Ерте орта және дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттер

Ерте орта және дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттер (VІ-ХІІІ ғғ.)

Түрік және Батыс Түрік қағанаты (552-603 жж.).

  1. Түркеш, Қарлұқ, Қарахан, Қидан мемлекеттері.
  2. Оғыз, Қимақ және Қыпшақ хандықтары.
  3. Найман, Керейт және Жалайыр ұлыстары.
  4. VІ-ХIII ғғ. Қазақстанның экономикалық және мәдени өмірі.

 

СӨЖ тапсырмалары:

  1. Л. Гумилевтің «Көне түріктер» кітабы бойынша танымдық тапсырмаларды орындау: түріктердің тілдік қатынасын айқындау, салт- дәстүрі, діни сенімдері бойынша конспект жасау.
  2. С.Г. Кляшторный, Т.И. Султанов. «Казахстан: летопись трех тысячелетии» кітабы бойынша танымдық тапсырмаларды орындау: түріктер үшін әлеуметтік идеалдардың маңызын ашу.
  3. Біздің заманымыздың І мыңжылдығының орта тұсынан бастап Ұлы Далада этникалық үрдіс пен саяси өмірде елеулі өзгерістер бастау алды. Мифтік дүниетанымдық көзқарас орнына адамның тарихи аспектіде әлемдегі орнын айқындау шарты көрініс табады. Бұл тұста түркі тілдес тайпалар бірте- бірте үстемдік ала бастады. Әлеуметтік даму және аймақтық саяси ынтымақтасу процестерінің тездей түсуі түркі тілдес тайпалардың ірі мемлекеттік құрылым (қағанат) құруына жол ашылды. Олар Қиыр Шығыстағы Корей түбегінен батыстағы Карпат тауына дейін, солтүстікте Байкал мен Енисейден оңтүстігінде Үндістанға тірелетін жалпағынан созылған кең байтақ алқапты өзіне қаратты.

542 жылға жататын қытай жылнамалары: «cолтүстік-батыстан туцзю (түрік) елі шапқыншылық жасады»,- деп түрік атауын алғаш рет қолдана

 

бастады. Алтай аймағында сатылап құрылған орда құрылымы VІ ғасырда түрік атауымен тарих сахнасына шықты. Қытайлықтар туцзю, тюркут, соғдылар – турк, туркут, византиялықтар, арабтар, ирандықтар – түріктер деп атаса, орыс деректерінде половец пен печенегтермен қоса торк атауын да кездестіреміз.

Түрік қағанатының алғашқы кезеңіне байланысты ескерткішті археологтар 1968 жылы қазіргі Монғолия территориясында тапқан болатын. Шапқыншылықтан аман қалған бала мен бөрінің бейнесі осы ескерткіш құлпытасында бейнеленген. Генеалогиялық аңызға сәйкес түркі тектес елдің бабасы он жастағы ұл баланы – қасқырдың анасы асырап алыпты. Одан туған он бала Алтайдағы тайпалардың басын қосқан, Алаша дәстүрін жандандырған

  • Түрік-Ашина әулеті түрік әлемінде ұйтқы болды. Тарихи сабақтастық мұрындық болған түркілердің өміріндегі негізгі компоненттері ерте дәуірде қалыптасқан еді. Орталық Азияның түркі тілдес, сонымен қатар енисей қырғыздары, қыпшақ тобы, теле немесе оғыздар – Ашина ұрпақтары болып табылады.

Түрік қағанатының құрылу уақыты VІ ғ. бастау алса да, онда түріктік мәдени компоненттердің бірігуімен қатар, олардың дербестікке деген нышаны да қатарласып жатты. Осы жайттар небәрі жеті ғасырда түркі тектес елдің он шақты мемлекет құрғанын білеміз: Көк Түркілер қағанаты, Шығыс Түрік, Батыс Түрік, Түркеш, Қарлық, Ұйғыр, Хазар, Оғыз, Қыпшақ, Қарахан, Қимақ, Найман және тағы басқа.

Ерте түрік мемлекеті – Түрік Қағанаты (551-603) 551 жылы Бумын басшылығымен пайда болды, тайпа көсеміне Қаған лауазымы тағылды. Оның мұрагерлері Қара-қаған (552-553), Мұқан-қаған (553-572), Таспара-қаған (572-

581) билік құрды. Тарихи деректер: «Қытай мемлекеті алым-салық төлеуге мәжбүр болды; іргелес қоныстанған – Парсы, Византия елдері саяси- экономикалық қатынас орнатты», — дейді. Махмұт Қашғари: «түріктердің күнбатыста Ұрым (Рим), күншығыста Қытайға дейінгі байтақ, сегіз мың фарсах шамасындағы жерді иемденгенін», — жазып кеткен болатын.

Сонымен, түрік елі бір әулет билігіне топтасты. Күрделі дамыған империялық басқарудың саяси құрылымын жаратты. Шаруашылығы әр типті халықтар мен елдерді өзіне бағынышты және мұқтаж етті. Мұқтаждық — әулетке тікелей бағыну немесе алым-салық төлеумен реттелді. Көшпенділердің құрған мемлекеті империя (қағанат) түріне айналды. Осы тұрғыда Түркі қағанаты ғұндар дәстүрін жалғастырып, еуразиялық империя құрылымын жасады.

Ежелгі түріктер ерекше өркениет ошағын құрды. Біртұтас билік шеңберінде болмыстың жаңа серпінді формалары көрініс тапты, оның жаңа коммуникативтік құралдары ретінде – урбанизация үрдістері жанданды, қалаларды   салды,  дүниетанымда   —   фәлсафалық   талпыныстарымен  әлемдік

«Тәңір» дінін жаратты, мәдениеттің қажетті межесі деп — Ұлы Дала болмысына тән Қасиетті сақтап қалды. Осының бәрі қоғамның құрылуындағы әлеуметтік және  саяси  өмірінде  бейнеленді.   Объективті   мазмұны бар  таным  жетістігі

 

болып — тасқа қашаған таңбалардан қағазға біткен қолжазбаларда дыбыс белгілейтін әріптік жазудың пайда болуында. Көне түрік жазуы скиф-сақ дәуірі мәдениетімен үндесіп, астасып жатты. Көшпелі түрік қоғамы бірсипаттылығымен, элементтердің ұқсастығымен және дәстүрлік бірлесу негізінен байқалады.

Күлтегіннің үлкен жазба Құлпытасында: « Жоғарыда Көк Аспан, төменде Қара Жер пайда болған кезде, ортасында Адам баласы жаралды… оларға билік етуге менің бабаларым Бумын қаған және Истеми қаған таққа отырды… төрелік айтып, Түрік Елін құрды». Осы жазба ескерткішінде қағанаттағы биліктің жіктелуі тайға таңба басқандай — Бодун – Ел — Бұйрық , «Халық – Мемлекет

– Заң»,- деп айқын көрініп тұр. Саяси тұрғыда Ел деңгейіне көтерілген тайпа одағы – ру, арыс, тайпа бірлістіктерінен құрылды. Ру-тайпалық құрылым – халық және әскери-әкімшілік құрылыс – Ел дәрежесінде бірін-бірі толықтырып отырды. Қаған – мемлекетті ұстап, халықты басқарды. Ол жоғарғы сот, жоғарғы абыз, әскери қолбасшы, генеалогиялық сатыда тайпаның үлкені ретінде көсем рөлін атқарып, жаулап алған халық пен мемлекеттерге алым-салық төлеттірді. Қаған – саяси билікке ие бола тұра, тайпа аристократиясы — бектерге сүйенді. Бек – қаны мен жаратылысы жағынан дәстүр негізінде ақсүйек тұқымына жатты. Түрік елінде аристократияның элитасы болып Ашина руы есептелді. Осы ерекше сословия тобынан Жоғарғы Империя Әулеті құрылды — кеңесшілер, жоғарғы әскери басшылар, әскери-әкімшілік лауазымдағы бастықтар. Халықтың негізгі бұқарасы «қара бодұн» деп аталса, тәуелді ең төменгі жігі «тат» деп аталды. «Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас» деген сөз түрік билеушілердің бәрінде де осындай тәуелді адамдардың болғандығын дәлелдейді. Түркі қауымының құрылымы ғасырлар бойы қалыптасып, көшпелі-әскери тұрмыс салтының мақсаттары мен міндеттеріне бейімделді.

Ішкі қырқыс, әлеуметтік қайшылық және сыртқы саяси себептер Түркі қағанатын ойсыратып жіберді. Ақырында 603 жылы өз ішінен «Шығыс Түрік қағандығы» және «Батыс Түрік қағандығы» деп екіге бөлінді. Сол уақытта Қытай — Суй әулеті (581-618) кезінде күшейіп, Шығыс қағанаты оларға тәуелді болып қалады. Осы ұзақ дағдарыстан Құтлық — Эльтериш қаған уақытында азат болып, Білге қаған және Күлтегін кезінде Шығыс қағанаты бекіді.

Батыс Түрік қағандығы құрылған кезде, ол «Он оқ бодұн» — «бес арыс дулат», «бес тайпалы нүшиби» деген атауларымен ұйымдасып — Алтай тауынан Қаратау тауына дейін, Шығыс Түркістаннан Арал-Каспий теңізіне дейін созылған кең алқапты алып жатты. Қағандықтың негізгі ордасы – қазіргі  Жоңғар ойпаты мен Жетісуда бекінді. Соғды, Бухара, Гиндукуша, Исфиджаб, Чача жерлерінде қағанның адамдары үстем құрып отырды. Ұлы жібек жолы бойындағы өркендеген саудасы бар Батыс қағанаты, зор кеңістікті игерудің тиімді тәсілін қолданды. Мал шаруашылығы мен отырықшы егіншілік түрі қоса жүретін бірегей жүйесі, қала мәдениеті бар дамыған мемлекет болды. Шаруашылық мәселелерді шешу саудаға байланысты болғандықтан Ұлы Жібек

 

жолын бақылап, өркендеуіне қағанат игі ықпал жасап отырды. Сауданың өркендеуіне байланысты ақша айналымы пайда болды, сауда мен қолөнердің орталық қалалары гүлденді. Олар: Қүлан, Тараз, Мерке және т.б. Шу алқабының өзінде 18 шақты дамыған қалалар болды. Қалаларда өндіріс құралдарын жасайтын темір өңдеу кәсібі, қыш-құмыра өндірісі, тоқымашылық, ағаш өнері, тері өңдеу, тағы да басқа кәсіптер өркендеді. Ұлы Жібек жолының сауда керуендері осы қалаларда дамылдап, әртүрлі тауарларын сатып, өздерінің көлігін малшылардан толықтап алып отырды, сонымен бірге, бұл қалалар ішкі айырбас пен сыртқы сауданың тұрақты орталығына айналды.

Батыс Түрік Қағанатының этникалық құрамы: Ашина түріктері, үйсіндер, қаңлылар, түргештер, ұйғырлар, қырғыздар, қарлықтар, оғыздар, қимақтар, қыпшақтар, яғни көпшілігі шыққан тегі жағынан туыстас – қытай жылнамаларынан келтіргендей Шаньюй (ғұндар) тегінен еді. Яғни, бұл үрдіс этникалық тәртіптің немесе жалпытүріктік этникалық сана-сезімнің — түріктік (ұлттық) идеологияның қалыптасуымен аяқталды. Біртұтас билік шеңберінде мәдени-өркениеттік – империялық стандарттар қалыптасты.

Батыс түрік пен Шығыс түрік қағандығының мемлекеттік басқару жүйесі ұқсас болды. Жоғарғы билеушісі қаған, кейінгі лауазымдар: жабғы, тегін, шад, еркін, тарқан, бек, бұйрық, шор, елтебер, тұтық деп аталды. Бұл лауазымдар атадан балаға мұрагерлік жолымен ауысып отырды. Барлығы 28 дәрежелі лауазым иелері болған ақсүйек тегіне жататын империялық билік институтын құрды. Астанасы Суяб қаласы, ал жазғы резиденциясы Түркістан маңындағы Мыңбұлақ болды.

Мемлекет ішінде өріс алған дағдарыс ыдыраушылықты асқындырды, соның негізінде Таң патшалығының көмегімен Батыс Түрік қағанаты 630-634 жылдары Сырдариядан батысқа қарай созылған ортаазиялық иеліктерінен айырылып қалды. Он алты жылға созылған тайпалар арасындағы соғыс пен әулеттік қырқыстардың (640-657) аяғы, 657 жылы Жетісуға кең көлемде бағытталған Таң патшалығының жорықтарымен аяқталды. Қағанат жеңіліс тапты, енді қағандықты қытайдың тағайындаған адамы басқарды. 704 жылы Батыс Түрік қағанаты құлады. Оның соңғы қағанын түркештер өлтірді. Енді батыс түрік қағандығының орнына Түркеш қағандығы құрылды.

  1. Түргештердің көсемі Үш Елик 699 жылы Батыс Түрік қағанатындағы қытай императорының тағайындаған басшысын жойып, өз билігін орнатты. Түркештер — Іле мен Шу өзені аралығын, Іле Алатауынан Балқаш көлінің оңтүстігіне дейінгі өңірін мекендеді. Шығые пен Батыс арасындағы сауда- керуен жолының осы Жетісу өңірін басып өтетін басты бөлігі түркештердің бақылауында болды. Бұл жағдай олардың әскери-саяси және шаруашылық қуатын арттыра түсті. Сонымен қатар, отырықшы егіншілік ошағы, біршама көркейген қалалары бар бай өлке еді. Түргеш әулетінің негізін салушы, 699- 706 жылдары билік құрған — Үш Елик Қаған еді, олардың ордасы Шу бойындағы Суяб қаласында болды, кейін Тараз қаласына көшірілді. Түргештер екі тайпалық жікке бөлінді: Іле өзені жағалауын мекендегендері –

 

қара түргештер, Шу бойындағылары – сары түргештер. Жетісуда үстемдігін орнатам деушілердің бірі – Қытай мен Араб Халифатына қарсы Түргеш қағанаты қажырлы күрес жүргізді. Үш Елик Қаған және оның ұлы Сақал Қаған кезінде (706-711) Түргеш Қағанаты Мәуреннахрдағы араб шапқыншылығына тойтарыс бере білді. Әсіресе, араб басқыншыларына қарсы нәтижелі күрес Сұлу Қаған кезінде (715-738) жүргізіледі. Ол сыртқы саясаттағы дипломатиялық құралын шебер қолдана білді, Шығыс қағанат пен Тибет патшаның Бикеш қыздарына үйленді, Қытайдың құлқындарын жұдырығында ұстай білді. Бірақ қауіп Араб Халифатынан төніп тұрды, Сұлуды өз жағына тартпақшы болған ниеттері жүзеге аспағандықтан, оған Абу Музахим (бодающий) деген атау тақты.

VІІІ ғасырдың ортасында Жетісу алқабы үшін Қытай мен Арабтардың мүдделері қақтығысып, соның салдарынан Тараз қаласының маңындағы Талас бойында 751 жылғы шілде айында Талас шайқасы болды. Хорасандағы аббасид халифы Абу Муслим жіберген араб әскері Гао Сянь Чжи басқарған қытай әскеріне тойтарыс бере алды. Қытайлықтарды жеңуде шешуші шайқас қарлықтардың ерлігіне байланысты болды. Бұл шайқас үлкен маңызға ие болды: біріншіден, қытайлықтар Қазақстан жеріне ендігі жерде ішкі ісіне араласпақ түгіл, қолдарын ұзақ уақытқа дейін сұға алмады; екіншіден, Қазақстанда Ислам мәдениетінің ықпалымен өзара байланыс дәуірі басталды. Осы кезде Алтай тауын мекен еткен қарлұқтар күшейе түсті. Олар түркеш қағандығын жеңіп, өзіне бағындырды. 756 жылы Түркеш қағандығы құлады да, өкімет билігі қарлұқтардың қолына көшті. Түргеш Қағанатының құлауы Ашын әулетінің жойылуына әкеледі. Батыс Түрік Қағанатының орнында  түркі        тілдес                   халықтардың        бірнеше   мемлекеті         пайда болады: Солтүстік                        Тянь-Шань    мен   Жетісуда   —   Қарлықтар           мемлекеті    (756-940); Сырдарияның төменгі сағасында, Арал жағалауында – Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғғ. басы); Ертіс бойы мен қазіргі Солтүстік және Орталық Қазақстан далаларында – Қимақтар (кейінірек қыпшақтар) мемлекеті (ІХ ғ.-ХІ ғ. басы); Қарахан әулетінің мемлекеті (942-1210); Қыпшақтар Хандығы (ХІ ғ. басы- 1219); Еділдің төменгі сағасы мен Солтүстік Кавказда – Хазарлар мемлекеті; Орталық      және  Солтүстік-Шығыс                 Азияда           сондай         түркі  тілдес,       туыстас тайпалардың мемлекеттері пайда болды: Ұйғыр Қағанаты (745-840) және

Қырғыз Қағанаты (840-1124).

Қарлұқ туралы алғашқы деректер V ғ. жатады, ол кезде олар «бұлақ» деген атпен мәлім болыпты. Ежелгі түріктердің руникалық ескерткіштері

«үш қарлұқ» (қарлұқтардың үш тайпасы) атын Алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс тепкен көшпелі тайпалардың қуатты одағына да таратқан. Ерте орта ғасырды зерттеген ғалымдар бұл атауға ірі-ірі үш тайпаны біріктіреді: бұлақ, шігіл және ташлық .

742 ж. Шығыс Түрік Қағанаты құлап, билік үш тайпаның: қарлұқтардың, үйғырлар мен басмылдардың одағына көшеді. Алайда 744 ж. тайпалар арасындағы қақтығыс ұйғырлардың жеңісімен аяқталады. Орталық Азияда

 

жаңа мемлекет — үйғыр қағанаты (744-840) пайда болады. Өзінің одақтасы ұйғырлармен бәсекеге түскен қарлұқтар жеңіліске ұшырап, Жетісу жеріне қарай ығысуға мәжбүр болды. Жетісуға келген қарлұқтарға Түргеш қағандығы тойтарыс бере алмады. Сөйтіп, 756 жылы түргеш қағандығының орнында Қарлұқ Қағандығы құрылды. Көсемдері — Елтебер, билеушілері — Жабғы, ал 840 жылдан бастап — Қаған лауазымын алды. Қарлық мемлекетінің негізгі аумағына шығыста Жоңғар Алатауынан, батыста Сырдарияға дейін, солтүстікте Балқаш көлінен, оңтүстікте Ыстықкөлге дейінгі жерлер қарады.

Қарлұқ конфедерациясына халықтар этникалық жағынан бір тектес болмады, олардың ішінде түрік тілді тайпалар мен иран тілді-соғдылар, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінен ауған келімсектер бартұғын. Ықпалы бар аймақтарда, тұрғындарды түріктендіру үрдісі қызу жүріп жатты. 840 ж. Енисей қырғыздары үйғыр қағанатын жойып, ұйғырлар Түрфан мен Ганьчжоу аймағына еріксіз көшуге мәжбүр болады. Бұл оқиғаны қарлұқ жабғысы Білге Күл Қадыр-хан шебер пайдаланып, ел билеуге жаңадан қаған атын алады.

Қарахан мемлекетінің (942-1210) негізін салушы – қарлықтар бірлестігіне кіретін шігіл тайпасынан шыққан Сатық Бегре хан (915-955). Ортағасырлық авторлар қарахандардың әуелгі аумағы Орталық Тань- Шаньнің оңтүстік-шығысы мен Қашғардың солтүстік бөлігі деп санайды. Кейіннен, Сатық пен оның ұлы Мұсаның (Байташ) кезінде бұл хандыққа Орталық Тань-Шань, Жетісу, Ферғана, Мәуреннахр қосылады,  иеліктің батыс шекарасы Әмудария өзені мен Арал теңізіне, солтүстігі Балқаш көліне, шығысы Алакөл мен Тарбағатай тауларына дейін созылады. Ордасы Шу жазығында болса, астанасы Баласағұн қаласы болды. Қарахан мемлекеті 1041-1042 жылдары тәуелсіз екі мемлекетке бөлінгеннен кейін Батыс Қағанаттың астанасы Үзкент, кейін Самарқан қаласы болса, ал Шығыс Қағанаттікі Баласағұн, кейіннен Қашқар қаласы болды. Сөйтіп, Мәуреннахр батыс қарахандардың иелігіне, Шығыс Түркістан мен Жетісу шығыс қарахандардың иелігіне қарады.

ХІІ ғасырдың бірінші жартысы бір кездегі қуатты империяның тарихында аумалы-төкпелі жылдарға айналады. Орталық-азиялық тайпалардың: қидандардың, наймандардың және керейттердің жаңа легінің шабуылы, селжүктер әулетімен болған аяусыз күрес, өзара қырқыстардың көбеюі Қарахандар мемлекетінің күйреуіне әкеп соқтырады.

Қарахан әулетіне байланысты болған маңызды оқиғаның бірі – Сатық Бегре хан 955 жылы (мұсылман аты — Әбд-әл-Керим) мұсылман дінін қабылдап, Ислам мемлекеттік дінге айналуымен атап өтеді. Енді, елді исламдандыру көне түрік руникалық жазуын тықсырып, араб әрпіне негізделген жаңа түрік жазуының түзілуіне жеткізеді. Сөйтіп, түркілер Ислам әлемінің мәдени кешеніне енеді.

Қарахан әулетіндегі мемлекеттік құрылымның бір өзгешілігі — әскери басқару әкімшілік басқарудан бөлінуі еді. Жер иеленуде – Икта институтын

 

енгізді. Иктаның бірнеше түрі болды. Атап айтқанда, икта үлгісіндегі жер сыйлықтары ірі, орташа және ұсақ жер сыйлықтарына бөлінді. Әскери икта да көп тарады. Икта алған әскер басшылары оны өздеріне бағынышты жауынгерлерімен бөліске салды. Үлес мөлшері адамдардың қызметіне, әскери дәрежесіне және сіңірген еңбегіне байланысты болды. Иктаны екінші біреуге беру арнайы қағазбен (грамота) расталды. Иктамен қатар жер иеленудің басқа түрлері де болды. Қарахан билеушілері казынаға түсетін салық көзі — үлкен жер бөліктерін иеленді. Мұндай ірі аювр бөліктері жаудан тартып алынған жерлерден кірді. Мұсылман дінбасыларының қарамағында да ірі жер бөліктері болды. Ол жерден мемлекет пайдасына салық алынбады. Жалпы икталық жүйе әлеуметтік жіктелудің күшеюіне, дамыған қатынастардың мемлекеттік деңгейін бейнелеп берді. Бұл кезеңде мемлекет құрамындағы халықтарды біріктіруші «түрік» термині бұрынғы жалпылықтан этникалық тұрғыдағы тар мағынаға ие бола бастайды. Қазіргі Қазақстан аумағы мен Орта Азия арасында тығыз территориялық- шаруашылық байланыстары орныға бастайды.

Қидандар туралы алғашқы дерек V ғ. жатады, олар ол кезде Қиыр Шығыстағы Уссури алқабында мекен еткен. Ол X ғ. күшті одақ құрып, қытайдың солтүстікке қарай көптеген жерлерін бағындырып, Ляо патшалығын (907-1125) құрды. Сол кезде олардың жерлері Қашғардан қытайдың Ұлы қамалына дейін созылып жатты. Осы әулет қытайға өз атауын берді (қытай – киданның жерлері деген ойды белгілейді). Амурдан келген Чжурчжень тайпалары Сунь патшалығымен одақтасып, кидандармен соғысады. Бұл соғыс Ляо мемлекетінің іргесін шайқалтып, кидандардың батысқа қарай жылжуын мәжбүр етеді. Соның салдарынан қидандардың көсемі Елюй Даши Еміл өзенінің бойына жетіп, аттас қала салып, 1225 ж. бастап үстемдік ықпалын кеңейтетін дәуірін бастайды. Қарахан әулетіндегі тайпалар арасындағы тартыс қидандардың күшеюіне жол ашады. Замандас деректердің келтіруі бойынша: «Түркістан патшалары» қара қытайлардың (қидандардың атауы) көмегімен бірін-бірі «бағындыру және талқандау» әрекеттерін жүргізді, ал бұл жағдай қидандардың күшеюіне және кеңеюіне жол ашты,- деп, шынайы оқиғаларды баяндап берді. Аталған себептер Ляо әулетінің ханзадасы Елюй Дашиға өз үстемдігін Шығыс Түркістаннан Амударияға дейін орнату қиынға түспеді. Ол Гурхан лауазымын алды. 1141 жылы орта азия жерлерін қосып алды. Сөйтіп, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Мәуреннахр мен Шығыс Түркістан қарақытай мемлекетінің құрамына енеді. Бір ерекшелігі, Қидандар өзіне бағынған аймақтардың билеушілерін құлатпай, вассал (кіріптар) ретінде алым-салық төлеуді ғана мәжбүр етті. Мемлекетте басталатын түбегейлі өзгерістер Қидандардың соңғы Гурханы Чжилугу билік құрған кезге байланысты. Шыңғысханнан жеңілген наймандардың көсемі Күшлік хан 1208 жылы Жетісуға келіп, қоныстана бастайды. Ақырында Қидандардың дәуірі наймандардың заманымен алмасады.

 

  1. Оғыздардың мекен еткен жерлері Қазақстанның Ырғыз, Жайық, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Арал маңы, Сырдария жазығы, Қаратау баурайлары, Шу жазығы болатын. Әсіресе ықшамды орналасқан аймақтары Арал өңірі, Каспий маңының солтүстік-шығысы мен Сырдарияның төменгі ағысы. ІХ-Х ғасырдың басында Сырдария атырабының ортаңғы және төменгі ағысы мен сол алқабына қабысып жатқан Қазақстанның Батыс даласында Мафазат әл-гуз Оғыз мемлекеті құрылды. Оғыздар туралы жазған Ибн әл- Факихтің еңбегі әртүрлі толық мәлімет береді, соның бірі: «түріктер арасында өзгелерден гөрі көбірек құрметтеледі», — дегені.

О. Сүлейменов «Аз и Я» атты еңбегінде оғыздарды «б.д.д. VІІ ғасырда белгілі болған елдердің бірі»,-деп келтіреді. Бұл жерде үзіндіні сол қалпында аудармай келтірейін: «Ассирийские хроники эпохи царя Ассархадона пока что – самый древний документ, могущий подтвердить факт существования в VІІ веке до н.э. тюркского этнонима иш-огуз». Шежіре түрік елінің жалпы рухани өмірінде маңызды орын алады, бәлкім соны көріп естіген әл-Факих оларды «құрметтеледі» деп келтірген. Осы сөздің мәнін ашсақ, ол — түркі елдердің шежіре арқылы әрбір тайпаның шыққан тегі мен жасаған батырлық

  • болмыс тарихын білуінде шығар. Керуеннің маңызды жолында орналасқан Янгикент қаласы — Оғыз мемлекетінің астанасы болды. Этникалық тұрғыда оның қағанаты біркелкі болмады, оның ішінде түркі және ирантілдес, фин- угор тектес тайпалар астасып жатты. Әу баста оғыз тобының өзегі Жетісуда ұйымдасады, алайда батысқа қарай жылжу барысында сол аймақтың халқының есебінен едәуір дәрежеде толығады. Жетісу атырабын қарлықтар иелену жолында, ата мекені Талас пен Ыстықкөл болған оғыздар жанкешті қарсылық көрсеткен еді,- деп Бичурин Н.Я. өз еңбегінде баяндаған болатын. Кескілескен шайқаста жеңілген оғыздар VІІІ ғасырда Арал теңізі жағалауындағы аудандарға тұрақтап, сол ғасырдың соңында өз мемлекеттерін құрады. Оғыздардың Арал жағалауы мен Батыс Қазақстанға орын ауыстыруы оңайға соққан жоқ. Олардың мұнда орнығуында Арал жағалауындағы екі тайпаның – печенектердің, қанғарлардың және басқа да сақ-массагет тегінен тараған әулеттердің қарсылығын, ал одан әрі батысқа жылжуында сарматтардың ұрпақтарын және фин-угор тайпаларының қарсылығын күшпен басуына тура келді. Оғыз мемлекеті Х ғасырда Еуразия даласындағы әскери-саяси өмірде зор рөл атқарған елеулі күшке айналды. Мәселен, 965 жылы оғыздар Киев Русімен одақтаса отырып, Хазар Қағанатын құлатса, ал 985 жылы Еділдегі Бұлғария мемлекетін жеңіліске ұшыратты. Оғыздардың тарихи құбылысының соңғы шарықтауы Әлихан жабғы мен Шахмәліктің билігі тұсында, 1041 жылы Хорезм мемлекетін аз уақытқа бағындырғанында байқалады. ХІ ғасырдың ортасында Оғыз Жабғыларының мемлекетін Дешті-Қыпшақтағы қимақ-қыпшақ тайпалары құлатты.

Батыс Түрік қағанатының құрамында болған қимақ тайпаларының атауы алғаш рет VІІ ғасырда ескеріледі. Ол кезде олар Ертіс өзенінің алқабы мен

 

Алтай тауының солтүстігін қоныстанған болатын. Батыс түрік қағанаты ыдырай бастаған кезде (шамасы VІІ ғасырдың ортасы) қимақтардың оқшаулануы басталады. Тап осы уақыттан бастап олардың тайпа одағы ретінде өзегі қалыптасатын кезеңі деуге болады. VІІІ ғасырда батысқа қарай іргесін кеңейтіп, үш бағытқа: Оралдың оңтүстігіне; Сырдария бойы мен Оңтүстік Қазақстанға; Жетісудың Балқаш көлі мен Алакөл алқабына дейін жылжыды. Ұйғыр қағандығы 840 жылы құлаған кезде, жеті тайпадан тұратын Қимақ конфедерациясы құрылып қалыптасады. Тайпалар басшысы жабғы деген дәреже иеленген. Ал ІХ ғ. соңы мен Х ғ. бас кезінде жалпытүркілік қаған дәрежесін иеленген билеушілері бар мемлекет құрады. Ертіс өзені бойындағы Имакия қаласы қимақтардың астанасы болды. Қимақтардың мемлекеттік құрылымы түркілік және түркі тілдес халықтардың мемлекеттері, барлық өркениетті елдердегідей, қалыптасқан әлеуметтік құрылымды қорғау мен заңдастыруға арналған тұтқа болды. Арабтың ғалымы Әл Идриси өзінің «Нузхат Әл Мүштак Фихтира Әл Афак» атты еңбегінде қимақтан шыққан ғалым Ибн Хаган туралы әңгіме қозғайды: әуелі оны ерекше атап, «Соның жазған қимақтар туралы тарихи шығармасын өз еңбегімде қолдандым»,- дейді. ХІ ғасырдың бірінші жартысында Орталық Азия тарихына үлкен үлес қосқан қыпшақтарға — Ұлы Даласындағы тарихи сахнада жол бере отырып, Қимақ Қағандығы қыпшақ бірлестігінің құрамына қосылып кетті.

Қимақ Қағанаты саяси сахнадан кеткен соң ортағасырлық жазба деректерде қыпшақ деген атаумен белгілі тайпалардың бірігуі күшейген. Қыпшақ этнонимі орта ғасырлардан гөрі мейлінше ертерек мәлім болған сияқты. Бірқатар зерттеушілер және қытайдың «Тарихи жазбалар» атты жылнамаларында біздің заманымыздан бұрын ІІ ғасырларда өмір сүрген тайпалардың бірі дейді. Оны ежелгі қытай транскрипциясындағы «цзюйше» атымен байланыстырса, С.М. Ахинжанов қыпшақ этнонимі алғашында «се» (қытай деректері) және «сир» (көне түркі деректері) түрінде пайда болған тайпалар дейді. «Қыпшақ» атауы нақты түрде 760 ж. ежелгі түріктің руникалық ескерткішінде аталады. Араб географы Ибн Хордадбек қыпшақтарды VІІІ ғасырға жататын түрік тайпаларының тізімінде көрсетеді. Батыс еуропа деректерінде «коман», «куман» деп аталса, орыс деректерінде

«половцы» делінеді.

Алтай тауы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтар әуелі Батыс Түрік қағанатының құрамында болып, кейін қимақтардың басшылығымен конфедерация одағының өзегін құрайды. Сол себепті қыпшақтардың саяси тарихы ІХ-Х ғасырларда қимақтардың тарихымен қоса өрледі. ХІ ғасырдың басында Қимақ мемлекетінің өкімет билігі қыпшақ хандарының қолына көшеді. Сөйтіп, ХІ ғ. басынан бастап қыпшақ бірлестігі көптеген елдердің басын біріктіріп, қыпшақ деген сөз қол астына біріккен халықтардың жалпы аты ретінде қолдана бастады, ал мемлекеті «Қыпшақ Хандығы, Дешті Қыпшақ Даласы» деп аталды.

 

Қыпшақ хандарының жетекшілік нысанында әскери-саяси әдісін тиімді де шеберлікпен ұтымды пайдалану арқасында шекарасын шығысындағы Ертістен батыстағы Дунайға дейін кеңейтті. Сығанақ қаласын астанасына айналдырды. Олар бірнеше негізгі тайпа топтарынан: сібір-алтайлық; орал- қазақстандық; алдыңғы Кавказды қоса отырып — Дондық; Қырымды қоса отырып — Днепрлік; Балканды қоса отырып — Дунайлық болып ұйымдасты. Олар көптеген елдердің ортағасырлық тарихында маңызды рөл атқарды, мәселен: Үндістан, Мысыр (Египет), Қытай, Ұрым (Византия), Грузия, Бұлғар, Хорезм. Олар Киев Русімен экономикалық, әскери-саяси, мәдени және қандастық тығыз байланыс орнатады. Қыпшақтар — қазақ, ноғай, қырым-сібір татарлары, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, балқар, қарачай, кумык, түркмен және басқа да түрік елдерінің этногенезінде белгілі рөл атқарады. Олар турциялық, венгер, грузин, болгар, орыс, украин, монғол, қытай, үнді, араб халықтарының құрамына кірді.

Қыпшақтардың сыртқы саяси байланыстарының ауқымы кең болды. Мәселен, хорезмшахтар мемлекетін қыпшақ әулеттері билеп тұрды. Ұрым, Ұлы Болғар, Киев Русі, Селжүк сұлтандығы тәрізді мемлекеттердің саясатында қыпшақтар айтарлықтай орын алатын. ХІІІ ғасырға дейін византиялық сарайда Циты, Караджи, Алакасен деген қыпшақтар ірі қызметте отырған. Крестілердің жорығын (крестовый поход) 1205 жылы қыпшақтар Андрианопольге жақын жерде талқандап, император Балдуинді тұтқынға түсіріпті. 1118 жылы Грузия патшасы ІV Давид Строитель өз әскерін нығайту мақсатымен Грузияға 40 мың қыпшақ жауынгерін отбасымен шақырып, оларға жер де бөліп беріпті. Қыпшақтар 1121 жылы Дидгор тауларында түрік-селжүктерді талқандауға, 1122 жылы Тбилисиді алуға, 1123 жылы Ширванға жорыққа қатысты. Қыпшақтар ХІV ғ. дейін грузин деректерінде еске алынып отырады. Олар жайлы грузия топонимиясы мен грузин халқының аңыздарында мәлімет бар. Олар аяғы жеткен жерде әскери үстемдікті қолға алып, әр алуан соғыс жорықтарына қатысты. Мысырдағы қыпшақ қолбасшылары Айбек пен Бибарыс Мысыр елінің мемлекет билігін қолына алып, Мамлюк әулетінің (1250-1517)  негізін қалады.

Ертістен Днепрге дейінгі аридтік зонаны алып жатқан Дешті Қыпшақтың тарихи-жағрафиялық кеңістікті Еділ бойы арқылы екі этникалық-аймақтық бірлікке бөлу есебінен қарауға болады: Тоқсоба әулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі және Ел-бөрілі әулеті билеген Шығыс қыпшақ қағанаты. Шығыс қыпшақ аймағының Ханы — бүкіл аумаққа жүргізе алатын билігі болды. Орда деп аталатын хан қосынында ханның дүние-мүлкі мен әскерінің ісін жүргізетін басқару әкімшілігі болған. Әскери-әкімшілік басқару жүйесіне айрықша маңыз берілген. Әулеттік топ мен тайпалардың өзі әлеуметтік маңызына қарай иерархиялық жүйе-сатыларға бөліну көрініс табады. Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және жіктік жағынан да бөлінді. Меншікті білдіретін таңбалары болған.

 

Ұлан-ғайыр кең өлкені билеп, әскери-саяси биліктің тізгінін қолына ұстаған іргелі Орда құрған қыпшақ дәуірі, бізге мирас болып қалған кешегі бақи өмірімен тікелей жанды байланысы бар, сөйлеу тілінің сипатынан толық мағлұмат бере алатын бағалы еңбек — «Кодекс Куманикус» (Қыпшақ тілінде жазылған ескерткіш). Осы ескерткіш готикалық көне шрифтімен жазылған жалғыз дана қолжазбасы бұл күндері Венецияда Марк әулиенің шіркеуінде сақтаулы. Зерттеуші Машковтың айтуынша, бұл дәуірде Қыпшақ тілі батыс еуропа жиһанкездері мен шығысты зерттеушілер үшін халықаралық тіл болып есептелді. Кодекс куманикус екі бөлімнен тұрады. Бес түрлі қолтаңбамен жазылған бірінші бөлім (итальян бөлімі) латын сөздерінің алфавиттік тәртібі бойынша тізілген үш тілді (латынша-парсыша-куманша) сөздіктен, зат есімдер мен есімдіктердің септелу үлгісінен, лексикалық мағыналарына қарай топтастырылған сан алуан есім сөздерден тұрады. Ал он төрт түрлі қолтаңбамен жазылған екінші бөлімнің (неміс бөлімі) денін Інжіл үзінділерінің аудармалары және осы секілді діни уағыздар құраса, қалғанын куманша-немісше, куманша-латынша сөздер, ақын Петрарканың қолымен жазылған итальян поэзиясының үзінділері, куманша, латынша текстер, аудармасыз берілген куман жұмбақтары құрайды. Жалпы алғанда, қыпшақ тілін зерттеу, оны оқып-үйрену ХІ ғасырдан, М. Қашқаридан басталады. Содан бастап ол тілді орыс, еуропа, араб, армян авторлары зерттеп білген, оқып-үйренген, сол тілге Фердоуси мен Сағдиден бастап талай туындылар аударылған. Осыдан, Қыпшақтар дәуірі, билік құрған хандары мен халықтың әлемдік өркениетте маңызды рөл атқарғаны «тайға таңба басқандай» негізделіп тұр.

  1. Найман, керейт, жалайырлардың ерте мемлекеттік бірлестіктері Орталық Азияның шығысында пайда болған еді. VІІІ ғасырдың ортасында жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында «Сегіз-оғыз» немесе «Сегіз тайпа одағы» деп аталатын найман тайпа одағы қалыптасты. Ляо патшалығы, яғни қидандар оларды монғол тілдес найман атауымен атап кетті, ол түріктің сегіз оғыз атына пара-пар келетін мағынаны білдіреді.

Христиан дінін қабылдауына байланысты керейт туралы алғашқы мәлімет ХІ ғасырдың соңғы ширегіне жатады. 1007 жылы найман мен керейттердің несториан бағытындағы христиан дінін қабылдағаны туралы белгілі көрініс бар. Олардың мекен құрған аумағы Онгин өзенінің алабы мен Орхон өзенінің ортаңғы ағысы.

Орхон өзенінің жоғарғы алабын жалайыр тайпалары жайлады. Мал бағумен айналысқан көшпелі тайпалар болды. Мемлекеттік бірлестіктер  ұлыс түрінде ұйымдасқан. Ұлыс белгілі бір территорияны иелік етіп, өзінің анықталған шекарасы болды. Ұлыс билеушісі Ханда – басқару әкімшілігі, әскері және хан қосыны Ордасы болды.

1190-1206 жылдары монғолдармен күрес барысында қазіргі монғол жерінен Қазақстан территориясына көптеген талқандалған наймандардың, керейттердің, жалайырлардың топтары жайласа бастады. Олардың бір бөлігі

 

қалып монғолдарға бағынды, бір бөлігі болса Алтайдан асып, Қазақстанның кең аймақтарына қоныс теуіп түрік халқымен сіңісіп, кейін қазақ халқының құрамына қосылады. 1211 жылы наймандардың көсемі Күшлік хан қарақытайларды жеңіп, Жетісуда өз билігін орнатты. Наймандар орта жүздің құрамына кіреді. Керейттердің бір бөлігі Солтүстік Қазақстанда қалып, орта жүздің құрамына керей атымен кіреді.

  1. Төл тарихымыздың қырық қатпарлы қыртысын бойына бүгіп жатқан жәдігерлігіміздің бірі – қала мәдениеті. Мән берілмеудің салдарынан сан жылдар бойы бұл көкейкесті мәселе теріс түсіндірілді. Сол себепті қазақ халқының көшпенді тіршілікпен қатар сәулет-құрылыс кәсібімен айналысқаны айтылмады. Ал грек, француз жиһанкездері қолжазбаларына жүгінсек, архивтік материалдарды ақтарып, археологиялық қазба мұрағаттарымен таныссақ, туған топырағымызда тұрақтап тұрған еліміздің қолымен салынған қалалардың аз болмағанын білеміз. Бірақ біразының аты мүлдем өзгертіліп, не орфоэпиялық өзгеріске ұшырағандықтан қазақ халқына қатысы жоқтай көрінді. Бұл қалалар қазақ халқына қатысы жоқ деуші тарихшылар да табылады. Мұндай бұрмалаудың бір кезде академик Әлкей Марғұлан, профессор Уахит Шәлекенов бетін қайырған-ды.

Қазақ даласында құрылыс өнерінің ерте ғасырда-ақ кең қанат жайғаны, солардың тұрақтап тұрған халық қолымен салынғаны, жойқын жау жорығынан жермен-жексен болғаны белгілі. Араб географы Әл-Макдиси оныншы ғасырдың өзінде Қазақстанның аумағында 200-ден астам қала  барын баяндаған.

Сол ғасырлар тоғысында іргетасы қаланған қалалар біздің заманымызға тұнжыраған тас, төмпешік төбе, үйінді топырақ, қазылған ор, құлаған үй қабырғасы қалпында келіп жетті. Қазақтың киіз үйі, тіркеспе қыстауы, тоқал тамы, қоржын үйі – біз үшін ескінің ескерткіші ғана емес, теңдесі жоқ тәрбие құралы, ұлттық мақтаныш айғағы.

Азия мен Еуропа арасын жалғаған «Ұлы Жібек жолы» тарихының рөлі ерекше. Көне керуен жолдары арқылы бейбіт сауда керуендерімен қатар саяхатшылар, әлемдік діндердің қатарына енетін ислам мен христиан, буддизм өкілдерінің миссионерлері, елшілер алмасып жатты. Сондай-ақ қазіргі кездегі ғылыми зерттеулер бұл күретамыр жолдың мәдени, ғылыми ақпараттарды алмасу құралы ретінде Орталық Азия (Ұлы Дала) халықтарының рухани мәдениетін дамытуда аса маңызды қызмет атқарғанын дәлелдейді.

Тарихи деректер бойынша, Ұлы Жібек жолы арқылы алғаш рет император У-Дидің тапсыруымен Батыстың белгісіз елдеріне аттанған қытайлық дипломат Чжан Цянь (б.д.д. 103 жыл) жүріп өткен. Ол қытайдың ішкі аудандарынан Орталық Азияға қарай өтіп, одан қазіргі Ауғанстан жеріне дейін жеткен. Қытай елшісінің соңынан іле-шала жібек артқан керуендер батысқа қарай бет алған. Қайтар жолында Жерорта теңізі жағалауындағы

 

елдерден, Таяу Шығыс пен Орта Азия жерінен өздеріне таңсық тауарларды тиеп қайтқан.

568 жылы Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан жеріндегі тармағымен Византия императоры Юстианның түрік қағаны Дизавулге жіберген елшілігі жүріп өткен, оны Земарх басқарған болатын. Земархтың бағыты Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауымен Орталық Азияға өткен. Елшілердің Тараз қаласына тоқтағаны жөнінде жазбалар бар.

Қазақстанды географиялық тұрғыдан зерттеу мен оның территориясымен өткен жолдарды анықтауда араб саяхатшылары мен зерттеушілері еңбектерінің де маңызы зор. Қазақстанның Оңтүстік облыстарында VIII ғасырда Ибн Хордадбек, Макдиси, Ибн Хаукал, Ибн Руште, әл-Истахри, әл-Масуди, әл-Идриси сияқты ғұламалар болған. Олардың еңбектері 1870-1894 жж. Голландық шығыстанушы де Гуенің басқаруымен Араб географиясының кітапханасы сериясында 8 том болып басылған. Араб саяхатшылары Фараб (Отырар), Тараз (Талас), Испиджаб (Сайрам) аймақтары мен Арал, Каспий теңіздері жайында мол деректер қалдырған. Осы керуен жолы белгілі қалалардың орналасуы, құрылымы жайлы мәліметтер келтірілген. Олардың бай мұралары арасында сан ғажайып карталар сақталып, оларда Қазақстанның географиялық атаулары белгіленген.

Жібек жолы мен оның тармақтары бойымен шығыс елдеріне саяхат жасаған еуропалық миссионерлер: Плано Карпини (1245-1247), Джовани (1152-1182), Вильгельм Рубрук (1253-1255), Ниавом де Рубрук (1220-1230) құнды географиялық мәліметтер жинап қалдырған. Олардың өз сапарлары бойынша жасаған есептері шығыс елдері жайлы қызғылықты географиялық деректерден тұрады деуге болады. Осы жол арқылы Еуразия құрлығының ішкі бөліктеріне саяхат жасаған саяхатшы Марко Поло 1269-1296 жж. Қытайда болған. И.Магидовичтің болжамы бойынша, Марко Поло Батыс Түркістанды «көшпенділер өте жақсы білетін солтүстік жолмен» кесіп өтіп, Шығыс Түркістанға Іле аңғары немесе Алакөл маңындағы Жоңғар қақпасы арқылы өткен.

Ұлы Жібек жолы – Орталық Азиядағы сауда керуен жолдарының жалпы атауы. Б.д.д. II ғасырдан біздің заманымыздағы XVI ғасырға дейін Шығыс пен Батысты байланыстырды. Чжан Цяньның жасаған саяхаты Сианынан Ланьчжоу арқылы Дуньхуанға апарады. Бұл жерден жол екі тарапқа бөлінеді. Солтүстік жол – Турфан, Қашғар, Самарқан, Балх, Мервті, Ферғана алабын алады. Ал оңтүстік жол – Жаркент, Балх, Мервті басып өтіп, Памир тау жоталары арқылы Үндістанға, Таяу шығысқа апарады. Мервте бұл екі жол қосылып, Ұлы Жібек жолы одан әрі батысқа – Ниса Гекотомпил, Әнбатана, Бағдат арқылы Жерорта теңізінің шығыс жағасындағы порттарға, Тир мен Антихияға дейін созылды.

Қазақ жеріндегі көне керуен жолдарының тарихы б.д.д. І мыңжылдықтың орта шеніндегі «Далалық сақ жолынан» басталады.

 

Геродоттың айтуы бойынша, бұл жол Қара теңіз маңынан Дон жағалауына дейін, одан Оңтүстік Оралдағы савраматтар жеріне бағытталып, Ертіс бойы мен Алтайға, Зайсан көліне дейін созылған. Қазіргі ғылым мен техниканың жаңа жетістіктері, ғарыштан түсірілген бейнекөріністер Орталық Азияның бел ортасынан өткен осы көне маршруттың ең қолайлы жол екендігін дәлелдеп отыр. Бір таңғаларлық нәрсе – қазіргі заманғы автокөлік жүретін жолдар мен темір жол маршруттарының сол ежелгі дала жолының бағытын дәлме-дәл қайталауы. Сонымен, Ұлы Жібек жолы б.д.д. І мыңжылдықта сауда торабы ретінде қалыптаса бастаған деп пайымдауға әбден болады. Бұл атау осы жолмен тасылып, елдер арасындағы сауда қатынастарында алтынмен қатар халықаралық валюта деңгейіне көтерілген басты тауар – жібекпен тығыз байланысты. «Ұлы Жібек жолы» атауын Қытайдың физикалық географиясы мен Азияның жер бедері жөнінде қомақты еңбектер жазған атақты географ-ғалым Фердинанд фон Рихтгофен ұсынған. Кейін бұл атау халықаралық дәрежеде кеңінен қолданылған.

Әлемнің басқа да халықтары секілді қазақ халқының да ежелгі дәуірден қалыптасып, дамып, кемелденіп келе жатқан өзіндік рухани мәдениеті бар екені де белгілі. Қазақ қауымы да есімдері әлемге мәшһүр ақындар мен жазушыларды, ғалымдар мен өнер қайраткерлерін тарих сахнасына шығарды. Демек, қазақ әдебиетінің де өмірге келу, қалыптасу, есею және кемелдену кезеңдері — өзіндік даму тарихы бар.

Қазақтың түп төркіні түркі тілінің даму тарихы жайлы бүгінгі күні қағидалар баршылық. Көнеден тіршілік құрған ру-тайпалар, соның ішінде сақтар, ғұндар және ежелгі түркілер арамей, соғды, турфан, көне түркі жазуларын кеңінен қолданған.

«Арамей жазуы» — б.д.д. мыңыншы жылдың басында финикия жазуы негізінде пайда болып, арамейлер арасында кең қолданылған көне жазу түрі. Бірыңғай дауыссыз дыбыстардан тұрады. Оңнан солға қарай жазылады.

«Соғды жазуы» — арамей жазуының бір түрі деуге болады. Бұл жазу согдиана немесе соғды деп аталатын мемлекетте қолданылған. Согдиананың негізгі халқы – көшпелі және отырықшы сақ тайпалары болған.

«Турфан жазуы (ұйғыр жазуы)» — б.д.д. бірінші ғасырдан бастап біздің заманымыздың тоғызыншы ғасырына дейін қолданылып келген көне жазулардың бір түрі. Бұл – жоғарыдан төмен қарай жазатын, тік әріпті жазу болып келеді. Турфан жазуының әріптері сөз басында, ортасында, соңында әр түрлі болып таңбаланады.

«Түркі жазуы» — түркі тілдес тайпалардың тұңғыш әріптік жазуы. Бұл әліпби 35 әріптен тұрады. Оңнан солға қарай жазылады. Бұл жазу түрінде 8 дауысты фонема бар. Олар 4 полифонды әріппен белгіленеді. Ал 16 дауыссыз фонема 31 әріппен белгіленіп жазылады.

Түркі тілдерінің жаңа даму дәуірінде, яғни ХV-ХХ ғасырлар аралығында қазіргі түркі тілдері халықтық тіл болып қалыптасқаны мәлім. Бұлар негізінен төмендегілер: қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен, татар,

 

ноғай, башқұр, қарайым, құмық, қарашай, гагауз, әзірбайжан, түрік, ұйғыр, хакас, шор және т.б. Белгілі ғалым А.Самойловичтің сөзімен айтқанда, кезінде бүкіл түркі тілдеріне ортақ бір әдеби дәстүрдің, бір әдеби тілдің болғандығы күдік тудырмайды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *