- Қазақ-орыс қарым-қатынасы. Қазақ-орыс қаты- насының тарихы терең. Ол XVI ғасырдан бастау алады. Негізінен олар дипломатиялық және сауда қатынас- тарымен шектелді. XVI ғасырда Орта жүз қазақтарының көпес Строгановтармен сауда байланыстары болғаны белгілі. Орыс патшасы І Петр (1672–1725) Қазақстанды Азияға шығатын «кілт пен қақпа» деп таныды. Қазақ хандығының Ресеймен байланысының белсене түсуі XVIII ғасырдың алғашқы отыз жылдығымен тұстас келеді. Оған екі жақ та мүдделі болды. Қазақ билеушілері көбіне солтүстік көршілерімен сауда- саттық байланысын нығайтуға тырысты. Олардың тарапынан Жоңғар мемлекетіне әскери-саяси қарсы тұру үшін Ресеймен әскери одақ құруға бірнеше рет талпыныс жасалды. Мысалы, 1716 жылы Қайып хан Ресейге жоңғарға қарсы күш біріктіруге өтініш жасаған. Осындай ұсыныстар Кіші жүз ханы Әбілқайыр тарапынан да болды. Алайда Ресей Шве-циямен ұзаққа созылған ауыр соғысты бастан кешіп жатқандықтан, дала билеушілерінің ұсыныстарын қарауға мұршасы болмады.
- XVIII ғасырдың басындағы ресей империясының Қазақстанды өз ықпалына алу себептері. XVIII ғасырдың 30-жылдарында Ресей үшін дипломатиялық байланыстарды нығайтуға қолайлы жағдайлар қалыптасты. Патшалық Қазақстанды өзінің геосаяси ықпал ететін аймағына қосып алуды көздеді. Біріншіден, Қазақстан Орта Азия, Үндістан, Ауғанстан және басқа да Азиялық мемлекеттерге әскери іс- әрекеттерін одан әрі ілгері жылжытуға қолайлы аумақ еді. Ресейді өзінің Қазақстан мен Орта Азия бағытындағы сыртқы саяси қызметін күшейте түсуге мәжбүр еткен және бір нәрсе – ағылшын-орыс бәсекелестігі болды. Екіншіден, Ресей империясы экономикасының күш алып келе жатқан фабрика-зауыт өнімдерін өткізу үшін Қазақ хандығы үлкен нарық санала- тын. Үшіншіден, қазақ даласы болашақта Ресейге түрлі шикізат, пайдалы қазбалар және малшаруашылығы өнімдерін жеткізіп тұратын аймақ бо- лар еді. Төртіншіден, өзге де империялар сияқты, Ресей де көшпелілерді өзіне бағыныштылар, алым-салық төлеудің қайнар көзі деп білді. Ресей империясы билеуші Шыңғыс ұрпақтары арасындағы ішкі ыдырауды да көрмей қалмады. Осылардың бәрі Ресей империясының шегаралас Қазақ хандығы жерімен дипломатиялық, әскери-барлау қимылдарын жандандыруға түрткі болды.
- Патша үкіметінің әскери бекіністер желісін салуы. Ресей империясы қазақ жерінде әскери бекі- ністер желісін құра бастады. 1716 жылы көктемде И. Бухгольц отряды Омбы бекінісінің негізін қалады. Кейінірек, патша үкіметі қазақ-жоңғар әскери-саяси қайшылығы жағдайында Ертіс жағалауы аймағына басқа да бекіністер салды. Бекіністердің арасында шағын бекіністер мен редуттар пайда болды. Жоңғар билеушілеріне бекіністердің салыну себептерін патша әкімдігінің өкілдері қазақтардың шапқыншылығынан қорғаныс деп, ал қазақтарға – жоңғар шапқыншылығынан қорғану шаралары деп түсіндірді. Алайда бекіністер Ертіс өзені бойындағы патшалықтың жағдайын күшейтуге қолайлы еді. Ондағы негізгі мақсаты Қазақ хандығы мен Жоңғар қоңтайшысына тиесілі жерлерді өзіне қосып алу еді. Бұл ту- ралы орыс зерттеушісі Н. Коншин былай деп жазды: «Ертіс бойындағы бекіністер шебі осылай құрылды. Оның міндеті – оң жағалаудағы жерлерді жоңғарлардан, ал одан соң көп ұзамай-ақ қырғыздардан (қазақтардан) қорғау еді». Мұндай шаралар Кіші жүзбен шектесетін қазақ қоныстарының солтүстік-батыс шегарасында да жүргізілді.
- Ресейдің Қазақ даласына жіберген елшіліктері. XVIII ғасырдың ба- сынан Ресей мен Қазақ хандығы арасында елші алмасу күшейе түсті. 1716 жы- лы қазақ даласында Тобыл бояры Никита Белоусов, 1717 жылы – Бо- рис Брянцев пен Федор Жилин болып қайтты. 1719 жылы Зайсан көлі мен Қара Ертісті зерттеу үшін Колмаков, Урусов және Сомовтың же- текшілігімен елшілік жіберілді. Барлық елшіліктердің жүру бағыттары қазақ жері арқылы өтті деуге болады. Сауда қатынастары, одақ болу мәселелерімен қатар, Ресей Қазақ хандығын өз қол астына қарату жолдарын да іздестірді. Патша үкіметінің бұл әрекеттері қазақ билеушілері тарапынан қарсылыққа ұшырап отырды. Шегара аудан- дарында жерге талас негізінде шиеленісті оқиғалар болып жатты.
- Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы шегаралық қақтығыстар. Қазақ хандығы мен Ресейдің дипломатиялық қатынастар орнатуға тырысқан әрекеттеріне қарамай, шегара аймақтарында едәуір шиеленісті оқиғалар орын алды. Патша үкіметінің Еділ-Жайық аймағында өзінің жағдайын жақсартып, нығайта түсуі қазақ елі билеушілерінің белгілі дәрежедегі қарама-қарсы іс-әрекеттерін туғызды. Ондай шиеленісті оқиғалардың орын алу- ына, негізінен, мынадай жағдайлар себеп болды: бірін- шіден, мал жайылымы үшін күрес күшейді, екіншіден, өзара мал барымтасы орын алды, үшіншіден, қазақтар өз жерінде Ресей империясының әскери бекіністер шебін салуына қарсы болды, төртіншіден, қазақтар башқұрттардың патша үкіметіне қарсы күресіне жиі-жиі қатысып жүрді. 1723–1724 жылдары Әбілқайырдың әскерлері Жайық пен Еділдің екі орта- сындағы бүкіл аумақты басып алды. Қа- зақтардың Жайық өзенінің бойындағы алқапта мәңгілік көшіп-қонып жүру құқы- ғын белсенді түрде қорғаған Әбілқайыр ханның мына сөздері халықтың есінде ұмытылмастай қалды: «Жайық өзені қашан сарқылып, арнасы кеуіп қалғанша қазақтар оның бойынан кетпейді». Орта жүздің әскери жасақтары да патша үкіметінің әскери-отаршыл күштерінің ілгері жылжуын тоқтатуға тырысты. 1731 жылы Омбы бекі- нісінің маңында қазақтар мен жергілікті әскери гарнизонның арасында қанды қақтығыс болды. Патша үкіметі қазақтар тарапынан шегара шебіне шабуыл жасал- уын тоқтатуға бағытталған шаралар қабылдаумен болды. Ол үшін бекініс қорғандар салуға кірісті, шегарадағы күзет әскерлерінің саны арттырылды. Қазақ ауылдарына дүркін-дүркін шабуыл жасалып тұрды.