Алтын Орда – Жошы ұлысының орнына құрылған алғашқы ірі мемлекеттердің бірі. Жошы ханның баласы Батый ханның кезінде Орда Алтай тауынан Дунай өзеніне дейінгі ұлан-ғайыр жерді алып жатқан үлкен мемлекет болды. Орталығы алғашында Еділ бойындағы Сарай-Батуда болса, кейін Сарай-Берекеге көшірілген. Алғашқы кезде Алтын Орда деген ұғым болмаған. Орыс деректерінде бұл атау тек ХVI ғасырдың аяғында пайда болған. Шыңғысхан және оның ұрпақтары туралы жазылған
«Шыңғыснама» шежіресі сақталған. Осы шежіреде мынадай аңыз бар. Шыңғысхан Жошы ханнан туған өзінің Батый, Ежен, Шайбани деген үш немересіне алтын босағалы «Ақ орда», күміс босағалы «Көк Орда», болат босағалы «Боз Орда» тіккізген. Алтын босағалы ордаға Батыйды кіргізіп, Жошының орнына хан сайласа керек. «Алтын Орда» деген атау осыдан шыққан тәрізді. Сөйтіп Жошы ұлысының орнына алтын босағалы Ақ Ордаға кіріп, таққа отырған Батыйдың басқаруымен Алтын Орда мемлекеті құрылған.
Жазба деректерде басқа да түсініктер бар. Бір деректерде Жошы ұлысының қарамағындағы жерлер ғана «Алтын Орда» деп аталса, ал екіншісі бір деректерде Батый хан мен оның мирасқоры Беркенің иелігіндегі Еділ бойы мен Кавказдың терістік жағын «Алтын Орда» деп аталған. Жалпы «Алтын Орда» болып аталғанымен, оның өзі жеке- жеке ұлыстарға бөлініп жатқан. Олардың арасында байланыс өте нашар болған.
Батый хан-Алтын Орданы құрушы монғол ханы. 1227-1255 жылдары Алтын Орданы билеген.
Мұсылман деректерінде Батый хан әділ адам болғандығы айтылады. Ол мұсылман елдеріне қамқорлық жасап, оларға мешіт салдырып, діни-әдет ғұрыптарды жүргізуге көмектесіп отырған. Соңдықтан да ол мұсылмандардың ең жақын қамқоршысы деп есептелген. Парсы тарихшысы Жунейни Батый ханның әділдігі туралы былай деп жазған: «Оның ордасына саудагерлер барлық жерлерден келіп жатты. Олар түрлі тауарлардың барлығын алғызып, оның үстіне бағаны артығымен төлетіп отырған».Ал орыс жылнамаларында Батый ханның Алтын Орданың экономикалық қуатын арттырып, қалалық өмірдің жандануына ерекше көңіл бөлгені айтылады.