Мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ елінің XIX ғасырдын бірінші жартысындағы дамуында 1822 жылы қабылданған Сібір қазақтарының Жарғысы елеулі рөл атқарды. Бұл реформаның тарихи алғышарттары Қазақстандағы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында қалыптасқан әлеуметтік-саяси өзгерістерге байланысты. Қазақтардың 1773-1775 жылдары Пугачев басқарған шаруалар соғысына қатысуы, батыр Сырым Датұлының көтерілісі Қазақстандағы хандық билеу жүйесінін әлсірей бастағанын көрсетті. Халық арасында ықпалы кеміген қазақ хандары патша өкіметінің билеп-төстеу саясатына ойдағыдай қарсылық ұйымдастыра алмады. 1781 жылы Орта жүз ханы Абылайдың дүние салуына байланысты таққа отырғызылған оның
үлкен ұлы Уәлидің катыгездігі халықтың наразылығын туғызды. 1815 жылы патша үкіметі оған қосарлап екінші ханды -Бөкейді тағайындады. 1817 жылы Бөкей, 1819 жылы Уәли қайтыс болғаннан кейін Орта жүзге хан тағайындалмады. Бұл жағдай Орта жүздегі билеу жүйесінің жаңа тәртібін кажет етті. Сібір генерал-губернаторы М.М.Сперанскийдің декабристермен жасырын байланыста болған Г. С. Батеньковтың мәлімет-кеңестеріне сүйене отырып дайындалған «Жарғының» басты мақсаты -Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірін әкімшілік, сот, саяси жағынан басқаруды өзгерту, рулық-феодалдық тәртіпті әлсірету еді. Орта жүз әкімшілік жағынан ауыл, болыс, округ болып бөлінді. Ауыл — 50-70 шаңырақтан, болыс — 10-12 ауылдан, округ — 15-20 болыстан құралды.
Батыс Сібір генерал-губернаторлығына Тобыл, Том және Омбы облыстарымен бірге Сібір қазақтарының облысы да кірді. Орталығы Тобыл, ал 1839 жылы Омбы болды. Жарғы бойынша батыс шекарасы Орынбор даласына, оңтүстігі Шу өзеніне дейін созылған Сібір қазақтарының округі сыртқы және ішкі округтерге жіктелді. Бұлар — Қарқаралы, Көкшетау (1824 ж.), Баянауыл (1826 ж.), Аякөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Үшбұлақ (1833 ж.), Аманқарағай (1834 ж.), кейінгі 40- 50-жылдарда қүрылған Көкпекті, Құсмұрын, Алатау округтері еді. Округтер Омбы облыстық басқармасына бағынды, оларды басқару округтік приказдарға жүктелді. Сөз жүзінде округті билеу аға сұлтанның қолына берілсе де, патша өкіметінің іс шешуде көпшілік пікір алысу жүйесін енгізуі, сол аға сүлтандардың рөлін әлсіретіп, оларды сырттай бақылап отыруға мүмкіндік жасады. Аға сұлтанды тек сұлтандар ғана сайлады, оларға ресейлік майор әскери шені, ал он жылдан кейін дворяндық атақ берілді. Аға сұлтанды хан сияқты ақ киізбен көтеретін. Біртіндеп аға сұлтан бар болғаны Омбы облыстық басқармасының сойылын соғушы отаршылдық биліктің тірегіне айналды. Аға сұлтандар үш жылға сайланды. Болыс сайлау мерзімі өмірлік болды. Болыстық билік мұрагерлікпен берілді. Егер болыс сұлтанның мұрагері болмаса, оның орнын інісі немесе облыстық басқарма бекіткен туысы басатын. Болыстық сүлтандар Ресейдің әкімшілік сатысы бойынша 12- класқа жататын шенеуніктерге теңелді.
Ауыл старшындары да аға сұлтан секілді үш жыл сайын сайланатын. Болыстық сұлтандарға бағындырылған болыстық старшындар құқықтары жөнінен Ресейдегі селолық старосталармен теңестірілді.
«Жарғы» бойынша сот істері үшке бөлінді: қылмыстық істер, талап ету, болыстық басқармаға шағым айту. Қылмыстық істер империя заңдары негізінде округтік приказда каралды. Істі алдын ала тексеруге қазақ биімен қатар бір орыс шенеунігі қатыстырылды. Қазақтардың талап етуі бойынша қаралатын істер жергілікті ескі заң бойынша шешілетін. Округтік приказ шешімдерді қайта қарауға құқылы болды.
Кейін Сібір казақтарын билеу Шекаралық басқармаға жүктелді. Оның төрағасын тағайындау үшін арнайы жарлық шығарылатын. Шекаралық басқарма Батыс Сібір губернаторына бағындырылды, оның төрағасы шетелдермен келіссөз жүргізу қүқығына ие болды. Жалпы алғанда, 1822 жылғы «Жарғы» Қазақстанның бай өлкесін шаруашылық жағынан игеруге қолайлы алғышарт жасады; екіншіден, патшалы Ресейдің отаршыл саясатын кеңейте түсуге жол ашқаны тез арада байқалып қалды.