- Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа енуі. Қазақстан және халықаралық ұйымдар. (ООН, ОБСЕ, НАТО, ШОС, ОДКБ т.б.).
- Жаңа уақыттағы Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қарым қатынастары.
- ҚР мәдени қарым-қатынасы.
СӨЖ тапсырмалары:
- Дүниежүзі кауымдастығының толық құқықты мүшесі ретінде Қазақстанның рөлін айқындаңыз.
- Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы бағытының ерекшеліктерін көрсету.
- 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік туралы Декларация жариялады, сөйтіп дүниежүзілік қоғамдастыққа енуге мүмкіндік алды. 1992 жылы қаңтардан 9 шет мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты. Тәуелсіз Қазақстанды әлем мемлекеттерінің арасында бірінші болып бауырлас Түрік Республикасы таныды. 1992 жылдың ортасына қарай Республика тәуелсіздігін жер шарының 30-дан астам елі мойындады: АҚШ, Қытай, Иран, Пакистан, Канада, Швейцария т.б.
Қазахстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін, егемен мемлекет ретінде халықаралық байланыс жасауға, өзінің сыртқы саясатына айрықша көңіл бөледі, әсіресе, басты үш мәселеге ерекше назар аударады. Біріншіден, басқа елдермен, соның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және Америка Құрама Штаттармен халықаралық байланыста өркендету. Екіншіден, шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты болғызбау, ядролық қаруды қолдануды болдырмау.
Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударып отыратын мәселе, ол — өзінің ең жақын және ірі көрші мемлекеттерімен, соның ішінде солтүстікте Ресейдей, ал шығыста Қытай Халық Республикасымен ойдағыдай қарым- қатынас орнату. Осы саясаттың нәтижесінде Қазақстан Республикасының егемен ел ретіндегі алдағы болашағы да байланысты. Сондықтан қалай дегенде де солтүстігімізді жайлаған ұлы елмен әрқашан жақын болу керек.
Қазақстан мен Ресей 1991 ж. КСРО тарап, тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін өздерінің сыртқы саясатында халықаралық құқық принциптері негізінде бір-бірімен стратегиялық байланыс, достық, тату-тәтті көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарды дамытуға айрықша көңіл аударды.
Бауырлас халықтардың достығы мен ынтымақтастығын нығайтуда 1996 ж. 27-ші сәуірде Федерацияның Президенті Б. Ельцин мен Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Алматыда кездесіп, Қазақстан мен Ресей бірлескен Декларациясына қол қоюының маңызы оте зор болды. Онда Қазақстан мен Ресейде жүргізіліп жатқан демократиялық қайта құрулар мен саяси — экономикалық реформалардың екі ел халықтарының болашағы үшін үлкен мәні бар екендігі атап көрсетілді. Мемлекеттің басшылары бұдан былайда екі ел арасындағы егемендікті, тәуелсіздікті құрметтеу, аумақтық тұтастық пен бір — бірінің ішкі істеріне араласпау принциптерін сақтау негізінде дами беретінін қуаттады.
Ал 2002 ж. желтоқсан айында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Мәскеуге ресми сапары барысында Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасқан достық байланыстарды барынша тереңдетуге күш салынатыны баса айтылды. Олардың ішінде Байқоңыр Ғарыш кешенін одан әрі бірлесіп пайдалану мәселесі тағыда сөз болды. Сондай — ақ, аймақтар және халықаралық көкейкесті проблемалар төңірегінде жан-жақты пікір алмасылды. Екі жақты деңгейдегі ТМД, ЕурАзӘҚ, ұжымдық қауіпсіздік, ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық қарым-қатынастар аймақтағы елдер қауіпсіздігінің, интеграциялануының басты кепілі болып табылатыны атап көрсетілді.
Қазақстан үшін оңтүстік – шығыстағы үлкен көрші — Қытайсыз әлдебір үлкен саясат жүргізу қиын екенін ерекше атап айту керек. Сондықтан тәуелсіздік тізгіні қолға тигеннен бері Республиканың сыртқы саясатында темірқазыққа айналған бағдарлама – Қытай Халық Республикасымен қарым – қатынастарды айқындау. Міне, осы бағытта Қазақстан бірқатар шараларды іске асырып, Қытаймен достық байланысты орнатуда едәуір табыстарға қол жетті. Алғашқы кездегі басты міндет – жан-жақты экономикалық байланыстарды дамытып, шекарадағы шиеленістерді тоқтату еді. Оның үстіне, Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Қытай арқылы дүниежүзіне шығудың және бір жаңа жолын ашу. Өйткені Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғанға дейін, шет елдермен экономикалық және саяси байланыстарды тек Орталық, яғни Ресей арқылы жасап келген болатын. Енді Қытаймен қарым — қатынасты қалыпты жағдайға келтірумен байланысты елімізге сыртқы рынокқа шығудың қосымша жолдарына түсу мүмкіндігі туды.
1999 жылдың басына қарай дүниежүзінің 150 мемлекеті танып, 106 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатылды. Қазіргі Қазақстан шет елдерде 30-дан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашты. Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік және халықаралық, ұлтаралық ұйымдардың 16 өкілдігі жұмыс істейді. Республикамыздың сыртқы саясат ведомствосы ұлттық мүддемен жалпы адамзаттық мүдделерді үйлестіріп жүргізетін дипломатиялық саясатқа кірісті.
1992 жылы наурыздың 3-інде Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мүшесі болып қабылданды. Осы жылы өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясының трибунасынан ОБСЕ сияқты ұйымның Азияда да құрылуы туралы Н.Ә. Назарбаев өз ойын айтқан болатын. Бірақ, ол кезде оның бұл сөзіне онша сене қоймаған еді. Міне, арада 10 жыл өткеннен кейін 2002 жылғы маусымда Алматыда сенім әрекеттестік шаралары туралы саммит өтті. Саммит жұмысына 16 мемлекет басшылары қатысты. Оның ішінде 7 ірі державалар — Қытай, Индия, Ресей, Иран, Түркия болды. Маңызы: Бұл елдердің экономикалық потенциалы өте зор, олардың территориясының жалпы көлемі 38,8 млн.кв.км., немесе Евразия материгінің 89%-ын құрайды. Бұл елдердің территориясында 2.8 млрд. адам тұрады, яғни жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайды.
- Қазақстан сыртқы саясатында басты үш мәселеге ерекше назар аударады:
- ТМД, Азия, Еуропа елдері, АҚШ, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы елдерімен халықаралық байланысты өркендету.
- Мәдени-экономикалық байланысты күшейте отырып, алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу.
- Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударатын мәселе – ең жақын және ірі көрші мемлекеттермен, солтүстікте – Ресеймен, шығыста – Қытай Халық Республикасымен ойдағыдай қарым-қатынас орнату.
1992 жылғы 25 мамырда Қазақстан мен Ресей арасында достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт жасалды. 1995 жылғы
20 қаңтарда – Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын кеңейту туралы Декларация жариялады, ал 1996 жылғы 27 сәуірде Алматыда екі елдік бірлескен Декларациясына қол қойылды. Декларацияның маңызы:
- Екі ел арасындағы егемендікті, тәуелсіздікті құрметтеу.
- Аумақтық тұтастық пен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау ұстанымдарын сақтау.
1998 жылғы 6 шілдеде Мәскеуде ІІІ ғасырға бағдарланған «Мәңгі достық пен ынтымақтастық туралы» Декларация жарияланды. Нәтижелері:
- Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі проблемасын шешуді алға жылжытты.
- Қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеуді шешті.
- Байқоңыр ғарыш орталығын бірлесіп пайдалану мәселесі қарастырылды.
1992 жылғы тамызда Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына алғаш сапары болды, нәтижесінде барлық байланыс жолдары ашылды. 1994 жылы сәуір айында Қазақстан мен Қытай арасында шекара аумағын заңдастырып белгілеу (делимитация) жөніндегі келісімге қол қойылды (1718 шақырымдық).
1996 жылғы сәуір айында алғашқы Шанхай келісімі жүргізілді. Бұл келісім барысына Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан қатысты. Мұнда негізінен — шекараларды бұзбау, бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу сияқты мәселелер қаралды. 1997 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда болған келіссөздің нәтижесінде – Батыс Қазақстан мен Батыс Қытайды жалғастыратын мұнай құбырын жүргізу жөніндегі шартқа қол қойылды. Қытай үкіметі бұл жұмысқа 9,5 млрд. доллар жұмсауға келісті.
1998-1999 жылдары Қазақстан-Қытай арасында келісімдер нәтижесінде, шекараны нақтылау негізінен аяқталды. Қазақстанның сыртқы саясатында АҚШ-пен қарым-қатынастың маңызы өте зор. 1991 жылғы 25 желтоқсанда АҚШ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныды. Қазіргі кезде АҚШ — Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторы. 1997 жылы Қазақстан мен АҚШ арасында экономикалық әріптестік бағдарламасы жасалды.
Екі ел арасында Қарашығанақ кеніші жөнінде және Каспий қайранын бөлісу жөнінде келісімдерге қол қойылды. 1999 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімде – екі ел арасындағы серіктестікті одан ары дамыту, АҚШ-тың Қазақстанға демократиялық, экономикалық өркендеуде қолдау көрсету, аймақтық, ғаламдық негізде тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастық үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану сияқты мәселелер қаралды.
АҚШ Қазақстанға мәдениет пен білімді дамыту саласында үлкен қолдау көрсетуде «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде қазақстандық студенттер АҚШ, Франция, Германия оқу орындарында оқиды.
Қазақстан және ТМД елдерімен тығыз өзара байланыста болу – біздің ел үшін өте қажет. 1994 жылы – Орталық Азия экономикалық қауымдастығы құрылды (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, кейін Тәжікстан).
Қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық саласындағы дағдарыс ТМД басшыларын интеграциялық жаңа жолдарын іздеуге итермеледі.
КСРО тарағаннан кейін ядролық қару негізінен Ресей жерінде шоғырланды. Қазір жер жүзінде 5 ядролық держава бар. АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция.
1993 жылы Президент Н.Ә. Назарбаев Лиссабон хаттамасына қол қойды. Қазақстан ядролық қарудан еркін аймақ болып жарияланды. Соғыс өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды бейбіт заттар өнімдеріне айналдыру – (конверсия) жүзеге асырыла бастады.
1996 жылғы 31 қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөнінде шартқа қол қойды.
Қазақстан басшылығы әскери-саяси одақ НАТО-мен ынтымақтастыққа маңызды орын береді. Бұл ынтымақтастық «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы негізінде жүзеге асуда. 1997 жылғы 15-21 қыркүйекте Шымкент (Қазақстан) және Шыршық (Өзбекстан) жерінде НАТО әскери бөлімдерінің қатысуымен әскери жаттығу өткізілді.
2001 жылғы 29 тамызда Алматыда «ІІІ ғасыр ядролық қарудан тазарған дүниені қалайды» атты халықаралық конференция ашылды.
Тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық ұйымдарға мүше болып кіруге республикаға жол ашылды. 1997 жылдың басына қарай Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып кірді. Соның бірі ЮНЕСКО – ірі халықаралық ұйым. Ол – Білім, Ғылым және Мәдениет, «Адам және биосфера», «Адам табиғи ортада» және басқада бағдарламалар негізінде жұмыс жасайды.
ЮНЕСКО – Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында елдің ерекше қорғалатын табиғи аймақтарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұрасы және «Адам мен биосфера» бағдарламасы шеңберіндегі аймақтар тізіміне кіргізу туралы шараларды іске асыруда, бірлесіп жұмыс атқаруда.
Мұнымен қатар, Қазақстан халықаралық ұйым ЮНИСЕФ – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры. ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасындағы өзінің жұмысын 1992 жылы бастады, негізінен, денсаулық сақтау саласында шұғыл жәрдем көрсетуді насихаттайды.
ЮНИСЕФ-тің Арал аймағының халқын сауықтыру жөніндегі бағдарламасы — әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау, білім беру, балалардың тамағын жақсарту, сумен қамтамасыз ету, санитарлық қызметті
жақсарту жөніндегі нақты шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен бірге, Қазақстан 800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім- шарттарға қол қойды.