Бұл атау Орталық Қазақстандағы Беғазы және Дәндібай мекеніндегі обаларға байланысты қойылған. Осы мәдениетке жататын үйлердің, жерлеу орындарының құрылыстары өте ірілігімен, тас қашау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Әдетте үйлердің қабырғалары бір-бірімен балшықпен байланыстырылып, ірі тастардан қаланған. Ішкі және сыртқы беттеріне тастың тегіс жағы қаратылған.
Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын жерлеу орындарының көпшілігі — обалар. Андрондықтардың ерекшелігі: Беғазы-Дәндібай корғандары биіктеу болып келеді және ұсақ киыршық тастар мен топырақтан тұрғызылып, етегі үлкен қакпақтастармен бекітілген.
Бұл мәдениетке жататын қыш құмыралардың ернеуі тік, бүйірі шығыңқы, түбі тегіс болып келеді. Беғазы-Дәндібай құмыралары әр түрлі өрнекпен безендірілген. Тарақ жүзді және үзік сызықты үшбүрышты өрнектер көп кездеседі.
Қола дәуірін жоспарлы зерттеу 1946 жылы басталды. Сол жылы қазақтың біртуар энциклопедист-ғалымы Әлкей Хақанұлы Марғұлан көне дәуір тарихын зерттейтін археологиялық экспедиция құрды. Ә.Х.Марғұлан және оның шәкірттерінің зерттеулері нәтижесінде Қазақстан жеріндегі қола дәуірі ескерткіштерінің сыры ашылды.