Целиноградтағы қазақ жастарының көтерілісі

Қазақтың азаттық жолындағы күрес тарихының ақтаңдақ тұстарының бірі – 1979 жылы Целиноград облысының орталығында болған «Ақмола көтерілісі» болатын. Бұл, сөзсіз, «түкірігі жерге түспей тұрған» тоталитарлық империяның саяси шешіміне қарсы шыққан халықтық ірі қозғалыстардың бірі.
Қазақстанда неміс автономиясын құратындай олардың қазаққа не қатысы бар деген сұраққа жауап беру үшін тарихқа сәл шегініс жасайық. Ресей империясының аумағына немістердің алғаш қоныстану кезеңі ХІІ ғасырдың соңынан басталған. Ал, 1924 жылдың 20 ақпанында Кеңестік халық комиссарларының декреті бойынша Еділ жағалауында неміс автономиялық республикасы құрылды. Осы бір орталықта шоғырланып отырған немістерді КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1941 жылғы 28 тамыздағы жарлығымен 24 сағатта ту-талақайын шығарып таратты. Еділ жағалауынан күштеп көшірілген 497 841 неміс азаматтарының 420 мыңнан астамы Қазақстанға айдалды.
1920-1932 жылдардағы ақсирақ аштықтан жалпы санының 75 пайызын жоғалтып, сталиндік қуғын-сүргіннен тұралай селдіреген қазақ өз жағдайының мүшкілдігіне қарамастан, табиғи кеңқолтық, адалдығының арқасында жалаңаш-жалпы ашық аспан астында қалған оларды (тек оларды ғана емес, депортацияланған басқа халықтарды да) баспанасының бір бұрышына паналатып, жарты нанын бөлісті. Қазақтың сол бір сұрапыл да ауыр жылдардағы зор адамгершілік қасиеттерін, асқан бауырмалдылығын неміс халқы барынша сезініп, шексіз құрметпен еске алып, ешқашан ұмытқан емес. «Қазақ халқының сол бір ауыр тарихи кезеңдердегі асқан адами бауырмалдылығына деген шынайы құрмет сезімі 1979 жылғы «Ақмола көтерілісі» кезінде немістер тарапынан айрықша сезілді. КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының Қазақ КСР-нің құрамында Неміс автономиялық облысын құру туралы шешімін бірен-саран болмаса, негізінен қазақстандық немістердің басым көпшілігі қолдаған жоқ. Сол кезде Целиноград қаласындағы Кеңестер үйінің жетінші қабатында «Фройншафт» газетінің журналистерімен көрші тұрып, қоян-қолтық араласып жүргенде, оған талай рет куә болдық»,– дейді бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы, ол кезде Ақмола облыстық газетінде жұмыс істеген қарымды қаламгер, осы көтеріліске қатысушылардың бірі, ұлшыл азамат Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Бұл туралы ол кездері КГБ қызметкері болған Амантай КӘКЕН «Шырғалаң» кітабында былай дейді: «Бұдан соң мәскеуліктер немістің билік басында жүрген азаматтары – Краснознамен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Браунмен, кеңшар директорлары А.Риммермен, Д.Бурбахпен сөйлесу үшін ауданға жүріп кетті. Кейін олармен сұхбаттасқан неміс басшылары: «Қазақстаннан автономия сұрағанымыз жоқ. Бізге жандарың ашыса, Еділ жағалауындағы республикамыздың шаңырағын қайта көтеріңдер, ал мұндағы жағдайымыз жақсы» деген тұрғыда жауап бергенін айтты».
Бірақ, оған қарамастан, Қазақстанда неміс автономиялық облысының құрылатындығы шындыққа айналды. Оған дәлел «Шырғалаңда» Саяси бюро мүшесі Ю.Андропов бастаған комиссияның 1978 жылы тамызда мәселені жан-жақты зерттеп, дайындаған құжаты, КОКП Саяси бюросының қаулысы, автономия туралы ереже түпнұсқада берілген. Сонымен бірге, онда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының Неміс автономиялық облысын құру туралы жарлығының, КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығының, Қазақ КСР-нің осы мәселеге байланысты шығарған арнайы заңының жобалары жарияланған. Маусым айында Ерейментау қаласына Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы А.Коркин бастаған арнайы комиссия келіп, болашақ автономияның аумағы мен басшы кадрларына дейін белгілеп қойыпты.
Амантай Кәкен нақты құжаттармен айқындағандай, Неміс автономиялық облысының орталығы Ерейментау қаласы болып белгіленіп, оның құрамына қазіргі Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Целиноград облыстарының құрамындағы бес ауданның аумағы берілген. Сонда Неміс автономиялық облысының жалпы көлемі 46 мың шаршы шақырым, халқы 202 мың адам болып белгіленген. Болашақ Неміс автономиялық облысының бірінші басшылығына А.Браун және А.Риммер тағайындалатын болыпты. Бәрі жан-жақты шешілген, келісілген. Тек енді Бас хатшы, КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы Л.Брежневтің жарлыққа қол қою мәселесі ғана қалған.
Бірақ, тарихта тұңғыш рет жарты әлемді жетпіс жыл бойы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған қызыл империяның бұйрығы орындалмай қалды. Оны орындатпаған қазақтың тегеуріні, 1979 жылы 16-18 маусым күндері Целиноград қаласында болған халық көтерілісі еді. Бұған дейін 1979 жылғы Целиноград оқиғасын тілге тиек еткендер «студент жастардың қарсылығы» деген мәселемен шектеліп келген. Бірақ, ол олай емес еді, бұл бүкілхалықтық қозғалыс деңгейіне көтерілді.
Орталықтың шешіміне наразы халық 16-18 маусым аралығында орталық, вокзал алаңдарына жиналды, көше-көшені аралап шеруге шықты. Белсенділер ортаға шығып үндеулер оқыды, ұран шақырды. Тіпті, бір жап-жас қыз бала: «Егер қазақ жерінде неміс автономиясын құратын болса, мен өз-өзімді өртеймін», деп алаңға бір конистр бинзин алып шығыпты. Қазақтың қабағы қатулы еді. Халық енді неден болса да тартынбайтынын анық байқатты. Өктем билік бірінші рет қалың бұқараның кәрінен қаймықты. Егер жағдай бұдан былай ушыға беретін болса, бүкіл қазақ даласы көтеріліп кетуі мүмкін екенінен қауіптенді. Мұны жоғары билік те, КГБ қызметкерлері де анық сезінді. Бүкіл одақты дүр сілкіндірген төтенше оқиғаға байланысты көшедегі тәртіп сақшыларын айтпағанда, КГБ қызметкерлерін де жер-жерден шақыртқан. Бұл орыстанып кеткен өлкеде бас көтерген Ақмола қазағының батыл қадамдарының бірі еді. Әрине, Ақмола деп шартты айтқанымыз, әйтпесе Қызыл империяның әділетсіз шешіміне қарсылық көрсеткен жұрт жан-жақтан ағылды. Олардың арасында қашанда қоғамның саналы буыны болған студент-жастар көп. Кейбір дереккөздерінің айтуынша, сол күндері 4 мыңнан астам адам алаңға шыққан көрінеді. Үндеместер ереуілшілердің арасында жүріп, биік қабатты ғимараттардың үстінен бақылап, көтерілісшілердің ішіндегі ең белсенді дегендерін суретке түсіре берген. Жиналған жұрттың ортасында сөйлеп тұрған Жықаң да сол кезде суретке ілініп кеткен екен. Кейіннен осы сурет басына пәле болып жабысты.
«18 маусым күні Целиноград обкомының бірінші хатшысы Н.Морозов алаңға шығып, өзінің жаңа ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевпен, Бас хатшы, КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы Л.Бреж-невпен сөйлескенін, енді қазақ жерінде ешқандай Неміс автономиясы құрылмайтынын жеткізгенде халықтың қуанышында шек болмады. Жұрт бірін-бірі құшақтап, қыздар жағы егіле жылап, көтеріліс алаңы нағыз бір шаттық пен қуаныштың ортасына айналды»,– дейді Жылқыбай аға.
Азаттық аңсаған халқымыздың тәуелсіздік шежіресіндегі 1979 жылғы «Ақмола көтерілісінің» тарихи маңызын қысқа қайырыммен айтып жеткізуге болмас. Ойлап қараңызшы, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» КОКП ОК Саяси бюросының сол шешімі жүзеге асып, Қазақстан аумағында Неміс автономиялы республикасы құрылып кетсе, не болатын еді? Онда бүгінгі біртұтас Қазақстан Республикасын көз алдымызға елестетудің өзі мүмкін емес. Егер 1979 жылы немістер Қазақстаннан автономия алса, онан соңғы кезек ұйғыр мен кәрістікі еді. Олар да бұл мәселені күн тәртібіне шығаруға әзір болатын. Сөйтіп, Қазақ елі бір басында бәленбай автономиясы бар, соның салдарынан қанды қырғынның ошағына айналып кетуі де ғажап емес қой.
Осындай зор тарихи маңызы бар көтерілісті кім ұйымдастырды? Лектор Шапровтың неміс автономисының құрылуына айтқан қарсылық сөзінен кейін көтерілген Целиноград ауыл шаруашылығы институтының студенттері Саяси бюроның шешімін өзгертетіндей осындай тегеурінді қарсылықты ұйымдастыра алар ма еді? (Алаңға ең бірінші болып осы оқу орнының студенттері жиналды-авт). Осыны ереуілге тікелей қатысқан Жылқыбай ағадан сұраған едік. «Біз 19 маусымда өтетін негізгі митингке дайындық барысында педагогикалық институттың жатақханасында халықты ереуілге шақырған транспоранттар мен үндеулер дайындадық. Сол күндері ереуілге шығатын студенттер звеноларға бөлініп, звенолар бригадаларға топтасты. Сонда студенттер өздеріне басшылық жасаған звено жетекшісінен артық ешкімді білмейтін еді. Екіншіден, 16 маусым күні орталық алаңдағы митингіден кейін Целиноград темір жол вокзалына дейін келіп, вокзал алдындағы алаңда тағы да митинг өткізілді. Сонда Целиноград стансасына келіп тоқтаған бірнеше пойыз жарты сағатқа кешіктіріліп, жолаушылардың митингіге қатысуына мүмкіндік жасалды. Вокзал алаңындағы митингі аяқталысымен, ондаған бос автобустар келіп, студенттерді жан-жаққа таратып әкетті. Ал, мұндай жан-жақты ойластырылған ұйымдастырушылық шараларының тек студенттердің ғана қолынан келе қоятын мәселе емес екендігін өздеріңіз де түсінерсіздер»,– деді Жықаң.
Әрине, жарты әлемде үстемдігін жүргізіп отырған мемлекет басшылығының шешіміне қарсы шыққан қозғалысқа қатысушылар тексерілмей, жауапқа тартылмай қалған жоқ. Қазан айында Алматыдан келген КГБ қызметкерлері жоғарыда айтылған фотосурет арқылы Жықаңды тауып алып басын біраз әуре-сарсаңға салған. Газеттен кетіреміз, соттаймыз деп қорқытқан. Үндеместер ол кісіні 4 күн қатарынан тергеп, осы 4 күн бойы бірнеше сағаттан КГБ түрмесінде ұстаған. Сол кезде Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы Мағауия Есмағамбетова мен сектор меңгерушісі, марқұм Сабыр Сипатов нағыз ұлтжандылық мінез танытып, ағаның басын аман алып қалыпты. Оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың «Целиноград қаласындағы ереуілге қатысушы бірде-бір адам зардап шекпейтін болсын» деген табанды нұсқауының әсер еткені сөзсіз. Соның арқасында қатаң жаза қолданылмады, қызметінде қалды. Бұл жайт Мәскеудің шешіміне республика басшылығы да наразы болғанын көрсетеді, әттең қол қысқа. Дегенмен, қазақ билігінің сол ауыр кезеңдерде көтерілісшілерді барынша қорғап, сақтап қалуға тырысқанын көреміз.
Сөз соңы. Қасиетті жерін қастерлей білетін қазақ халқы ұрпағының ертеңі үшін тайсалмай қылышынан қан тамған Қызыл империяға қарсы шықты. Қарсы келгенде қанға бөктіретін тоталитарлық мәшиненің мұндай қарсылықты кешірмейтінін де білді. Бірақ, тарих таразысы азаттық сүйгіш адал халықтың мүддесіне басымдық берді. Ғасырлар бойы Қазақ жұртының қасиетті мекені болған туған жеріміздің тұтастығы сақталып қалды. «Ақмола көтерілісінің» тәуелсіз Қазақстан Республикасының бүгіні мен болашағындағы тарихи да, саяси да маңызы осында.


Дәулетқали Асауов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *