Энеолит заманының өндірістегі және қоғамдық өмірдегі жетістіктері

Адамзат баласының металдан жасалган құралдарды игере бастауы б.з.б.3000 жылдары басталады. Мыс-тас дәуірінде мыстан жасалған құралдар өндіріске енгізілді. Еңбек құралдарының жетілдірілуі. Мыс жеңіл әрі қалаған пішінге келтіруге ыңғайлы болды. Адамдар мыстан қанжар, балта, әйелдердің сәнді бұйымдарын және т.б. заттар жасады. Ол үшін саз балшықтан немесе жұмсақ тастан қажетті қалып жасап, оған балқыған мысты құйды. Ертедегі зергерлер әйелдердің әсем заттарын мыстан құйып әзірледі. Одан жасалған әшекейлер сәндігімен ерекшеленді. Сонымен қатар мыстан ыдыстар жасады. Мыстан жасалған ыдыстардың бүйірі шығыңқы, мойны ашық келіп, сыртына тұтастай өрнектер салынған және ирек сызықтармен әшекейленген. Шеберлер еңбек құралдарын мыстан дайындай бастады. Алайда мыс жұмсақ болғандықтан, одан жасалған еңбек құралы тез тозды және ауыр жұмыстарға (жер қазу) жарамады. Дегенмен, оның еңбек өнімділігін арттырудағы маңызы зор еді.

Қоғамдық еңбек бөлінісі. Мыс-тас дәуірі қоғамында екі ірі өзгеріс орын алды: еңбек бөлінісі пайда болды және аталық ру орнай бастады. Ең алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісі шаруашылықтың — егіншілік пен мал шаруашылығы болып бөлінуі еді. Бірақ, энеолитте бастапқы кезде бірыңғай егіншілікпен айналысатын тайпалар әлі қалыптаспады. Өйткені теселі егіншілік адамды тамақпен толық камтамасыз ете алмады. Сондықтан бұл тайпалардың мал шаруашылығымен де, аң және балық аулаумен де айналысуына тура келді. Ал мал шаруашылығымен шұғылданғандардың көп бөлігі егіншілікпен мүлдем айналыспады. Мал бағу егіншілікке карағанда өнімді көп беретін. Еңбек құралдарының жетілуі барысында мыс-тас дәуірінде еңбек бөлінісі толық орнықты. Енді, бірте-бірте тек қана мал немесе егіншілікпен айналысатын тайпалар қауымы қалыптасты. Бұл бөлініс шаруашылықтың дамуына ерекше әсер етті. Адамзат даму барысында еңбек құралдарын үнемі жетілдіріп отырды. Тесені мыстан, ағаштан жасалған соқаның алмастыруы егіншіліктің маңызын күшейтіп, еңбек өнімділігі арта түсті. Қоғамдық еңбек бөлінісі, металл өндірісі және мал шаруашылығы маңызының арта түсуі ер адамдардың қоғамдағы рөлін жоғарылатты. Өндірісте әйел рөлінің төмендеуі отбасында еркектердің билік жүргізуіне алып келді. Рулық қауымның негізін көбінесе патриахалдық отбасылар құрайтын болды, онда ер адамдардың үстемдігі қалыптасты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *