XIX ғасырдағы қазақ халқының музыка өнері

 

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы эпикалық шығармалар негізінен халықтың қаһарман батырлары Абылай мен Кенесарының ерлік істерін суреттейді. Қыз ұзату, келін түсіру тойлары, рулар мен тайпа басыларының жиындары әдетте ән салу, күй тарту сияқты салтанатты жағдайда басталатын. Қазақтардың жазға қарай жайлауға, кысқа қарай қыстауға көшетін кездері де осындай ойын-сауық салтанатымен өтетін. Ән салу, күй тарту қазақ даласындағы жәрмеңкелердің де сәнін кіргізетін. Әр түрлі еңбек үрдістері мен тұрмыстық салт-сана жоралары да ән мен күйге ұласатын. Сондай-ақ бесік жырлары мен балаларға арналған әндер де кеңінен таралған дәстүрлі әдет-ғұрып болатын. Бұл кезеңде қазақтарда айтыс өнері кең өріс ала бастады. Әдетте әр рудың өз айтыс ақыны болған. Олар өз руының атақты адамдары — батырлары мен билерін, балуандарын мадақтап, дәріптеген, оларды өзгелерге үлгі етіп көрсете білген. Айтыс ақындары өлеңді алдын ала дайындамаған, нақты жағдайға орай аяқ астынан суырып салып айтатын. Олар бірінің сөзін бірі іліп алып кетіп, өлеңмен сөз сайысына түс- кен. Айтыс ақындары өздерінің білімін, ақыл-парасатын, шешендігі мен тапқырлығын танытуға бар күшін жұмсайтын. XIX—XX ғасырлардың бас кезіндегі қазақтардың поэзиясы халықтың ежелден қалыптасқан мәдениетімен, дәстүрлерімен және әдет-ғұрыптарымен тығыз байланысты болды. XVIII ғасырдың аяғынан бастап қазақ әдебиетінде бұрынғы әншілік-жыршылық дәстүр біртіндеп ығыстырылып, оның орнын жеке поэтикалық шығармашылық ала бастады. Егер бұрын батырлардың ерлік істерін дәріптеу басым болып келсе, XIX ғасырдан бастап күнделікті тұрмыс-тіршілік тақырыбына тереңдеп ену байқалды. Ақындар өмір жайлы толғанысында шығармашылықтың өзіндік дара жолын іздеуге тырысты, жаңа кәсіби поэзия қалыптаса бастады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *