Тарихи дәуірлеудің алғашқы нұсқасын жасаған америкалық этнолог Льюис Генри Морган адамзат баласы тарихын –жабайылық, тағылық (варварлық), және өркениеттік (цивилизация) деп үш кезеңге бөлді. Жабайылық кезеңде адамзат қалыптасу үдерісінен өтіп, өзара қатынас құрды – сөйлеу тілі пайда болды, отты игерді, балық аулауды үйренді, садақ пен жебені пайдаланды. Тағылық кезеңде адамзат баласы құмыра жасауды, егін егу мен мал бағуды үйренді, темірді пайдалануды меңгерді. Ал, өркениет кезеңі тарихта жазу-сызу шыққаннан басталады. Л.Г.Морган адам баласы тарихын эволюциялық даму тұрғысынан қарастырып, тарих кезеңдерін материалдық өндірістегі белгілі-бір жетістіктермен байланыстырды.
Адамзат тарихының ең көне дәуірін кезеңдерге бөлуде археологиялық деректер пайдаланылады. Археологиялық дәуірлеу адамзаттың еңбек құралдарын неден жасағанына байланысты бөлінеді. Тас дәуірі (б.з.б. 3млн немесе 2,6 млн — 3мың жылдық)- палеолит (3 немесе 2,6млн -12мың жылдық), мезолит(б.з.б.12-5 мың жылдық), неолит (б.з.б.5-3 мың жылдық) болып бөлінеді, бұл дәуірде құрал- саймандар тастан жасалған. Бұдан соң адамдар еңбек құралдарын жасауда мысты пайдалана бастады. Бұл өтпелі кезеңді энеолит – мысты тас дәуірі (б.з.б.3000-1800ж.) деп атайды. Одан кейінгі кезеңде құрал-сайман қоладан жасалды. Оны қола дәуірі дейміз (б.з.б.2-1 мыңжылдық).Б.з.б. VІІІғ. адам баласы темір қорытуды үйреніп, одан құрал-сайман, қару-жарақ жасай бастады. Бұл тарихта темір дәуірі, дәлірек айтсақ, ерте темір дәуірі (б.з.б.VІІІғ.-б.з.VІ ғ.) деп аталды. Л.Г.Морганның тарихты дәуірлеуі мен археологиялық дәуірлеудің ұқсастығы кезеңдердің бір-бірінен айырмашылығы еңбек құралдарының бірте-бірте жетілдіріле түсуі мен адам баласының соған сәйкес даму деңгейінің өсіп отыруы.