Берел қорымы – сақ дәуірінен сақталған тарихи ескерткіш.Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 – 8 км жерде орналасқан. Қорым солтүстігінде Берел және Бұқтырма өзендерінің қосылған жерімен, оңтүстігінде Қансу өзенімен, ал батысы мен шығысында таулармен шектелген Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы алаңда орналасқан. Қорымдағы ең ерте обалар б.з.б. 4-3 ғасырларда үйілген (2400-2300 жылдары бұрын), ал кейінгілері көне түркілер дәуірімен мерзімделеді — б.з. 7-8 ғасырларда (1200-1300 жылдары бұрын). Алғаш 1865 жылы В.В.Радлов, 1959 жылы С.С.Сорокин зерттеді. 1998 жылы Халықаралық қазақ-француз экспедиция (жетекшісі З.Самашев) қорымның жаңа жобасын болжап, бірнеше қорғанды зерттеді. Қорым 3 қорғандар тобынан тұрады. Берел қорымында 1997 жылдан қазіргі кезге дейін 20 ескерткіш зерттелді, солардың ішінде №4, 9, 10, 11 обаларынан тоң басқан қабірлер аршылды.
Шілікті патша қорғандары — Шығыс Қазақстанның далалық аймақтарында, әсіресе, Тарбағатай мен Маңырақ тауларының арасында, Зайсан ауданының жерінде алып патша корғандары кездеседі. Оның ең көп шоғырланған жерін Шілікті ескерткіштері деп атайды. Шілікті қорымында барлығы 51 оба бар, оның бәрі де алып немесе орташа қорғандар. Бұл — жүздеген жылдар бойы кісі жерленген, тайпалар мен ру көсемдерінің үлкен зираты. Обаны қазу жұмыстары оның құрылымын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді.