ҚАЗАҚ РЕСМИ ІС ҚАҒАЗДАРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІНІҢ ТАРИХЫ

 

 

І. Хан жарлықтары

ІІ. Кеңес үкіметі құрылған кезең ІІІ. ҚР Тәуелсіздік алған кезең

 

І. Хан жарлықтарына хандар мен би, болыстардың жазған хаттары жатады. Олар:

  1. «Жеті жарғы».
  2. 1856 ж.  Қарқаралы  округіндегі  Шаншар  болысының  жүз-  басы Қазанғапов бидің өзіне алтын кенішінен кен өндірумен айналы- суға рұқсат ету туралы Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфортқа өтініші.
  3. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың қол астындағы адамдармен бірге Ресей бодандығына алуды сұрап, Анна Иоанновнаға жазған хаты  (ХVIII ғ.).
  4. 1716 жылғы 13 қыркүйек. Қайып хан елшілерінің қазақтардың Ресеймен тату тұру тілегі туралы мәлімдемесі (ХVIII ғ.).
  5. 1718 жылғы 10 желтоқсан. Қайып ханның жоңғарларға қарсы бірлесіп аттану үшін  әскер  жіберу  туралы  өтініш  жасап,  император І Петрге жазған хаты (ХVIII ғ.).

 

«Жеті жарғы» туралы түсініктеме

Ғалымдардың айтуынша, бұл құжат Тәуке ханның тұсында 1684-1685 жылдары құрастырылған.

«Жеті жарғы» – Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды данагөй билердің қатысуымен жазылған көшпелі қазақтардың ел билеу заңы.

Бұл заңдық құжатта жер дауы, жесір дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты үлкен мәселелер қаралады.

«Жеті жарғы» кісі өлтіру, ұрлық, тонау, бүлік шығару, денеге зақым келтіру, зорлау, әйелді алып қашу, тәңірге тіл тигізу, христиан дініне өту сияқты әрекеттерді жауапқа тартуды көздейді. Қылмыстық жауапқа тарту 13 жасқа толған кезден басталған.

Қазақтың қылмыстық құқығы мақау, есі дұрыс емес адамдарды жауапқа тартпаған.

Қазақ халқы «Жеті жарғыны» ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келді.

 

«Жеті жарғы»

Көшпелі қазақтардың ел билеу заңы:

  • қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға – 1000 қой, әйелге – 500);
  • ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылыққа өлім жазасы кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады;
  • денеге зақым келтірсе, соған сәйкес құн төленеді (бас бармақ – 100 қой, шынашақ – 20 қой);
  • төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді;
  • егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса, жазадан босатылады);
  • егер ері әйелін өлтірсе, әйел құнын төлейді;
  • ата-анасы өз баласының өлімі үшін жауапқа тартылмайды, ал ана- сы баласын қасақана өлтірсе, өлім жазасына кесіледі;
  • өзіне-өзі қол салғандар бөлек жерленеді;
  • егер екіқабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туса: бес айлық бала үшін – бес ат, 5 айдан 9 айға дейінгі балаға – әр айына 1 түйеден (анықтама үшін 10 түйе – 300 атқа немесе 1000 қойға тең);
  • әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі. Мұндай қылмыс үшін еріне немесе қыздың ата-анасына құн төленуге тиіс, егер жігіт өзі зорлаған қызға қалың төлеп үйленсе, жазадан боса- тылады;
  • егер ері әйелін көзіне шөп салуда ұстаса, өлтіруге құқылы, бірақ қылмысты сол сәтінде жария етуге тиіс, әйелін көзіне шөп салды деп күмәнданған еркектің сөзін 4 сенімді адам теріске шығарса, әйел күнәсіз деп табылып, жазадан босатылады;
  • біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып  қашқан  адам  өлім- ге бұйырылады немесе ердің құнын төлейді,  егер  әйелдің  келісімі-  мен әкетсе күйеуіне қалың төлеп, қосымшасына қалыңсыз қыз беруге тиіс;
  • әйелді ренжіткен адам одан кешірім сұрауға тиіс, сұрамаса арсыздығы үшін айып салынады;
  • қан араластыру (жеті ата ішінде) өлімге немесе ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады;
  • құдайға тіл тигізген (жеті адам куәлік берсе) таспен атып өлтіріледі;
  • кәпір болған адам мал-мүлкінен айырылады;
  • құл өмірі құнсыз, ол – қожайынның билігінде;
  • ата-анасына тіл тигізген ұлды мойнына құрым байлаған күйі қара сиырға теріс мінгізіп, өзін қамшымен сабап, ауылды айнала шапқылатады, ал қыз қол-аяғы байланып, анасының билігіне беріледі;
  • ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс;

 

  • ерінің ұрлығын біле тұра хабарламаған әйел мен баласы жазаға тартылмайды, өйткені үлкеннің үстінен шағым айту әбестік саналады;
  • өсиет ағайындар мен молданың қатысуы арқылы жасалады;
  • барымтадан қайтқан мал төлімен қайтарылуға тиіс;
  • дауды шешу билер мен ақсақалдарға жүктеледі;
  • куәлікке екі немесе үш адам жүреді;
  • билерге билік айтқаны үшін кесілген малдың оннан бірі тиесілі;
  • егер айыпкер айыбын төлемесе, оны ру басының рұқсаты арқылы барымтамен алуға болады;
  • ұрлық пен кісі өлтіруді қоса жасаған адам екі бірдей жазаға тартылады.

 

Хан жарлықтары және хандар мен би, болыстардың жазған хаттары

1731 жылғы 2 қаңтар – … қараша. Хандар Әбілқайыр мен Сәмеке- нің, Нұралы сұлтанның, Бопай ханшаның, Қарақалпақ ханы мен старшын- дарының өздерінің Ресей бодандығын алғаны туралы императрица Аннаға жазған хатынан:

Ұлы мәртебелі императрица, Сіздің жарлығыңыз бойынша бізге жіберілген Мәмет мырза Тевкелеев бізге ұлы мәртебелі императрица

  • Сіздің жарлығыңызды жариялады. Ол бойынша мен, Әбілқайыр хан, өз боданымдағы  қайсақтарыммен  бірге  ұлы  мәртебелі императрица
  • Сізге және ұлы мәртебелі ұрпақтарыңызға бодан болып, төменде жазылған тармақтарды қызмет етуге қабылдадым. Ең алдымен, аса қасиетті және ұлы державаның иесі ұлы патша императрицамыз – Анна Иоанновнаға бүкілресейлік және басқаларының, тағы басқа сол сияқтылардың самодержицасына уәде етіп, ант береміз….
  • Біздің ұлы патша императрицамызға және ұлы мәртебелі Сіздің ұрпақтарыңызға әрқашан адал әрі әділ қызмет етуге уәде беремін.
  • Ұлы мәртебелі императрица – Сіздің бізге, қайсақ ордасына, қызмет етуге жарлығыңыз келген кезде Ресей бодандары – башқұрттармен және қалмақтармен бірге, соның ішінде айтылған жерге біз өз әділдігімізбен барамыз.
  • Қайсақ ордасы жайық казактарына, башқұрттарға, қалмақтарға және Ресейдің барлық бодандарына дұшпандық шабуыл жасамайды және оларға залал келтірмейді, олармен тату-тәтті тұрады.
  • Ресей бодандары Астраханьнан және басқа жерлерден көпес керуенімен біз, қайсақтар арқылы қай жаққа баратын болса немесе керуен бізге, қайсақтарға, келетін болса, біз оларға еш жаманшылық жасамаймыз және оларды жаман адамдардан қорғаймыз және оларды қажетті жерлеріне жеткізіп саламыз.
  • Тұтқынға алынған Ресей бодандары біздің қайсақ ордасынан қайтарылады, ал алдағы уақытта тұтқын алынбайды және башқұрт-

 

тардан және Ресейден алынған тұтқындардың біздің дінімізге өткендерінен басқалары қайтарылады және ұлы мәртебелі императри- ца – Сізге біздің жыл сайын адал қызмет етуіміз үшін ұлы мәртебелі сіздің құлдарыңыз башқұрттарға қарсы және жасағыңызға 4000 түлкіден жіберіп тұруға уәде беремін, осыған сендіріп, мен, Әбілқайыр хан, осы параққа өз мөрімді бастым және өз елшім Бақа батырды жібердім.

1143 жылғы режеп айының 17-сі күні,

1732 жылғы қаңтардың 2-сі күні жазылған.

«XVI–XVIII ғ. қазақ-орыс қатынастары», құжаттар жинағы, 38-бет.

 

1856 ж. Қарқаралы округіндегі Шаншар болысының жүзбасы Қазанғапов бидің өзіне алтын кенішінен кен өндірумен айналысуға рұқсат ету туралы Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт мырзаға өтініші:

Сібір қырғыздары орналасқан жерлерде алтын кен орындарын бар- лаумен және олардан кен өндірумен, сондай-ақ басқа да металл кендерін іздестірумен және өндірумен айналысқым келіп, мен жоғары мәртебелі Сізден маған осымен қоса табыс етіліп отырған құны 90 тиын гербті қағаз парағына Заңдар жинағының 2432 және 2443-баптарына, Кен жарғысының VII томына және 1854 жылғы 2443-бабына, 19 мамыр- да Сібір комитетінің жоғары дәрежеде бекітілген ережесіне сәйкес рұқсат етілген Қаржы министрлігінің куәлігін алуға өтініш жасау үшін осындай кәсіпшілікке алдын ала рұқсат етуіңізді барынша тағзым ете отырып сұраймын.

Осы өтінішке жүзбасы Тәттімбет Қазанғапов өз аты жазылған мөрін басты.

«XVIII–XIX ғ. қазақ-орыс қатынастары», құжаттар жинағы, 419- бет.

 

Қазақ ресми ісқағаздарының қалыптасу кезеңі

Қазақ ресми ісқағаздарының тарихына келетін болсақ, ресми іс- қағаздар стилі осы хан жарлықтарынан бастау алады. Осыған байланыс- ты тарихқа аздап тоқтала кететін болсақ, Жоңғар шапқыншылығының салдарынан халықты, елдік дербестікті сақтау мақсатында қазақ елі біртіндеп Ресей патшалығының қол астына ене бастады. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Қазақстанның Ресейге қосылу үдерісі толық аяқталды.

1868-69 жылдардағы патша өкіметінің қыр облыстарын басқару жөніндегі ережелері Қазақстанда ел билеу, әкімшілік жүйесінің жаңа түрін енгізді.

Қазақстан аумағы 3 генерал-губернаторға бағынған 6 облысқа бөлінді. Орал және Торғай облыстары Орынбор генерал-губернаторына, Ақмола және Семей облыстары Батыс Сібір генерал-губернаторына, Жетісу және

 

Сырдария облыстары Түркістан генерал-губернаторына қарады. Патша өкіметі бұл кезде татар тілмаштарының «көмегінен» бас тартты.

Патша  әкімшілігінің  бұйрық-жарлықтарын  жергілікті   әкімдерге  өз тілінде жеткізу, отаршылдық саясатты күшейте түсу, өкілеттік құжаттарды жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орын- даттыру, патша өкіметінің ресми көзқарастарын халық арасына кең та- рату мақсаты қазақ тілінде шығатын газетті қажет етті. Сөйтіп, алғашқы газеттер жергілікті әкімдердің қазақ елін басқару ісін жеңілдету ниетімен шығарыла бастады.

  1. Ташкентте 1870-1882 жылдары «Түркістан уәлаятының газеті»;
  2. Омбыда 1882-1902 жылдары «Дала уәлаятының газеті»;
  3. 1895 жылдан бастап Троицкіде «Торғай газеті» шығып тұрды.

Бұл газеттер ресми орган болуына қарамастан, қазақ әдеби тілін да- мытуда, жазба нормаларын қалыптастыруда, оның бір тармағы – ресми ісқағаздар стилін жетілдіруде үлкен рөл атқарды.

Газеттің негізгі бағдарламасы – үкіметтің бұйрық-жарлықтарын, сот орындарының үкімдерін, сауда хабарларын, Ресей және басқа мемлекеттердің өмірінде кездесетін оқиғаларды, шаруашылық ха- барларын жазып тұру болды. Сонымен қатар, мұнда қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әдебиетіне қатысты материалдар да жарияланды. Материалдар мазмұнына қарай негізгі екі топқа бөлінді: ресми және ресми емес. Ресми материалдарға үкімет бұйрықтары, кейбір саяси- экономикалық мәселелер, ресми емес бөлімге жай корреспонденциялар, тарихи мақалалар мен көркем әдебиет үлгілері жатты. Газет материал- дары публицистикалық, ғылыми, көркем әдебиет және ресми ісқағаздар стилінде жазылды.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысында  қазақша  ресми  ісқағаздарының  өз алдына стилі болды. Ол едәуір өзгерісі бар бұрынғы құжаттар мен хат-хабарлар тілінің жалғасы ретінде танылады. Бұл дәуірде патшалық Ресейдің әкімшілік орындарының қазақ жеріне қатысты ресми құжаттары қазақшаға аударылып, көпшілігі баспа жүзінде жарияланып отырды. Тағы бір ерекшелігі, бұл дәуірдегі ресми қағаздар өткен дәуірлердегідей, хан, аға сұлтан сияқты жеке адамдарға емес, көпшілікке жариялай- тын мазмұнда болды.

Ресми ісқағаздар мазмұны мен адресаттарына қарай 3 топқа бөлінді. 1-ші топ. Патша үкіметі тарапынан жазылған бұйрық-жарлықтар

(указы, распоряжения, приказы), ережелер (положения) терминология- сы, стильдік құрылымы және қалыптасқан сөз орамдарымен, өзге ресми құжаттардан біраз ерекшеленеді.

  • ші топ. Заң, сот істеріне байланысты ереже, бұйрық, анықтама т.б.

Бұлардың да өздеріне тән термин жүйесі, сөз орамдары бар.

  • ші топ. Жеке адамдардың ресми органдарға жазған арыз, өтініштері.

 

ІІ. Кеңес үкіметі құрылған кезең

1920 жылы және одан кейінгі кезеңде қазақ тіліне деген көзқарасты төмендегі қабылданған құжаттардан байқауға болады:

  • 1920 жылы Қазақ АССР-і Кеңестерінің бірінші құрылтай съезінде республикадағы әр ұлт барлық мекемелер мен мектептерде ана тілін қолдануда тең құқылы деген шешім қабылданды.
  • Қазақ АССР Халық комиссарлар комитетінің 1921 жылы 2 ақпанда жарық көрген «Республиканың мемлекеттік мекемелерінде қазақ және орыс тілдерін қолдану туралы» Декреті;
  • Қазақ АССР ОАК-нің 1923 жылғы 22 қарашадағы «Қазақ тілінде ісқағаздарын жүргізуді ендіру туралы» Декреті;
  • Қазақ АССР ОАК Президиумының 1923 жылғы «Қазақ тілінде ісқағаздарын енгізу жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы» Қаулысы;
  • Қазақ АССР Юстиция  Халық  комиссариатының  1923  жылғы  11 маусымдағы «Сот-тергеу органдарының халық соттары мен халық тергеушілерінің қазақ тілінде іс жүргізуді ендіруге байланысты» нұсқау хаты.
  • 1924 жылы қабылданған Қазақстанның бірінші Конституциясы бойынша қазақ және орыс тілдері республикада мемлекеттік тіл болып танылған.
  • Қазақ АССР ХКК-нің 1924 жылғы 23 сәуірдегі өлкелік мекемелерді қазақ тіліндегі жазу машинкасымен қамтамасыз ету жөніндегі өкімі;
  • Қазақ АССР Еңбек Халық Комиссариатының 1924 жылғы

21 маусымдағы «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізуге байланысты қызметкерлерді жұмыстан босату және оларды қазақ тілінде сөйлеп, жаза алатын қызметкерлермен алмастырудың тәртібі жөніндегі» Қаулысы;

  • Қазақ АССР ОАК-нің 1927 жылғы 17 мамырдағы «Қазақ уездері мен өлкелік мекемелердің қазақ тілінде ісқағаздарын жүргізуге көшірудің соңғы мерзімін белгілеу туралы» Қаулысы;
  • Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатының 1930 жылғы 3 қаңтардағы Барлық өлкелік халыққа білім беру бөлімдеріндегі орыс мектептерінде қазақ тілін міндетті түрде оқыту жөніндегі нұсқау хаты;
  • 1934 жылғы Орталық Атқару Комитетінің «Қазақ мектептерде қазақ тілін міндетті түрде оқыту жөніндегі» Қаулысы және т.б. құжаттар. Бірақ көп ұзамай-ақ, қазақ тілін мемлекеттің негізгі қарым- қатынас құралына айналдыру мүмкіншілігіне бұғалық салына баста-

ды. Оны төмендегі құжаттардан көруге болады:

  • 1938 жылғы 5 сәуірдегі «Қазақ мектептерінде орыс тілін мәжбүрлі оқыту» туралы арнайы Қаулысы;
  • Қазақ АССР ОАК-нің 1938 жылғы сәуір айындағы «Ұлттық мектеп- терді қайта құру туралы» Қаулысы (Осы қаулыға сәйкес Қазақстандағы

 

ұлттық мектептер «буржуазиялық-ұлттық идеологияның ошағы, бала- ларды Кеңес үкіметіне қарсы тәрбиелейтін мекеме» деп танылып, түгел таратылып жіберді).

Еліміздегі қазақ тіліне қатысты белсенді қозғалыс 1980 жыл- дардың соңында етек алып, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуына 1989 жылы қол жеткізілді:

  • 1989 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды;
  • 1989 жылғы 22 қыркүйектегі Қазақ ССР-інің Тіл туралы Заңы (Қазақ тілі – ҚазССР-нің мемлекеттік тілі болып бекітілді);
  • 1990 жылғы «Қазақ тілін және Қазақ ССР-індегі басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңдерге арналған мемлекеттік бағдарламасы».

 

ІІІ. ҚР Тәуелсіздік алған кезең

  • 1993, 1995 жылдардағы ҚР Конституциясы;
  • 1993 жылы Қазақстан Үкіметі жанынан құрылған Тіл комитеті.
  • «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі №151 Заңы:
  • бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.

Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып та- былатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға,

оның халықаралық беделiн нығайтуға;

Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;

Қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.

  • 2001 жылы 7 ақпанда Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;
  • 2011 жылы 29 маусымда Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
  • Автор:Орынғазы Әбутәліп

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *