Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс

  1. Көтерiлiстiң шығу себептерi. Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерiлiсi басылғаннан кейiн, патша үкiметi Кiшi жүз қазақтарының көшпелi қауымына отаршыл- дық езгiнi күшейтiп жiбердi. Сондықтан да қазақтар- дың көтерiлiске шығуы кездейсоқ оқиға емес едi. Оның мынадай себептерi болды. Бiрiншiден, шегара шебiнiң iшкi жағына уақытша өткен қазақтарға қойылатын талаптар тым қатаңдай түстi. Талап бойынша кез кел- ген қазақты оның кездейсоқ басқа бiр руласы жасаған құқық  бұзушылық  әрекетi  үшiн  ұстап  алып,  айыптауға  болатын  едi. Екiншiден, Орал казак әскерлерi тарапынан бұрынғысынша дала төсiндегi «әскери iздестiрулер» тоқтатылмады. Үшiншiден, Нұралы ханның және оның төңiрегiндегiлердiң беделi жыл өткен сайын төмендей бердi. Ол бiрте-бiрте патша үкiметiнiң қолындағы қуыршақ қолшоқпарға айнала бастады. Ханның отбасындағылар мал жайылымдарын өз пайдаларына қарай бөлiске салды.
  1. ұлт-азаттық көтерілістің алғашқы кезеңi. 1782 жылдың аяқ кезiнде патша үкiметiнiң жарлығы шығып, қазақтардың Жайықтың оң жағалауындағы аймақтарға қыс мезгiлiнде жайылымдық жерлердi жалға алу арқылы ғана уақытша өтуiне рұқсат етiлдi. Орал казактары бұл жарлықты өз мүддесiне пайдалана қойды – казактардың жерiн қазақтардың жалға алуына тыйым салынды. Орал шегара шебiндегi бекiнiстердiң күзетi күшейтiлдi. Қазақтар аманат бе- руге  тиiстi  болды.  1782–1783  жылдың  қысында  шегара  шебiнiң  iшкi жағында казактар қазақтардың 4 мыңнан астам жылқысын күшпен тартып алды. Қыстың өте суық болуы жағдайды одан сайын қиындатып жiбердi. Жұт басталды. Дала тұрғындарының 10 000-нан астам жылқысы мен сиыры қырылып қалды. Мiне, осындай қиын-қыстау жағдайда Кiшi жүздiң шега- ра шебiне таяу ауылдарында бұқаралық қозғалыс басталып, ол көп ұзамай азаттық күресiне ұласты.

Көтеріліс Елек, Қобда, Ойыл, Жем және Сағыз өзендері алабын қамтыды. 1783 жылдың көктемiнде қазақтар Орал шегара шебiне шабуыл жа-  сай бастады. Қазақ жасағы Гирьял бекiнiсiндегi сарбаздарды тұтқынға алып, малдарын айдап кеттi. Орынбордың солтүстiк-шығысында тама руының жасақтары шабуылдау- мен болды. Орынбор коменданты қазақ даласына Орынбор казактарының жазалаушы әскерлерi мен башқұрттардың 1500 сарбазын жiбердi. Қазақ кө- терiлiсшiлерi  оларға  табандылықпен  қарсылық көрсеттi. Қазақтардың тастан тұрғызған бекiнiсi дұшпанның баса-көктеп бiрден лап қойған шабуылы кезiнде алынды. Тұтқынға алынған 56 адам қазыналық жұмыстарды атқаруға жiберiлдi.

Қазақтардың әскери бекiнiстер мен сауда керуендерiне шабуылы жиiлей түстi. Мұның өзi орыс мемлекетiнiң Орта Азия хандықтарымен жасалатын сауда-саттық деңгейiн құлдырата төмендетiп жiбердi. Қарағай бекiнiсiне бiрден лап қойған шабуыл жасалды. Көтерiлiсшiлер Орынбор мен Елек қорғанысының екi арасын байланыстыратын даңғыл жолды өз бақылауына алды. Көтерілісшілердің жалпы саны 7 мың адамға дейін жетті.

1785 жылы қазақ жасақтары Төменгi Орал шегара шебiнiң аймағында патша үкiметiнiң әскерлерiмен кескiлескен шайқасқа түстi. С. Датұлы 2700 сарбазы бар жасаққа, старшын Барақ 2000, Тiленшi батыр 1500 сарбазы бар жасақтарға басшылық еттi. Бұларға қарсы казактардың үш отряды жасақталды. Ру старшындарының Нұралы ханмен және оның төңiрегiндегiлермен арадағы күресi күшейе түстi. Ханның халық көтерiлiсiн басып-жаншып тоқтатуға мұршасы келмедi. Ол – ол ма, көтерi- лiсшiлер халыққа жексұрын болған оны орнынан түсiрудi талап еттi. Қазақтардың да, отаршыл билеушiлердiң де көз алдында өзiнiң беделiнен жұрдай болған Нұралы хан 1786 жылы Кiшi жүзден бiржолата қуылды. Ол ендiгi жерде патша билiгiнiң қамқорлығына алынды. Бiраз уақыт Калмыков бекiнiсiнде жасырын тұрды. Уфаға жер аударылған Нұралы хан ақырында сонда қайтыс болды.

  1. Көтерiлiстiң жетекшiсi және қозғаушы күштерi. Көтерiлiстi халыққа кеңiнен танымал батыр Сырым Датұлы басқарды. Ол Кiшi жүздiң iшiндегi он екi ата Байұлы бiрлестiгiнiң Байбақты руынан шыққан iрi тұлға болатын. С. Датұлы өзiн шебер дипломат, әскери қолбасшы әрi көрнектi ұйымдастырушы ретiнде көрсете бiлдi. Көтерiлiсшiлердiң жетекшiсi әрi шешен, әрi би ретiнде өз даңқын асырған едi. Асқан ақылдылығы мен тапқырлығының арқасында «Бала би» атанған болатын. С. Датұлы денелі, күшті, талай ерлік істерімен танылған, қайсар, өрмінезді адам еді. Замандастарының арасында ат құлағында ойнайтын шабандоздығымен де ерекшеленетiн. ХIХ ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрген ағылшын журналисi Д.Ч. Бульжер былай деп жазды: «… Сырым батыр – жiгерлi, терең ойлы, қайратты, батыл, тапқыр, айлалы ерекше тұлға».

Көтерiлiске қарапайым көшпелi қазақтардың едәуiр бөлiгi, стар- шындар, билер және батырлар белсене қатысты. Олардың бәрi де Кiшi жүздегi барлық рулық бiрлестiктердiң өкiлдерi болатын. Көтерiлiсшiлердiң арасында сұлтандар тобынан шыққандар да бар едi. Солардың бірі – атақты батырдың жақын серiгi Айшуақ сұлтанның ұлы Жантөре.

Көтерiлiсшiлердiң қойған ең басты талабы – патша үкiметiнiң қа- зақ жерлерiн тартып алуын тоқтату, сонымен қатар сұлтандардың, ханның және олардың айнала төңiрегiндегiлердiң озбырлығына тыйым салу еді.

  1. Барон игельстромның реформалары және Кiшi жүзде хан билiгiн жою әрекеттерi. Қалыптасқан жағдайда патша үкiметiнiң алдында тұрған ендiгi мiндет Кiшi жүз қазақтарын басқарудың жаңа түрлерiн ойлап табу едi. 1784 жылы Орынбор губерниясының бастығы болып О. А. Игельстром келдi. Ол аймақты басқару жөнiндегi икемдi саясат жүргiзуге қабiлеттi адам ретiнде белгiлi болатын. О. А. Игельстром қазақтар туралы «жаны жайсаң ақкөңiл халық» деген жағымды пiкiрде болды. Кiшi жүз қазақтары арасындағы жағдайды тез түсiнiп үлгердi. Билiктi билер кеңесiне берудi жақтаған Сырым батырдың ықпалын әлсiретуге тырысты. 1786 жылы О. Игельстром хан билiгiн реформалаудың жобасын ұсынды. Ол реформаның мәнi хан билiгiн толығымен жою еді. Бiрақ Игельстромның реформасы Кiшi жүздегi сұлтандар мен старшындардың наразылығын туғызды. Өйткенi олар қазақ даласындағы өз ықпалынан айырылғысы келмедi.

1786 жылы старшындардың съезi өттi. Онда тек қана Шегаралық сот құруға келiсiм берiлдi. Соттың құрамына алты ру старшыны сайланды. Мұның өзi лауазымды әкiмшiлiк қызметiнде қазақ ру старшындарының сұлтандарды ығыстырып, ауыстыра бастағанын көрсеттi. Алайда мұндай сайлау Кiшi жүздiң үш-ақ руында болды. Сөйтiп, Шегаралық сот Кiшi жүздiң бүкiл руларымен жоғары дәрежелi билер тобы арқылы байланыс жасай алмады. Соның салдарынан Кiшi жүздегi саяси жағдайға ықпал ету мүмкiн болмай қалды. Сұлтандар қазақ даласында расправалар құруға үзiлдi-кесiлдi қарсы болды.

Шегаралық соттың құрылуын пайдалана қойған старшындар жер тура- лы, Едiл мен Жайық арасында қысқы кездегi мал жайылымының көлемiн ұлғайту туралы мәселе қоя бастады. Олар сонымен қатар жайылымдарды жалға беру тәртiбiн жоюды да ұсынды. Қазақтардың Едiл мен Жайық аралығына жаппай көшуi басталды. Старшындар өздерiнiң талаптарын күшейте түстi. Олар Кiшi жүзден Ре- сейге қашып кеткендерді қайтару мәселесiн де қозғады.

Игельстром старшындардың талабын iшiнара ғана қанағаттандырды. Бiрақ қазақтардың шегара шебiндегi бекiнiстерге шабуыл жасауын тоқтатуды шарт етiп қойды. Қазақ старшындары бұған жауап ретiнде шега- ра шебiндегi әкiмшiлiк пен Орал казактарының тарапынан қазақтарға күш көрсетiп, озбырлық жасауын тоқтатуды талап еттi.  Бұл жағдай сұлтандардың патша үкi- метiне қарсы наразылығын күшейттi. Өйт- кенi олар өздерiнiң артықшылықтарынан айырыла бастаған болатын. Сөйтiп, Кiшi жүзде өкiмет билiгiн жүзеге асыру мәсе- лесi жөнiнде сұлтандар мен старшындарган – расправалардың құрылуы сұлтандар- ды Кiшi жүз қазақтарын билеу жүйесiнен шеттетуде елеулi рөл атқарды.

Сырым батыр патша үкiметiнiң ықпалынан бiржолата шығып кетуге бағытталған шаралар қабылдай бас- тады. Бұл әрекет патша үкiметiне мүлде ұнамаған еді. Игельстромның реформасы iске аспай қалды. Сырым Датұлы Хиуа хандығымен қазақтарға қару-жарақ, атты әскер, азық-түлiкпен көмектесу жөнiнде келiссөз жүргiздi. Көтерiлiс жеңiлiп қалған жағдайда көшiп-қонып жүру үшiн Хиуа хандығының бiр шетiнен мал жайылымын беру жөнiнде өтiнiш бiлдiрдi. Патша үкiметi қазақтардың Едiл мен Жайық аралығындағы мал жайылымдарын пайдалану құқық- тарына шек қоюға тырысты. Мұның өзi бұл аймақ- тағы қарама-қарсылықты күшейте түстi. Қазақтар Орал шегара шебiндегi бекiнiстерге шабуыл жасауды жиiлетiп жiбердi.

1792 жылы С. Датұлы құрамында 1000 сарбазымен Елек қорғанысына шабуыл жасады. Содан соң Крас- ногорск бекiнiсiн бiрден лап қойған шабуыл арқылы алмақ болды. Бiрақ мықтап нығайтылған бекiнiс пен жақсы қаруланған қорғанысшыларға тап болған көтерiлiсшiлердiң жос- пары жүзеге аспай қалды.

  1. ұлт-азаттық көтерілістің ақырғы кезеңi. 1797 жылдың көктемiнде Сырым Датұлының жасақтары хан ордасына шабуыл жасап, Есiм ханды өлтiредi. Бұған жауап ретiнде патша үкiметi қазақ даласына жазалаушы отрядтар жiбердi. Бiрақ олар көтерiлiсшiлердi кездестiре алмады.

Кiшi жүзде хан тағына талас басталды. О. Игельстром Кiшi жүздi басқаруды Хан кеңесiне тапсыруды ұсынды. Отаршыл өкiмет билiгi қар- тайып қаусап отырған Айшуақ сұлтанды қолдады. Бiрақ сұлтандардан ғана тұратын қазақ ақсүйектерi дәстүрлi халық жиынын өткiзбей-ақ, Қаратай сұлтанды хан сайлауға асықты. Мұның өзi сұлтандардың Хан кеңесiне деген қарсылығын бiлдiруi едi. Өйткенi Хан кеңесiнде старшын- дардың ықпалы күштi болып шығатын едi.

Сырым Датұлы Хан кеңесiнiң құрамына сайлан- бай қалды. Ол Әлiмұлы старшындарының қолдауына ие болды да, Хан кеңесiнiң алдына Кiшi жүздегi жағдайды жақсарту жөнiнде мәселе қойды. Сырым батыр руаралық барымтаны және Орал казактары- мен қақтығысты тоқтатуға күш салды.

1797 жылы Айшуақ сұлтан хан болып сай- ланды. Оны сұлтандар мен старшындар қолдады. Хан жасы жетiп қартайған адам едi.  Ол  қазақ- тар арасында елеулі рөл атқара алған жоқ. Кiшi жүздегi сұлтандар мен ру старшындарының өзара татуласуы Сырым Датұлын өзiнiң төңiрегiне ру старшындарын бұрынғысынша топтастыру, сұлтандарға және патша әкiмшiлiгiне қарсы күресiн жалғастыра беру мүмкiндiгiнен айырды. Сырым батыр Хиуа хандығы аймағына көшуге мәжбүр болды. Халық аузындағы аңыз бен кейбiр мәлiметтерге қара- ғанда, Сырым Датұлы өзiнiң саяси қарсыластарының қолынан қаза тапқан көрiнедi.

  1. Көтерiлiстiң жеңiлу себептерi. Көтерiлiстiң жеңiлу себептерiнiң бiрi – С. Датұлының бiрден екi күшке: бiр жағынан, патша үкiметiне, екiншi жағынан, сұлтандар мен ханның төңiрегiндегi топтарға қарсы күресуi. Көтерiлiс жетекшiсi көтерiлiсшiлердi тұтасқан берiк күшке ай- налдыра алмады. Көтерiлiс стихиялы түрде басталды және ұйымдасқан жағдайда жалғаспады. Адам саны жағынан шағын жасақтар бiр-бiрiнен бөлек, жеке соғысуды дұрыс санады. Руаралық шиеленiстi қақтығыстар да орын алды, старшындардың едәуiр бөлiгi тұрақсыздық танытты. Олардың iс-қимылдары бiр- бiрiмен өзара келiсiлмедi. Старшындардың едәуiр бөлiгi көтерiлiске қатысудан бас тартты. Өйткенi патша үкiметiнiң жазалаушы отряды келе қалған жағдайда Жайықтың сол жағалауындағы жерле- рiмiзден айырылып қаламыз деп қорықты.

Патша үкiметiнiң Едiл мен Жайық аралығындағы аумақта мал жайылымдарын уақытша пайдалануға берген рұқсаты мал жайылымы туралы мәселенiң шиеленiсiн аз да болса да бәсеңдеткен едi. Сырым Датұлы бастаған көтерiлiстiң орасан зор тарихи маңызы бол- ды. Ұлт-азаттық көтерiлiс қазақтардың Ресей империясының отаршыл әкiмшiлiгiне қарсы ең алғашқы iрi баскөтеруiнiң бiрi едi. Сырым батыр қазақ халқының есiнде ХVIII ғасырдың соңғы шире- гiндегi көрнектi саяси қайраткерлердiң бiрi ретiнде қалды. Ол өз замандастарының арасында аса зор бедел мен сый- құрметке бөлендi. Сырым Датұлы бастаған көтерiлiстен кейiн патша үкiметi бiрқатар мәселелер бойынша, соның iшiнде ең алдымен Едiл мен Жайық аралығындағы мал жайылымдарын пайдалану жөнiнде де едәуiр жеңiлдiктер жасауға мәжбүр болды. 1801 жылы Жайық өзенiнiң оң жақ жағалауында Iшкi Орда құрылды. Бұл аймақтағы халықтың едәуiр мол бөлiгi Сырым Датұлының жақтастары мен жақын туыстары болатын. Батыр бастаған көтерiлiске белсене қатысқандар да солар едi.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *