Сынақты емтихан алдындағы дайындық оқу ісі ретінде қарастыруға да болады.
Пəн үйірмелері жəне осы тектес басқа да оқу формалары (шеберханалар, зертханалар, кафедра, студия)- бағыт-бағдары, мазмұны, жұмыс əдістері, оқу уақыттары жəне т.б. бойынша көп түрлілігімен ерекшеленеді. Пəн үйірмелеріндегі оқу-жұмыстары шəкірттердің қызығулары мен бейімділіктерін, оқуға болған ұнамды қатынастарын дамытып, білім игеру сапасын арттырады.
Үйірме жұмысының негізінде ғылыми қоғамдар (кіші академиялар жəне т.б.) ұйымдастырылуы мүмкін. Олар мектептегі көптеген үйірмелер жұмыстарының басын біріктіріп, реттестіреді; көпшілік шараларға ұйытқы болады, конкурстар мен олимпиадалар ұйымдастырып, өткізеді.
Конкурс жəне олимпиадалар –оқушылардың білім игеру жолындағы белсенді қызметтеріне дем беріп, оларды өрістете түседі, шығармашылық қабілеттерін арттырады, бəсеке, жарыс жеңісіне ынталандырады. Конкурстар мен олимпиадалар əрқилы деңгейде: мектеп, аймақтық, республикалық, халықаралық — өткізіледі. Соңғы кезеңдерде мұндай оқу формаларының қашықтықтан интернет торабы арқылы ұйымдастырылатын мүмкіндіктері пайда болды.
Студенттің өзін өзі бақылауға арналған сұрақтар.
- Оқудың ұйымдастырылу түрі деген не?
- Оқудың сынып-сабақтық формасының ерекшелігі неде?
- Сабақ құрылымының əртүрлі болуының себебі қандай?
- Оқу процесінің əртүрлі ұйымдасу формаларына өз тəжірибеңізден мысал келтіріңіз.
- Негізгі оқу түрлері жəне олардың ерекшеліктері қандай?
Әдебиеттер:
1.Бабаев С.Б, Оңалбек Ж.К. «Жалпы педагогика» Алматы 2006.
2.С.Ш. Әбенбаев, А.М. Құдиярова, Ж.Ә. Әбиев «Педагогика» Астана 2003.
3.Ж. Әбиев, А.М. Құдиярова, С. Бабаев «Педагогика» Алматы 2004.
4.Бержанов К.Б., Мусин С.М., Педагогика тарихы. Алматы-2004.
5.Дүсембекова Ш.Д. Педагогика. Семей 2004 ж.